Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Сексен жыл бойы бірнеше ұрпақтың жүрегіне зор құрмет және мақтаныш сезімін ұялатып, білім мен тәрбие нәрін сіңіріп келе жатқан Шал ақын ауданындағы Мәркен Ахметбеков атындағы мектептің торқалы тойы өтті.
Оқу ордасының шежіресі 1931-1932 жылдары ашылған бастауыш мектептен басталады. Мектеп 1942 жылы өзінің алғашқы он түлегін ұшырып, одан бергі көп жылында осы қасиетті қара шаңырақтың қабырғасынан атағы елге танымал көптеген азаматтар шықты. Олардың қатарында КСРО сыртқы істер қызметкері Сәлім Құрманғожин, қоғам және мемлекет қайраткерлері Анатолий Шалов, Мәркен Ахметбеков, елімізге белгілі ақын-жазушылар Герольд Бельгер, Ермек Қонарбаев, Жарасбай Нұрқанов, ішкі істер қызметінің генералы Әлімжан Ахмадин, ғылым қызметкерлері Қадыр Ахметов, ағайынды Болат пен Жеңіс Құсайыновтар және басқалардың есімдерін атауға болады.
Мектебінің торқалы тойына Алматы, Астана қалаларынан, еліміздің басқа өңірлерінен, облыс аудандары мен көршілес елді мекендерден ат сабылтып жеткен түлектері мен олардың туған-туысқандары аз болған жоқ. Білім ұясы олардың бәрін жылы шыраймен құшақ жая қарсы алды. Ауылдағы еңселі үш қабатты ғимаратқа жиналған той қонақтары бұл күні өздерінің мектептегі балалық шақтағы күндеріне қайта оралғандай болып, сүйікті ұстаздары мен тәрбиешілері, бірге оқыған сыныптастары туралы жүрек сүйіспеншілігіне толы, сырлы әңгіме шертті. Оларды аяғынан тік тұра күткен мектеп ұстаздары мен оқушылары аға ұрпаққа, қара шаңырақтың түлектеріне айрықша құрмет көрсетуге тырысты.
Той шымылдығының осындағы “Балауса” шағын орталығы бүлдіршіндерінің өнер көрсетіп, құттықтау сөзімен ашылуының өзі көпшіліктің көңілінен шыққан көрініс болды. Содан кейін “Жас ұлан” өнерпаздар тобы мектеп әнұранын шырқады. Мектептің 80 жылдық мерейтойына арналған баяндамасында оқу орнының директоры Есен Баржақсин қасиетті қара шаңырақтың ұзақ жылғы тарихынан бастап, білім мен тәрбие беру жұмыстарындағы бүгінде көтерілген биік белестеріне дейін айтып берді.
Бір кездері Ленин атымен аталған, атағы облыс көлемінен асып, бүкіл республикаға тараған бұл білім ордасында елге қадірлі, беделді ұстаздар өте көп болған. Әрқайсысы бір-бір мектептің мақтанышы боларлықтай тамаша ағартушылардың бір ұжымда қалай бас қосқанына таңғалмасқа болмайды. Әрине, Тереңсайдағы мектептің бағын жандырған да солар. Жас жеткіншектерге сапалы білім мен саналы тәрбие беруді өмірлік мұратына санаған Жанғали Құсайынов, Шияп Садықов, Сәден Байбатыров, Ахметжан Қалиахметов, Ғазез Жахин, Шекен Қасымов, Шаймұрат Қарабеков, Қағида Базарбаева, Хамит Жетпісов, Шәкім Нұртазин, Жылкелді Мұқанов, Нұрсұлу Құсайынова, Мисәлім Садықова, Қайрөш Қоспанов, Құрмаш Баязиев және басқа да дүниеден өткен ұстаздардың есімдерін тебіренбей еске алу мүмкін емес.
Баяндамашы осындай ардақты жандардың рухына жағымды сөзін арнай отырып, олардың ізін басқан келесі толқындағы Жұмаш Сейітбеков, Шаяхмет Қуандықов, Ұлсара Мусина, Шалбай Смағұлов, Есім Есмағұлов, Қайрия Ахметбекова, Нағима Мусина, Есмақан Қожақов сияқты ардагерлердің адал еңбектеріне ілтипат сөзін арнады. 2000 жылы оқу орнына осы мектептің түлегі, белгілі қоғам қайраткері Мәркен Ахметбековтің есімі берілген. Ұжымның ел ардақтысына деген ыстық ықыласын бағалаған Ахметбековтер әулеті мектеппен үнемі тығыз байланыста. Мәркен Ахметбекұлының зайыбы Күләш апай қиын кезде мектептің жөндеу жұмыстарына өзінің жеке қаржысын салған. Ал ұлдары Серік мектепке әкесінің аты берілгенде автокөлік тарту етіп, әлі де түрлі шаралар өткізуге қол ұшын беріп тұрады.
Мектептің педагогикалық ұжымы ҚР Білім және ғылым министрлігінің “Білім ұясы” ІІІ республикалық конкурсының “Үздік жалпы білім беретін мектеп” аталымына қатысып, “Ерен еңбегі” үшін Алғыс хатпен марапатталған, облыс әкімінің “Шығармашылық байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындағаны үшін” сертификатын алған. Ұжымның жас ұрпаққа сапалы білім мен саналы тәрбие берудегі педагогикалық ізденісі жылдан-жылға өз нәтижелерін беруде. Оған мектеп түлектерінің мемлекеттік грантқа жоғары оқу орнына түсуі және түрлі деңгейдегі байқауларға қатысып, жүлделі орындарды жеңіп алуы дәлел.
Қара шаңырақта республиканың еңбек сіңірген мұғалімі атағын алған үш ұстаз еңбек етіпті. Олар – ұзақ жыл мектеп басқарған Шияп Садықов, қазақ тілі пәнінің білгірі Қағида Базарбаева және кейінде Қазақ КСР Ғылым академиясында қызмет істеген Сейтен Сауытбеков. Сексен жылдық ұзақ тарихында мектепті 39 түлек алтын медальмен бітіріп шыққан. Белгілі себептерге байланысты мұнда бұрынғыдай 300-ден астам оқушы емес, бүгінде 136 оқушы ғана оқиды. Алайда, қазірде олардың 25-сінің үздік және 46 баланың екпінді үлгерімді көрсетіп жүргені білім ордасының педагогикалық қуаты жоғары деңгейде екенін аңғартады.
Облыс әкімі Серік Біләловтің тікелей қамқорлық жасауының арқасында 2010 жылы мектепке “Жол картасы” бағдарламасы бойынша 34 миллион теңгенің күрделі жөндеу жұмысы жүргізілді, оның жанынан бүлдіршіндердің “Балауса” шағын орталығы ашылды. Ондағы екі топта бүгіндері 30 бүлдіршін тәрбиеленеді, соның ішінде 12 орыс баласы қазақша тәрбие алуда. Міне, осының бәрі баяндамадан кейін көрсетілген мектеп өмірінен түсірілген “Шұғыла шашқан шаңырақ” атты деректі фильмге арқау болды. Содан кейін өздерінің ұшқан ұяларының тойына жылы тілектерін жолдаған жазушы Герольд Бельгердің, генерал Әлімжан Ахмадиннің, дипломат Сәлім Құрманғожиннің және ғылым докторы Жеңіс Құсайынованың жеделхаттары оқылды.
Салтанатты мерейтой жиынына қатысқан аудан әкімі Қуандық Тінеев Мәркен Ахметбеков атындағы бұл оқу орнының аудандағы барлық 40 мектептің ішінде ең жақсы жабдықталған базалық білім ошағы саналатынын айтты. Ұстаздар ұжымын мектептің 80 жылдық мерекесімен құттықтап, биология пәнінің мұғалімі Зейнелғабиден Мәкеновке облыс әкімінің Құрмет грамотасын тапсырды. Озат мұғалімдер Бөпеш Нұрғалиеваны аудан әкімінің Құрмет грамотасымен, Айсұлу Шәйінованы Алғыс хатымен марапаттады. Аудан әкімі осы салтанатты сәтті пайдаланып, мектеп түлегі, бүгінде Еуразия гуманитарлық институтының проректоры қызметін атқаратын тарих ғылымының докторы Қадыр Ахметовқа Шал ақын ауданының Құрметті азаматы атағы берілгенін жария етіп, оған кеуде лентасын байлады. Одан кейін өз атынан білім ордасына музыкалық орталық сыйлады.
Облыстық білім басқармасы ұстаздары бастығының орынбасары Амангелді Әбдірахманов осы мектепте бүгінде 11 өз түлегінің қызмет ететінін, биылғы жылы 18 түлектің ұядан ұшқалы отырғанын айта келіп, ұстаздары Айгүл Басығаринаға, Гүлнәрай Таласбаеваға, Ысқақ Сәрсекеевке Құрмет грамоталарын және тағы бірнеше мұғалімге Алғыс хаттар тапсырды. Ал астаналық ғалым Қадыр Ахметов өз сөзінде жас ұрпақ тәрбиесіндегі мектептің алар рөліне кеңірек тоқталып, бұл бағытта аталмыш қара шаңырақтың тамаша табыстарға жетіп келе жатқанын мақтаныш етті. Ұстаздар мен оқушыларға өзінің монографиялық еңбектерін сыйлады. Одан кейін сөйлеген ақын Жарасбай Нұрқановтың зайыбы Қазина мектеп ұжымына өз атынан көпфункционалды қондырғы сыйласа, Алматыдан келген Жанғали Құсайыновтың қызы Бақыт ата-анасы ұзақ жыл еңбек еткен және өзі түлеп ұшқан алтын ұясына риясыз ризашылық сезімдерін білдіріп, шешесіндей сыйласатын Әсима Смағұлова апайына, мектеп директоры Есен Баржақсинге және Мәркен Ахметбековтің зайыбы Күләш апасына өз атынан сыйлықтар тарту етті. Сол сияқты облыстық мұғалімдердің біліктілігін арттыру институтының қызметкері Нүрикамал Жұмабаева, осы салтанатты шараны ұйымдастыруға белсене атсалысқан облыстық мәслихаттың депутаты Серік Ахметбеков және аудандық оқу бөлімінің бастығы Қайрат Жолмұқанов білім ордасының мерекесіне өздерінің жүрекжарды ақ тілектерін білдірді.
Салтанатты жиынның соңы мектеп ұстаздары мен оқушыларының концерттік бағдарламасына ұласты.
СУРЕТТЕРДЕ: мектеп мерекесінен көріністер.
Суреттерді түсірген автор.