«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛІ ҮШІН ТУҒАН ДАРА ТҰЛҒА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Ыбырай ИЛЬЯСОВ,

тыл және еңбек ардагері.

Мен алғаш рет Нұрсұлтан Назарбаевты 1965 жылы Алматы қаласында Қазақстан комсомолының ХІ съезіне делегат болып барғанымда көрген едім. Сондағы оның комсомолдар алдында сөйлеген жалынды сөзі жиылған жастарды терең ойға қалдырғанын әлі күнге дейін ұмытқаным жоқ. Сол кезде-ақ Нұрсұлтан Әбішұлының болашақта үлкен мемлекет қайраткері болатыны көрініп тұрғандай болып еді. Әркімнің де жақсылыққа жаны құмар ғой, біз де неге осындай болмадық деген ой делегаттардың бәрінің де санасында қылаң берді деп ойлаймын.

Біздің сол кездегі сезіміміз алдамапты. Тура 16 жылдан кейін, яғни 1991 жылғы 1 желтоқсандағы сайлауда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті болып Нұрсұлтан Әбішұлы көпшілік дауыспен сайланып, ел тізгінін қолға алды. Сол сайлау әлі күнге менің есімде. Өйткені, бұл күн мың өліп, мың тірілген қазақ халқының ғасырлар бойғы арманы орындалып, зор қуанышқа бөленген күн ретінде тарих атты кітаптағы жаңа парақ ашылған сәт болатын.

 

Сол кезде азаттық алған республикалар жеке отауға шыққан жас отбасының күйін кешті. Әсіресе, күйреп тынған Кеңес одағы кезінде тек қана шикізат көзі саналған Қазақстан үшін экономикалық құлдырау уақыты болып, нарыққа көше бастаған Тәуелсіздіктің алғашқы 1992-1995 жылдары ел тұрғындары біраз уақыт қиыншылық көргенін әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Азық-түлік, киім-кешек және басқа да тұтыну тауарларының бағасы өсіп, ауыл тұрғындары үшін электр қуаты мен көмір жетіспей, кейбір ұлт өкілдері шетелге көше бастады. Қалаларда да жарық пен жылу мәселесі қиындық туғызып, студенттер жатақхана маңында жер ошақтарға от жағып, ас пісіріп күнелтіп күйзелді. Қант, шай, ұн және т.б. қымбаттады. Зейнеткерлер – зейнетақысын, қызметкерлер мен жұмысшылар – жалақысын, студенттер – шәкіртақысын уақытында ала алмай үлкен қиындықтарға ұшырағаны жадымызда.

Сол бір қиын-қыстау кездерде Нұрсұлтан Әбішұлы халықтың тұрмыс жағдайын естен шығармай, ел аралап жүріп, жұртпен кездескенде: “Шыдаңдар, халқым, шыдаңдар, тұрмысымыз ертең-ақ түзеліп, экономикамыз өсіп, жағдайымыз жақсаратын болады, бәрі де өзгереді”, – деп айтқан сөздері әлі есімде. Елбасының сондағы айтқан сөздері дәл ертегідей орындалып, бүгінгі күнде “ақ түйенің қарны жарылған” астатөк күнге жетіп, халықтың тұрмысы жақсарған заманды бастан кешіріп отырмыз. Оған бүгінгі күні бәріміз де куәміз.

Бұл күнге жеткеніміз, ең алдымен, Тұңғыш Президентіміздің халқы үшін туған мемлекеттік қайраткерлігінің, сұңғыла саясаткерлігінің, стратегиялық болжам жасайтын көріпкелдігінің арқасы. Елбасымыз, ең алдымен, көршілес мемлекеттермен татулықты сақтай отырып, шекара мәселесін ойдағыдай шешті. Кемеңгер саясаткер ретінде алыс-жақын мемлекеттермен байланыс жасап, қарым-қатынасты нығайтып, жер жаһанда қазақ деген ұлттың, Қазақстан деген мемлекеттің күн сайын дамып, қарыштап өсіп келе жатқандығын әлем елдеріне танытты. Америка, Еуропа, Азия құрлығының дамуы жоғары деңгейдегі елдеріне сапар шегіп, үлкен мінберлерде сол елдердің саясаткерлерінің алдында сөз сөйлеп, өзекті мәселелерді атап, әлем назарын өз еліне аудара білді. Көптеген халықаралық дәрежедегі дипломатиялық кездесулердің ұйытқысы болып, оларды Қазақстанда өткізуге ықпал жасады. Бұрын Еуропаның есігінен сығалай алмайтын Қазақстан Елбасының беделінің арқасында оның төріне шығып, 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасады, жас Астанамыз әлем діндарларының басын қосатын киелі орталыққа айналды.

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтой жылы қысқы Азия ойындарын аса жоғары ұйымдастырушылықпен өткізіп, қорытындысында спортта да ешкімнен кем емес екендігімізді көрсеттік. Оның тағы бір айқын дәлелі биылғы жазғы Лондон Олимпиадасы болды. Еліміздің намысшыл ұл мен қыздары 7 алтын, 1 күміс және 5 қола жүлдеге қол жеткізіп, ең жоғары спорт жарысы саналатын осы жарысқа қатысқан дүниежүзіндегі 200-ден астам мемлекеттің ішінде он екінші орынды иеленіп, айды аспанға тағы бір шығарды. Енді алдағы спорттық жарыстарда кез келген елдің спортшылары қазақстандық спортшыларды өздерінің ең басты қарсыластары деп есептеп, тізелері дірілтейтін болады деп ойлаймын.

Елбасының идеясымен құрылған Шанхай ынтымақтастық ұйымы халықаралық биік беделге ие болса, Ресей және Беларусь мемлекеттерімен бірлескен Кеден одағының құрылуы бүгінгі уақытта біздің үлкен бизнестегі азаматтарға кең жол ашты.

Бүгінде Қазақстан 100-ден астам ұлт пен ұлыстың басын қосқан көпэтносты мемлекет болса да, ең бейбіт ел ретінде әлемге танылып отыр. Оған себеп болған Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен ядролық қарудан өз еркімізбен бас тартуымыз болды. Сонымен қатар Елбасының идеясымен құрылған Қазақстан халқының Ассамблеясы да бұл іске өзіндік үлесін қосуда.

Дүниежүзінде астанасын бір қаладан екінші қалаға көшірген санаулы елдер бар болса, сол қатарға Тұңғыш Президентіміздің бастамасымен Қазақстан да енді. Ару Астанамыз қазіргі уақытта дүниежүзіндегі небір елордалармен теңесетін әлем қаласына айналды.

Тарих үшін қас қағым сәт саналатын 21 жылдың ішінде еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайы адам танымастай өзгеріп, өсіп-өркендеу жолына түстік. Жүздеген мектептер мен ауруханалар жаңадан бой көтеріп, тұрғын үй құрылысы жанданды. Еліміздің барлық аймақтарында ірі индустриялық-инновациялық жобалар арқылы жаңа зауыттар мен фабрикалар, кәсіпорындар салынып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде мыңдаған жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың жұмыспен қамтылуы жақсара түсті.

Бәрін айт та, бірін айт демекші, Тәуелсіздігіміз қолымызға тиіп, еркіндік алған 21 жыл ішінде кеңес заманындағы 70 жылда істелмеген ауқымды жұмыстар атқарылды. Біз оны мақтан тұтамыз. Бұл жұмыстар ең бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясатының арқасы. Екіншіден, көпэтносты халқымыздың ынтымағы мен бірлігінің арқасында жеткен жетістігіміз деп санаймын. Осы жылдары Қазақстан халқы өз тағдырын Нұрсұлтан Назарбаевқа сеніп тапсырып, “Бір жағадан – бас, бір жеңнен қол шығара” отырып, Елбасыға тірек бола білді.

Өз басым Президенттің жыл сайынғы ел халқына жолдаған Жолдауын аса ыждағатпен оқып шығамын. Менің бір қуанатыным – әр Жолдауда айтылған жақсы жаңалықтар қағаз жүзінде қалып қоймай, іске асырылатындығы. Сонымен қатар Елбасымыздың биылғы жылы жарияланған “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай жиырма қадам” мақаласы – өте керемет бағдарламалық құжат. Онда біздің елдің азаматтары өздері түсініп, түйсініп, еңбек ғана жетістікке жеткізетіндігі тамаша айтылған.

Елімізде атқарылған елеулі істер біздің ауданымызды да айналып өткен жоқ. Талшық ауылында салынған осызаманғы аурухана ғимараты біздің мақтанышымызға айналды. Индустриялық-инновациялық бағдарлама арқылы Ленинград ауылында салынған жаңа екі кәсіпорында 200-ге жуық жұмыс орны ашылып, халықтың тұрмыс дәрежесі арта түсті. Ауданымыздың орталығы жылдан-жылға көркейіп, құлпырып келеді. Басқа ауылдар да уақыт өте ажарлана түсуде.

Біз Тұңғыш Президентімізбен мақтанамыз, Елбасымыз туған елімен мақтанады. Нұрсұлтандай Көшбасшысы бар Қазақстан халқы алдағы уақытта бұдан да биік асуларды бағындыратыны сөзсіз. Ылайым солай болғай!

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp