«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАС ҰЛАН – 2012” байқауының жеңімпаздары анықталды

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

29 қарашада Тұңғыш Президент күніне орай Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғановтың қатысуымен “Жас ұлан” – Елбасының тірегі” деген тақырыпта өткен жылы ғана құрылған жасұландықтардың мерекелік форумы өтті. Онда “Жас ұлан – 2012” облыстық байқауының бірнеше санаттағы жеңімпаздарына құрмет көрсетілді. Қызылжар өңірінде бірінші рет ұйымдастырылып отырған салтанатқа аудан әкімдерінің орынбасарлары, облыстық, қалалық мәслихаттардың депутаттары, білім мекемелерінің өкілдері, қоғамдық балалар мен жасөспірімдер ұйымдарының, бастамашыл топтардың белсенділері мен көшбасшылары, этномәдени бірлестіктердің мүшелері, “Дипломмен – ауылға!” жобасына қатысушылар, облыс мектептерінің оқушылары жиналды.

Нұрсайын ШӘРІП,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Аталмыш рәсім басталмас бұрын форум қонақтары театр ішіне орналастырылған “Жас ұлан” жобасы бойынша шаралар” және “Жасұландықтар жетістігі” стенділерімен танысып, өнерпаз балдырғандар мен жеткіншектердің концертін, солтүстікқазақстандық “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымы” туралы мемлекеттік тілде әзірленген бейнефильмді тамашалады.

 

Салтанатты форумды “Жас ұлан” балалар мен жасөспірімдер ұйымы” қоғамдық бірлестігінің облыс бойынша атқарушы директоры Рүстем Есенбергенов ашты.

– Өткен жылы Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында құрылған “Жас ұлан” ұйымы қысқа мерзім ішінде еліміздің мыңдаған жас патриоттарының басын біріктірген қуатты жастар қозғалысына айналды. Біздің облыста оның 4 мыңнан астам мүшесі бар. Жасұландықтардың бәрі де Елбасының идеяларын іске асыру мақсатында ерінбей еңбек ететін жандар. Олар жыл бойы қаланы көркейту, экологияны сақтау жұмыстарымен айналысты, қазақша КТК лигасының “Маусымашар – 2012” фестивалін ұйымдастырды, спорт, шығармашылық шаралар өткізді, – деді ол.

Айыртау аудандық білім бөлімінің әдіскері Азамат Базарбаев, “Жас ұлан” ұйымының белсендісі Диана Усольцева қысқа мерзімде атқарылған шараларды тілге тиек етті.

Форумға қатысушыларды өңір басшысы атынан облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов құттықтап:

– Сіздердің алдарыңызда өз Отанымыздың шынайы патриоты болу, халқымыздың салтдәстүрін, мәдениетін және ұлттық байлығын көздің қарашығындай сақтау және еселеу, білімге және өзінөзі жетілдіруге талмай ұмтылу сияқты ерекше міндет тұр. Сіздер үшін Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев, оның өмірі мен қызметі Отанға қалтқысыз қызмет етудің жарқын мысалы бола алады. Сондықтан “Жас ұлан” ұйымында болу – зор құрмет және жоғары жауапкершілік, – деді.

Осынау шарада 117 оқушы “Жас ұлан” ұйымына мүше болып қабылданып, салтанатты жағдайда ант берді. Фархад Қуанғанов пен волонтерлер олардың мойындарына ту түстес галстук тақты.

Салтанатта Президент олимпиадасының 10 жеңімпазына, Тұңғыш Президент туралы шығармалар мен жыр байқауының 21 жеңімпазы мен жүлдегеріне, “Үздік тәлімгер”, “Балалар үшін”, “Жас зерттеуші”, “Жас тілші”, “Жас толағай”, “Жас дарын”, “Жас блоггер”, “Жас ақын”, “Жас жұлдыз”, “Бала батыр”, “Үздік әлеуметтік жоба” арнайы санаттары бойынша жеңіске жеткендерге сертификаттар мен ақшалай сыйлықтар табыс етілді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp