Айбек ХОРШАТ,
Ақжар аудандық ішкі саясат бөлімінің бастығы.
Кәсіпкерлерді қолдау мақсатында “Бизнестің жол картасы – 2020”, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламалары жасалып, бүгінгі күні еліміздің барлық өңірлерінде жүзеге асырылу үстінде.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, сонымен қатар ауыл тұрғындарының сұранысын ескерген Қазан ауылының тұрғыны Тоқтархан Көпжасар шағын наубайхана жабдықтарын сатып алып, нан пісірумен айналыса бастады. Бұл бүгінге дейін аудан орталығы Талшықтан әкелінетін нанды сатып алатын ауыл тұрғындары үшін үлкен қуаныш болды. Наубайхананың ашылуы 2 ауыл тұрғынын жұмыспен қамтыды және халықтың сұранысын қанағаттандырып отыр. Мұнда күніне150 бөлке нан пісіріледі, бұл 140 отбасы бар ауыл тұрғындарына толық жеткілікті. Жеке кәсіпкер алдағы уақытта сұраныс болса бизнесті ұлғайтып, басқа да нан өнімдерін өндіруге ынталы.
Сондай-ақ аудан тұрғындары “Бейбарыс газ” газ құю станциясы арқылы газбен қамтылып отырғанымен, кей кездері газ жетіспей жататын. Осы олқылықтың орнын бүгінгі күні аудан орталығы Талшықтағы “РЕАЛ ГАЗ” ЖШС-нің жаңадан ашылған екінші газ құю станциясы толтырып отыр.