Облыс әкімдігінің үлкен залында өңір кәсіпкерлерінің форумы өтті. Онда бизнесті дамытуда мемлекеттік қолдау тетіктерін пайдалану мәселелері қаралып, биылғы жылдың қорытындысы шығарылды.
Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Форумды ашқан облыс әкімі Серік Біләлов өңірдегі іскер адамдар басқосуының жаңа мемлекеттік мереке – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күні қарсаңында өтіп отырғанын атап өтті.
– Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен ауқымды экономикалық, саяси және әлеуметтік реформалар жүзеге асты. Мемлекеттік саясатта орнықты экономиканың негізін құрайтын шағын және орта бизнестің дамуына үлкен мән беріледі. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асырудың арқасында бизнесті мемлекеттік қолдаудың кешенді шаралары қамтамасыз етіледі. Аталмыш шаралардың табыстылығы Бүкіләлемдік банк рейтингінде Қазақстанның көрсеткіштерінің жақсара түсуімен дәлелденеді. Бүгінде еліміз осы рейтингте әлемнің 185 елінің ішінде 49-орында. Бұл көрсеткіш бойынша өзінің Кеден одағындағы және Бірыңғай экономикалық кеңестіктегі серіктестері Беларусьтан (58-орын) және Ресей Федерациясынан (112-орын) озық тұр.
2017 жылғы ЕХРО көрмесін өткізу құқын алу үшін болған бәсекенің финалдық кезеңінде оны елордамыз – Астана қаласы жеңіп алды. Бұл Орталық Азия мен ТМД елдерінде өтетін тұңғыш халықаралық көрме болады. Өңірлік деңгейде де сол сияқты бизнес-ортаны жаңарту – әкімшілік рәсімдерді оңтайландыру жөніндегі жұмыстар жүргізілуде, бизнесті қаржылық және сервистік қолдау бағдарламалары жүзеге асырылуда, – деді өңір басшысы.
Кәсіпкерлер басқосуында облыс әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов “Облыстағы кәсіпкерліктің дамуы” деген тақырыпта баяндама жасады. Онда айтылғанындай, шағын және орта бизнес субъектілері биыл жыл басынан бері 100 миллиард теңгенің өнеркәсіп өнімдерін шығарған, бұл өткен жылғы сәйкес кезеңдегіден 1,5 есе жоғары.
Облыс бойынша индустрияландыру картасына сомасы 42,9 миллиард теңгенің 30 жобасы енгізілген болса, оның 22-сі жүзеге асырылған. Ал биылғы жылы 7 миллиард теңгенің 6 жобасын іске қосу жоспарланған. Өңірде бизнес субъектілерін кредиттеу қарқын алып келеді, өткен 9 айда 67 миллиард теңгенің кредиті берілді, былтырғы жылмен салыстырғанда өсім 31 пайызды құрайды. “Жол картасы – 2020” бағдарламасынан өңірдің 128 кәсіпорны қолдау тауып отыр, биыл облыс бизнесін дамытуға 930 миллион теңге бөлінді. “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша жыл басынан бері 853 миллион теңге бюджет қаржысы игерілді.
Одан кейін кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Саркеев “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы аясында мемлекеттің кәсіпкерлерге көрсететін қолдауы туралы “Даму” қоры” АҚ басқарма бастығының орынбасары Қанат Сұлтанғазиев кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау тетіктері жайында, ал Орталық сарапшылары Ұлдай Жәркенова мен Эльмира Шүкітова инновациялық гранттар беру және “Өнімділік – 2020” бағдарламасы бойынша өңір кәсіпкерлері мол мағлұмат аларлықтай түсініктеме берді. Кәсіпкерлердің залдан қойған сұрақтарына жауап қайтарды. Сол сияқты форумда “БТА Банк” АҚ-ы облыстық филиалының директоры Ерік Сәлімбаев, “Сұлтан” кондитер өнімдері” АҚ-ның заңгері Татьяна Дахно және “Адель құс” ЖШС-нің директоры Игорь Тищенко сөз алып, кәсіпкерлікті дамыту мәселесі бойынша өздерінің ой-пікірлерімен бөлісті.
Форумның мәжіліс бөлімінен кейін облыс әкімі жыл қорытындысы бойынша өңірдің озат кәсіпкерлеріне дипломдар мен бағалы сыйлықтар, облыстағы банк филиалдарына Алғыс хаттар тапсырды. Конкурстық комиссияның қорытындысы бойынша “Ауыл шаруашылығы саласындағы үздік кәсіпкер” аталымы бойынша Есіл ауданындағы “Ильинское” ЖШС-і жеңімпаз атанды. Осы аудандағы “Лесное” шаруа қожалығы және Тайынша ауданының “Жақсылық” фермерлік шаруашылығы лауреаттар атанды. Ал “Өңдеу өнеркәсібі саласындағы үздік кәсіпкер” аталымында қалалық “Блок” ЖШС-і жеңіске жетті, мүсіреповтік жеке кәсіпкер Ирина Овчаренко мен айыртаулық “Тігін үйі” ЖШС-і жүлдегерлер қатарынан көрінді. Азық-түлік тауарлары өндірісі саласында Қызылжар ауданының “Десерт-СК” ЖШС-і үздік шығып, аққайыңдық Галина Серикова мен тимирязевтік Гиви Джадугишвилидің жеке кәсіпкерліктері жүлдегер атанды. Тұрғындарға қызмет көрсету саласында Ақжар ауданының “Жалын-2” ЖШС-нің алдына түсер ешкім болған жоқ. Шалақындық жеке кәсіпкер Валерий Григорьев – екінші, Қызылжар ауданының “Мехколонна ремстрой-сервис” ЖШС-і үшінші орын алды. Ал “Үздік кәсіпкер әйел” аталымында аққайыңдық жеке кәсіпкер Елена Сергиенко жеңіске жетіп, құрметке бөленді. Петропавлдық жеке кәсіпкер Ирина Мартыненко мен жамбылдық Юлия Курлянчикова жүлделі орындарды еншіледі. Өңір басшысының қолынан марапат сыйлықтарын алған озат кәсіпкерлер елдің гүлдене түсуі үшін аянбай еңбек ететіндерін айтты.