«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

БИЗНЕСМЕНДЕРІМІЗ БЕЛСЕНДІЛІКТЕРІН АРТТЫРДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Газетіміздің өткен санында хабарланғанындай, аптаның алғашқы күні облыстық әкімдікте кәсіпкерлікті дамыту және оның жылдық қорытындысы мен бизнес тетіктерін одан әрі ұтымды пайдалану мәселелерін сөз еткен форум өтті. Бұл шарадан кейін кәсіпкерлікті дамыту комитеті төрағасының орынбасары Бақытжан Саркеев пен “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы басқарма бастығының орынбасары Қанат Сұлтанғазиев мемлекеттік қолдау жасалған бірнеше кәсіпорынның бүгінгі тынысымен танысты.

 

Олардың ат басын тіреген бірінші нысаны сүт және сүт өнімдерін шығаратын өңіріміздің іргелі кәсіпорын – “Сүт өнімдері” ЖШС-і болды. Оның жаңартылған өндіріс алаңы көз қызықтырады. Аталмыш кәсіпорын былтыр “Нұрбанк” АҚ-ның өңірлік филиалы арқылы 3 миллиард 6 миллион теңге несие алып, бұл қаржыға өндірісті толық жаңғыртыпты. Қаржы институты арқылы несие алған кәсіпорынға “Бизнестің жол картасы – 2020” бойынша көмек көрсетіліп, оның банкке төлейтін жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызына мемлекеттік демеуқаржы берілді. Осылайша серіктестік өзінің 523 миллион 955 мың теңге қорын үнемдеді. Серіктестік жылына 85 мың тонна өнім шығарады. Шетелдік құрал-жабдықтар орнатылғаннан бері өнімділік пен сапа көрсеткіштері әлдеқайда жақсарып, тауардың сақталу мерзімі ұзартылған.

Ал Жанна Қожантаеваның жеке кәсіпкерлігі – баспа және жазу материалдарын өндірумен айналысатын кәсіпорын. Ол жұртшылыққа сыртқы жарнама, жедел полиграфия, ыстық баспа, кең форматты баспа мен дизайн сияқты қызмет түрлерін ұсынады. Кәсіпорын биыл “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 12 миллион теңге несие қаржысына қол жеткізіп, оған соңғы үлгідегі үлкен форматты принтер сатып алыпты. “Дельта банк” АҚ-ның өңірлік филиалы арқылы берілген несиенің 7 пайызына мемлекеттік демеуқаржы алған. Жанна Ермекқызы бұл қаржылай қолдаудың өзінің кәсіпкерлігіне үлкен көмек болып, жаңадан сатып алынған құрылғы өндіріске енгізілгеннен бері тапсырыс ауқымы ұлғайып, оның орындалу мерзімі әлдеқайда қысқарғанын айтады.

Өңіріміздің нарығында 15 жыл жұмыс жүргізіп келе жатқан “Петропавл құрылыс материалдары зауыты” АҚ-ы “Альянс банк” АҚ-ның өңірлік филиалы арқылы 11,8 пайызбен 322 миллион теңге несие қаржысына қол жеткізген. Мемлекет тарапынан көрсетілген демеу-қаржы есебінен оның банкке төлейтін сыйақы мөлшерлемесі 7 пайызға азайды. Яғни, жылдың сыйақы өтемінің 45 миллион 705 мың теңгесі кәсіпкердің қалтасында қалды. Кәсіпорынның қолға алған жобасы бойынша полиэтилен су құбырларының жаңа диаметрлі нұсқалары өндіріске енгізіліп, өндірілген өнім 14 мың тоннаға жеткен. Және онда қосымша 22 жұмыс орны ашылыпты. Сондай-ақ бұл кәсіпорын аталмыш бағдарлама бойынша инфрақұрылымдарын жақсартып, оның “Іскерлік байланыстар” бағыты есебінен кәсіпорын кадрларының біліктілігін де жетілдіріп алған.

Келесі таныстырылған нысан – “Богатырский продукт” ЖШС-і. Заманауи құрал-жабдықтармен жаңғыртылып, жаңа технология бойынша жұмыс істеуге көшкен кәсіпорынның өнімділік пен сапа көрсеткіші оның өз бәсекелестерінен көш ілгері болуына мүмкіндік берді. Бұл кәсіпорын “Даму – өңір” және “Даму – көмек” бағдарламаларына белсене қатысуда. Ал “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасының көмегімен серіктестік “Еуразиялық банк” АҚ-ның өңірлік филиалы арқылы 276 миллион 553 мың теңге несие алып, өзінің банкке төлейтін жылдық сыйақы мөлшерлемесінің 7 пайызына, яғни 40 миллион теңгесіне демеуқаржы алған.

“Сұлтан кондитерлік өнімдер” АҚ-ы – елімізге кеңінен танымал кәсіпорын. Оның шығарған өнімдері Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан сияқты көрші елдерге де тарайды. Фабрикада 260 адам еңбек етеді. Бүгінгі таңда онда кондитерлік өнімнің 36 түрі шығарылады. Өндірілетін тауар көлемі – 2700 тонна. Қаржы институтынан несие алғысы келген кәсіпорыннан банктің талап еткен кепілдігін “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы берді. Сондай-ақ 63 миллион теңге несие қаржысының сыйақы мөлшерлемесінің 7 миллион 350 мың теңгесі де “БЖК – 2020” бойынша жабылды. Мемлекеттік демеудің тағы бір түрі есебінен кәсіпорын өзінің инфрақұрылымдарын да жөнге келтіріпті.

Тур соңында “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ басқарма бастығының орынбасары Қанат Сұлтанғазиев жергілікті БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында өңіріміздегі бизнес ортаның дамуы туралы ойын жеткізді:

– Облыс әкімдігінде өткен форумның аясында біз бес кәсіпорынды араладық. Бәрі де “Бизнестің жол картасы – 2020” бойынша мемлекеттік демеуқаржы алған кәсіпорындар. Олар экономиканың әртүрлі саласында жұмыс атқарады. Мемлекеттік қолдаудың бизнестің дамуына үлкен септігін тигізіп отырғандығын кәсіпкерлердің өздері айтады. Бұрнағы жылдары “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы жүргізген бағдарламаларға солтүстікқазақстандықтар аса белсенділік танытпай келген болса, бүгінгі таңда осы өңірден тартылған жобалар бойынша облыс бесінші орынды еншіледі. Биыл облыстың кәсіпкерлігіне бөлінген демеуқаржы мөлшері аз болғанымен, қолдау көрсетілген жобалар саны көп. Үкіметіміз бұл бағдарламаларды бизнестің ыңғайына қарай толықтырып, жаңартып отырады. Сондықтан елімізде кәсіпкерлікті өркендетуге мүмкіндік зор, – деді ол.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp