«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ІРО – ЕЛ ЭКОНОМИКАСЫНА ХАЛЫҚТЫҚ ИНВЕСТИЦИЯ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде айтарлықтай бос ақшалай қаржысы бар ел азаматтарының көпшілігін өз капиталын қалай сақтап, көбейтуге болатыны ойлантады. Олардың көбі банкте депозит ашу жолымен капиталын сақтаудың қарапайым тәсіліне жүгінеді. Әрине, мұндай жолмен ақшаны құнсызданудан біршама сақтауға болады, оның баяу болса да өсетіні рас. Алайда, қаржыларын инвестиция сияқты тәуекелді тетіктерге салғысы келетін адамдар да көптеп табылуда, онда сәтін салса капиталын айтарлықтай арттыруға мүмкіндік туады.

  • “Халықтық ІРО” бағдарламасының іске қосылуы Қазақстан азаматтарына өз елінің экономикасына инвестиция салу құқығын береді, – дейді “Қазпочта” АҚ облыстық филиалының директоры Сабырғазы Имашев. Міне, осы құқықты пайдаланып, жетекші отандық компаниялардың акцияларына ие болғысы келетіндерге толығырақ мағлұмат беру мақсатында кәсіпорын басшысын әңгімеге тарттық.

     

– Сабырғазы Жаңбыршыұлы, “Халықтық ІРО” бағдарламасында “Қазпочта” АҚ-ның рөлі қандай?

– “Қазпочта” АҚ уәкілетті органның лицензиясы негізінде “Ұлттық ІРО” бағдарламасында брокер және трансфер-агент ретінде қызмет атқарады, сөйтіп бағалы қағаздар нарығында кәсіпқой қатысушылардың бірі болып табылады. Біздің рөліміз – инвестор мен эмитенттің арасында байланыстырушы буын болу, қор биржасында оларға акциялар сатып алу мен сатуда ықпал жасау. “Қазпочта” АҚ операторлары инвесторлармен шарттар жасайды, акциялар сатып алуға өтініштер, акциялар үшін төлемдер қабылдайды. Бағалы қағаздарды сатып алу-сату кезіндегі брокер (“Қазпочта” АҚ) комиссиясы ең төмені – 0,5 АЕК немесе 809 теңге құрайды. Қоғамымыз “Халықтық ІРО” бағдарламасына қатысу үшін кең көлемде дайындық жұмыстарын жүргізді, бұл техникалық базаға да қатысты, ал ең бастысы инвесторларға қызмет көрсету үшін бағдарламаға қатысу, брокерлік шот ашу және инвестициялау тетігі тәртібін ұғынықты түрде түсіндіре алатын білікті кадрлар даярланды. Почта бөлімшелері еліміздің кез келген өңірінде “Қаз-ТрансОйл” АҚ акцияларын сатып алуға өтініш беруге және брокерлік шот ашуға мүмкіндік беретін бағдарламалық қамтамасыз етілумен жарақтанған.

– Орналастыратын “ҚазТранс-Ойл” акцияларының құны және саны қанша?

– Компанияның қарапайым акциясының бағасы – 725 теңге. Бұл баға компанияның құнын толық бағалаған халықаралық UBS компаниясы мен “Қазкоммерц Секьюритиз” АҚ-ның нұсқамаларын есепке алып құрылған. Кеңесшілердің түпкі қорытындысына сәйкес “ҚазТрансОйл” АҚ-ның 100 пайыз акционерлік капиталы құнының бағалымы 18 пайыздық дисконтты пайдаланғаннан кейін 250 млрд. теңгені құрайды. Бағдарламаға сәйкес әрбір компания орналастырылатын акциялар санын өзінің даму бағдарламаларын қаржыландыру қажеттілігіне қарай айқындайды. Осыны ескеріп, сол сияқты ірі акционерге қарастырылған құқықты алу үшін “ҚазТрансОйл” акцияларын бір акционерде біріктіру мүмкіндігін болдырмау мақсатында орналастырылатын акциялар саны жарияланылған қарапайым акциялардың жалпы санынан 10 пайыз минус 1 акция деңгейінде мақұлданды, ол 38463559 қарапайым акцияны құрайды.

Инвесторлар арасында бөлшек инвесторларға – Қазақстан Республикасының азаматтарына басымдық беріледі, одан кейін жинақтаушы зейнетақы қорларының өтініштері қанағаттандырылатын болады. Бұл ретте “ҚазТрансОйл” акцияларының бастапқы орналастыру аясындағы бөлшек инвесторлардың сатып алуы үшін қолжетімді акциялар саны 7 млн. теңге мөлшерінде шектелген. Инвесторлардың назарын аударатынымыз, кейбіреулер “Халықтық ІРО” бағдарламасы бойынша сатып алғаннан кейін акцияларын қайта сатуға ниетті, бірақ бір-екі акцияны сатып алу экономикалық тиімсіз ымыра болмақ, өйткені брокердің комиссиясы ымыра сомасынан асып түседі. Сөйтіп, инвесторларға салымның ең төменгі тиімді сомасынан айрылмай, инвестициялық шешім қабылдау үшін нарықтағы жаңалықтарды қадағалап отыруға кеңес береміз.

– “ҚазТрансОйл” акциялары кірісті болады деп есептейсіз бе?

– Барлық көрсеткіштері бойынша болашақта олардың бағамдық өсіміне үміттенуге болады. Оның үстіне акциялардың ұзақмерзімдік ырғағындағы өндірістік капиталдың пайда нормасы банктік капиталдан анағұрлым жоғары. Бағалы қағаздар ең тәуекелді инвестициялық құрал болып табылады. 100 пайыз кіріс кепілі жоқ. Қор нарығында неғұрлым тәуекел жоғары болса, соғұрлым ықтимал кіріс те жоғары. Мемлекетіміз инвесторлардың ықтимал кірісін инвестициялық тұрғыдан неғұрлым тартымды ірі ұлттық компаниялардың акцияларын сату арқылы барынша өсіруге тырысты. Бұл осы қағаздарға екінші нарықта инвесторлар қызығушылығын арттыратын болады, сөйтіп құндылығын өсіреді. Сонымен бірге тұрақты және табысты қызмет компанияның кірістілігін жақсартады, ал ол дивидендтер көлеміне ықпал етеді. Осы ретте биржадағы айналымдағы бағалы қағаздар құнының өсімінен алынған кірістерден табыс салығы алынбайтынын еске салғым келеді.

– Қарапайым акциялар бойынша дивидендтер қалай төленеді?

– Дивидендтер компанияның таза пайдасынан төленеді. Мысалы, компанияның 2012 жылғы таза пайдасы оның жинақталған есебінен кейін 2013 жылдың сәуір айында белгілі болады. Сөйтіп, егер Сіз акцияларды 2012 жылы сатып алсаңыз, дивидендтері оны төлеуге бағытталған таза пайдасы болған жағдайда төлем сомасы туралы шешім қабылдайтын акционерлер жиналысынан кейін 2013 жылдың мамырында төленетін болады. Акционерлер жиналысында қабылданған шешімге байланысты компания БАҚ-та дивидендтер төлеу немесе төлемеу жөніндегі ниетін жария етеді.

– Егер ірі акционерлер негізгі пайданы кәсіпорынды дамытуға шешім шығарса, жекеменшік инвесторлар дивидендсіз қала ма?

– Иә, бірақ акциялардың нарықтық құны өседі.

– Қандай жағдайларда дивидендтер төлемеу туралы шешім қабылданады?

– Егер компания шығын шегетін болса және дивидендтер төлемі компанияны шығынға батырған жағдайда. Акционерлердің шешімі бойынша таза пайда дивидендтер төлеуге жұмсалатыны сияқты, қоғамның негізгі қорларын толықтыруға, өндірісті дамытуға және резервтер құруға, әлеуметтік бағдарламаларға және қызметкерлеріне сыйақы төлеуге бағытталуы мүмкін.

– Халық “Халықтық ІРО” бағдарламасына қызығушылық танытып отыр ма?

– Иә, әсіресе, қала тұрғындары. Сол сияқты Уәлиханов, Ақжар және Айыртау аудандарының тұрғындары белсенділік танытуда. Бағдарлама жүзеге асырыла бастағаннан бері “Қазпочта” АҚ облыстық филиалының бөлімшелерінде 100-ден астам брокерлік шоттар ашылды.

– Акцияларды сатып алу тәртібі қандай?

– Инвесторларға “Халықтық ІРО” бағдарламасы бойынша қызмет көрсету мынадай кезеңдерден тұрады:

1. Ағымдық шот ашу, қолма-қол ақша қабылдау және ақша қозғалысына тапсырыс қағазын дайындау.

2. Брокерлік қызмет көрсетуге келісімшарт жасау және орталық депозитарийде брокерлік шот ашуға бұйрық шығару.

3. Орталық аппаратта брокерлік қызмет көрсетуге келісімшарттарды тексеру және орталық депозитарийде брокерлік шоттар ашу.

4. Акциялар алуға клиенттік тапсырыс беру.

“Халықтық ІРО” бағдарламасы бойынша акциялар сатып алуға өтініштер қабылдаудың барлық рәсімі 30 минуттай ғана уақыт алады.

– “ҚазТрансОйл” акцияларын орналастыру мерзімі қандай?

– Инвесторлардан өтініштер қабылдау 2012 жылдың 5 желтоқсанына (қоса есептегенде) дейін жүргізіледі. Есеп айырысулар 2012 жылдың 14 желтоқсанына дейін ғана. Сондықтан ықтимал инвестор акциялар сатып алу туралы шешім қабылдауға асығуы қажет. Барлық қызығушылық тудыратын ақпараттарды “Қазпочта” АҚ-ның облыстық филиалының трансфер-агенттік қызметі секторының мына телефондарынан: 49-23-84, 8-705-756-98-32, сол сияқты “Халықтық ІРО” бағдарламасының тура желі телефоны 8 800 080 5070 немесе Call-Center “Қазпочта” АҚ + 78000800880 (ҚР бойынша қоңырау шалу тегін) және www.halyk-ipo.kz. сайтынан білуге болады.

– “Халықтық ІРО” жайында жан-жақты түсінік бергеніңізге рахмет!

Сұхбаттасқан

Тоқтар ЗІКІРИН,

“Солтүстік Қазақстан”.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp