«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАРНАМА ФАБРИКАСЫ” атына сай болуға ұмтылу үстінде

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бүгінде жарнама күнделікті өміріміздің құрамдас бөлігі ретінде қалыптасып, қоғамдық құбылысқа айналды. Жарнамашылар өндіруші мен тұтынушы арасындағы дәнекерлік қызметтерді атқарып, экономиканың дамуын ынталандыратын, өндірістік үдерістер мен өнім сапасын жетілдіретін маңызды тұтқа ретінде танылуда. Жарнама сондай-ақ тұтыну мәдениетін жаңа биіктерге көтеретін “өркениет үдеткіші” де болып отыр. Әрине, оның да басты күші – адам. Өйткені, кәсіби шебер түрлі тәсілдермен жарнаманы жандандырады, дамытады, түрлендіреді. Солардың бірі – қызылжарлық Ермек Құсайынов пен оның командасы.

Гүлгүл ҚУАТҚЫЗЫ,

“Солтүстік Қазақстан”.

Мәскеу кооператив институты жанындағы декораторлар және жарнама суретшілері мектебін бітірген Ермек Құсайынов – бұл саланың тәжірибелі маманы. Кеңес дәуірінде тұтынушылар кооперациясының жарнама бөлімінде еңбек етіп, заманның аумалы-төкпелі кезеңінде де өз мамандығынан қол үзбей, көштің ағымына ілесе білген ол осыдан жеті жыл бұрын өз кәсіпкерлігінің іргесін қалап, полиграфиялық жарнама орталығын ашқан.

 

– Бұл 2005 жылы болатын. Әрине, ол кезде банктердің берген несиелерінің жылдық сыйақы ставкасы жоғары болғандықтан, тапқан табыстың көпшілігі соны жабуға жұмсалатын. Бастапқыда бір дизайнер ғана ұстауға мүмкіндік болды. Екеулеп жүріп барлық қиындықтарды еңсердік. Ал бүгінгі мақсат – аяғынан тік тұрған кәсіпкерлікті одан әрі кеңейту, – деп әңгімесін бастаған ол өткен күндер жайлы естелігін қысқа қайырды.

Бүгінде “Жарнама фабрикасы” деп аталатын жеке кәсіпкерлікте сегіз дизайнер еңбек етеді. Кәсіпкер жарнама қызметінің түрлерін көбейтіп, жылдық тауар айналымын 30 миллион теңгеден асырған. Онда: суретті прейскуранттар, каталогтар, брошюра, альбомдар, проспектілер мен плакаттар, афишалар мен жарнамалық стендтер, пішіндер, қалқандар мен нұсқағыштар, сұлбалар, этикеткалар, киімдердің, кітап пен дәптердің, альбомдардың сыртқы мұқабасы мен күнтізбеге салынатын сурет жарнамалар, фирмалық пакеттер, ескерткіш бұйымдар дайындалады. Әрине, жарнамада өндірістегі техникалық және дизайнерлік жаңғыртулардың ұдайы жүргізіліп тұруы – заман талабы. Осындай мақсатпен жүзеге асырылып жатқан техникалық жаңғыртулар кәсіпорынның басқа бәсекелестерден көш ілгері жүруіне мүмкіндік туғызып отыр.

Кәсіпорын биыл да “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша 12 миллион теңге несие қаржысына қол жеткізіп, оған соңғы үлгідегі үлкен форматты принтер сатып алған. “Дельта банк” АҚ-ның өңірлік филиалы арқылы берілген несиенің 7 пайызына мемлекеттік демеуқаржы берілді. “Бұл қаржылай қолдау бізге үлкен көмек болды. Сатып алынған құрылғыны өндіріске қосқаннан бері тапсырыстың ауқымы ұлғайып, оның орындалу мерзімі әлдеқайда қысқарды. Мұндай жабдық біздің өңірде екі кәсіпорында ғана бар”, – дейді Ермек Құсайынов.

Кәсіпкер өзіне қажетті шикізаттардың барлығын шетел нарығынан алатынын айтады. Сырттан тасылған тауардың құны өндірілетін өнімнің бағасына әсер етері сөзсіз. Алайда, басқа бәсекелестеріне қарағанда, “Жарнама фабрикасы” өз өнімнің бағасын шарықтатпауға, тұрақты тұтынушыларына жеңілдіктер жасауға тырысады. Яғни, басшы нарықтағы ахуалды ұдайы сараптап отырады.

Шындығы керек, соңғы жылдары қала көшелерінде ілінетін суретті жарнамалардың түрленуімен қаламыз ажарлана түсті. Сауда-саттық орталықтары мен түрлі ғимараттардың сыртқы безендірілуі де көңілден шығады. Ол, әрине, жарнамашылар еңбегі екені сөзсіз. Олардың қатарында “Жарнама фабрикасының” атқарған жұмыстары да жетерлік. Тапсырысты сапалы орындау арқылы жарнама агенттері өздеріне де “жарнама” жасайды. Сондықтан аталмыш кәсіпорынның жұмысын сырттай бағалап келіп, тапсырыс беретіндердің де қатары қалыңдай түскен.

– Менің мақсатым – өзіме сенім артқан тұтынушылардың көңілін табу. Сондықтан бізде баспаханалық қызметтің ұсақ-түйегінен бастап, офистік жиһаздарға дейін шығарылады. Ондағы ойымыз – табалдырығымызды аттаған тұтынушыны өзіне қажетті заттардың барлығымен қамтамасыз етуге тырысу. Біз үшін өзекті мәселе – офисіміздің тарлығы. Тапсырыс берушілер қаптап кеткен кезде, мекемемізде аяқ басар орын қалмайды. Алдағы кезде осыны шешіп алсақ деймін, – дейді кәсіпорын басшысы.

Десе де, бұл мәселенің де күрмеуін ептеп шеше бастаған сыңайлы. Өндіріс орналасқан жердің маңынан жер телімін сатып алған ол онда қосымша құрылыс жүргізбек ойы бар. Ол үшін қажетті рұқсат қағаздарын түгендеп алған соң көп кешіктірмей кәсіпорынның офисі мен өндіріс цехының іргетасын қалау жоспарланған. Кәсіпорын басшысы оны қаржы институттарының көмегімен салатындығын да жасырмады. Кәсіпкер өзінің тағы бір бизнес жоспары арқылы еліміздің бас қаласы – Астананың да жарнама нарығын игеруді көздейді. Ол үшін алғашқы қадам жасалынды. Жарнама ісінде өте тиімді саналатын неон газы ерітіндісі арқылы безендіру жұмыстарын жүргізу үшін ол өткен жылы шағын зауыт сатып алып, оны Астанаға орнықтырды. Ермек Қайырбекұлы өзінің күндіз-түні төгілген маңдай терінің нәтижесі балаларының шат тірлігі мен тұрмыстық ахуалынан аңғарылып жатса, өзін бақытты сезінетінін жеткізді.

– Мен осы істі бастаған кезде ұлым мен қызым мектепте оқып жүрген жеткіншектер еді. Қолдары босаса болды, маған келіп, көмек көрсететін. Ол кездегі қаржы тапшылығы, қолдың қысқалығы біраз жұмыстарды қолмен жасауға мәжбүрледі. Ұлым былтыр телекоммуникация саласы бойынша жоғары оқу орнын бітірді. Қызым – стандарттау мен сертификаттау маманы. Осы “Жарнама фабрикасы” үшеуімізге еншілі. Онда әрқайсымыздың атқаратын өз қызметіміз, бизнесте тиесілі бөлісіміз бар. Олар өз қызығушылығымен кәсіпкерліктерін ұйымдастырады. Ертеңгі күні осы бастаған ісімді ұрпағым жалғастырса деймін, – дейді ардақты әке.

… “Жарнама фабрикасы” жеке кәсіпкерлігінің ішін аралаған кезде мені ондағы еңбеккерлердің жұмысқа деген ынтасы мен ортаның көңіл күйі таңдандырды. Кілең жастардан тұратын ұжымдағы дизайнерлердің бәрі зор шығармашылық ізденіспен жұмыс атқаруда. Автоматтандырылған құрал-жабдықтар қағаздарды қылғи жұтып, ілезде оларды өңдеп шығарып, қимылына көз ілестірмейді. Басшы да біресе телефонмен сөйлесіп, біресе жасалған тауарлардың сапасын тексеріп, енді бірде ақыл-кеңес сұраған қызметкеріне көңіл бөліп, тыным табар емес. Қайнаған қызу еңбек. Жұмысында үйлесімділік бар кәсіпорында шығарылатын жарнамалардың көркемділігі мен сонылығына көз жеткізіп қайттық.

Суреттерді түсірген

Амангелді БЕКМҰРАТОВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp