Облыстық прокуратурада өңірлік заңдылықты, құқық тәртібін және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінің кезекті отырысы өтті. Онда сәулет-құрылыс қызметі саласындағы заңдылық жағдайы, азаматтардың қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуге қатысу барысы, 2011 және 2012 жылдың 9 айында аталмыш мақсатқа бөлінген қаржының жұмсалуы, құқық қорғау және атқарушы органдардағы сыбайлас жемқорлықпен күрес, қылмыс салдарынан орын алған шығынды өтеу бойынша уәкілетті органдардың жұмысы қаралды.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Облыстық прокуратураның бірінші басқармасының бастығы Арман Нұртазиннің айтуынша, өңірдегі түрлі құрылыс нысандарын тұрғызуда заң бұзушылыққа жол беріліп келген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама талаптары қатаңдатылғанына қарамастан, жауапқа тартылғандар саны әлі азаяр емес. Осы саладағы жұмыс сапасын арттыру мақсатында үстіміздегі жылы барлық мемлекеттік нысандар бойынша сараптама да жүргізілген. Нәтижесінде биыл жазаланғандар қатары артқан (былтыр олардың саны 10 болса, биыл – 18). Сонымен қатар залалды өтеу сомасы өскен. “Баяғы жартас – бір жартас” демекші, шенеуніктер әлі күнге дейін құрылысы толық бітпеген нысандарды қабылдап, №2 актілерге қол қоюдан тыйылмай келеді. Мәселен, Петропавл қаласы құрылыс бөлімінің бұрынғы бастығы М.Мұқашев осындай заңсыз әрекеті үшін қылмыстық жауапқа тартылып отыр. Ол Заречный кентіндегі тұрғын үйлердің жылу жолдарының құрылысы аяқталмай тұрып, атқарылған жұмыстар актісіне қол қоя салған. Тексеріс қорытындысы бойынша 45,7 млн. теңгенің 8,5 миллионы игерілмеген. Аталмыш бөлімде мұндай заң бұзушылық жыл сайын қайталанып келеді. Дәл осындай қателікке жол бергені үшін бұрын Б.Зайнуллин мен “Жылжымайтын мүлікті түгендеу” МКК директоры О.Бүркітәлімов жауапқа тартылған болатын. Аққайың ауданының орталығында тұрғызылған элеватордағы үш адамның өлімі осындай қателік салдарынан орын алмағанына кім кепіл? Тергеу анықтағанындай, бұл нысанның құрылысы жобалық-сметалық құжатсыз және мемлекеттік сәулет-құрылыс комиссиясының тиісті рұқсатынсыз жүргізілген. Бірақ бұл олқылыққа қарамастан, комиссия мүшелері нысан басына бармастан, әрі оны қажетті тексерістен өткізбестен, қабылдау актісіне қол қойған.
Кеңес отырысы барысында бұған дейін де бірнеше рет заң бұзған “Рүстем КЭК” ЖШС-нің жұмысындағы олқылық анықталды. Серіктестіктің кінәсінен 2010 жылы облыс орталығындағы кәріз коллекторының істен шығып қалғаны баршамыздың есімізде. Мағжан Жұмабаев ауданындағы суайдауыш мұнараны тұрғызу кезінде құрылыс тәртібін өрескел бұзған да осы серіктестік. Ақыры жөнді салынбаған мұнараның құрылысын бюджет есебінен бөлінген қосымша 1,5 млн. теңгеге аяқтау жөнінде шешім шығарылған. “Аталмыш серіктестік шығынды қайтармай келеді, аудан әкімдігі де бұған орай шара қолданбай отыр. Барлық кемшіліктерді жою жөнінде сот шешімі бола тұрып, мердігер мұнараны тұрғызуға асығар емес”, – деді Арман Нұртазин. Қазір тағы бір осындай заңсыз әрекеті үшін “Рүстем КЭК” ЖШС-ін мемлекеттік сатып алудың жосықсыз қатысушысы деп тану туралы іс экономикалық сотта қаралуда.
Облыста салынып жатқан екі мектеп құрылысының жағдайы мүшкіл. Есіл ауданындағы Тауағаш орта мектебі биылғы оқу жылының басында пайдалануға берілу керектін. Алайда, мердігер мен тапсырыс берушінің кінәсінен оқушылар әлі күнге дейін мектеп табалдырығын аттаған жоқ. Прокуратура бұған мердігер “Ақниет Астана БС” ЖШС-ін кінәлі деп тапқан.
Ал “Құрылыс Сервис СК” ЖШС Жамбыл ауданындағы Айтуар ауылының мектебін бірнеше заң бұзушылыққа жол беріп, салып жатыр. Білім ордасының құрылысы конкурс жарияланбастан, басталып кеткен. Мектепті салуға қандай да бір рұқсат құжаттары болмаған, жер арнайы бөлінбеген, құрылыс жұмыстары техникалық және авторлық қадағалау құқығынсыз жүзеге асқан. Осы мәселеге орай кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тарту үшін тексеріс материалдары қаржы полициясына жөнелтілді. Тиісті басшыларға бірнеше рет ескертілгенімен, Қызылжар ауданының Бәйтерек ауылындағы трансформатор қосалқы станциясы әлі күнге дейін жұмыс істемей тұр. 2008 жылы “РИЖ-Құрылыс” ЖШС Петропавлда Юбилейная көшесі, 9 В мекенжайы бойынша 126 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын бастаған. Нысан 2009 жылы пайдалануға берілу керектін.
Алайда, қалалық әкімдік тұрғын үйді тапсыру мерзімін үнемі шегеріп келген. Нәтижесінде баспана құрылысы тоқтап қалған, мердігер жоқ. Бұл мақсатқа бөлінген жарты миллиард теңге қаржы болса жұмсалып кеткен. Бұдан қалды, техникалық тексеріс қорытындысы бойынша бұл тұрғын үйдің құрылысын одан әрі жүргізу мүмкін емес екендігі белгілі болып отыр. Серіктестіктің өз міндеттерін тиісті деңгейде орындамауы 2009 жылы анықталғанымен, тек осы жылдың тамыз айында жергілікті әкімдіктен сотқа мердігерді жосықсыз жеткізуші ретінде тану және шығынды өтеу туралы өтініш түскен. Осыған байланысты Петропавл қаласының прокуратурасы сот құрылыс-экономикалық сараптамасын белгілеп, соның қорытындысы бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі шешілетін болады.
Қазір облыс аумағында 323 қоғамдық құрама жасағы (1774 адам) жұмыс істеуде. Бұл жасақтарға адамдарды қабылдау тәртібі дұрыс жүргізілмеген. Қоғамдық тәртіп бақылаушыларын наркологиялық, психоневрологиялық өзге де есеп қорытындыларынсыз жұмысқа алу фактілері тіркелген. Оларға қандай әрекеттері үшін сыйақы тағайындалғандығы жөнінде ақпарат тіркелмеген. Ақшалай қаржыға ие болған қоғамдық тәртіп бақылаушы В.Фоменко 2011 жылдан бері үш рет әкімшілік жауапқа тартылыпты. Келесі жылы облыс бюджетінен бұл бағытқа 5 миллион теңге бөлу жоспарланған. Кеңес отырысында қоғамдық тәртіп сақшыларын ынталандыруды заңды түрде жүргізу керектігі айтылды.
2012 жылдың 10 айында облыстың құқық қорғау органдары 54 сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтаған. Соның нәтижесінде 30 мемлекеттік қызметшінің үстінен қылмыстық істер қозғалды. Жауапқа тартылғандардың ішінде әкімдіктер мен олардың құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері, соның ішінде ауылдық округ әкімдері, мектеп, балабақша, Мәдениет үйлерінің директорлары, тағы басқалары бар.