«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЕШТЕН ДЕ КЕШ ЖАҚСЫ” деп есептейтін кәсіпкер өз ісін ашты

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Өзіңнің сүйікті ісіңмен айналысу үшін бүгінгі күнді кеш көрме”, – деген ойын жеткізген Сабыржан Төлембаев – алпысқа толса да, бизнестің тізгінін нық ұстауға белін бекем буған жан. Осыдан төрт жыл бұрын өзінің жеке кәсіпкерлігін құрған ол ағаш пен темірден бұйымдар жасап, құрылыс жұмыстарымен айналысуды да қолға алады.

Сабыржан Шәкірұлы өзіне Мамлютка қаласының орталығынан тиген 15 сотық жер теліміне шеберхана салып, өзінің айналасына темір мен ағаш ұста шеберлерін жинайды. Оның қарамағында алты адам еңбек етеді. Кәсіпкер бүгінде темір бұйымдар жасаса, келер жылы үлкен ағаш өңдеу цехын іске қоспақшы. Бұл ойы орындалғаннан кейін құрылыс материалдары мен өздері жасаған тауарларды сататын сауда орталығын ашуды көздейді. “Осының бәрінің негізін қалау үшін үш миллион теңге жұмсалды. Осы кәсіпті қолға аларымда, мен өз меншігімдегі екі үйдің бірін саттым. Қазіргіні бизнесімнің жеткен жері дей алмаймын. Алға қойған мақсаттарым көп, тек, енді, Құдайым күш-қуат берсе, ерінбей еңбек етуім керек”, – дейді ол.

Биыл кәсіпкер қалаларды дамыту бағдарламасы бойынша “Дельта банк” АҚ-ның өңірлік филиалы арқылы 750 мың теңге қаржыны 12,5 пайыз жылдық сыйақы ставкасымен алыпты. Бизнестің бүгінгі тынысынан хабардар кәсіпкер қаржы институтынан алған несиесіне мемлекеттік демеуқаржы алу үшін “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша өтініш білді. Ол оң шешіледі деп сенеді.

Шеберханада көрсетілетін қызмет түрлерінен құлағдар бола бастаған тұтынушылар қатары күн санап көбеюде. Шеберлер қазір темірден бейіт қоршауларын жасауды тәуір игеріп алды. Сондай-ақ олар тұрғын үйлер мен ғимараттардың орамдарына арналған қоршаулар жасауды да жолға қойды. Әр тұтынушының тапсырысы оның жеке талғамы бойынша орындалады.

Болашақта кәсіпкер құрылыс пен қолөнердің басқа да қызмет түрлерін өрістете түспекші. “Бүгінгі тұтынушылардың талғамы жоғары, қаржылық мүмкіндігі жеткілікті. Сондықтан кәсіпкерлігімізді жан-жақты дамыту үшін күнделікті ізденіс керек”, – дейді кәсіпкер.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp