«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ОМАРТАШЫЛЫҚ ТА – ҚОЛЫМЫЗДАН КЕЛЕТІН ІС”, – дейді мамлюттік кәсіпкер Тұрсынбай Рамазанов

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Мамлют ауданындағы Меңгесер ауылына жолым түскен сайын замандасым Тұрсынбай Рамазановтың кәсіптің жаңа бір түрін меңгеріп жатқанының куәсі болып жүрмін. Осы жолы да солай болды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

Тұрсынбай Байғұнысұлы осы ауданның бұрынғы “Қазақстанның 50 жылдығы” кеңшарының Октябрь ауылында туғанымен, отбасылық өмірін Меңгесерде жалғастырып келеді. Жергілікті кеңшар директорының шаруашылық жөніндегі орынбасары қызметін атқарып жүріп, агроқұрылым қайта құрылып жатқан шақта зайыбы Жұмабикемен бірге жеке кәсіпкерлікке ауысты.

 

Алғашында ауыл орталығындағы сауда орталығының бір бөлігін жалға алып, азық-түлік тауарларын сататын дүкенге айналдырды. Кейін өзіне тиесілі ғимараттың бір бөлігін күрделі жөндеуден өткізіп, онда электр қуатымен жұмыс істейтін наубайхана ашты. Цехта сұранысқа қарай тәулігіне 600-700 бөлке нан, бірнеше түрлі тоқаш, тапсырыспен торт пісіріледі. Оның өнімдері көрші Бексейіт, Новомихайловка, Токаревка, Становое ауылдарына ғана емес, аудан орталығының жиырма шақты дүкеніне де жөнелтіледі. Өткен жылдың екінші жартысынан бері “Тұрсынбаев” ЖК-ның наубайханасы облыстық тұрақтандыру қорының жеңілдетілген бағамен берілетін бірінші сұрыпты ұнын пайдаланып келеді. Тұрсынбай Байғұнысұлының айтуына қарағанда, цех ашылғаннан бері 650 грамдық бір бөлке нан сауда орындарына 42 теңгеден жөнелтіліп келеді. Көтеріліп пісетін “үй наны” тұтынушылар тарапынан жоғары бағаланады, сондықтан аудан орталығындағы дүкендер де арнайы тапсырыс беретін көрінеді. Таяуда, 13 қазан күні, облыс орталығында өткен ауыл шаруашылығы тауарлары жәрмеңкесіне Тұрсынбай Рамазанов нан-тоқаш өнімдерімен қатысты. Осының өзі жеке кәсіпкердің ас атасын сапалы әзірлеуге баса мән беретіндігін көрсетіп тұрғандай.

Өткен жылғы сапарымызда Тұрсынбай Байғұнысұлының тағы бір үлкен бөлмені тойханаға айналдырғалы жатқанының куәсі болған едік. Сонда: “Ауыл тойсыз болмайды. Ағайын-туған, дос-жаран тайлы-тұяғы қалмай жиналатын шараларды аядай үйде өткізе алмаймыз. Көңіл көтеретін жер кең болғанын қалаймыз. Сондықтан мына жерді 100 орындық тойханаға айналдырғалы жатырмын. Қалалықтардан біздің неміз кем?” – деген еді. Сол ойы жүзеге асыпты.

Осы жолы азық-түлік пен күнбе-күнгі қажетті тауарлар дүкеніне заманауи пластикалық терезелер орнатып жатқанын байқадық. Ол да – “Көштен қалмайық, біздің де сауда орнымыз заман ағымына сай болсын!” деген ниеттен өріс алып жатқандығын айтпай-ақ түсіндік.

Тұрсынбай замандасыммен әңгіме барысында кәсіпкерлікке байланысты тағы бір жаңалыққа қанықтым.

– Біздің “Мәмбетов және К” КС-нің басшылары қосалқы шаруашылықтарды дамытуға, жеке кәсіпкерлікпен айналысуға бар мүмкіншілікті жасап отыр. Агроқұрылым соңғы жылдары бидай, арпа, сұлы сияқты дәнді дақылдарға қоса зығыр, қарақұмық егеді. Олардың өсіп-өнуіне бал арасы қажет. Сондықтан серіктестіктің атқарушы директоры Константин Мишенев облыстық омарташылар қоғамымен келісім жасау арқылы жергілікті тұрғындардың 50-60 бал арасы ұясын ұстауына мұрындық болды. Бұрын айналыспаған кәсібім болса да, Константин Савельевичтің ақылымен осы істі биыл қолға алдым. “Узбечка”, “Карпатка” тұқымды бал араларын қалай ұстау керектігі жөнінен ала жаздай тәжірибе жинадым. Біраз нәрсені білдім, еңбегім де зая кетпеген сияқты, – дейді Тұрсынбай Рамазанов.

Ауа райы қуаңшылық болса да, биылғы жаз омарташылар үшін нәтижелі аяқталғанын жеке кәсіпкердің өнімінен де байқауға болады. Үш омарта 100 килодан артық бал беріпті.

Бал араларының психологиясына, оның ішінде ұйымшылдығы мен атқаратын жұмыстарын бөліп алатындығы жайына толық қаныққан Тұрсынбай Байғұнысұлы омарташылықты алдағы уақытта да жалғастыруды, ұялар санын көбейте түсуді мақсат етіп отыр. Істің тетігін тауып, ынтымағын жарастырып отырған отбасының осындай тірлігін көрген сайын риза болатындығымды несіне жасырайын?! Ауылда тұрып, бір қара, 5-6 тауықтан басқа мал-құс ұстамайтын жандарды көргенде: “Осы Тұрсекеңдер сияқты неге талпынбайды, неге үлгі алмайды?” – дегің келеді. Оған кім кедергі келтіріп отыр?!

СУРЕТТЕ: жеке кәсіпкер Т.Рамазанов.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp