«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

Бірінші Назарбаев оқулары: “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан”

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

29 қарашада Назарбаев Университетінде Президенттің тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуы мен дамуындағы рөлін көрсететін “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” тақырыбына арналған “Бірінші Назарбаев оқулары” халықаралық форумы басталды. Оған Австралия, Әзірбайжан, Ұлыбритания, Германия, Венгрия, Италия, Испания, Қырғызстан, Ресей, Румыния, Сингапур, АҚШ пен Франция, тағы да басқа 51 елдің белгілі ғалымдары мен мемлекет және қоғам қайраткерлері қатысуда.

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

Қарашаш ТОҚСАНБАЙ,

Айгүл СЕЙІЛОВА,

Ерлан ОМАРОВ (фото).

Алдын ала келіп түскен мәліметтерге жүгінсек, жалпы, бұл форумға қатысуға өтініш білдіргендердің саны 1500-ден асып жығылады. Тұңғыш Президент күні қарсаңында өтіп отырған форум аясындағы пікір алмасу алаңында дүниежүзі жұртшылығын алаң­да­тып отырған басты мәселелер, өзара ынтымақтастық пен бейбітшілік, ортақ құндылықтар туралы ойлар ортаға салынып, Қазақстанның қазіргі сыртқы бастамаларына қоса, заманауи мемлекеттің құрылысы, жа­ңа экономикалық модельдер, республиканың ин­но­вациялық дамуы сияқты бірқатар тақырыптар тал­қы­лануда. Сессияларда әлем елдерінің қоғамдық ұйым­дарының танымал өкілдері мен ТМД және Еуропа елдерінің көрнекті ғалымдары баяндамалар жасады. Тұңғыш Президент күні қарсаңында өтіп отырған шара сарапшылық және политологиялық талдау призмасы арқылы Нұрсұлтан Назарбаевтың тәуелсіз Қа­зақ­станның қалыптасуы мен дамуындағы рөлін көрсетуге, сондай-ақ елдің мұнан кейінгі даму болашағын қа­растыруға арналуымен ерекшеленеді.

 

Ғасырлар бойы ата-бабаларымыз аңсап, қол жеткен ең басты құндылық тәуелсіздік десек, ұлт мұратын барынша қадірлеп, әлем­ге паш ету ісі қашанда басты мін­деттің бірі болып қала бермегі аян. “Назарбаев оқулары” жобасы ха­лық­аралық қауымдастықта ұста­ны­мы берік Қазақстан, оның бү­гінгі қалыпты экономикасы мен демократиялық тұрғыдағы дамуы туралы байламдарды тиянақтау, еге­мен еліміздің бүгінгі таңға дей­інгі жетістіктерін, Ұлт көшбас­шы­сының бұл бағыттағы страте­гия­лық ісжоспарларын зерттеп-зер­де­леу болып табылады. Басқосуға келген мәртебелі меймандар әуелі Университет ішіне ерекше мазмұн берген “Ұлт көшбасшысы Н.На­зар­баевтың ғылыми еңбектері мен стратегиялық жобалары” атты кітап көрмесімен танысып, “Нұр­сұлтан Назарбаев: халықпен бірге және халық мүддесіне арналған өмір” деп аталатын фотокөрмені тамашалады. Мұнан кейін жиынды “Бірінші Назарбаев оқулары” пленарлық сессиясының бағдар­ла­масы бойынша “Назарбаев ор­та­лығы” мемлекеттік мекемесінің директоры Қанат Саудабаев кі­ріс­пе сөз сөйлеп ашты.

– Форумды ұйымдастырушылар атынан сіздерді күні кеше ғана Парижде өткен “EXPO-2017”-ге байланысты бәсекеде жеңімпаз атан­ған Астанаға хош келдіңіздер де­гім келеді, деп бастады сөзін Қа­нат Бекмырзаұлы. Алдымен шара­ға қатысуға келген шетелдік мей­ман­дарға, оның ішінде мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, саясаткерлерге шын жүректен риза­шы­лы­ғым­ды білдіргім келеді. Бұл фо­румға осынша көп елден белгілі тұлғалардың қатысуы Қазақ­стан­ды аз уақыттың ішінде экономикасы дамыған елге айналдыра білген Елбасының еңбегіне, Ұлт көш­бас­шысының көрегендігіне деген қы­зығушылықтың арта түсуінің дә­ле­лі деп есептеймін.

Бүгінде жаңа тәуелсіз мемлекет құрудағы Нұрсұлтан Назар­баев­тың стратегиясы мен жасампаз іс-қимылы, қазақстандық даму жолы көптеген елдерде терең зерттеулер мен сарабдал сарап­таулар­дың құралы болып табылады. Жа­ңадан өтіп отырған “Назарбаев оқу­­лары”, міне, осы орайда ел Пре­­зидентін жан-жақты танып-білуге мүмкіндік туғызып отыр”, дей келіп, Елбасының аймақтық және жаһандық қауіпсіздікті қам­та­ма­сыз етуге қосқан ұшан-теңіз ең­бегін атап өтті.

Мемлекеттік хатшы Мұхтар ҚұлМұхаммед осыдан бес ай бұрын Қазақстан Респуб­лика­сы­ның Тұңғыш Президенті – Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев дәл осы трибунадан сөз сөй­леп, “Жаңа әлемдегі жаңа Қа­зақ­стан” туралы өзінің стра­те­гиялық ұстанымдарын жариялаған болатын, деді. Өз тәуелсіздігін жария­лағанда Қазақстан қазына­сын­да көк тиын қаражаты жоқ, басым көпшілігі соғыс және со­ғыстан кейінгі жылдары салынған ескі зауыт, фабрикалары ғана бар, территориясын полигондар мен әскери нысандар шырмаған Кеңес Ода­ғы­ның қатардағы республика­ла­ры­ның бірі ғана болатын.

Қазақстанда әлемдік бәсекеге қабілетті өнім шығаратын кә­сіп­орын да жоқ болатын. Ауыл ша­руа­шылығы да тұралап жатты.

Бүгінгі әлем таныған, күллі дүниежүзі мойындаған Қазақ­стан­­ның 20 жыл бұрынғы жағ­дайы дәл осылай болды дегенге се­нудің өзі қиын. Бірақ ақиқат шын­дық осындай еді.

Әлемнің ең дамыған 56 елін біріктіретін Еуропадағы қауіп­сіз­дік және ынтымақтастық ұйымы мен 57 мұсылман елінің басын қосатын Ислам Ынтымақтастығы Ұйымына зор абыроймен төра­ға­лық еткен Қазақстанның қазіргі экономикалық деңгейі Шығыс Еуропа елдеріне еркін жетті.

Дүниежүзі мемлекеттерінің ең озық, ең бәсекеге қабілетті, ең ин­новациялық жетістіктерінің көр­­­месі саналатын “EXPO-ны” 2017 жылы Астанада өткізу туралы ше­шімге әлемнің 103 елінің жақ­тап дауыс беруі Қазақстанның саяси, әлеуметтік және эконо­ми­ка­лық са­ла­дағы ерен табыстарын ерекше мойындау деп қабылдауы­мыз керек.

Қазақстанның тәуелсіздік жыл­дарындағы барлық жетістіктері елі­­міздің негізін салып, оны да­мудың бүгінгі биігіне жеткізген Ел­басының есімімен байланысты.

Америкалықтарда әлдеқашан тұрақты тіркеске айналып кеткен мынадай ұғым бар – “Негіз қа­лау­шы әкелер” – “Founding Fathers”. Сіздер бұл ұғымның шығу төр­кі­ні­не себепкер болған АҚШ-тың мем­лекет қайраткерлерін жақсы бі­лесіздер. Олар – елдің бірінші пре­зиденті Джордж Вашингтон, АҚШ-тың Тәуелсіздік декла­ра­ция­сының авторы және үшінші пре­зиденті Томас Джефферсон, АҚШ-тың Конституциясын жаса­ған әрі төртінші президенті Джей­мс Мэдисон, сон­дай-ақ америка­лық қар­жыбанк жүйе­сінің ав­тор­ларының бірі Алек­сандр Гамильтон.

Назарбаев Университетінің мін­­­бесінде оларды не үшін санамалап тұрғанымды көпшілігіңіз тү­сінген боларсыздар.

Иә, әрине барлық қазақ­стан­дық­­тар үшін еш әсірелеусіз-ақ, На­­зарбаев тәуелсіз Қазақстанның “Негіз қалаушы әкесі” болып табылады.

Біріншіден, ол – бүкіл халық­тың таңдауымен сайланған ел Пре­зиденті.

Екіншіден, оның басшылығы­мен мемлекеттің егемендігі туралы Декларация және “Тәуелсіздік туралы” Конституциялық заң әзір­ленген.

Үшіншіден, оның басшылы­ғы­мен қазіргі жұмыс істеп тұрған Конституция, яғни уақыт сынына төтеп беріп келе жатқан негізгі Ата Заң әзірленген.

Төртіншіден, Президент Назарбаев валютасы жоқ елдің басшысы болып сайланып, әрі қарай тұ­рақ­ты түрде жұмыс істейтін қаржыбанк жүйесін құрды. Бұл жүйе әлемдік қаржылық дағдарыс жағ­дайында да өзінің тұрақтылығын дәлелдей алды.

Бесіншіден, Елбасы өзінің ерік-­жігерінің мықтылығымен әлем­дегі ірі ядролық полигон ошақ­та­ры­ның бірін жауып, Қа­зақстанды бей­бітшілік елі деп жариялай отырып, өзі ядроға қарсы қозға­лыс­тың көшбасшысы болды.

Алтыншыдан, көптеген елдер үшін алаңдаушылық туғызатын көп­ұлттылықты ол бүкіл қазақ­стан­дық қоғам үшін тұрақтылық пен келісім факторына айналдыра білді.

Жетіншіден, дәл Нұрсұлтан Әбіш­­ұлының өзі тарих үшін өте қысқа уақытта көптеген дамушы елдерге үлгі болған дамудың жаңа үлгісі – “Қазақстан жолының” не­гізін салып, саяси, экономикалық және әлеуметтік жаңғыртуды та­быс­ты жүргізді, деп тиянақтады пленарлық сессиядағы ойын Мем­лекеттік хатшы.

Жиында сөз кезегін алған бі­лім және ғылым министрі Ба­қыт­жан Жұмағұлов әлемдік ақыл-ой жүйесінің көрнекті өкіл­дері қа­ты­сып отырған бұл форумды теңдесі жоқ саяси және ғы­лы­ми шара деп бағалады. Елбасы Нұрсұлтан Әбіш­ұлы Назарбаев жүргізіп отырған қазақстандық даму жолы мен мо­де­лі әлем қай­рат­керлері тарапынан зор қызығу­шылық туғызып отыр­ғанын баяндай келе, еліміз еш­кімге ұқса­майтын эконо­ми­ка­лық даму жолын бастағанын, даму қарқыны жағынан ХХІ ғасырдағы көш­бас­таушы мемлекеттердің қа­тарына қосылғанын атап өтті.

Ал жиынға құрметті қонақтың бірі ретінде қатысқан Румы­ния­ның бұрынғы президенті Эмиль Константинеску “ХХІ ғас­ыр­дағы Жібек жолының қайта жаң­ғы­руын­дағы Президент Назар­баев­тың рөлі” деген тақырыпта баяндама жасап, осыдан ондаған жылдар бұрын Қазақстан Пре­зи­ден­ті­мен жолы түйіскен тұс­тар­ды ықы­ластана әңгімеледі. Оның айтуынша, осыдан он төрт жыл бұрын Румынияның экономика­лық ахуалы күрделеніп, Батыс инвесторлары өз қаражаттарын бұл елдің экономикасына салуға ұм­тылыс біл­дір­меген тұста, Румы­ния­ның басшысы ретінде назарын реформалары жеміс әкеле бас­таған Қа­зақ­станға аударған. Және сол кезде мұнайды барлау сала­сындағы бұ­рынғы ынтымақтас­тық­ты жаңарту екі тарап үшін пайдалы болмақ екен. Нәти­же­сінде 1998 жылы қыр­­­күйекте Президент Н.Ә. На­зар­баев жұмыс сапарымен Бухарестке келген. Біз­дің пікір­та­ласымыз барысында Пре­зидент Н.Ә. Назарбаев Еуропа мен Азия арасында қарым-қа­ты­настардың жаңа түрін құруды мақсат еткен Еуразия тұжырым­да­масы туралы айтты. Ол Ресей мен Белоруссияны қоса 170 миллион халықты сый­ғызатын жалпы рынокта Қы­тай мен Еуропа ба­ғы­тын­да газ, мұ­най және басқа ілеспе өнім­дер­ді тасымалдаудың кепіл­ден­діріл­ген жолы туралы ғана емес, өңір­дегі барлық елдер ара­сын­да саяси ынтымақтастық, қау­іп­сіздікке ке­пілдік беру туралы да өз ойларын мәлімдеді. Мен өз тарапымнан екі мың жыл бойына сау­даға ілесе жүретін идея, дәс­түр­лер мен рухани байлықтармен алмасу, яғни мыңжылдықтардың не­гізгі құнды­лық­тары болған мультикультурализм (түрлі мәдениет­тер) мен мә­дени дипломатия тұ­жырым­дама­сын іске асыру қажет­тігіне баса на­зар аудардым, деген Эмиль Константинеску Назарбаев Румыниядан аттанғаннан кейін кездесу нә­тижелері мен алда ашылатын ау­қым­ды перспективалар туралы құ­лағдар ету мақсатымен Президент Шеварднадзеге хабар­лас­қанын, ал, Шеварднадзе содан нақ бір жыл кейін жазған “Ұлы Жібек жолы” кітабын өзіне ес­телікке бергенде кітаптың бірінші тарауынан Президент Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баевтың тұжырым­да­малық тә­сілге деген үлкен қы­зығушылығы мен осы жоба бойынша нақты ұсы­ныс­тары туралы арнайы атап кетілген жолдарды тапқанын баяндады. Кез келген жоба өзінің тұжырым­да­ма­лық тарапымен ғана шектелген болса, ол бірден утопия қатарына өтіп, қо­ғам қызығушылығын тудыра қой­май­ды. Егер жоба тек нақты әре­кет­термен ғана шектелген болса, әкімшілік құрылымдардың бю­ро­кратиялық шырмауының теңі­зіне “батып кетеді” немесе табысты ғана көздейтін коммерциялық компаниялар арасында жылдам үлес­­ті­ріліп алынады. Маңызды жо­­ба­лар өздері жинақтайтын ақ­шаға байланысты емес, ел мен елді біріктіруді дамыту үдерісіне қарай тарихта қалады. Менің ойымша Еуразиялық тұжырым­да­ма­ның мә­ні оның бірігуді дамытуында деп есептеймін, деді Румы­нияның бұ­рынғы президенті. Ол сондай-ақ, осы жоба бойынша жа­һандық дең­гейдегі кездесулердің саны арт­қа­нын да тілге тиек етті. Мәселен, 1998 жылғы 32 ел қа­тыс­қан Ялта және Баку саммиттері, 1999 жылы Вашингтонда және 2000 жылы Нью-Йоркте өткен сам­миттер. Бұ­ның нәтижесінде Ор­талық Азия мен Еуропаның орталық және оң­түстік-шығы­сы­ның қарым-қаты­на­сы қалпына кел­тіріліп, Румыния, Қазақстан, Әзірбайжан, Грузия және Түркия президенттері арасында достық пен өзара құрметтің терең сезімі туындаған. 1999 жылы мем­ле­кет­тік сапармен Қазақ­стан­ға келге­німде жаңа Еура­зия­лық тұжы­рым­дама елді әлемде өсудің ең жоғары қарқынына ие өңірге айналдырған шешімдер ар­қылы, өмірге енгі­зілгеніне көзім жетті. Екі мың жылдық тарихта Ұлы Жібек жолы арқылы негізінен жібек, дәм­деуіш­тер, кәрлен мен шыны тасымалданды. Қытай, Жапония, Орталық Азия, Византия империясы, содан кейін Осман империясы, Орталық және Батыс Еуропа сияқты негізгі мәдени өңір­лердің де Ұлы Жібек жолының тарихында ізі сайрап жатыр. Бұл өңірлер бір-бірінің жолын жауып қалған жоқ, қайта өза­ра қарым-қатынаста болды. Енді ХХІ ға­сыр­дың бедерінде сол байланысты жаң­ғырту үшін жа­салған тұжы­рым­даманы ұлы жоба деп қа­рас­тыру керек.

Хорватияның 2000-2010 жыл­дар аралығындағы пре­зи­денті Степан Месичтің “Қа­зақстанның ядролық қарусыз әлем құру бастамалары” атты баяндамасы да көп­шіліктің қызы­ғушы­лы­ғын туғыз­ды. Кеңес Одағынан кейінгі күн­дері Қазақстан ха­лық­аралық аренада өзінің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың басшы­лық етуімен белгісіз фактор ре­тінде пайда болды. Кремльді зерттегендер оны кеңестік респуб­ли­калардың бірі ретінде таныды, сонымен бірге, Нұрсұлтан Назарбаев кеңес дәуі­рінің көрнекті қайрат­керлерінің бірі ретінде белгілі болды. Осы фактілердің ешбірі жаңа, тәуелсіз Қазақстанды қандай елмен са­лыс­тыруға болатыны туралы жеткі­лік­ті түсінік берген емес, деген Степан Месич Елбасының халық­ара­лық аренада елінің орны мен өз орнын іздестіру барысында күр­де­лі экономикалық және қар­жылық жағдайдан шыға білгенін атап көрсетті. Мен бір жағдайды жоға­ры бағаладым. Президент Назарбаев онжылдықтар бойы бір партиялы авторитарлық жүйеде өмір сүретін елдерде демократия бір түн ішінде енгізіле алмайтынын түсінді. Осы үдерістен Қа­зақ­стан­ның қалай өтіп жатқанын мен қы­зығушылықпен бақылаймын. Осы контексте Қазақстан Рес­пуб­ли­ка­сы­ның рөлі жаппай қырып-жоюға арнал­ған қаруды таратуға кедергі жа­сау­ға бағытталған әрекеттерін­де, яд­ро­лық қару қаупін төмендету барысында ерекше көзге түседі. Қа­зақстан – өз аумағында кеңес дә­уі­рінде сансыз тәжірибелік яд­ро­лық сынақтарды басынан кешкен ел. Бұл ел ендігі жерде жаппай қырып-жоятын қаруды иеленбейді және иеленгісі де келмейді әрі осы әрекеттердің заңды бастамашысы болып табылады, деді Хорва­тия­ның бұрынғы президенті.

Бүгінде біздер, яғни Қазақ­стан мен Хорватия сияқты жаңа мемлекеттер өз орнына әділ қол жеткізіп, жаңа әлемде өмір сүріп отырмыз. Біздерге қажетті жаңа әлемдік тәртіпті жобалау про­це­сін­де елеулі серіктес ретінде, терезесі тең мемлекет ретінде қарайды деп үміт­те­не­міз. Біздерге саяси және эконо­микалық жаңа әлемдік тәртіпті қажетсінетін фак­тіні нақты­лағы­мыз келетін тағы бірдеңе болса, онда бұл екі проб­лема болып табылады.

Біріншіден, планетамыздың көп бөлігіне тарап үлгерген эко­но­микалық дағдарыс және онымен неолиберал капитализм жақтас­та­ры ештеңе жасай алмай отыр, оның орнына әлеуметтік құқық­тар­ды қысқартып, даму мен прог­рестің қажетті шарты болып табылатын өндірістің мойнына қыл ар­қанды тартып қойып отыр. Екінші проблема, әлем мен адамзаттың өзінің тірі қалуы үшін тұрақты қауіп болып табылатын жаппай қыру қаруының болуында болып отыр. Сондықтан осы контексте мен жаңа әлемдегі жаңа Қа­зақ­стан­ға жіті үңілемін. Мен маңыз­ды қоғамдық, саяси, әлеуметтік және экономикалық реформаларға негізделіп жылдам дамып келе жатқан елді көремін. Мен жаппай қыру қаруын таратуға қарсы және ядролық қауіпті қысқартуда әлем­дік қозғалыстың көшбасшылары­ның бірі болу рөліне әділ сәйкес болатын елді көріп отырмын, де­ді ол.

Менің ойымша, бүгінгі фо­рум­ның өткізілуі өте маңызды деп бастады баяндамасын жиында ке­зек­ті сөз алған БҰҰ Бас хатшысы­ның орынбасары, осы ұйымның Жене­вадағы бөлімшесінің Бас директоры Қасым-Жомарт То­қаев. Әрі қарай ойын былай деп жалғады. Бүгінгі форумда әлемге танымал саясаткерлер мен ғалым­дардың, қоғам қайраткерлерінің үлкен шоғырының қатысуымен біздің мемлекетіміздің негізін қа­ла­ған адамның жан-жақты қызме­тін ой таразысынан өткізіп, сарап­тауға мүмкіндік туып отыр. Ал бұл сараптау бүгінгі буын мен, әри­не, сөз жоқ, келешек ұрпақ үшін де маңызды. Өйткені, құла­ған им­пе­рия­ның, кеңестік жүйе­нің қиран­дысынан бүгінде әлем таныған мемлекетті Нұрсұлтан На­зарбаев­тың қалай жасап шы­ғарғанын білу – шын мәніндегі қа­жет­тілік.

Елдің жаңа тарихындағы айтулы кезеңдердің куәсі, қатысушысы, Үкімет мүшесі ретінде Елбасының қарамағында жұмыс атқарған мен осының барлығы Назарбаевтың көш­басшылығының арқасында ға­на жүзеге асырылғанын сенім­мен айтамын.

Адамзат тарихына қарасақ, на­ғыз көшбасшы ең бір ауыр кезең­де, халық басына үлкен қиыншы­лықтар мен ауыр сынақтар келгенде тарих сахнасына шығады да сол батпандай, зілмауырдай ауырт­палықты мойынына алған жауап­кершілігімен бірге көтеріп шы­ға­ды. Басқаша айтсақ, тарихтың өзі осындай тұлғаны тудырады, ал олар тарихты жасайды. Мұндай тарихи таңдау түскен азамат қайт­пас ерік-күш жігермен қоса ағым­дағы және стратегиялық міндет-мақсаттарды көре білуімен, оны жүргізуге деген өзінің берік се­ні­мімен реформа жүргізеді. Біздің Елбасы осындай қасиеттер иесі және Қазақстан табысының тарихын көз алдымызда жасаған адам.

“Назарбаев феномені” Еуропа мен Азияның, екі құрлықтың, екі өркениеттің, екі саяси жүйе – тоталитаризм мен демократия түйіскен ортада туды. Осы екі түрлілікті синтездеп, демократиялық құнды­лық­тарды құрметтеген еуропалық реформизм мен күретамыры сан ғасырлардан тартылған азиялық дәстүрді сабақтастыра отыра жүр­гізді. Сол себептен де халық­ара­лық қауымдастық Қазақстан көш­басшысының ішкі және сыртқы саясаттағы сарабдал жолын жо­ға­ры бағалап, оның есімін страте­гиялық ойлау қабілетін иеленген мемлекет қайраткері деп даңқты тарихи тұлғалармен қатар қояды.

Осыдан 20 жыл бұрын көп­те­ген беделді саясаткерлер мен саясаттанушылар Қазақстанның тә­уел­сіз ел ретіндегі болашағына кү­мәнмен қарады. КСРО-ның бірін­ші және соңғы президенті Михаил Горбачев өз мемуарларында Қа­зақ­станды басқаруға келмейтін ай­мақ деп қабылдағанын айтса, Збиг­нев Бжезинский тә­різ­дес ойда болғанын жеткізеді. Шын­­дығына келгенде, елімізде осындай болжамдар жасайтындай негіз көп болатын. Дүниежүзін­дегі жер кө­ле­мі жағынан 9-шы орын­дағы, заң­ды белгілеген шекарасы жоқ, экономикасы тұралаған, демо­графия­лық жағдайы ауыр, оның үстіне посткеңестік дәуірдің әлеуметтік-саяси депрессиясынан қиналыс тау­ып жатқан елдің бо­ла­шағы ешқандай оптимизм тудырмайтын.

Міне, дәл осындай жағдайда Пре­зидент мемлекет басшылы­ғы­ның тізгінін ұстады. Ол Қазақ­стан­ның әрі қарай даму жо­лын­дағы реформаларын жүргізу үшін сыртқы әлеммен татулық орна­тудың маңыздылығын жете біліп, еліміздің бейбітсүйгіш, көпвектор­лы сыртқы саясат ұстанатынын мәлім етті деген шешен Қазақстан басшысының бүкіл әлемнің қа­у­іпсіздігіне әсер ететін мәселе – ядро­лық қарудан бас тартуына қатысты шешіміне тоқталды.

Ядролық қарусыздану және Нұрсұлтан Назарбаев – бұл іс жү­зінде қатар айтылатын синонимге айналды, – деген ол әрі қарай 2010 жылы БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунның Семей сынақ алаңына кел­генде айтқан сөзін жинал­ған­дардың есіне түсірді. Президент Назарбаев – дауысы алысқа же­те­тін көшбасшы. 1991 жылы оның Се­мей сынақ полигонын жапқан­дағы үні жарияға салынған жар болды. Ал мұндай шешім қабыл­дау сол кезеңде өте қиын еді. Он­даған жылдар бойына “қырғи-қа­бақ со­ғыстың” ошағына айналып, адамзат баласына қауіп төндірген полигон бүгінде бейбіт өмірдің сим­волына айналып, ядролық қа­рудан тазарудағы үміт отын жақты, осы реттен Қазақстан әлемдегі елдерге үлгі деген ойын жеткізіп, жұмыр жерді ядролық қауіптен сейіл­ту­дегі Қазақстан көшбас­шы­сы ат­қар­ған істерді баяндады.

Қасым-Жомарт Кемелұлы елі­міздің бейбітшілік пен ынтымақ­тастықты, жалпыәлемдік интеграцияны дамытудағы рөліне қа­тыс­ты АӨСШК құрудағы Елбасы бас­тамасының нақты іске айнал­ғанын және Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға жа­саған табысты төрағалы­ғы­ның көш­­басшы кемелдігімен жү­зеге асып, саясаткерлердің сөздік қо­рында “Астана рухы” атты тұ­рақ­ты сөз тіркесінің мықтап орна­ға­нын алға тартты.

Еуропа кеңесінің Бас хатшысы (1999-2004 ж.ж.), “Өрке­ниет­тер диалогы” Форумы Халық­аралық үйлестіру комитетінің төрағасы Вальтер Швиммер: “Мен ешуа­қыт­та тәуелсіз Қазақ­стандағы эт­никалық немесе діни шиеленістер туралы естіген емес­пін. Қазіргі күні әлем Қазақ­стан­дағы халықтар мен наным-се­нім­дердің, мәдениет­тердің, дәстүр­лер­дің, тілдердің, діндердің бай­лы­ғынан сабақ ала ма?! Ала ала­тындығымызға мен кәміл сенім­дімін.

Тереза Ана бір күні: “Махаббат пен татулық та үйден басталады, алауыздық пен ойран да үйде бас­талады”, деп айтқан екен. Франклин Рузвельт те мейірімділік сияқты, татулық та үйде басталады, – деген еді. Осы дана сөздерге сәйкес, Президент Н.Назарбаев кітаптарының бірінің атауымен атай отырып, Қазақстан Респуб­ли­касының бейбітшілік пен келісім рухында халықаралық қатынас­тарға өзінің үлесін қосуға жақсы дайындалғанын атап өту керек. Қазақстан халықтар мен наным-се­німдердің достастығы, үнқаты­сатын ғаламдық қоғамның үлгісі болып қызмет ете алады”, деп ойын әрі қарай өрбітті. Қазақ­стан­ның мәдениетаралық және кон­фессияаралық үн қатысу арқылы бейбітшілік пен келісімді қамта­масыз етудегі күш-жігері өзін таңғалдыратынын айтып өткен шешен Қазақстанның күйреген Ке­ңес Одағынан мұра болып қал­ған ядролық қарудан өз еркімен бас тартуын ерекше бағалады. Басқа елдер ядролық держава болуға ұмтылып, қатаң реакциямен және тіпті халықаралық санкциялармен келісіп жатқанда, жас тәуелсіз Қа­зақстан бейбітшілік пен қару­сыз­дану жолын таңдады. Бүгінгі күн­ге дейін бұл – ядролық қару та­ри­хындағы таратпау сала­сындағы ең маңызды қадам болып отыр, деді Кәрі құрлықтан жеткен саясаткер.

Франция Сенатының бұ­рын­ғы төрағасы, Францияның Еу­ропалық Сенаттары ассоциа­ция­сының тө­рағасы Кристиан Понселе: “Мен Білім және ғы­лым министрлігіне Қазақстанның жаңа дамыған әлем­­­дегі орнына ар­налған Ха­лық­аралық форумға ша­қырғаны үшін алғысымды біл­ді­ремін. Ал бұл ретте мен өзімді Қазақстан досы ретінде санайтын­дықтан, сыртта қала алмадым. Менің осы ұлы елге деген махаббатымды жеткі­зуге мүмкіндік бе­ріңіздер”, – деп сөзін құрметпен бастады.

Қазақстан халықаралық аренада жаңа тәуелсіз мемлекет бол­ғанымен, рухы күресуден талмайтын көне ұлт екенін білемін. Өт­кен заманда саяси субъект – Хандық ретінде өмір сүрген халық ХХ ғасырда қудалануға ұшырап, басынан бағы тайды. Бірақ бұның бәрі Қазақстанды әлсірете алған жоқ, керісінше! Қазақ халқы өзін таныту үшін күресе білді.

1991 жылы Қазақстан өзінің көптен күткен тәуелсіздігіне қол жеткізді. Қазір Қазақстан әскери немесе аумақтық жетекші елдер­дің бірі болып табылады. Бәрі­мізге Байқоңырдағы ғарышқа ұшу базасы барлығы белгілі. Сіздің ұлттың жанары жұлдыздарға қа­ра­тылған. Бұл аспанға қарап болжам жасай білген арғы аталарыңызға деген құрмет деп танимын. Қазақ­станның даласы қарасаң көзің талатындай кең, осы далада әсем та­биғатты керемет жерлеріңіз де бар, оны көруге өзімнің мүмкіндігім болғанына қуаныштымын.

Қазақстан көптеген мәдениет пен халықтарды топтастырып отырған ел болып табылады және көршілерімен тату-тәтті өмір кешіп келеді. Қазақстан көптеген әлем халықтары арасында көпір бола білген орталық ұлт болып табылады. Сіздер өздеріңізге ауыр тисе де кезінде орыс халқы сияқты немістер мен поляктарға да пана бола білдіңіздер. Мен осы бір мұсылман елінде теңдессіз әдемі шіркеулердің бар екендігін растай аламын. Қазақстан әлемнің көп­те­ген елдеріне ерекше діни төзім­ді­лік­тің мысалы болып табылады. Әлемдегі Қазақстанның орны бі­ре­гей: ол түрлі мәдениеттер мен өр­кениетті тоғыстырған құтты мекен, деп ой қорытты француз сая­сат­кері.

Ресей ғылым академиясы­ның вице-президенті, ММУ ректоры Виктор Садовничий Н. Назар­баевтың 1994 жылы стратегиялық мәні бар еуразиялық интеграция жайын­да­ғы бастамасын біз­дің университетте жасаған баяндамасында айтқанын мақ­таныш тұ­тамыз. Ол осы шешімді кездейсоқ қабылдаған жоқ, ол өз сөзін екі ағынды – Ресей мен Қа­зақ­стан арасындағы араластықты бір ар­наға тоғыстырып, тығыз да мәң­гілікке біріктірудің мүмкіндігі қол­дарында болатын жастарға арнады, деді.

Содан бері Президент Назарбаев өз ойынан қайтпай, жыл өткен сайын еуразиялық теориялық әлеуетті жүйелі де мақсатты түрде бүтін бір пәлсапалық-саяси ілімге, заманауи тұжырымдардың жоғары ғылыми деңгейі мен дәуірдің жа­һандық ұмтылыстарына айналдырып, арттырумен келеді. Ол осы ынтымақтастықтың әлем картасында геосаяси координаттарын анықтау міндеті тұрған еура­зия­лық ынтымақтастықтың жаңа саяси доктринасының планеталық мәнін толық сезініп жасайды.

Бәрінен бұрын Президент На­зар­баевтың жаһандық әлем шын­дығы тұрғысынан еуразиялық идеяны жетілдіруді теориялық жаңар­туға қол жеткізіп, оны сол тек теория тұрғысында қалдырып қоймай іс жүзіне асырудағы қимылы мені таңғалдырады. Біздің бүгінгі шын­дық еуразиялық қалыпқа өз­герді, Кеден одағы бізді толық­қан­ды еуразиялық Одаққа жақын­датып отыр. Бұл – Назарбаев идея­сының шындық екендігін көр­се­те­ді, деді ректор.

Нұрсұлтан Назарбаевтың еура­зиялық доктринасы – ғалымдар мен саясаткерлердің баса назар аударуын талап ететін ауқымды та­қырып. Біріншіден, Нұрсұлтан Назарбаев әзірлемесі – бірігудің заманауи үлгісі. Екіншіден, Қазақ­стан Президентінің тұжырымда­ма­сында әлемдік дәуірдің жаңа құрылымы ірі блоктар қатынасын білдіреді деген тезис ерекше тұр, деді ғалым.

“Vox Populi” ғылыми-зерттеу орталығының президенті (Италия) Эрманно Визинтайнер: “Қазақ­стан керемет ұланбайтақ өлшемге ие, осы өлшем бәлкім бо­лашақ мүмкіндіктерге жол ашып, оның мәні мен рухын сақтап, түр­лендіре алатын болуы керек. Қазақ жерінде мәңгілікке үгіттейтін уа­қыт өлшемі мен кеңістік өлшемі қатар кездеседі деп, Астана құры­лысындағы ғажайып ескерткіш­тер­ге тоқтала келіп, қазақ шебер­лерін шабыттандыратын ұланбайтақ даланың рухы, ақындар жырлайтындай бұл елде ерекше физикалық түйсік айрықша, ол жүректің дүрсілі, тамырдың соғуы арқылы анықталады”, деп шабыттана сөйлеген.

Тарих жалғасын табатын жер кіндігі – Күлтегіннен басталып, Абылай ханнан өтіп, қазіргі ке­зеңге жетіп, Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа, көкке ұмтылған Ас­та­наның керемет сәулет сарайлары мен ескерткіштеріне жол бас­тады. Осыдан келесі екі жобаның орындалуы шығады: диахрони­ка­лық және синхроникалық. Тарихи мақсаттағы жоба Еуразия мен Орталық Азияның бір бөлігінде орын алуы мүмкін болған тағ­дырды көрсетеді және сол бел орта дәл осы жерде орын тепті.

ХХІ ғасырдағы бүгінгі Қазақ­стан, өз тәуелсіздігін алғаннан ке­й­інгі жиырма жылдық қашық­тық­та халықаралық шахмат тақта­сын­дағы “Ханмемлекет”, көшбасшы мемлекет, болашағы жарқын мемлекетке айналды. Шынайы жа­һан­дық мүмкіндіктері бар еуразиялық маңызға ие айтарлықтай орталық болып табылады. Оның негізін қалаушы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Оның мақсаттары – мұ­ра­ны сақтау мен мүмкіндіктерді нақты іске асыру деп жоғары бағасын берді.

Орталық Азия және Кавказ ғылыми-зерттеу институтының атқарушы директоры (Токио), профессор Тецуджи Танака Қазақ­стан Республикасының Пре­зиденті Назарбаев мырзаның соң­ғы 20 жыл ішіндегі үздік еңбектері мен жетістіктері туралы әңгімелеу мен үшін үлкен құрмет, дей отыра, посткеңестік кеңістіктегі елдер ішінде Қазақстанның жаңа мемлекет құрудағы табысына жоғары ба­ға берді. Бұл – Президент Назар­баевтың еңбегі, осы адамның бас­шылығымен Қазақстан ірі жетіс­тік­ке ие болды, деп еліміздегі ІЖӨ-нің өсуіне тоқталып, 2012 жылы 12 мың долларға артады деп күтілетінін, ал оның Азияның жыл­дам өсіп келе жатқан ірі ел­дерінің экономикасындағы орташа кіріс деңгейіне жететін өлшем болатынын баса айтты.

Еліміздің ЮНЕСКО-дағы өкі­лі Олжас Сүлейменов Н. На­зар­баев­тың 1991 жылы 29 тамыздағы Жарғ­ысын жаңа мем­лекеттің шынайы ұлы құжаты деп атады. Осы бір қажырлы адам Қазақстанда және бүкіл әлемде үлкен құрмет тудырды. Бұл яд­ро­лық қарусыз жолға Қазақстанның алғашқы адымы ғана еді. Келесі адым атом қаруынан ерікті түрде бас тарту болды (ал бұл әлемде қуаты бойынша төртінші арсенал еді) және 1994 жылы оның аумағынан соңғы ядролық қарулар шығарып тасталды. Әлемдік қо­ғам­дастық Қа­зақстан басшысы­ның осы бас­та­масына бағасын бер­ді және жуық арада ядролық державалармен Қазақстан Республикасында қауіпсіздікке кепілдік туралы ме­мо­рандумға қол қойыл­ды, деген О.Сүлейменов бүгінгі таңда ел тарихында “Невада-Семей” мәнін бағаламау қиын болатынын жет­кізді. Сондай-ақ ол өзінің қазіргі уақытта “Таза ел” бағдарламасы үстінде жұмыс жасап жатқанын, ол “Невада-Семей” қозғалысы аты­нан жарияланатынын айта келіп, оның негізгі мақ­саты – таза су, таза ауаға қол жет­кі­зу және жерді өндіріс қалдық­тарынан тазарту екенін айтты. “Таза ел” тү­сінігі өзіне таза ауа мен суды ғана емес, таза қол, таза ар, адамның таза ниетін де біл­діреді. Біздер, “Невада-Семей” қоз­ғалысы таза­лық үшін күресті жалғастырамыз, – деді Олжас Сүлейменов.

Түс ауа жалғасқан панельдік сессияда Оңтүстік Кореядан келген Хонкок университеті Ор­та­лық Азия тілдері департамен­ті­нің директоры Сон Ен Хун таза қазақ тілінде сөйлеп, жинал­ған­дардың ризашылығына бөленді. Ол өз сөзінде еліміздегі үш тұғыр­лы тіл мәселесін қозғады. “Бүгінгі жиында Қазақстандағы мемлекет­тік тіл саясатының өзекті мәсе­ле­лерін айтып кету маңызды. Мұнда тіл сая­сатының жаңа ұстанымы қалып­та­суда, бірақ мұның бәрі Қазақстан халықтарының тілін қудалау не қы­сымшылық жасау жолымен емес, мемлекеттік тіл саясатының аясында өтіп отыр­ға­нын айту керек. Қазақстан Прези­денті Н. Назарбаев та 2006 жылғы Қазақстан халқы Ассамблеясының ХІІ сес­сия­сында “Қазақтар үшін мем­ле­кет­тік тілді білу – міндетті талап болуы тиіс”, – деді.

Мен Алматыда оқыған кезімде Қазақстан халықтарының бірлігі мен ынтымағына қызығушы­лық­пен қарадым. Қазақстандық корей­лердің бақуатты өмірінің куәсі бол­дым. Мен қазақ тілін білу ар­қылы қазақтың жанын таныдым.

Қысқа мерзімде кеңестік жүйе­ден шығып, Қазақстанның өз алдына айтулы ел болғанына шын пейіліммен қуанамын. Осы елдің дәмін татып, білім алған мен үшін бұл елдің әр табысы мерей. Мұнда қуатты экономика, дос пейілді бауырмал халық пен білімге ұм­тыл­ған ұрпақ бар. Соңғы үш жылда Қазақстандағы мемлекеттік тіл сая­саты жаңа арнаға бұрылғанына қуаныштымын. Жасыратыны жоқ, жаһандану үдерісі қуатты жүріп, барлық салаға ендей кірікті. Интернет жүйесі ел мен елді жақын­дас­тыруда. Осы ретте Н.Назар­баев­тың тілдерді дамытудың қа­зақ­стандық моделін қалыптасты­рып жатқанын айта кеткім келеді. 2007 жылы Н.Назарбаев “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты халыққа Жолдауын ұсынды. Мен бұл Жолдаудан өзімді қатты қы­зық­тыратын жолдарды таптым. Қа­зақстанда мемлекеттік саясат­тың тілдерді дамыту стратегия­сы­ның үш тілділігі қамтылыпты. “Қазақ тілі – мемлекеттік тіл, орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі, ағыл­шын тілі – жаһандық эконо­микаға кірігу тілі”. Әрине, маман ретінде мен мұндай ұстанымның өміршеңдігін сеземін, әрі қолдай­мын. Мемлекеттік тіл саясатының балабақшадан басталып, бүкіл мектеп жүйесін реформалауға жол салатынын атап өтуге тиіспіз. Он екі жылдық оқу жүйесі, ағылшын тілінің кірігуі, Назарбаев Зият­керлік мектептері мен Назарбаев Университетінің жаһан тілінде бі­лім бере бастауы Қазақстанда эко­номиканың даму жолының ор­нық­қанын көрсетеді. Сондықтан да ке­мел елдің болашағына берік се­німмен қарайсың.

Тіл саясаты сындарлы, байыпты талдауды қажет етеді. Мем­ле­кетті құрып отырған ұлт өз ана тілі саясатын ұқыпты құруы қажет. Әл­гінде үзіліс уақытында БАҚ өкіл­дерімен брифинг өтті. Журналист маған сұрақ қойды. “Сіздің еліңізде қазақ тілін үйренуге жас­тар қаншалықты ықылас білді­реді?” деп сұрады. Мен оларға қа­зақ тілін шетелдік жастардың үй­ренуі өздеріңізге, осындағы қазақ­стандықтардың мемлекеттік тілге деген құрметіне байланысты дедім. Қазақ тілімен корей тілінің грамматикасы ұқсас болғандықтан, екеуі де алтайлық тіл тобына жа­та­тындықтан, мен үшін бұл тілді үй­рену аса қиынға соқпады. Бір жыл­дың бедерінде өзім межелеген белесті бағындырдым. Маман­ды­ғым тарихшы болғанмен, қазақ ті­лін жете меңгергендіктен өз елім­дегі корей жастарына қазақ тілі, мәдениеті мен тарихы жайында дәріс оқимын. Тілді үйренген са­йын осы халыққа деген құр­метім еселей түсуде.

Қазақстан Республикасында тіл­дерді дамытудың құқықтық не­гіздері баршылық. Бірақ көп жағ­дай­да ол декларативтік сипатта сияқ­ты. Ісқағаздары аударма дең­гейінде екені байқалады. Сайып келгенде, бұл ескі әдеттердің әлі де орын алып отырғандығын көр­се­теді, деген Сон Ен Хунды қазақ­тың досы, қазақ тілінің шал­ғай­дағы жанашыры демей, кім дерсіз?

“Нұрсұлтан Назарбаев және заманауи мемлекет құрылысы”, “Әлем­нің көп түрлілігі және Қа­зақстанның әлеуметтік жаңғырты­луы”, “Қазақстанның сыртқы саяси бастамалары: Бейбітшілік пен жасампаздық парадигмалары”, “Жа­­­ңа экономикалық модель, Қа­зақ­станның инновациялық дамуы”, “Нұрсұлтан Назарбаев және жастар” деген тақырыптарда ой өрбіткен форумға қатысушылар Назарбаевтың Қазақстанның бү­гінгі жетістіктерге жетуіне және қазақ қоғамының әлемдік аренаға шығуына тікелей көшбасшы бол­ғанын айта келіп, сондай-ақ ха­лықаралық саяси сахнада белді де беделді ірі тұлғаның әлемдік дең­гейдегі стратег-басшы ретіндегі рөліне жоғары бағаларын берді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp