«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КІТАПХАНАШЫ – МЕМЛЕКЕТШІЛ АДАМ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Анатолий БАШМАКОВ,

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, “Нұр Отан” ХДП саяси кеңесі бюросының мүшесі.

Рухани түсінікті әрдайым дінмен байланыстырады. Құдайға шүкір! Оны біз бүгін жақсы түсінеміз. Сенім жаңғыруда! Алайда, ол жеткіліксіз. Ең қарапайым және тұрмыстық тілмен айтқанда, зайырлы адамгершілік пен руханилықты қайтадан жандандыру қажет. Оны қалай істеу керек? Егер біз жақсы ойланатын және көз тастайтын болсақ, кітапханалар бар екендігін бағамдаймыз. Олар бұрынғысынша адамгершілік пен мәдениеттің аралы болып қала береді. Олардың терезесінен тараған сәуле бәз-баяғы қалпынша адамдарды өзіне тартады. Оған ақпарат, ақылды кітаптар алу үшін ғана емес, бәрінен бұрын жан дүниесін жылыту үшін келеді. Бұл жағдай, әсіресе, ауылда және аудан орталығында ерекше байқалады. Ауыл дегеніміз не? Ол – біздің рухани және әлеуметтік ұябасар орнымыз, қоғамның әлеуметтік қорғаны. Кітаптар мен кітапханалар әрқайсымыздың өмірімізде қандай рөл атқарып, көмек көрсеткенін ойлап көріңіз. Олар қазірде де тұтас аудандар, қалалар, кенттер мен ауылдар үшін мәдениеттің орталығы болып қала береді. Оларда оқырмандар конференциялары, жазушылармен кездесулер, көркемөнерпаздар концерттері, атаулы күндер мен мемлекеттік мерекелерге арналған кештер өтеді.

 

Біздің кітапханашыларымыз ерекше құрметке лайық. Олар – қажымас әйелдер, ұлттық зиялы қауымның беткеұстарлары іспетті. Олар, шынында да, еліміздің рухани саласының Дон Кихоттары.

Кітапханашы – мемлекетшіл адам. Егер оның міндеті кітап қорын толтырумен және сақтаумен ғана шектелсе, “сақтаушы” деп қана аталған болар еді. Бірақ оның тұлғасы одан да зор. Кітапханашы – мемлекеттің мүддесін, оның адамгершілік және патриоттық тірегін қорғайтын сақшы және ар-намыс иесі. Кітапханашы – кітап пен оқырман әлемінің жабық, ерекше дүниесі арасындағы делдал. Жоғары стильмен айтатын болсақ, кітапханашы Дантенің “Құдіретті комедиясындағы” Вергилий сияқты кітап теңізіндегі оқырманның жолсерігі мен қорғаушысы, тәлімгері мен тірегі. Кітапханашы – ағартушы. Біз халықты сауаттандыру оның басты міндеттерінің бірі екендігін білеміз. Бұл үдеріс жақсы кітаптан, кітапханадан басталады. Біздің елімізде “Кітапхана туралы” заңды қабылдау қажеттілігі пісіп, жетілді. Қоғам қалай өзгерсе де, қандай да бір ақпараттық технологиялар енгізілсе де, жаһандық әлем, онда тұратын адамдар әрдайым кітапты, соған қарай кітапхананы қажет ететін болады.

Тарихи этюд еске түседі. Бұхар әміршісі сырқаттанып қалады. Апта өтеді, бірақ денсаулығы жақсара қоймайды. Сарай маңындағы барлық емшілер дәрі мен емдеу әдісін іздестіреді, бірақ әмірші сауығып кете қоймайды. Сол кезде әміршіні сауықтырып алуға қабілетті жас емші бар екенін айтады. Шақырып әкелгеннен кейін, ол аурудың себебін бірден анықтап, патшаны бірнеше күннің ішінде аяғынан тік тұрғызады. Ол жас емшіге құрмет ретінде алтын, сарай және басқа да көптеген құндылықтар ұсынады. Алайда, бозбала барлығынан бас тартып, әміршіден кітапханаға барып тұруға рұқсат сұрайды. Әмірші таңғалғанымен, өз құтқарушысының тілегін қанағаттандырады. Бұл бозбала Шығыстың болашақ ғұламасы Әбу ибн Сина еді. Ол кітапхана кітабына: “Өмірде мұндай байлық бар екенін ешқашан ойламаппын”, деген жазу қалдырған екен.

Біз де осы қолымыздағы байлықты сақтап қалайық. Еселей түсейік. Балаларымыз бен немерелеріміз кітапты сүйетіндей жағдай жасайық. Кітапханашылардың республикалық алқалы жиынын өткізіп, үздіктеріне құрмет көрсетейік және өз проблемаларымызды талқылайық. Өйткені, солардың көмегімен ғана руханилықты жаңғыртуға болады.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp