«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЕЛ ДАҢҚЫН АСЫРҒАН ЕР ТОЙЫ – елдің тойы

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Арайлым СМАҒҰЛОВА,

 “Солтүстік Қазақстан”.

 Кеше Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында облыс активінің Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиналысы өтті. 

Облыс әкімі Серік Біләловтің қатысуымен өткен салтанатты шарада алдымен “Солтүстікқазақстандықтар – Тұңғыш Президенттің сенімді тірегі” деректі фильмі көрсетілді. Елімізде, өңірімізде тәуелсіздік жылдары Елбасының сындарлы саясатының арқасында өнеркәсіп, аграрлық, денсаулық сақтау, білім салаларында орын алған оң өзгерістер мен қол жеткізген толағай табыстар, “Дипломмен – ауылға!”, “Жұмыспен қамту – 2020” бағдарламалары аясында атқарылған жұмыстар баяндалды. Яғни, елдің әлеуметтік жағдайын, халықтың әлеуетін арттырған реформалардың нәтижесі сараланды. Осыдан да болар, соңғы бес жылда Петропавл қаласында тұратын 9 отбасы дүние есігін ашқан сәбилеріне Елбасының атын қойған. Бұл халықтың Елбасыға құрметі!

– Тәуелсіз еліміздің күнтізбесіне тағы бір айтулы күн қосылды: биыл біз алғаш рет шынайы жалпыхалықтық мереке – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күнін атап өтеміз. Бұл баршамызға ортақ салтанатты оқиға, бүкіл қазақстандықтардың тарихи таңдау күні, халық бірлігі мен келісімі күні. Мереке Қазақстан халқының өзінің Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа жоғары сенімінің, терең қадір-құрметінің жарқын көрінісі болып табылады, – деген облыс әкімі Серік Біләлов республикамызбен бірге Солтүстік Қазақстан облысының да қарқынды даму жолына түскендігіне тоқталды.

Салтанатты жиын барысында облыс әкімі Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен Мағжан Жұмабаев ауданындағы Успенка орта мектебінде аспаз болып істейтін көпбалалы ана Зәуреш Бақтыбаеваға “Алтын алқа”, Уәлиханов ауданында тұратын Айгүл Арыноваға “Күміс алқа” тапсырды.

– Мен сегіз баланың анасымын. Үлкен балам – 30 жаста, ал кіші балам – 13-те. Жұбайым Әскербек екеуміз 5 ұл, 3 қызымызды жұрт қатарлы тәрбиелеуге атсалыстық. 5 баламыз жоғары білім алды. Ал соңғы үш балам мектепте оқиды. Тұңғыш Президент күні мерекесінде маған “Алтын алқаның “тапсырылғанына қуаныштымын, – деді Зәуреш Бақтыбаева.

Марапаттау салтанатында облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, қоғамдық өмірге белсене араласқаны үшін және Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің күнін мерекелеуге байланысты бірқатар ауыл шаруашылығы, әлеуметтік сала қызметкерлері, жеке кәсіпкерлер және мемлекеттік қызметшілер облыс әкімінің Құрмет грамотасымен және Алғыс хатымен марапатталды.

Тұңғыш Президент күніне арналған салтанатты жиында Елбасының өңірімізге жасаған жұмыс сапарлары кезінде онымен кездесіп, әңгімелескен аға буын өкілдері өз естеліктерін айтса, жас буын жарқын болашаққа сенім білдірді. Ресми бөлімнен кейін салтанатты жиын өңіріміздің өнерпаздарының қатысуымен өткен концерттік бағдарламаға ұласты.

Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp