«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ӨРТ ЖАЛМАП, ҚЫС ҚЫСЫП ТҰР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Жыл басынан бері облыс көлемінде 777 өрт оқиғасы тіркеліп, одан 480 млн. теңгеден астам материалдық шығын келді. Отта 43 адам, оның ішінде 5 бала қайғылы қазаға ұшырап, 29 адам түрлі деңгейде дене жарақатын алды. Облыс бойынша 164 ғимарат, оның ішінде 46 тұрғын үй, 59 бас ірі қара, 38 автокөлік және 1172 тонна мал азығы отқа оранды.

Қарашаның 21-і күні Тайынша ауданының Кантемировец ауылында таңсәріде екі пәтерлі тұрғын үйде өрт шықты. Төтенше жағдайды байқаған көршілер елді мекеннен 60 шақырым қашықтықта орналасқан өрт сөндіру бөліміне дереу қоңырау шалған. Оқиға орнына өрт жасағы жедел жеткенімен, үй толығымен отқа оранып, оның шатыры мен қабырғалары толығымен жанып кеткен. Тілсіз жауды “Вишневское” ЖШС қызметкерлерінің көмегімен ауыздықтауға тырысқанымен, от тұрғын үйді ғана емес, сонымен қатар үй иелерін де жалмады. Өрт сөндіру барысында үйдің иелері: 57 жастағы әйел мен 55 жастағы ер адамның мүрделері табылды. Көршілердің айтуына қарағанда, қайғылы қазаға ұшырағандар ішімдікке әуес болған көрінеді.

Сондай-ақ Қызылжар ауданының Соколовка, Есіл ауданының Корнеевка ауылдары мен Петропавл қаласының Радищев көшесіндегі тұрғын үйлерге де оттан зақым келген.

Айыртау ауданының Антоновка ауылында тілсіз жау қорақопсының қабырғасы мен шатырына, жазғы асханаға айтарлықтай зақым келтірді. Облыс орталығының Хименко көшесіндегі №8 тұрғын үйдің жанында “Мазда-626”, ал Жамбыл көшесінде “Фольксваген-Транспортер” автокөліктері отқа оранды.

Өткен аптада сапарға шығып, қарда батып қалған ондаған солтүстікқазақстандықтар құтқарылды. Осындай төтенше жағдай Тимирязев ауданының “Москворецкое-Тимирязево”, Есіл ауданының “Покровка-Рощинское”, Ақжар ауданының “Алқатерек-Ленинградское”, “Омбы-Көкшетау”, Аққайың ауданының “Астана-Петропавл”, М.Жұмабаев ауданының “Жданово-Молодогвардейское” тас жолдарының учаскелерінде орын алды. Қарашаның 22-сі күні 29 автокөлік қар құрсауынан шыға алмай қалды. Жалпы өткен аптада 50-ден астам автокөлік техника көмегімен құтқарылды.

Өткен аптада Тайынша, Мамлют, Уәлиханов аудандарында бірнеше ірі төтенше жағдай орын алды. Мысалы, Мамлют ауданының “Петропавл-Қостанай” тас жолының учаскесінде көктайғақ мұзда “КамАЗ”, “ГАЗель”, “Мерседес” жүк көліктері жол шетіне шығып кеткен. Кейін қажетті техниканың көмегімен көліктер жолға қайта сүйреп шығарылды. Уәлиханов ауданының “Омбы-Көкшетау” тас жолында Черниговка мен Қоңдыбай ауылдарының ортасында, 46 жолаушысы, оның ішінде 7 бала бар “SETRA” автобусы мұзда сырғанап, жолға көлденең тоқтаған. Көктайғақта көлік руліне ие бола алмаған жүргізушіге көмекке келген ауданның өрт сөндіру қызметкерлері техниканы жұмылдырып, автобусты бұрып берген соң көлік өз жолын әрі қарай жалғастырды.

Ауа райын болжаушылардың айтуына қарағанда, облыста қараша айының соңғы күндерінде күн суытып, сынап бағанасы түнде -15-20 градусқа дейін жетуі мүмкін. Сондықтан облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департамент жолаушыларға сақ болуға кеңес береді: ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қажет болмаған жағдайда елді мекеннің аумағынан шықпау қажет.

СҚО ТЖД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp