Аманжол НҰРТАЗИН,
журналист,
Абзал ҚҰРМАНКИН,
журналист.
Парламент мәжілісінің бір топ депутаттары өңірімізде болып қайтты. Сапар барысында халық қалаулылары облыс орталығындағы №17 ұлттық өркендеу мектеп-кешенінде болып, білім ошағының тыныс-тіршілігімен танысты.
Бүгінгі таңда №17 ұлттық өркендеу мектебінде 10 ұлттық бөлім жұмыс істейді. Онда 205 оқушы ана тілін, тарихын, ұлттық салт-дәстүрлерін үйренуде. Ал жалпы білім ордасында 1000-ға жуық оқушы білім алады. Аталмыш мектепкешеннің жанындағы мұражай оқу ордасының тарихынан сыр шертіп қана қоймай, ұлтаралық бірлікті де насихаттайды. Себебі, мұражайда ұлттық бөлімдердің арқасында ашылған шағын орталық жұмыс істейді.
Сонымен қатар Парламент Мәжілісінің депутаттары қала әкімі Болат Жұмабековпен бірге әскери институтта болды. Онда халық қалаулылары офицерлермен және курсанттармен тілдесіп, елдің дамуын тілге тиек етті.
– Еуропада қазір ереуілдер болып жатыр. Ал Қазақстан болса тұрақты дамып келеді. Мұның бәрі Елбасының арқасы. 21 жылда қол жеткізген жетістіктеріміз ұшан-теңіз. Бірақ біз мұнымен шектелмеуіміз керек. Тындырылмаған істер әлі көп, – деді Парламент Мәжілісінің депутаты Серікжан Қанаев.
Кездесу барысында әскерилер көкейлерінде жүрген сұрақтарды қойып, тұшымды жауап алды. Мәселен, әскери қызметшілердің зейнетақы аударылымдары қандай болады деген сауалға Мәжіліс депутаты Жанат Жарасов жауап берді.
– Бұл мәселе біздің назарымызда. Осыған байланысты алдағы уақытта отырыстар өтіп, Сіздерге тиімді болатын шешім қабылданады, – деді Жанат Жарасов.
Жұмыс сапары барысында халық қалаулылары агроөнеркәсіп және денсаулық сақтау нысандарында да болды.