«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҚИЯЛ ҚАНАТЫНДА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Қызылжарлық Наталия Бухонина – Ресейдің Саратов қаласының тумасы. Ол жеке кәсіпкерлікпен айналысумен қатар, бос уақытында қолөнер бұйымдарын жасауға машықтанған. Бір қызығы, бұл әйел өнерінен өзгелердей пайда табуды мақсат тұтпайды. Бар білгенін қасындағыларына үйретіп, бұл ісінен ләззат алуда.  

Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

“Біздің балаларымыз бұрынғы заманнан келе жатқан қолөнершілік мұраны біліп-үйренуі тиіс. Мысалы, сыммен тоқу әжелеріміздің сүйікті ермегі болған. Өзің ойлап тапқан қолөнер туындысы гүл сия­қ­ты. Гүлді көргенде қуанасың, сүйсінесің, көңілің көтеріледі. Түрлі қиялдан туындаған заттарға қарағанда да адам сондай сезімді бастан кешіреді, сұ­лулықтан нәр алады. Бүгінгі компьютер заманында жас ұрпақ халық өнерінен алыстамауы тиіс”, – дейді Наталия.

Оның жеке дүкені Мағжан Жұмабаев көшесінің бойында орналасқан. Он саусағынан өнер тамған жанды жақын маңдағы үй ауласында тұратындардың бәрі таниды. Әсіресе, әйелдер жағы оны шеберлігі үшін құрмет тұтады. Алғашында Наталия қолөнермен айналысуды өзі үшін ермек қылған. Дүкенде отырып, тұтынушылар болмаған уақытта үй шаруашылығына жарамсыз заттарды немесе түрлі түсті маталарды қолына алып, ұсақ-түйек әрлеуіш туындылар жасай бастапты. Осындай ісімен кезекті рет айналысып отырған кезінде дүкенге оны-мұны сатып алуға келген бастауыш сыныптарда оқитын қыз балалар Наталияның бұл ісіне қызығушылық тудырған. “Олар: “Сіз не істеп жатырсыз? Бізге де үйретіңізші”, – деп жиі келетін болды. Балалардан аяйын ба, бар білгенімді көрсетуден жалықпадым. Қыздар кейін сыммен тоқуды, матаға кестелеуді, бояу, гипс, моншақтардан үй дизайнына қажетті заттарды жасауды үйреніп алды. Олар, әсіресе, маржанмен тоқуға зор ықылас тудырды”, – дейді қолөнерші.

Дүкенге жиі баратын қыздарының немен айналысып жүргенін білген соң аналары да қолөнердің маңыздылығын түсіне бастапты. Қазір ауланың барлық тұрғындары Наталия Бухонинаның азық-түлік дүкеніне кіргенде мұражайға немесе көрмеге келгендей сезімде болады. Себебі, мұндағы сөрелер қолөнер бұйымдарына лық толып тұр. Неше түрлі ағаштар мен өсімдіктер, гүлдер, сауыттар мен ыдыс-аяқтар Наталия мен оның шәкірттерінің қолымен жасалған. Олардың әрқайсысына қарап, адам қиялының шегі жоқ екенін түсінесің. Сұхбаттасып отырғанымызда дүкенге келген бір әйел менің редакциядан келіп отырғанымды түсініп: “Бұл адам тек жақсы пікірге лайық жан. Оның арқасында балаларымыз пайдалы іспен айналысатын болды. Шығармашылыққа көңіл бөліп, жаман әдеттерден аулақ”, – деді. Кейін сұрасам, бұл әйел Наталияға жиі келіп тұрады екен. Тауар сатып алу үшін емес, үй дизайнына қажетті қолөнер заттарына тапсырыс беру үшін.

Наталия қолөнерге бала кезінен машықтанған. Оның әжесі ісмер жан болыпты. Ата-анасы өмір бойы әскери қызметте еңбек еткен. Бухониндар отбасы ұзақ жылдар бойы әскери қалашықтарда өмір сүрген. Қолөнерші балалық шағын былай деп еске алады: “Ойнайтын балалар аз, сондықтан бос уақытым көп болатын. Әжем Надежда Константиновна мені кешкілік уақытта қасына алып, тоқудың түрлі жолдарын үйретті. Кейін есейе келе үй шаруашылығы туралы кітаптарды көп оқыдым”. Наталияның қолөнер бұйымдарын жасауға ықылас танытуы осындай себептерге байланысты болса керек. Оның пікірінше, шығармашылыққа жақын адамдарға қиялдағы ойларын жүзеге асыру аса қажет. Олай болмаса, іске аспаған қиял адамды іштен жейді. Наталияның балаларды қолөнерге тартуының тағы бір себебі, осы. Ол сондай-ақ жеке үйірме ашып, қыз-келіншектерге білгенін айтып, үйретуде.

СУРЕТТЕРДЕ: Н.Бухонина және оның туындылары.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp