Бұрнағы күні Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өңірлерді дамыту жөнінде кеңес өтті. Кеңеске барлық деңгейдегі әкімдер, Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының өкілдері, бірқатар мемлекеттік органдардың басшылары қатысты.
Мемлекет басшысы кеңес барысында бүгінде Қазақстан маңызды мәселелерді шешу алдында тұрғанын атап өтті.
– Біздің алдымызда шешімін күтіп тұрған өте маңызды үлкен мәселелер бар. Еліміздің, халқымыздың ендігі тағдыры біздің таңдаған жолға байланысты. Әлемде не болып жатқанын өздеріңіз де көріп, біліп отырсыздар. Көптеген мемлекеттерде экономикалық дағдарыстан зардап шегу салдарынан наразылық білдіріп жатқан халықтарды көріп отырмыз, – деп бастады Президент сөзінің кіріспесін. – Ең мықты, бай деген мемлекеттердің өзі дағдарыстың салдарынан үлкен қиыншылыққа ұшырап, жұмыс орындарын жауып, зейнетақы мен жалақыны төмендетіп жатыр. Ал біз сол қиындықтарға қарамастан, халықтың тұрмысын ұдайы көтеріп келеміз. Экономиканың жылдық өсімі соңғы үш жылда орташа алғанда 5 пайыздан асып түсті. Мына заманда бұл ең жоғары көрсеткіш болып саналады. Жақында Парижге барғанда біздің осындай көрсеткіштерге жеткенімізді айтқанымызда, ондағылардың барлығы мұны өте жоғары көрсеткіш ретінде бағалады.
Бұдан әрі Елбасы соңғы жылдары 550-ден астам индустриялық нысанның іске қосылғанын, осыған орай 100 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнының ашылғанын, халықтың жан басына шаққандағы орташа нақты кірісі 4,1 есеге өскенін жеткізді. Әлемде мұндай табысқа қол жеткізіп отырған елдер көп емес. Осы жерде Нұрсұлтан Назарбаев: “Осының барлығы мемлекеттің дұрыс саясатының, халқымыздың еңбекқорлығының, бекем бірлігінің, мемлекеттік қызметкерлердің жүйелі жұмысының нәтижесі деп білемін”, – деп ойын түйіндеді. Бұл жергілікті ауыл, аудан, қала әкімдіктерінен бастап, барлық деңгейдегі мемлекеттік қызмет жүйесінің бірлесе атқарған жанды жұмыстарының арқасында мүмкін болып отыр. Әрине, жұмыс болғаннан кейін сын айтылып жатады. Ол солай болуға тиіс те. Қазақта “Сын түзелмей, мін түзелмейді” деген нақыл бар. Алайда, біздің осы уақытқа дейін қол жеткізген жеңістеріміз бен табыстарымыз ешқандай дау тудырмайды. Дегенмен, солай екен деп тоқмейілсуге тағы болмайды. Осы ойды жалғастырған Мемлекет басшысы келесі кезекте: “Біздің мойнымызда елдің тағдыры мен халықтың әл-ауқаты үшін зор тарихи жауапкершілік бар екенін білесіздер”, – дегенді айтты.
Қазақстанның таяу арадағы әлемдік деңгейдегі ірі табыстарының бірі 2017 жылы Астанада EXPO көрмесін өткізуге қол жеткізу болғанын атап өткен Президент оның маңызының ерекше екеніне тоқталды.
– Менің байқауымша, әлі көптеген қазақстандықтар бұл жеңістің шын бағасы мен салмағын толық дәрежесінде түсіне қоймаған сияқты, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Бұл халықаралық тұрғыда тәуелсіздік жылдарында Қазақстанның қол жеткізген ең жоғары жетістігі болып табылады. Жиынға әлемнің барлық дерлік түкпірінен өкілдер қатысты. Ұйымға 161 мемлекет мүше болып табылады. Олардың барлығы басқосуда Қазақстанның жайын талқыға салды. Астананың мүмкіндігін жан-жақты қарастырды. Ақырында басым бөлігі халықаралық көрмені өткізу үшін Астананы саналы түрде таңдады. Біріншіден, олардың осы мойындау фактісінің өзі өте-мөте маңызды. Екіншіден, 100-ден астам ел өздерінің павильондары құрылысын салу үшін елордаға арнайы келеді. Ал, үшіншіден, бұл жаңа технология, іс жүзінде үшінші индустриялық революция “жасыл экономиканы” дамытудан басталады. “Жасыл экономика” мен экологиялық қағидаттар орын алған жерде жаңа технологиялар қолданылады. Бұл біздің еліміз үшін экономикалық дамудың белесіне бастайтын бетбұрыс бекеті болмақ. Көрме еліміз үшін аса маңызды іс-шара ретінде қабылданады. Біздің елордамызда ғылым мен техниканың ең үздік әлемдік жетістіктері көрсетіледі. Көптеген қазақстандықтар біз ұмтылып отырған “болашақтың экономикасын” өз көздерімен көреді. Ал көрме үшін салынған ғимараттардың барлығы да бізде қалады.
Мемлекет басшысы EXPO-ға арнап салынған бұл нысандардың кейін зертхана, ғылыми парк ретінде халыққа қызмет ететінін жеткізді. Ол осы көрмеге байланысты алдағы 5 жылда барша әлемнің Қазақстан жайында ұдайы сөз қозғап тұратынына назар аударды. Осының өзі біздің еліміз үшін маңызды шара болмақ. Аталмыш көрмеге жер бетіндегі өркендеген елдер өздерінің ең озық технологияларын әкеледі. Соның бәрі мыңдаған қазақстандықтың көзайымына айналады. Оны көрген отандастарымыз үлкен өнеге алады, болашақтың экономикасын өз көздерімен көреді. Мұның бәрі, айналып келгенде, біздің еліміздің дами түсуіне, азаматтарымыздың ғылыми әлеуеті артуына әсер етеді. Ең бастысы, жұртымыздың білімге, ғылымға ұмтылысын өсіре түседі. Біздің бәріміз үшін бұл көрме Қазақстанның әрбір өңіріне пайда келтіретін мегажоба болуға тиіс. Ол, сонымен бірге, мемлекеттің инновациялық дамуына қарқынды серпін береді.
– Алайда, бұлардың бәрі біздің жеңістің буына мастануға себеп бола алмайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Біз мемлекеттік аппараттың барлық ресурсын қарапайым адамдардың игілігі жолындағы күреске жұмылдыра білуіміз керек.
Біз тап осыған байланысты менің биылғы жылы халыққа жолдаған Жолдауымда айтылған реформаларды жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Біріншіден, мемлекеттік қызметтің тиімділігі түбегейлі түрде артатын болады. Бұл – тікелей сіздерге қатысты мәселе. Осы мақсатта кәсіби басқарушылар корпусы жасақталады. Саяси мемлекеттік қызметшілердің саны 8 есеге қысқарады. Мемлекеттік қызметте мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен олардың орынбасарлары ғана қалады. Министрдің, жауапты хатшының, әкімнің, аппарат жетекшісінің өкілеті нақты шектеліп көрсетіледі. Министрлер мен әкімдер кадр мәселесімен және өздері пайыздық үлес алуға мүдделі орталықтан берілген қаржыны бөлумен әуестеніп кетпей, салалық және өңірді дамыту саясатымен түпкілікті айналысулары тиіс.
Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев “А” корпусына кадрлар резервін іріктеп алу үшін Президент жанынан ұлттық комиссия құрылатынын айтты. Бірақ жаңа корпус қандай да бір ерекше элиталы топ болмайды. Онда халықтың мүддесін жан-жақты қорғай алатын мемлекеттік қызметшілер қызмет етеді. Ал іріктеу барынша қатаң және ашық қалыпта, адамдардың кәсіби іскерлік сапасына қарай жүргізіледі. Осыны ескертіп өткен Мемлекет басшысы министрліктердегі жауапты хатшылардың аймақтардағы тұрмыстіршіліктен хабары бар, мемлекеттік тілді білетін тәжірибелі мамандар болуы керек екеніне назар аударды. Олар, сонымен қатар, өздері жұмыс атқарып отырған саланы өте жақсы білулері тиіс. Ал аудандар мен қалалардың әкімдерінің орталық және облыстық мемлекеттік органдарда еңбек өтілі болуы тиіс. Бәрін ретке келтіру және дайындау үшін жарты жылдай уақыт бар. Әлбетте, олардың өздеріне сеніп тапсырылған учаскедегі жұмыстарының нақты нәтижелері бірінші кезекте ескеріледі.
– Мен мұны былай айтар едім. Қызметтің биік баспалдағымен тек сыннан өткен кәсіби кадрларды ғана өсіру керек, – деді Елбасы осы ойды жалғастыра отырып. – Ал бізде қалай? Жаңадан әкім келеді, жаңадан министр келеді. Тағы да сапырылыс басталады. Содан кейін жаңа адамдар келеді. Ертең сайлау болғанда басқа басшылар келеді. Содан соң олар тағы да өзгертеді. Дүниежүзінде мұндай тәртіп жоқ. Аппарат жұмыс істеуі керек. Сайлаумен, саясатпен шұғылданатындар өзгеріп отыруы керек. Сонда ғана тұрақтылық болады. Әр жұмыстың тарихын білу керек. Кеше не істелді, бүрсігүні не істеледі, одан кейін не істеледі? Егер шетелдердегі министрліктерде істейтіндерді қарасаңыздар, олар өмірбақи сонда жұмыс іс-тегендерден құралады. Бізде болса, жұмыс істеп отырған адамдарды жұлып алады да, орнына өзінің жақындарын, жақтастарын қоя салады. Содан кейін жұмыс ақсайды. Мұның бәріне тыйым салу керек.
Бүгінде біздің кейбір аудандар мен қалаларда он жылдай әкім болып отырған кадрлар да бар. Рас, мұнда тұрған ешбір жамандық жоқ. Егер жұмысты дұрыс атқара білсе, тіршілігінде тоқырау орын алмаса, неге жемісті қызметін жалғастыра бермеске?! Дегенмен, өзі басқарып отырған ел мен жерге зәредей пайдасы тимесе де, орнынан тапжылмаған әкімдер де кездеседі. Мемлекет басшысы шешімді түрде ондайлардан құтылу керектігін айтты. Өздерінің шамасын олардың өзі де білгендері дұрыс. Сол себепті басқа жұмысқа ауысуға әрекет жасасын немесе қызметінен өз еркімен кететін болсын. Бүгінгі талап осындай. Президент осылар жайлы әңгіменің арқауын тарқата келіп, әкімдердің жыл сайын өз орындарына лайықты екендіктерін дәлелдеп тұрулары керектігін тілге тиек етті. Ол, сонымен бірге, шынайы жұмыс орны әкімдердің, Үкіметтің барлық бағдарламалық жұмыстарының нақты көрсеткіші болып табылатынына ерекше екпін түсірді.
– “А” корпусына кіру ешкімге де артықшылықтар бермейді. Бағалау жүйесі арқылы өзіңнің құзыретіңді жыл сайын дәлелдеуің керек, ал әкімдерді бұған қоса рейтинг арқылы, менің Жарлығыммен бекітуді тапсырамын. Мемлекеттік органдар арасында мемлекеттік қызметшілердің конкурстан тыс орын ауыстыруы мейлінше азайтылуы керек. Мемлекеттік қызметте нағыз лайықтылар ғана қалулары қажет, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы осы ойдың тұжырымында. – Бірақ бұл сіздердің барлығыңыз жаман жұмыс жасап жатырсыздар деген де сөз емес. Егер замана талабына ілесе алсаңыздар, қазіргі бәсекелестікке төтеп бере алсаңыздар, сөз басқа. Бұл – бір. Екіншіден, жергілікті әкімдер Үкіметпен бірге өзі басқаратын өңірде ұдайы жаңа жұмыс орындарын ашып отыратын болуы керек. Бұдан басқа, инвестиция тарту, тұрғындардың табысын арттыру, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашу әкімдер қызметінің өлшемі болып табылады. Жұртшылықты еңбекпен қамту жергілікті басшылық жұмысының басты көрсеткіші болып қала береді. Біздің индустрияландыру, жұмыспен қамту, орта және шағын бизнесті дамыту сынды бағдарламаларымыз кез келген мамандық иесінің жұмысқа орналасуына мүмкіндік береді. Осымен пәрменді түрде шұғылдану керек. Қазір бізде жұмысшы кадрлары жетіспейді. Тек біліктілікті жетілдіру керек. Сондықтан мен Президент Әкімшілігіне бұл мәселені әкімдердің рейтингтерін анықтайтын жайттар тізіміне кіргізуді тапсырамын.
Нұрсұлтан Назарбаев бұл тұрғыда әлемдік тәжірибеден үйренуге кеңес берді. Тым болмағанда, Кеден одағы төңірегіне үңілейікші. Ресей Федерациясының Калуга облысы өткен бес жылдың ішінде 5 млрд. доллар инвестиция әкеліпті. Бірте-бірте ілгері жылжи отырып, олар өңірде бизнеске қолайлы ахуал туғызған. Бізде де әкімдері жаңа салаларды игеріп отырған облыстар жеткілікті. Мысалы, Павлодар облысында пестицидтер, пластмассалық бұйымдар, хлор және каустикалық өткір сода шығаратын жаңа химиялық өндірістер ашылған. Рас, бұл тындырымды іске облыс әкімінің де, орталықтың да қатыстары бар. Сол сияқты, Қарағанды облысында машина жасау ісі дамып келеді, Шығыс Қазақстан облысында автомобиль өндірісі жолға қойыла бастады. Ал Қарағанды облысының инвестициялық форумы тағы 2 млрд. доллар көлемінде қаржы тартуға болатынын көрсетіп отыр. Басқалар неге осыны жасамайды? Өңірлердің өркендеуіне орталық та, министрліктер де көмектесуге тиіс.
– Міне, осы жұмыстарды дұрыс түсініп, алып кететін адамдар болуы керек. Жарайды, әкім тиісті учаскеге жалпы басшылық жасайды дейік, ал оның жанында осының бәрін түсінетін, ұйымдастыратын мамандар болғаны жөн, олар шетелдерге шыға алатындай қабілетті болсын, – деді Елбасы сөзін жалғай келіп. – Қысқасы, орталықтан не келеді деп күтіп отыра бермей, аянбай ертелікеш жұмыс істеу керек. Ал бізде таза бюджетке отырып алған облыстар бар. Мәселен, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына 3 жылдың ішінде баржоғы 60 пайыздық трансферлік өсімімен 550 мың доллар шетел инвестициясы әкелінген. Қараңыздар, Қостанай облысы да, Солтүстік Қазақстан облысы да тура Кеден одағының шекарасында тұр. Бұл одақта жұмыс жасап келе жатқанымызға екі жыл болды, сонда әлі ештеңе істей алмаппыз. Нағыз шекарада отырып инвестиция тарта алмауды қалай түсінуге болады? Өңірлердің инвестиция тартуға қызығушылығын тудыру үшін не істеуге болатынын Үкімет ойластыруы керек. Мен осы орайда өзім орнатқан жер қойнауындағы байлықтарды пайдалануға қойылған мораторийді алып тастаймын. Әлдеқандай бір байлық түрі бойынша облыстарға мүмкіндік берген дұрыс. Егер облыстар кен орындарына инвестиция тартатын болса, олардың қызығушылығын арттыру үшін табыстың бір бөлігін соларда қалдыру керек. Үкіметке бұл мәселені зерттеуді және өңірлермен келісе отырып ұсыныстар енгізуді тапсырамын.
Президент осы жерде мемлекеттік қызметшілер мен барлық бюджеттегілер қызметінің негізгі көрсеткіші халыққа сапалы қызмет көрсетуден танылатынын атап өтті.
– Мемлекеттік қызметшінің лауазымы “қызметші” деген сөзден туындайтынын әрдайым айтып жүрмін, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Алайда, көп шенеуніктер, университет ректорлары, мектептің, тіпті, балалар бақшаларының меңгерушілерінің өзі креслоға отырып алса, халық қызметшілері екендіктерін ұмытып, өздерін тәңірдей сезінеді. “Президенттің бизнесті қорғауы” атты менің сайттағы бөліміме шенеуніктердің сөзбұйдалығы мен енжарлығы туралы мыңдаған шағым келіп түсуде. Адамдар Конституция кепілі ретінде жер дауын реттеу, құрылыстың қалған бөлігін бітіруге көмектесу және басқа да мәселелер бойынша қарапайым өтінішпен маған шығуға мәжбүр болуда. Бұдан адам, тіпті, жәй мәселені жергілікті деңгейде шеше алмайтыны белгілі болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.
Нұрсұлтан Назарбаев өңірлерге елеулі қаражат бөлінгенін, бюджеттегілердің еңбекақысы артқанын, мектептер, балабақшалар, ауруханалар салынып жатқанын, алайда, қызмет көрсету деңгейі бұрынғыдай төмен күйінде қалғанын атап көрсетті.
– Егер мұғалім уақытының үштен бір бөлігін есеп жазуға арнаса, онда білім беру саласының сапасы туралы не айтуға болады? Бұл жағдай дәрігерлерге де қатысты. Маған баяндалғандай, Білім және ғылым министрлігінің бір департаменті үшін өңірлер 300-ден астам есеп түрін толтырады екен, – деді Президент. – Осындайды толтыру үшін тек бір облыстағы мектептер мен балабақшалар 100 мыңнан аса есеп жазып ұсынуға мәжбүр болады! Бұған бір жарым-екі ай уақыт кетеді. Сонда олар қашан жұмыс істейді? Есеп тонналап келеді, ал істің нақты жағдайы еш өзгермейді. Дәрігерлердің адам емдеуіне, мұғалімдердің бала оқытуына мүмкіндік беру қажет. “Мемлекеттік қызмет көрсету туралы” заң жобасын Парламентке енгізу туралы менің тапсырмам әлі күнге орындалған жоқ. Соңғы мерзім – екі апта беремін. Президент Әкімшілігі Үкіметпен бірлесіп, заң жобасын енгізуі қажет.
Мемлекет басшысы ауыл әкімдерінің қызметіне қоғамдық бақылау құру қажеттігіне тоқталды.
– Бүгінде кейбіреулер тек мемлекет қана өмір сүруге қолайлы жағдай жасайды, жемқорлықпен күрес жүргізеді, мәдениетті арттырады деп санайды, – деді Нұрсұлтан Әбішұлы. – Сонымен бірге, бұл мәселеге жергілікті органдар жауап беруі тиіс, халықты да қатыстыру қажет. Жергілікті жерлердегі өзекті мәселені шешу жөнінде шешім қабылдауға, жергілікті билік органдарының жұмысына бақылау жүргізуге азаматтардың өздері атсалысатын кез келді. Қазіргі уақытта аудандар мен қалалардың әкімдері мәслихаттардың келісімімен тағайындалады. Жергілікті өкілетті органдардың рөлін одан әрі арттыру үшін біз мәслихат арқылы төмен деңгейдегі ауыл әкімдерінің сайлауын енгіземіз. Бұрын жергілікті өзін-өзін басқару реформасы тежеліп келді. Облыс әкімдері бюджетті ауылдық деңгейге берген жоқ. Тиісті министрліктерге ауыл әкімдіктеріне қажетті қаражат пен штатты беруді қамтамасыз етуді тапсырамын.
Сөзінің орайында Президент жергілікті өзін-өзі басқару жүйесін дамытудың тұжырымдамасына қол қойғанын мәлімдеді. 2013 жылдың 1 ақпанына дейін оны жүзеге асырудың нақты индикаторлары белгіленген шаралар жоспарын бекіту қажет. Осылайша, біз мемлекеттік аппараттың жұмысын түбірімен жақсартатын, түптеп келгенде, халықтың әл-ауқатын арттыратын маңызды реформаларға кірісеміз. Олардың жүзеге асырылуы Елбасының жеке бақылауында болады. Жүргізілетін жұмыстарды қарапайым азаматтарға ұғынықты етіп түсіндірудің және жеткізудің маңызы өте зор. Онымен мемлекеттік органдардың басшылары, әкімдер мен депутаттар, “Нұр Отан” партиясы, Қазақстан халқы Ассамблеясы, қоғамдық ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдары айналысуы тиіс.
Бұдан кейін Мемлекет басшысы бірқатар облыстар әкімдеріне сөз берді. Бірінші болып мінбеге көтерілген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің сөзінде Елбасының тапсырмасы бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың қазірдің өзінде нәтиже бере бастағанына тоқталды.
– Соңғы үш жыл ішінде облыстағы өндірістің өсімі 60 пайызды құрады және соның арқасында барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер алдыңғы жылғы деңгейден асып түсті, – деді ол. – Сонымен қатар, аталған кезеңде облыста шамамен 50 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды, тиісінше, жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Тартылған инвестициялар көлемі облыста 70 пайызға артты. Атап айту керек, соңғы 10 жылда Ресей мен Шығыс Қазақстан арасындағы тауар айналымы 1,1 миллиард долларды құрады. Шағын және орта бизнесті дамытуға жағдай жасалды, оған қазір халықтың 25 пайызы тартылған, бюджетке түсімнің 19 пайызы осы саланың үлесіне тиесілі.
Павлодар облысының әкімі Ерлан Арын облыста өңірлік жалпы өнімнің еселеп асқанын және бүгінде 1,6 триллион теңгені құрап отырғанын баяндады. Халықтың жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім деңгейі биыл 13,2 мың долларға жеткен, алдағы үш жылда бұл көрсеткішті 15 мың долларға дейін жеткізу жоспарлануда. Экономиканың бәсекеге қабілеттілігі артуы инвестициялық тартымдылыққа да әсерін тигізді. Шетелдік инвестициялар осы жылдың соңғы 10 айында 20 миллиард теңгеден асып түсті. Өңірде жүз шақты бірлескен кәсіпорын белсене жұмыс жүргізіп жатыр. Биылғы 9 айда облыстың ішкі сауда айналымы 3,5 миллиард АҚШ долларынан асты, Ресеймен арада ол – 2 есе, Беларусьпен арада 3 есе артты. Ресейдің шекаралас өңірлерімен ынтымақтастықтың ауқымы мен түрлері кеңейе түсуде. Бұған қоса, ынтымақтастық деңгейін Ресей мен Беларусьтің барлық өңірлеріне ұластыруға бағыт ұсталды. Бүгінде облыста өңіраралық ынтымақтастықтың өзіндік “Жол картасы” қалыптасып келеді, бұл міндетті орындауға жауапты мемлекеттік органдар анықталды.
Павлодар облысының әкімі, сонымен қатар, облыста индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында 174 жоба іске асырылып жатқанын айтты. Бұл 10300 қосымша жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді. Тек Ресеймен арадағы биылғы экспорт-импорт қарқыны 2,1 миллиард долларды құрады. Осы орайда Мемлекет басшысы Кеден одағы аясында елімізге келетін импорт мөлшері артқан жағдайда облыстардың индустриясыздану ықтималдығы бар екенін атап өтті.
– Бұл бәріңізге қатысты. Мұны бәріңіз қадағалауларыңыз керек. Бұл – біздің тауарларымыз бәсекеге қабілетсіз деген сөз, біз сатпаймыз, тек сатып аламыз. Біздің кәсіпорындарымыз бірте-бірте тоқтап қалуы мүмкін. Бізге бүкіл әлеммен бәсекелес болуға тура келеді. Ең алдымен, Кеден одағы аясында жұмыс істеп үйрену қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті министрліктер мен ведомстволардың жергілікті жерлердегі өкілдіктерінде 44 мың адам жұмыс істейтінін, барлық әкімдердің аппараты 36 мың адамды құрайтынын атап өтті. Мұндай теңгерімсіздік атқарылатын қызметтің қайталанатынын және орталық атқарушы органдар жұмысының тиімсіздігін аңғартады. Нұрсұлтан Назарбаев министрліктер мен жергілікті атқарушы органдардың қызмет саласының ара-жігін ажырату қажеттігін атап көрсетті.
Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев екі қала мен 12 аудан орталығына газ тарту нәтижесінде облыс тұрғындарының 85 пайызы газды пайдаланып отырғанын атап өтті. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қамтамасыз ету 95 пайызды құрайды. Индустрияландыру бағдарламасы аясында 31 жоба іске асуда. Қазір олардың 24-і іске қосылды, қалғаны бекітілген жоспарға сәйкес аяқталатын болады. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында белсенді жұмыс жүргізіп жатқан 25 мың субъект бар, оған 92 мың адам тартылған. “Бизнестің жол картасы – 2020” аясында жалпы сомасы 23 миллиард теңгені құрайтын 161 жоба мақұлданды. Қазақстан Кеден одағына өткеннен кейін облыстың Ресеймен, Беларусьпен сауда айналымы 25 пайызға өсті. Украина, Беларусь, Ресей зауыттарының өкілдері шығарылатын ауыл шаруашылығы техникасын саудалау үшін бүгінде Оралдан сауда үйін ашты. Болашақта оны жергілікті жерде құрастыру жоспарланып отыр. Батыс Қазақстан облысының әкімі, бұған қоса, Ресей мен Беларусьтің бизнес-қауымдастығымен бәсекеге қабілетті болу үшін мемлекеттік қолдау шаралары кәсіпкерлерге елеулі мүмкіндік беретінін жеткізді.
Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Асқар Мырзахметов мемлекеттің қолдауымен облыста ауыл шаруашылығы өндірушілері азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын мәлімдеді. Облыста 2 миллион 300 мың тонна бақша және жеміс-жидек өнімдері жиналды. Мұның өзі өнімдерді Қазақстан өңірлері мен Кеден одағы елдеріне экспорттауға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қолдаумен жалпы өңірлік өнім көлемі 2 есе өсті және 1,27 триллион теңге болды. Облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуына мемлекеттік жұмыспен қамту, бизнесті қолдау, индустриялық-инновациялық даму бағдарламалары оң әсер етті, деді ол. Мысалы, 2010 жылы облыста 7 жоба іске асырылса, оның саны 2011 жылы – 24, 2012 жылы 29 жобаға жетті. Іске асырылып жатқан жобалардың жалпы саны – 114. Нәтижесінде 15 мың жұмыс орны ашылды. Сондай-ақ өңірде жұмыспен қамту және “Бизнестің жол картасы” бағдарламаларын іске асырудың қорытындысы бойынша 3 жылда 90 мың жаңа жұмыс орны қатарға қосылды.
Осы орайда Мемлекет басшысы Үкіметке нысандарды Индустрияландыру картасына қосу барысындағы есеп беру саласына тәртіп орнатуды және сондай-ақ бюджет қаражатын игере алмау мәселесі бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшілерін анықтап, қатаң шара қолдануды тапсырды. 2012 жылдың 1 қарашасына дейін игерілмеген бюджет қаражатының жалпы сомасы 143 миллиард теңгеге жеткен, бұл – облыстың жылдық бюджеті дерлік сома.
Нұрсұлтан Назарбаев жинақтаушы өндірістен толыққанды өндіріс және біртұтас салалар циклына өту қажеттілігін атап көрсетті. Мемлекет басшысы идеологиялық тәрбиелеу және жастар саясатын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.
Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы әлеуметтік даму, азаматтардың әл-ауқатын көтеру, жастар саясаты және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша нақты тапсырмалар берді.
(“Егемен Қазақстан” газеті,
2012 жылғы 29 қараша).