Өңірімізге танымал өнер иесі Нұрлан Серғазинов жайында қалам тербеуге оқталып, ойға берілген сәтте сұңғақ бойлы, кескіні келбетті жігіттің тұлғасы көз алдыма келе қалды. “Күдер” ансамблін құрған Тойкен Күдерованың осы өнер тобында сахнада саз төккен сайын салалы саусақтары сағақ бойлап, күй әлеміне еріксіз жетелей жөнелетін домбырашы жастың тартысына тәнті болушы едім.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бір жолы оны әңгімеге тартқанымда ұяңдық танытып:
– Аға, әлі ештеңе тындыра қойған жоқпын ғой, көзге түсетіндей өнерім асып тұрған жоқ, – деп байсалды сөйлегені есімде.
Сол Нұрлан бүгіндері отыздың ортасында. Облыстық филармония жанындағы “Есіл” ұлт аспаптары оркестрінің құрамындағы жақсы орындаушылардың бірі. Онымен жүздесу ниетімді білдіргенде филармония директоры Ботагөз Ақмағамбетова:
– Мұныңыз жөн екен. Нұрлан қазір өзінің басқаруымен филармония жанынан фольклорлық-рок ансамблін ашты. Өнерін өрге көтеріп, үнемі іздене біледі. Бұйырса, ансамблі Астанаға сапар шекпек, – деп ризашылық білдіргенін естіп, қуанып қалдым.
– Қалада туғандықтан, орысша оқуыма тура келді. Қызылжардағы №35 мектепті тамамдадым. Бірақ ата-ана тәрбиесінің орны бөлек екен ғой. Мені отбасымызда жастайымнан ұлттық өнерге баулыды. Әкем Есімхан домбыра шертетін. Сондықтан ұлтымыздың осы бір асқақ аспабы жүрегімнен өз орнын алды. Ал атам Қасымхан, тіпті де шебер ойнайтын. Тегімізде бар осы өнер маған да ұялады.
Оның алғашқы лебізі осындай.
Айтса, айтқандайын – Нұрлан домбыраға әуестігін Тойкен Күдеровадан дәріс алғанда жетілдіріп әкетті. Музыка мектебінде домбыра сыныбында Тойкен Қабиқызының сүйемелдеуімен Құрманғазының, Дәулеткерейдің, Динаның күйлерін орындауға машықтанды. Кейін осы машығы музыка колледжінде білім алғанда шамшырақтай жарқырап, алдынан жол ашып жіберді. Әуелі домбырада ойнау шеберлігін ұштаған ол өзге аспаптардың сырын да ұға бастады. Нота әліппесін меңгеріп алды.
Колледжбен шектеліп қалмай, білімін жетілдіре түсу мақсатымен СҚМУ-дің музыка-педагогика факультетін тамамдап, контрабас аспабында ойнауды үйренді. Ансамбль құрамындағы өз алдына бір бөлек, көлемі зор бұл аспаптың пернелерін бойлаған саусақтары қолындағы ысқымен шектер жанаса кеткенде сызылған әуен бойды баурайды. Бұл әуендер оған дала ән салып тұрғандай әсер етіп, бірде қамысты көлдің үнін естіртсе, бірде бойжеткеннің күміс күлкісін ойға салады. Не керек, Нұрлан енді домбыраға контрабас әуенін қосарлап, екі аспапта да ойнау шеберлігін асыра түсті.
Ол он екі жыл бойы “Есіл” оркестрінде өнер көрсетіп келеді. Алғашқы жетекшісі Марат Жақыпов оны осында шақырып, домбырада ойнауды жүктесе, бүгінде Қайырлы Ғафуровтың басқаруындағы аталған оркестрде контрабаста ойнайтын екі өнер иесінің бірі – осы Нұрлан Серғазинов.
– Контрабас деген – өзінің сыры бөлек аспап. Машықтану, шеберлене түсу оңай еместігіне оған ден қойған сәтте көзім жетті. Бірақ қайткен күнде де үйрену керектігін ойымнан шығарған жоқпын. Сондықтан іздене түскім келді, – дейді ол.
Оның бұл ниетіне университетте тәлім берген ұстаздары да қанат бітіріп, ақыл-кеңес қосқан екен.
– Сен Астанадағы музыка академиясына түссең, бұл аспапты жақсы меңгересің. Оған талабың да, талантың да жетеді, – деген кеңес оның арманын қолға ұстатқандай болады. Соның ықпалымен оқуға түскен Нұрлан биыл контрабас аспабы бойынша академияның диломын алып, білімін кәдеге асыруда.
Іргелі білім шаңырағы болғасын, академияның талабы жоғары, мүмкіндігі мол ғой. Онда дәріс беретін ұстаздар да білікті әрі танымал. Оркестрлерге дарынды деген студенттерді тартып, олардың өнер қауымдастығында машықтануына жағдай жасайды. Соның арқасында Нұрлан да еркіндікке, шеберлікке қол жеткізді.
Филармония құрамында өз алдына ансамбль ашу ойын білдіргенде Ботагөз Жағыпарқызы бұл ниетіне жол ашты. Қолдан келген көмегін аяған жоқ. Ансамбльдің бағыт-бағдарын таңдаған Нұрланның бетін қайтармады, құптады, қолдады.
– Бұл өнер ұжымы – фольклорлықрок ансамблі. Мен екі бағытты үйлестіруді жөн көрдім. Өйткені, тыңдарманға жаңа арна қажет. Егер сыңаржақ дәстүрлі әндерді, яки күйлерді таңдасаң, осындай көптеген өнер топтарының бірі боласың да шығасың. Сондықтан көзге шалынбайсың. Ал рокты қосқаным жаңалық болды. Ойналатын шығармаларды соған орай өңдейміз. Халық әндерін, халық сазгерлерінің шығармаларын іріктеп, ансамбльдегі аспаптарға сай лайықтаймыз, – дейді Нұрлан.
Менің түсінігімде бұл оңай емес. Оны аңғартқанымда, ансамбль жетекшісі өз ойын айқындай түсті.
– Жасыратын несі бар, кейбір өнер топтарының олқылығын арнайы жоғары музыкалық білімім болғандықтан, бірден аңғарамын. Былайғы жұртшылыққа аса сезіле қоймайтын мұндай кемшіліктер аққа қараны жаққандай оғаш көрініп тұрады. Ал мен ондай олқылықтан бойымды аулақ ұстаймын. Халық музыкасын өңдеу олақ адамның ырқына көнбейді. Мұндай нәрсе білікті маманның қолынан келеді. Менің қасымда Нұрлан Девесов деген әріптесім бар. Ол да контрабаста ойнайды. Осы ынтымақтың арқасында репертуарды қалыптастырып келеміз, – деді ансамбль жетекшісі.
Шаңырағы жаңа көтерілген “Азия-саунд” (“Азия үні”) ансамблі енші алған отаудай. Әзірге жеті адам өнер көрсетеді. Айта кетсек, барабанда Евгений Жильцов, гитарада Нұрлан Саржанов, клавиште Жанна Майлепесова, контрабаста Нұрлан Девесов, ал басгитарада жетекші Нұрланның өзі ойнайды. Әншілері – Мұхит Ахметов пен Лаура Күрлеуітова.
Ансамбльдің отау құрғаны биыл ғана. Алайда, көзге түсіп те үлгеріпті. Жақында ол Астанадағы телеарналардың бірі ұйымдастырған “Аумақтар аламаны” атты байқауға қатысуға шақырылды.
Нағыз өнер иесі қолға алған іс өрге басатынының мысалы осы болса керек.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.