Құрметті солтүстікқазақстандықтар!
Тәуелсіз еліміздің күнтізбесіне тағы бір айтулы күн қосылды: биыл біз алғаш рет шынайы жалпыхалықтық мереке – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күнін атап өтеміз.
Бұл баршамызға ортақ салтанатты оқиға, бүкіл қазақстандықтардың тарихи таңдау күні, халық бірлігі мен келісім күні. Мереке Қазақстан халқының өзінің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жоғары сенімінің, терең қадір-құрметінің жарқын көрінісі болып табылады.
Бұл күні өздерінің этностық және діни қатыстылығына қарамастан, бүкіл қазақстандықтар Мемлекет басшысының Тәуелсіздік жылдары, бүгіндері және болашақта еліміздің тұрақты дамуының іргетасына айналған идеясы мен саясаты төңірегіне топтасады.
Бұл 1991 жылы еліміз мемлекет құрудың бұлжымайтын жолына түскен аса күрделі тарихи кезеңде оны республика халқын топтастыра және қоғам дамуының негізгі міндеттерін айқындай білген жалпыұлттық Көшбасшының басқаруымен байланысты.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Қазақстанның бірлігін, Ата Заңымызды, адам мен азаматтың құқықтарын және бостандықтарын қорғауды қамтамасыз еткен жаңа тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаушы болып табылатындығы күмәнсіз. Елбасымыз ата-бабаларымыздың тәуелсіздік туралы ғасырлар бойғы армандарын ақиқатқа айналдыруға мүмкіндік туғызды. Сонымен қатар, ол – әлеуметтік-экономикалық, саяси қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттің бірегей моделін жасаған осызаманғы аса көрнекті мемлекеттік және саяси қайраткер.
Қазақстан 21 жыл ішінде ауқымды саяси, экономикалық және әлеуметтік реформаларды табысты жүзеге асырған осызаманғы, тұрақты, мықты да көркейген мемлекетке айналып отыр. Қазақстанның ұлтаралық бірлік пен келісім тәжірибесі көптеген елдер үшін үлгі болып табылады. Біздің жерімізде 140-тан астам ұлттар мен ұлыстар бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүру үстінде.
Біз, қазақстандықтар, дамудың өзімізге тән қазақстандық жолын таңдап алдық, оны бүкіл әлемдік қоғамдастық мойындап отыр. Қазақстанның ЕҚЫҰ, ТМД, ШЫҰ, ЕурАзЭҚ, ИЫҰ және көптеген басқа да беделді ұйымдарға төрағалық етуі осының жарқын мысалы.
Мемлекет басшысының елордамызды көшіруі нағыз батыл да ерлікке пара-пар әрекет болды, биыл оған 15 жыл толып отыр. Еуразияның інжу-маржаны, асқақ Астана Тәуелсіздіктің ерекше рухымен, жеңістер мен жаңа жетістіктер рухымен Қазақстанды бұрынғыдан да нығайта түсті. Республика Президенті тарих үшін қысқа мерзімде кеңбайтақ ақ селеулі далада Қазақстанның нұр шашқан жаңа астанасын бой көтертіп, әлемде бұрын-соңды болмаған жобаны жүзеге асырды. Бүгіндері Астана – Шығыстың да, Батыстың да мәдениетін үйлестірген бірегей қала, барша қазақстандықтардың мақтанышы, мемлекет бірлігі мен ұлттық идеяны іске асыру символы.
Астананың “ЭКСПО-2017” дүниежүзілік көрмесі өтетін қала ретінде таңдалуы – осындай ауқымдағы іс-шаралар үшін елордамыздың лайықты орын екендігін мойындау. Бұл – бүкіл Қазақстан үшін ортақ жеңіс және халықаралық қоғамдастықтың зор сенімінің, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясатына берілген жоғары бағаның кезекті айғағы.
Республикамызбен бірге Солтүстік Қазақстан облысы да қарқынды дамып келеді. Бүгінде біз солтүстікқазақстандықтардың өмір сүру сапасы жыл сайын айтарлықтай жақсарып келеді деп толық сеніммен айта аламыз. Экономика мен әлеуметтік сала тұрақты дамуда, жаңа өндірістер мен кәсіпорындар ашылуда, тұрғын үйлер, ауруханалар, мектептер мен балабақшалар салынуда.
Қазақстандықтар өз Отаны мен өз Президентін мақтан тұтады. Қазақстан азаматы болу – зор абырой және биік мәртебе. Сондықтан Отанымызды қастер тұтып, Тәуелсіз Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Негіз қалаушы, Реформатор және Жасампаз ретінде Отанымыздың және әлемнің тарихына енген Елбасымызға сенім арту – әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
Біз қол жеткізген жетістіктерімізге тоқмейілсімеуге тиіспіз. Халқымыздың еркімен сайланған Мемлекет басшысының бағытын ұстана және қолдай отырып, жаңа табыстар мен жетістіктерге жетуіміз қажет.
Қымбатты солтүстікқазақстандықтар! Сіздерді Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күнімен шын жүректен құттықтаймын! Мықты денсаулық, бақыт, игілік, табыс және сүйікті Отанымыз – Қазақстан Республикасының гүлденуін тілеймін!
Серік БІЛӘЛОВ,
Солтүстік Қазақстан облысының әкімі.