«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСАМПАЗ КӨШБАСШЫНЫҢ АРҚАСЫНДА асқақ асуларды бағындырған елміз

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

 

Құдайберген ҚАЛИЕВ,

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері.

Еліміздің бүгінгі таңдағы қарышты қадамы, Тәуелсіздікке қолымыз жетіп, егемен мемлекетте өмір сүруіміз – баршамыздың бақытымыз. Бірақ бақыт – Тәңірдің сыйы, өздігінен қолға қона салған құс деп ойлау жөн емес. Жиырма жылдан аса уақыт тарихи қысқа кезең болса да, осы жолды еліміз абыроймен жүріп өтті. Бұл кезеңде досқа күлкі, дұшпанға таба болмайтындай табыстарға ие болдық, оны, тіпті, әлемдік қоғамдастық таңғалатындай жетістіктермен әйгіледік. Бұл орайда Абай айтқандай, “Көп шуылдақ не табар, билемесе бір кемел” деген ұлағатты ойды ұстанамын. Елдің басшылығын кім қолға алды? Ол ел басқаруды қалайша және қай бағыттарда жүргізді? Міне, біз ойымызды осы ыңғайда тарқатуымыз керек.

Бұл ретте менің ойыма тоқырау кезеңінің қиындықтары оралады. Бұрын дүниені дүр сілкіндіріп тұрған кеңес империясы ыдырап, әр республика өз алдына шаңырақ көтеріп шыға келді. Дербес, егемен… Бұл ұғымдар айтуға ғана жеңіл. Ал, анығында, жүгін атан тарта алмайтын ауыр міндет. Қай қиырға қарасаң да, көкжиекке көз жетпейтін алып айдынның ортасында қалған желқайықтай қалтақтаған тірлік. Желкенді кім кереді? Ескекті кім еседі? Қысқасы, елдің ерге, ердің жерге қараған кез еді.

 

Міне, осы қиын-қыстауда ел басшылығын қолға алып, алдымызды жөн, артымызды соқпақ ете білген Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанның күнбе-күнгі тірлігіне тыныс беріп қана қоймай, оның алыс болашағынан жаңылдырмайтын айқын жолды таба білді.

Осы орайда 1991 жылдың 1 желтоқсаны ойыма оралады. Сол күні Қазақстан халқы еліміздің Тұңғыш Президентін сайлады. Ел тұрғындарының 99 пайызына жуығының дауыс беруімен бұл лауазымға Нұрсұлтан Әбішұлы ие болды.

Елбасымыз “Әуелі – экономика, сосын – саясат” қағидасын ұстана отырып, алдымен әлжуаз экономиканы нығайтуды қолға алды. Бұл орайда еліміздің әлемдік озық үлгілерден үйренгенін айтуымыз керек. Елбасымыз “Қазақстан – 2030” стратегиялық бағдарламасын жасап, оның бағыттарын жыл сайынғы Жолдауларымен үйлестіре отырып, экономикалық күш-қуатты қайткен күнде де нығайтуға бағыт ұстады.

Мұндай әрекет айтуға ғана оңай, әйтпесе қиындығы қиямет-қайым жұмыс екенін сол уақытта өңірімізді өркендетер саланың бірін басқарған өзім анық білемін. Технологиялар тозған, нарықтық қарым-қатынастар жаңадан ғана қалыптаса бастаған, әлемдік экономикаға кіріге алмаған кезімізде өндірістің қай саласын болсын, соның ішінде ауыл шаруашылығын, өнеркәсіпті, құрылысты аяқтан тік тұрғызып әкету оңай болмады. Әлеуметтік сала мүлде әлжуаз еді. Баға шарықтап кеткен, ең қажетті күнкөріс тауарлары жоқтың қасы. Бюджет саласының жағдайы мүшкіл еді. Жарық пен жылу жетіспеді. Отынэнергетика өндірісінің кенеуі кеткен. Қысқасы, адамдардың болашаққа сенімін жоғалтпайтын істерді қолға алу және де кезек күттірмейтіндей етіп шешу керек болды.

Өңірлерді өркендету елді өркендетудің жолы екенін пайымдаған Елбасымыз Қазақстанды жиі аралап, әр сапарында қолдан келген пәрменін аямастан, барар бағытты, басар жолды көрегендікпен нұсқай білді. Біздің астықты өңіріміздің өндірісін нығайту мақсатында қаншама зор күш-жігер жұмсауымызға тура келгенін айтып жеткізу қиын.

Мен Президентіміздің әлем таныған саясаткер, кемеңгер, болашақты айқындаушы көреген, осы қасиеттерін ең тұлғалы деген мемлекет басшылары мойындаған Елбасы екенін баршамыздың мақтан ететінімізді білемін. Өткен жиырма жылдық кезең оның Батыс пен Шығыс арасындағы ынтымақтастықтың көпірін салғанын, елімізді экономикасын өрлеген мемлекеттердің қатарына қосуға қол жеткізу үшін әлемдік саясат биігінен көріне алған көшбасшылығын асқан бір ілтипатпен айтар едім. Өйткені, әлемнің дамыған елдерінің басшыларымен келіссөздер жүргізуде Қазақстанның мүдделерін қорғай білу үшін ақылой деңгейінің қаншалықты биіктігі, зерделілік пен көрегендік қажет. Соған қоса, ол жаһандық ең маңызды мәселелерде бастамашылық, ең алыс болашақты күні бұрын болжау, анық жолды жаңылмай табу сияқты асқан саясаткерге ғана тән қасиеттерімен таңғалдырады. Оған оқиғалардың алдында тұру тән. Әлемдік саясаттағы әріптестері Нұрсұлтан Назарбаевтың осы қабілеттері мен қасиеттерін білгендіктен де оны құрметтейді.

Мен Нұрсұлтан Әбішұлының туған өңірімізді өркендетуге бағыт-бағдар нұсқаған тапсырмаларын жүзеге асырушылардың қатарында болғанымды мақтан тұтамын. Осы кездері Елбасымыз лайықты, іскер, өзі сенген адамдарды облыс басшылығына тағайындады.

Солардың алды Владимир Гартман болды. Несін жасырайық, Тәуелсіздіктің елең-алаңында облыстағы саяси ахуал селкеулі еді. От шығып, жалын тұтанбаса да, соны қалайтындар, әсіресе, жергілікті ұлттың үнін шығармауға талпынатындар бой көрсете бастады. Әрине, бұл иненің жасуындай ғана шағын топ зор серпіліс тудыра алмаса да, қоғамдағы тыныштықтың кенеуін кетірмек пиғылдан бас тарта қоймады. Бұлардың үй іргесінен ін қазуға әуес кейбір бәлекейлердің шылауында кетпеуінің алдын алу оңай болмады. Кейбір саяси күштер оқтын-оқтын тұтатқан отты сөндіру В.Гартманның тұсына тап келді. Текетірестерді, жұрттың алаңға шығуын ауыздықтау үшін ол қаншалықты күш жұмсағанына 1995-97 жылдары осы азамат облыс әкімі қызметін атқарғанда көзім анық жетті. Оның үстіне бұл облыс экономикасының ең ауыр қиыншылықтарды бастан кешірген кезі еді. Жұртшылықтың болашаққа сенімін жоғалтпауына, көппен бірге кедергілерден өтуге Владимир Карлович көп күш-қайрат жұмсады. Ол солтүстік өңірлерде қазақ тілінде оқытатын мектептер ашқан тұңғыш облыс әкімі болып тарихта қалады. Оның тікелей күш жұмсауымен облыс орталығында қазақ классикалық гимназиясы, №6 орта мектеп шаңырақ көтерді.

Бір риза болатыным – осы аса күрделі, қиын-қыстау кездерде Президентіміз облыс әкіміне жан-жақты қолдау көрсетіп, оны бұл проблемалармен жалғыз өзін бетпе-бет қалдырмай, көмек көрсетті. Мұның өзі өңірімізді одан кейін басқаруға келген ізбасарларына қиындықтарды жеңуге қолайлы жағдай жасап, негіз қалап берді.

Даниал Ахметов 1997-99 жылдары өңірді басқарғанда облысты, оның орталығын энергия қуатымен жабдықтау мәселесін оң шешті. Осы саланың ірі кәсіпорындарының жұмысы қайта жандандырылды. Бұл саланы көтеруге ол өзінің бұған дейінгі Екібастұз бен Павлодарда жинақтаған тәжірибесін пайдаланып, жарық пен жылуды игілікке айналдырды. Облыс экономикасының өзге салалары да аяғынан нық тұрды. Тұрғындардың әл-ауқатының артуына қол жеткізілді. Бір сөзбен қайырғанда, өңір тұрғындары алғашқы жылдардағы қиындықтар иықтарынан түскенін айқын сезінді.

Одан кейін өңір басшылығын қолға алған Қажымұрат Нағманов та Елбасының сенімін ақтай білді. Ол мұны 1999-2002 жылдары осы қызметті атқарғанда айқын айғақтады. Облыс орталығын көркейтуде, өңірді ауызсумен қамтамасыз етуде, әлеуметтік саланы өркендетуде, ұлттық мектептер ашуда тындырған істері атап айтуға тұрарлық. Еңбек адамдарының жалақысын затпен емес, ақшамен төленетін жағдай жасалды.

Елбасымыз облысымызға келген сайын өркенді өзгерістерді көзімен көріп, риза болып аттанатынын сезгенде, баршамыз бұрынғыдан да қанаттана түсетінбіз.

Өңіріміздің бүгінгі басшысы Серік Біләловтің облысымыздың одан әрі өркендеуіне қол жеткізгенін айтуға тиіспіз. Соңғы бес жыл ішінде оның басшылығымен қаншама зор ауқымды жұмыстар тындырылғанын түгел айтып шығу мүмкін емес. Әсіресе, құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту салаларында өңірімізде зор ілгерілеушілікке қол жеткізілді. Ауыл шаруашылығын өркендетуде айтарлықтай алға басушылық байқалады. Облыс диқандары астықтан жылма-жыл жақсы көрсеткіштерге ие болып келеді. Өткен жылы олар республика бойынша рекордтық өнімділікке қол жеткізді. Биыл 5 миллион тоннаға жуық өнім алған біздің өңір тағы да республикада топ жарды.

Бұл жетістіктер облыста егіншілік мәдениетін көтерудің, озық егіс технологияларын енгізудің және осызаманғы жоғары өнімді техникалармен жарақтанудың арқасында мүмкін болды. Сол сияқты мал шаруашылығында да оң өзгерістер сипат алуда.

Әсіресе, Нұрсұлтан Назарбаев тапсырған етті мал шаруашылығын өркендету бағытында тындырымды істер атқарылуда. “Ірі қара етінің экспорттық әлеуетін дамыту” жобасының арқасында екі жылда 31,5 мың бас ірі қара сатып алынды.

Өңіріміздегі күнбе-күнгі өзгерістер жаңашылдықтың, оң бағыттарды анықтай білудің нәтижесінде тұрғындардың болашаққа сенімдерін нығайтып, олардың көңіл күйлерін көтере түсуде. Қаламыздың сырт келбеті абаттандырылып, көркейе түсуде.

Мысалы, өңі өзгерген вокзал алаңын айтайықшы. Оның бұрынғы көрінісі мен бүгінгісінің арасы жер мен көктей. Енді ұлы Мағжан бейнесі көрік берген бұл алаң қала тұрғындарының көзайымына айналды.

Қазақстан Республикасының бір өңірінің ғана жетістіктері осындай. Ал тұтастай алғанда, еліміздің ішкі табыстарымен бірге әлемдік қоғамдастықтағы жетістіктері айтса, айыз қанарлық емес пе?! Мәселен, біз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еттік. Оның айтулы саммитін Астанада өткіздік. Қазақстан Ислам конференциясы ұйымына басшылық етіп, оны Ислам ынтымақтастығы ұйымына айналдыруға ұйытқы болды. Бір сөзбен түйіндегенде, еліміз зор халықаралық абырой-беделге бөленді.

Еліміз көптеген ұлттардың рухани келісімі орныққан бейбіт тұрмысымен әлем жұртшылығына өнеге көрсетіп отыр. Қай салада болсын жетістіктеріміз айтарлықтай. Жасампаздықтың айғағы болып Астанамыз аспандап тұр. Ол – Елбасымыздың кемел ақыл-ойының белгісі.

Біз көреген, әлем мойындаған кемел ойлы саясаткер, жасампаз Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың басқаруымен асқақ асуларды бағындырған мемлекет екенімізді айғақтай беретін боламыз.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp