Өткен сенбі күні Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті күніне орай ұйымдастырылған “Елбасы – ел тірегі, жас ұрпақ – ел білегі” деген тақырыпта өңірлік жастар форумы болып өтті. Он үш аудан мен Петропавл қаласының жастарын бір жерге тоғыстырған мерекелік шараға облыс әкімі Серік Біләлов қатысты.
Қанат АТАМАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Шара облыстың жастар саясаты саласындағы зор жетістіктерін баяндайтын, арнайы түсірілген деректі фильмді көруден басталды. Салтанатты жиынды құттықтау сөзбен ашқан облыс әкімі Серік Біләлов жастарды ел тарихындағы айтулы оқи ға – Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, бүгінгі жастардың белсенді өмірлік ұстанымының маңыздылығына тоқтала келіп, өңірдегі жастар саясатындағы жетістіктерді мақтанышпен жеткізді.
– Айрықша оқиғаға арналған жастар форумына қатысушыларды құттықтаймын! Ата-бабамыз сан ғасырлар бойы армандаған азаттыққа қол жеткіздік. Тәуелсіз елдің жаңа тарихи кезеңіне аяқ бастық. Осы жылдар ішінде Елбасының айрықша қолдауын көрген жас ұрпаққа жоғары білім алып, одан әрі өзін дамытуға жағдай жасалды. Биылғы жылы біз қоғамдық-саяси маңызы зор оқиға – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнін тойлағалы отырмыз. Сонымен қатар 16 қараша күні Астана қаласында өткен “Жас Отан” жастар қанатының ІІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аталмыш жастар ұйымының 2020 жылға дейінгі стратегиясын бекітіп, маңызды бастамаға қолдау білдірген болатын. Сол себепті еліміздің болашақ азаматтары – жастар, сендер осы бағытта аянбай еңбек етіп, әрбіреуің мемлекеттің дамуына өз үлестеріңді қосуды басты мақсат етулерің ке рек, – деді өңір басшысы.
Бүгінгі таңда ел жастарының тұрмысын жақсарту бағытында мемлекет тарапынан қолға алынған біршама бағдарламалардың орындалуына тікелей қатысы бар өңір жастарының белсенділігі маңызды. Қазір облыс тұрғындарының 30 пайызын жастар құрайды. Яғни, аймақта жастардың үлесі 150 мың адамға тең.
Жиында “Жас Отан” ЖҚ II съезінің делегаты, Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның “Жас Отан” жастар қанаты филиалының атқарушы хатшысы, аудандық мәслихат депутаты Кеңес Мұқышев облыста жастар саясатын жүзеге асыру барысында атқарылған шараларға тоқталса, облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылған студенттік еңбек биржасы жобасына қатысушы, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйінің тәрбиеленушісі әрі облыстық құрылыс басқармасының жас маманы Владислав Лукин студенттердің еңбек биржасының тәжірибе жинауға мол мүмкіндік беретінін атап өтті.
Өз кезегінде Парламент Мәжілісінің депутаты Серікжан Қанаев жастар саясатының белсенді түрде іске асуына тілегін білдірді.
Тәуелсіздік алған уақыттан бері жастарды қолдау Елбасы саясатының басты бағыттарының бірі болып келеді. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен “Болашақ” бағдарламасы қабылданды. Аталған бағдарлама аясында 38 солтүстік-қазақстандық әлемнің алдыңғы қатарлы білім ордаларында оқып жүр. Ал “Дипломмен – ауылға!” бағдарламасы аясында 13 ауданда 389 жас маман білім, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет пен спорт және ветеринария салаларында еңбекке араласты.
Биылғы жылы облыста 8500 жас жұмысқа орналасса, оның 2500-і жаңадан ашылған кәсіпорындарда еңбектенуде. Өткен 9 айда 433 адамға еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қайта дайындықтан өтуге жолдама берілген. Облыста бизнес-қауымдастықтар мен жұмыс берушілердің қатысуымен кәсіптік-техникалық мамандар даярлауда аймақтық және қамқоршылық кеңес құрылған.
Бүгінде облыста 57 жастар ұйымы тіркелген. Жиында алдағы уақытта олардың жұмысын одан әрі жандандырып, аудан, қала деңгейінде жастарға қолдау көрсету жұмысын жалғастыру қажеттігі айтылды. Тұтастай алғанда, биылғы жылы өңірдегі жастар саясатын жүзеге асыруға бюджеттен 30 млн. теңге көлемінде қаражат бөлінді.
Сонымен қатар түрлі салада ерекше көзге түскен он бір адамның есімі облыс әкімінің бастамасымен ұйымдастырылған Солтүстік Қазақстан облысының “Алтын кітабына” жазылды. “Алтын кітапқа” енгізілген жастар бірнеше аталым бойынша іріктелді. Атап айтқанда, “Жылдың жас көшбасшысы” атағын алған Рүстем Есенбергенов – “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер республикалық ұйымы бөлімінің төрағасы. “Жастар ұйымдарының үздік волонтері” аталымы бойынша ерекше көзге түскен Бәтима Әбдірахманова – Петропавл темір жол көлігі колледжінің оқушысы, ал Есіл ауданының ауыл шаруашылығы бөлімінің мал дәрігері Мейрам Ахметов биылғы жылы “Ауыл шаруашылығы саласының үздік қызметкері” атағын иеленсе, 2012 жылғы қоян-қолтық ұрыстан әлем чемпионы, лейтенант Айбек Қырықбай “Үздік спортшы” аталымын жеңіп алды.
Мерекелік шарада өңіріміздегі жастар саясатын жүзеге асыруға қомақты үлес қосқаны үшін облыс орталығының кәсіпкері Лариса Доркина, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дің студенті Мәдина Жолдасбаева облыс әкімінің Құрмет грамотасымен, Ақжар ауданының ішкі саясат бөлімінің бастығы Айбек Хоршат пен облыстық құрылыс бөлімінің бас маманы Владислав Лукин өңір басшысының Алғыс хатымен марапатталды.
Форумда өңір жастарының бастамасын құптауға әрқашан дайын екенін білдірген облыс әкімі “Жас Отан” ЖҚ облыстық филиалына жастар арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізуде белсенділік танытып, ауылдың гүлденуіне үлес қосуға шақырды.
Суретті түсірген
Талғат ТӘНІБАЕВ.