Облыстық ішкі істер департаментінде өңірдің құқық қорғау бағытындағы қоғамдық құрылымдарының слеті өтті. Онда “Үздік студенттік отряд”, “Үздік қоғамдық кеңес”, “Үздік “Сақшы” отряды” және басқа байқаулардың қорытындылары шығарылды.
Слетке полицияның ерікті көмекшілері болып табылатын студенттер, ішкі істер органдарының ардагерлері, ішкі істер органдарының басшылары қатысты. Жиынды департамент бастығының орынбасары, полиция полковнигі Серік Едіресов ашты. Ол студенттердің белсенді азаматтық ұстанымының департамент басшылығы тарапынан ешқашан назардан тыс қалмайтынын атап өтті. Азаматтарды қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге және құқық бұзушылықтардың алдын алуға тарту жөніндегі атқарылған жұмыстары туралы облыстық ішкі істер департаменті әкімшілік полициясы басқармасының бастығы, полиция полковнигі Бауыржан Рақымжанов баяндама жасады.
– Бүгінде облыс аумағында құқық қорғау бағытындағы саны 1774 адамнан тұратын 323 қоғамдық құрылымдар отряды жұмыс істейді. Оның 123-і – 494 адамнан тұратын учаскелік полиция қосындары жанындағы қоғамдық кеңестер. 75 сақшы отрядының саны – 298 адам. Ал 5 студенттік отряд құрамына СҚМУ-дің, кәсіптік-педагогикалық колледждің, М. Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің, медициналық колледждің және №1 кәсіптік лицейдің 230 студенті біріккен. Сол сияқты қала кәсіпорындары мен ұйымдары бөлетін 422 адамнан құралған 120 еріктілер жасағы қоғамдық тәртіпті қадағалайды, – деді Бауыржан Рақымжанов.
Қоғамдық тәртіп күзетіне белсене қатысқаны, қалалық ішкі істер бөлімінің аймақтық полиция қосындары жанындағы қоғамдық кеңес жұмысын ұйымдастырғаны үшін №11 аймақтық полиция қосынындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Петр Аксенов облыс әкімінің Құрмет грамотасымен марапатталды. Ал №12 қосынның жанындағы қоғамдық кеңестің төрағасы Амантай Мақанов облыс әкімінің Алғыс хатын алды. Сол сияқты, №10 қосынның қоғамдық кеңесінің төрағасы Қуаныш Мәлгаждаров 10 айлық есептік көрсеткіштің көлеміндегі ақшалай сыйақыға ие болды.
“Үздік студенттік отряд” аталымында М.Жұмабаев атындағы гуманитарлық колледждің студенттік отряды мүшелері бірінші орын алды. “Үздік “Сақшы” отряды” грамотасына Айыртау ауданындағы Антоновское ауылдық округінің отряды қол жеткізді. Қаланың №12 аймақтық полиция қосынының кеңесі “Үздік қоғамдық кеңес” болып танылды. Ал “Қоғамдық тәртіп күзетіндегі үздік ұйым” аталымында “ЗИКСТО” АҚ-ы жеңіске жетті. Марапат иелеріне грамоталарға қоса бағалы сыйлықтар тапсырылды.
Слеттің екінші бөлігі “Дәстүрден тыс діни ағымдарға қарсы тұру жөніндегі алдын алу жұмыстары” тақырыбында семинар-тренинг түрінде өтті. Полицейлер қатысушыларға тақырып бойынша арнайы жадынамалар таратты. Жиналғандар “Прозрение – Көз жету” қоғамдық бірлестігінің төрағасы Максим Доценконың осы тақырыптағы баяндамасын тыңдады. Сол сияқты, семинар тақырыбының көңіл аударарлық мәселелері туралы “Қызылжар” мешітінің наибимамы Руслан Қайыргелді айтып берді. Кездесу соңында слетке қатысушылар баяндамашылар мен полиция қызметкерлеріне өздерін толғандыратын сұрақтар қойып, оған көңілден шығарлықтай жауаптар алды.
Облыстық ІІД-нің
баспасөз қызметі.