«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“АЗИЯ ЖОЛБАРЫСТАРЫН” КӨРІП ҚАНАТТАНҒАН “Қазақстан барысы” олардан қалыспауға ұмтылуда

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Осыдан он бес жыл бұрын Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев “Қазақстан – 2030” Стратегиясын жариялады. Онда “Қазақстан барысының” бейнесі көрініс тапқаны белгілі. Сол 1997 жылы Президентіміз “Азия жолбарыстары” деген атау алған Малайзияға, Индонезияға, Вьетнамға ресми сапармен барып, олардың экономикалық өрлеуін көзімен көріп оралған болатын.

Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Өткенге көз жіберсек, Қазақстан-Малайзия қарым-қатынастары 1991 жылдың 31 желтоқсанынан бастау алады екен. Сол күні Малайзия Қазақстанның Тәуелсіздігін таныған. Келесі жылдан бастап екі елдің арасында өзара сенімге негізделген әріптестік қарым-қатынас орнатылған. Бір-бірінің географиялық және әлеуметтік жағдайлары ұқсас болғандықтан, мемлекеттік даму бағдарламалары да сәйкес келеді. Мысалы, Малайзияның “Қазақстан – 2030” сияқты Стратегиясы “Таным – 2020” деп аталады. Оның негізін қалаушы, “Экономикалық ғажайыптың” авторы, елдің экспремьері Махатхир Мохамад: “Қазақстанның бәсекеге қабілеттіліктің биік деңгейіне жетуінің жалғыз жолы – инновациялар мен сапалы білімге сүйену” деген екен. “Қазақстан басшылығы осы ұстанымды дер кезінде және стратегиялық жағынан дұрыс таңдады. Кезінде біз де нақ осы жолмен жүрген едік” деп атап көрсеткен еді М.Мохамад.

 

Оның “Өзімізге қарай жол” кітабында баяндалған Малайзиядағы елді жаңғырту тәжірибесін оң пайдаланған Елбасымыз “Азия жолбарысы” өңірдің көптеген елдері үшін қанаттандырушы үлгі болғанын атап көрсеткен.

Жоғарыда айтып өткенімдей, Қазақстан мен Малайзияда ұқсас жағдайлар баршылық. Малайзиядағы сияқты біздің елімізде де алуан этностар мен конфессиялардың өкілдері өмір сүреді. Астананың бой көтеруі Малайзияның жаңа кіндік қаласы Путраджайяға ұқсайды. Бұл қала бүгінгі тұрмыстың шеңберінен асып, келешектің бейнесін елестетеді. Онда ертеңгі күннің тіршілік-тұрмыс жағдайларының іргесі қазірдің өзінде қаланған.

Байланыс екіжақты. Малайзияның Қазақстаннан үйренері де аз емес. Елдің премьер-министрі Наджип Тун Разак: “Сіздің еліңіз өңірдегі барынша қолайлы инвестициялық жағдайымен ерекшеленеді. Біз Қазақстанды Бірыңғай экономикалық кеңістік рыногына шығудың негізі деп білеміз. Өз кезегінде Малайзия Қазақстан үшін Оңтүстік-Шығыс Азияға шығудың жолы бола алады” деп атап көрсетеді.

Расында да, Малайзия – саяси таңдау мен экономикалық реформалардың өзекті кезеңдерінен Қазақстаннан бұрын жүріп өткен ел. Бұл орайда ол Оңтүстік-Шығыс Азияның ең озық елдерінің бірі болып табылады.

Бұл елдің экономикасын басқару орталықтандырылған стратегиялық жоспарлауға сүйенеді. Сол үшін дамудың бесжылдық жоспары жасалады. Ол мемлекет тарапынан қуатты реттеп отыруға негізделеді. Мұнымен қатар кәсіпкерлікті дамытуға елеулі қолдау көрсетіледі. Оны мемлекет тәуекелден және қылмыстың қол сұғуынан сенімді түрде қорғайды.

Қазақстанда осыған сәйкес нұсқа елдің инфрақұрылымын толыққанды дамытуға, әлеуметтік түйіндерді тиімді тарқатуға, әсіресе, экономикалық дағдарыстар тұсында, мүмкіндік берді.

Бізде “жаңа индустриялық экономиканы” қалыптастырып отырған индустриялық-инновациялық бағдарлама ежелден жұмыс істеп келеді. Жекеменшік және мемлекеттік серіктестік түріндегі мемлекет пен жеке секторлар арасындағы қарым-қатынастың малайзиялық нұсқасына сүйенген Қазақстанның тәжірибесі барлық еуразиялық елдердің айрықша қызығушылығын тудырды.

Бұл орайда істің саяси негіздерін де назардан тыс қалдыруға, жалғыз экономикамен шектелуге болмайды. Ол үшін қоғамда тұрақтылық пен келісім орнығуы керек. Малайзияның саяси таңдау тұжырымдамасы елдің экономикалық өркендеуіне қол жеткізді. Бұл екеуі қабыса келіп, Малайзияның үлкен экономикалық ілгерілеуін тудырып, бұл ел аз ғана уақыттың ішінде кедей колониядан тұрмыс деңгейі жоғары мемлекетке айналды. Бір сөзбен түйіндегенде, экономиканың инновациялық бағытын ұстануы бүгінгі Малайзия мемлекетінің маңызды қадамы болып отыр.

Бұл ел экономикасының Қазақстанға пайдалы тағы бір жағы – 1970 жылдан былайғы кездері ілгерілеуді ауыл шаруашылығы мен пайдалы қазбалар өндіруден өнеркәсіпке негіздеді. Бұл үшін ол ауыр индустрияны дамытты. Соның нәтижесінде ішкі жалпы өнім 7 пайызға өсіп, инфляция деңгейі айтарлықтай төмендеді. Бұл тәжірибенің Қазақстан үшін пайдасы айтарлықтай маңызды болды.

Малайзияда ұлттық өзіндік ерекшеліктерді сақтай отырып, саяси тұрақтылықтың, дінге төзімділіктің орнығуы Қазақстан үшін де үлгі болды. Бірақ Қазақстан этносаралық қарым-қатынастардың үйлесімін орнықтыруда Малайзиядан әлдеқайда асып түсті. Мемлекеттің негізін қалаған қазақ халқы мен оның мемлекеттік тілінің мәртебесі тәуелсіз Қазақстанның бүгінгі бет-бейнесі болып табылады.

Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев қалыптастырған Қазақстан халқы Ассамблеясы қазақ ұлтының жетекшілік рөлі сақтала отырып, этносаралық татулық пен келісімді нығайтуда маңызды институт болып табылады. Этностар арасындағы проблемаларды шиеленіссіз шешудің және Қазақстанда тұрмыс кешіп отырған барша ұлттардың күш-қуатын елді жаңғыртуға жұмылдырудың мұндай тәжірибесі бүкіл әлем үшін маңызды.

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні – Шығыстың ең серпінді дамып отырған елдері Малайзия мен Сингапурдың тәжірибесі Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев жаңа индустрияландырудың және инновациялық экономиканы құрудың келелі міндетін жүктеген бүгінгі Қазақстанда тиімді бағытқа қол жеткізуде игілік болды.

“Қазақстан барысы” “Азия жолбарыстарының” өнегесін үйрене отырып, үстіміздегі ғасырда олардан озуға ұмтылыс жасау үстінде.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp