Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-де “Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев – халықаралық деңгейдегі көшбасшы” деген тақырыпта өңірлік ғылыми-тәжірибелік конференция өткізілді.
Тұңғыш Президент күніне арналған шара барысында Елбасының өзі жазған және ол жайлы кітаптар көрмесі ұйымдастырылып, конференцияда Тәуелсіздіктің 21 жылы ішінде атқарылған қомақты істері баяндалды. Ақын, Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы Мүтәллап Қанғожин студенттерге Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы ахуалды айтса, аталмыш жоғары оқу орнының оқытушылары Елбасының арқасында жүзеге асырылған бастамаларға тоқталды. Жас мемлекеттің ішкі тұрақтылығын сақтаған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылуы, тұрғындарды масылдық түсініктен арылтуға бастаған “Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадамның” тиімді тұстары, ғарыш саласын дамытудың басымдықтары, көптілділік, ядролық қарусыздану жайында ойпікірлер айтылды. СҚМУ-дің физика кафедрасының доценті, физика-математика ғылымының кандидаты Андрей Солодовник адамзат өкілін ғарышқа апарған жұлдызды жолдың Қазақстанда басталғанын айтып, бүгінгі таңда осы бағытты дамытуға Елбасының айтарлықтай көңіл бөліп отырғандығын жеткізді.