Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшілер болып тағайындалған дипломаттардан Сенім грамоталарын қабылдады.
“Сіздерді Қазақстандағы дипломатиялық миссияларыңыздың басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Мемлекеттер арасындағы жан-жақты, өзара тиімді ынтымақтастықты дамытуға бағытталған еңбектеріңізге жеміс тілеймін! Қазақ елінің сәулетті елордасы әсем Астанаға хош келдіңіздер!” – деді Мемлекет басшысы.
Елбасыға Норвегия Корольдігінің елшісі Оле Йохан Берной, Египет Араб Республикасының елшісі Набила Ибрагим Салама Фархана, Өзбекстан Республикасының елшісі Алишер Салахидинов, Израиль елшісі Элияу Тасман, Индонезия елшісі Фостер Гултом, Сербия елшісі Владимир Миркович Сенім грамоталарын табыстады.
Қазақстан Израиль мен Палестина арасындағы ахуалдың тез арада тұрақтанып, бейбіт жолмен шешілетініне үміт артады. Бұл туралы Израиль елшісі Элияу Тасманнан Сенім грамотасын қабылдаған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтты.
Бүгінде Қазақстан мен Израиль арасындағы достық қарым-қатынастар екі елдің мүддесіне сай дамып келе жатқандығын атап өткен Елбасы: “Қазақстан мен Израильдің арасы Еуразиялық тұрғыдан алшақ екені белгілі. Бірақ өзара байланыстарды нығайтуға бағытталған ұмтылыс, жоғары деңгейде қалыптасқан диалог біздің мемлекеттерді жақындата түседі деп сенеміз”, – деді.
Сондай-ақ аталған аймақта орын алып отырған оқиғаларға қазақ елінің алаңдаушылық танытатындығын баса айтқан ҚР Президенті: “Ахуал тез арада тұрақтанып, бейбіт шешілетініне үміттіміз”, – деді Н. Назарбаев.