«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

КӨКБАЙРАҚТЫ ЖЕЛБІРЕТКЕН ЖЕҢІСТЕР Елбасы қамқорлығының нәтижесі емес пе?!

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Біз үлкен оқиғаның қарсаңында тұрмыз. Ол – 1 желтоқсанда аталып өтетін еліміздің Тұңғыш Президентінің күні. Бұл күнді мен Тәуелсіз еліміздің өміріндегі елеулі оқиға деп бағалаймын. Өркениетті елдердің қай-қайсысындағыдай, Қазақстанның халқы да өзі сайлаған Елбасын құрметтейді, ардақ тұтады.

Жамбыл ТАСЕМЕНОВ,

Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы.

Нұрсұлтан Назарбаев дербес мемлекет ретінде ел басшылығын қолға алып, мемлекетімізді әлем таныған мәртебеге жеткізгенін мақтаныш сезімімен айтқым келеді. Содан бері өткен уақыт көзді ашып, жұмғандай. Алайда, Қазақстан Республикасы осы жиырма жылдың үдесінде әлемге үлгі боларлық жасампаздық жолынан өтті. Ел ішіндегі берекелі, бейбіт тұрмыс, ұлт пен ұлыстардың рухани келісімі, тату-тәтті бірлік қандай ғанибет?! Мұның бәрі – өрлеген өндірістің, әлеуметтік-экономикалық жаңғырудың жемісі.

Әсіресе, Қазақстанды сыртқы дүниенің танып, мойындауы, өзге іргелі мемлекеттердің бізбен санасуы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей басшылығымен, келешекті болжағыш көрегендігімен, көксеген ой-мүдделерін жүзеге асырудағы табандылығымен, жасампаздығымен қолымыз жеткен игілігіміз емес пе?! Көздері көрмесе, көңілдері сенбесе, іргелі шетелдердің басшылары, ірі мемлекет қайраткерлері Қазақстанмен саяси-экономикалық қарым-қатынастарға мүдделі болар ма еді?

 

Еліміздің күні кеше ғана Біріккен Ұлттар Ұйымының Адам құқықтарын қорғау жөніндегі кеңесіне басым дауыспен мүше болып сайланғаны да осы жетістіктеріміздің нәтижесі.

Еліміздің абырой-беделі спорттағы жетістіктеріміздің арқасында да биіктейді ғой. Бұл орайда да Қазақстан өзгелерге үлгі боларлық деңгейге көтерілді. Елбасымыздың өзі спорттың өркендеуіне зор көңіл бөлетінін мен осы саланың маманы ретінде жақсы білемін.

Жасымнан спортшы болуды армандап, оны бүкіл ғұмырыма серік еткен адам болғандықтан, Елбасының қамқорлығына ерекше ризашылық білдірумен келемін. Өз өмірімде Нұрсұлтан Әбішұлының өңірдегі спортты дамытуға нағыз қамқорлық жасағанының айғақтары жеткілікті. Соның бірі жайлы айта кетейін. Мен 1994 жылдың 14 қыркүйегінде Петропавлдағы қазіргі спортқа дарынды балалардың облыстық мектеп-интернатына директор болып тағайындалған едім. Бұл оқу орны қатардағы мектептердің бірі еді. Ойым – осында, облыс, қала берді, Қазақстан намысын қорғайтын жеткіншектерді спортқа баулып, шыңдау. Бұл мәселе алғаш қозғалғанда бірден қолдау тауып кете қоймады. Онсыз да қиыншылықтар жеткілікті болғандықтан, білім, спорт басындағылар батыл қадам жасай қоймады.

Осындай күндердің бірінде қалалық қазақ классикалық гимназиясы шаңырақ көтеретін болып, мен осы салтанат үстінде мектепті ашқан Елбасының алдында өнер көрсетуге бірнеше жас балуандарды алып барған едім. Жастардың өнері көңілінен шықты білем, Нұрсұлтан Әбішұлы оларға: “Өркендерің өссін!”, “Елдің даңқын асыратын биіктерге жетіңдер!” – деген ақ батасын берді, сол сәтте орайын тауып, мектебімізді спорттық бағытқа бейімдеу жөніндегі ойымды жеткіздім. Елбасы бұл ұсынысымның орынды екенін құптады.

Міне, қызық! Келесі, 1996 жылы мектеп-интернат спортқа дарынды балалардың оқу орны мәртебесін иеленді. Әуелгіде үлкен қиыншылықтарды жеңуге тура келді. Мұнда тек балуандарды баулумен шектелуге болмайды ғой. Сондықтан шаңғышыларды, велошабандоздарды, конькишілерді, жеңіл атлетшілерді даярлауды ойластырдық. Алайда, оқушыларды баптайтын жаттықтырушыларды тарту, оларға жағдай жасау оңай бола қойған жоқ. Оның үстіне, біз республикадағы осы бағыттағы санаулы оқу орындарының бірі болғандықтан, еліміздің өзге өңірлерінен, мысалы, Ақтөбеден, Қарағандыдан және басқа да қалалардан балалар ынта білдіре бастады. Демек, интернатқа орналастыру мәселесі туындады.

Жаттығу залдарын кеңейту, оларды қажетті құралдармен жабдықтау да бір күнде шешімін таба қойған жоқ. Бірақ “Көш жүре түзеледі” дегендей, бара-бара ісіміз жүйесін тапты.

Өзім бастамашы болған бұл оқу орны содан бері өңіріміз бен еліміздің спортын әлемге танытқан біршоғыр үздік спортшыларды қанаттандырып шығарды. Онда спорттың бірнеше түрлері бойынша мамандар оқып, білімдерін одан әрі жетілдіріп келеді. Қазір бәрін атап шығу да қиын.

Елбасымыздың тікелей көңіл бөлуінің арқасында бүкіл республикамызда қаншама спорт ғимараттары бой көтерді, солардың арқасында бұқаралық спорт дамыды, халықаралық жарыстарда Туымызды асқақтатып, Гимнімізді шалқытқан жеңімпаздар шыңдалды.

1992 жылғы Барселона Олимпиадасы Қазақстан егемен ел ретінде тұңғыш рет қатысып, Тәуелсіздіктің туы желбіреген алғашқы әлемдік салтанат болса, келесі 1996 жылғы Атланта ойындарында қазақстандықтар алтын алқалармен қуантты. 2000, 2004, 2008 жылғы ойындар да Қазақстанның абыройын асырса, биылғы жазғы Олимпиада бәрінен де асып түсіп, қызжігіттеріміз жеті алтын, бір күміс, бес қола алқаны жеңіп алып, осы жетістіктерін Қазақстан мен оның Тұңғыш Президентіне тарту еткенде көгілдір экран алдында отырып біз де алақайлап, бір-бірімізден сүйінші сұрастық.

Ал олимпиадашыларға Астанада көрсетілген құрмет, әсіресе, онда Елбасының жеңімпаздарды құттықтауы естен шығар ма?! Мұндайда әр спортшы қанаттанып кететінін мен өз басымнан өткендіктен жақсы білемін. Нұрсұлтан Әбішұлының әкелік қамқорлығы, ыстық ықыласы жүздеген жаттығуларда төгілген терден әлдеқайда ардақты.

Мұның алдында біздің еліміз қысқы жетінші Азия ойындарын зор ұйымшылдықпен өткізіп, онда тамаша жетістіктермен құрлықтың Корея, Жапония, Қытай сияқты елдерін артта қалдырды. Айта отырайын, осы ойындар Қазақстанда өтетін болып ұйғарылғанда өзгелерді қойып, өз ішімізде күмән тудырушылар да болып, оған дайындығымызға, ойдағыдай өткізу қабілетімізге сенімсіздік білдіргені жасырын емес. Алайда, Елбасының ерекше сенімділігі, қандай бір қиыншылықтарда сыр бермейтін қуат-қайраты Қазақстанның абыройын аспандатты. Содан былай “Алға, Қазақстан!” ұраны дәстүрімізге еніп кете барды.

Мұндай ғаламдық ауқымдағы істерді ұршықтай үйіре алатын қабілетіміз тағы да танылмақ. Ол – 2017 жылғы Универсиаданы Қазақстанда өткізу міндеті. Біз бұған да дайынбыз деуге әбден болады.

Иә, мен өз ғұмырыма спортты айнымас серік еткен адаммын. Жасым жетпіске таяса да, саптағы сарбаздай болғым келеді. Өйткені, елу жылдай уақыт бойы спортпен шұғылданып келемін. Қазақстанның Құрметті спорт шеберімін. Өзім жаттыққан грек-рим күресі бойынша көптеген белгілі шәкірттерім жолымды жалғастырып жүр. 2009 жылы өңір спортының өркендеуіне сіңірген еңбегімді елеген облыс әкімі Серік Біләлов пен облыстық мәслихат “Солтүстік Қазақстан облысының Құрметті азаматы” атағын берді.

Қазір де жастармен арадағы байланысымды үзбей жүрмін. Осы ретте бұқараны спортты сүюге шақырамын. Біз болашақта Елбасымыздың қолдауымен спорттағы үлкен жетістіктермен әлем құрметтейтін елдер қатарында болатынымызға сенімдімін.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp