Орал ҒАЛЫМЖАНҚЫЗЫ,
Облыстық балалар құқығын қорғау жөніндегі департаменттің бөлім бастығы.
Балаларды бір-біріне көмек беруге тәрбиелеу, адамгершілігін қалыптастыруға бүгінде барынша көңіл бөлінуде. Бұл мәселе облыста 2008 жылы облыстық балалар құқықтарын қорғау жөніндегі департамент жанынан құрылған еріктілер клубы арқылы шешілуде. Еріктілер қозғалысы өз қатарына қиын жағдайға тап болғандарға, Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне, көмекке зәру адамдарға көмектесуге деген ниеті бар жастарды тартуда. Егер 2011 жылы еріктілер қызметіне 8 мектеп, 2 колледж еріктілері қатысса, бүгінгі күні еріктілер тобы 9 мектеп, 2 колледж, 3 кәсіби лицей және М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде жұмыс істейді.
Сонымен қатар “Өзін-өзі тану” бағдарламасы да балаларды адамгершілік рухани құндылықтарды ардақтауға тәрбиелеуде, өзге ұлт мәдениетін құрметтеуге, сыйластыққа баулуда өз үлесін қосуда. Бұл бағдарлама өскелең буынды жалпы адамгершілік құндылықтар рухында тәрбиелеу мен оқытуға мүмкіндік береді.
Жасөспірімдердің адамгершілік-рухани құндылықтарын қалыптастыруда мұғалімдер жұмысының маңыздылығымен қоса мектеп кітапханаларының рөлі туралы да айту қажет. Мысалы, департамент “Кітапхана – адамгершілік рухында тәрбие беру орталығы” байқауын ұйымдастырып, оған 30-дан астам жоба ұсынылды. №9 қалалық мектеп кітапханасы “Қайырымдылық кітап сөресінде” электрондық көрме жобасының тұсаукесерін жасады.
Елбасы өзінің “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты мақаласында білім беру саласындағы өзгертулер мен медиацияны алға жылжыту мәселелеріне тоқталды. Осыған байланысты облыстық кәсіби медиаторлар қауымдастығымен, қалалық білім бөлімінің қолдауымен облыс орталығының бес мектебінде мектептің келісу қызметі құрылды. Олардың міндеті балаларға дау-жан-жалдан шығуға көмектесу болып табылады.
Облыстық балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі департаментте өткізілетін іс-шаралар барысында Елбасының келер буын өкілдерін толерантылыққа тәрбиелеу, сабырлылық үрдісін қалыптастыру және басқа ұлт өкілдерінің мәдениетін, дінін құрметтеуге ерекше мән беріледі. Мысалы, мемлекеттік органдардың, “Прозрение – Көз жету” қоғамдық бірлестігі өкілдерінің қатысуымен өткізілген Интернет-конференция – осының дәлелі. Аталмыш конференция барысында “Қазіргі замандағы дін және дауласу”, “Дін – жасөспірімдер өмірінде” деген тақырыптағы өзекті мәселелер талқыланды.