Облыстың қаржы полицейлері көлеңкелі айналымға түскен арақ-шарап өнімдерін тәркіледі. Петропавлдағы жеке қоймалардың бірінен және жүк көлігінен табылған алкоголь өнімдерінің салық органдарында тіркелмегені анықталды. 197149 бөтелкеге жапсырылған есепке алу-бақылау маркалары жасанды болып шыққан. Осыған орай облыстық экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінің баспасөз хатшысы Нұрлан Жахин брифинг өткізді.
Гүлбике ТӨЛЕБАЕВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қазір қоймада сақтаулы тұрған арақ-шарап Ақтөбе облысының “Геом” ЖШС-іне тиесілі. Тергеу барысында анықталғандай, “Альфа-Ақтөбе” ЖШС тәркіленген өнімді біздің облысқа темір жол арқылы әкелген. Жасанды маркалы арақ-шарап кейін біздің өңірдегі “Continental-Shymkent” ЖШС-іне келіп түскен. Салық төлеуден жалтарғандардың үстінен барлығы 11 қылмыстық іс қозғалып отыр. Соның 10-ы – аталмыш серіктестік тауарларының Петропавл қаласының дүкендерінде саудаға түскені үшін. Бұл факті анықталғанға дейін заңсыз айналымдағы ішімдіктердің 325-і сатылып үлгерілген. Қызылорда, Қостанай және Ақтөбе қалаларында да осындай оқиға тіркеліп отыр. Барлық анықталған заңсыз өнім “Геом” ЖШС-нің Ақтөбедегі зауытында жасалған. “Қолданыстағы қылмыстық іс жүргізу заңнамасына сәйкес алдын ала тергеу қылмыс орын алған жерде жүргізілуі тиіс. Осыған орай аталмыш қылмыстық істің материалдары облыстық прокуратураның келісімімен одан әрі тергеу амалдарын жүргізу үшін Ақтөбе облысына жөнелтілді”, – деді Нұрлан Жахин.
Сөйтіп, заңсыз әрекет етушілер бір жарым млн. теңге салық төлемінен жалтармақ болған. Тәркіленген өнімнің жалпы құны 60 миллион теңгеге жуық.