«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ТАРИХИ ТАҢДАУ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,

Қазақстан Республикасы

Президенті Кеңсесінің бастығы.

Бұл күн кездейсоқ таң­далма­ды. Сонау 1991 жылы осы күні қазіргі Қазақстанның тарихында алғаш рет тікелей бүкілхалықтық президенттік сайлау болып өтті.

Қазақстанда президенттік инс­титут Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі Нұрсұлтан Назарбаевты рес­публика Президенті етіп сай­лаған 1990 жылдың сәуірінде-ақ құ­рылғаны белгілі.

Алайда­, Президенттің мәрте­бе­сі бірқатар шектеулермен тұсаулы болатын. Мәселен, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған “Қазақ Ке­ңестік Социалистік Республикасы­ның Мемлекеттік егемендігі туралы” Декларация мемлекеттік би­ліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөліне­тін­дігі туралы маңызды қағидатты атап көрсеткенімен, Мемлекет бас­шысы деп жарияланған Президент қолына тек өкімдіатқарушы би­лік­ті ғана алды да, заң шы­ға­рушы биліктің басымдығы ретінде Жо­ғар­ғы Кеңес, Президентті қай­та сай­лау құқығын қоса алғанда, едәу­ір ке­ңі­рек өкілеттіктерге ие болды.

 

Оның үстіне, басты бөгесін Пре­зидентті халық емес, Жоғарғы Кеңестің (яғни, таңдаушылардың) сайлауы еді. Бұл жағдай Н.Ә.На­зар­баев президенттігінің демокра­тияға және заңға сай еместігі туралы көптеген кінә артушы­лық­тарға себеп болды, ал ең бастысы – күйретуші бағыттарды ауыз­дық­тап, реформаларды жігерлі жүргі­зуге қолбайлау жасады.

Жағдайды өткір сезіне білген Нұрсұлтан Әбішұлы өз өкілет­ті­гі­нің аяқталуына үш жылдан астам уақыт қалғанына қарамастан, 1991 жылдың көктемінен бастап-ақ пле­бисцит идеясын табанды­лық­пен көтере бастады.

1991 жылдың 28 маусымында (бұл күні баспасөзде Егеменді кеңестік республикалардың одағы туралы шарттың жобасы жарияланып, талқылана бастаған) Президент Н.Ә.Назарбаев Жоғарғы Ке­ңестің сессиясында депутаттарға тікелей президенттік сайлау өткізу туралы мәселені қарауды ұсынып, сол арқылы депутаттарды ашық әңгімеге шақырды. Депутаттар мә­селені талқылады, бірақ Жо­ғарғы Кеңес мүшелері мен республика азаматтарының арасында Пре­зи­дентке деген сенімнің сон­шалықты жоғары болуына байланысты ті­ке­лей президенттік сайлау өткізудің қажеті жоқ деп, қол­дау білдіруден сыпайы ғана бас тартты.

“Бақыт болмас па еді, бірақ ба­қытсыздық жол ашты” деген мә­тел бар. Маңызы одан да кем емес драмалық оқиғалардың тіз­бе­гіне алып келген Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің 1991 жылғы тамыз бүлігі (жаңа Одақтық шартқа қол қоюды болдырмай қою, Коммунистік партия­ның қызметіне тыйым салу, КСРО-ның республиканың аума­ғында орналасқан стратегиялық объекті­ле­рі мен ресурстарын Қа­зақ­стан­ның заңды иелігіне аудару, Қа­зақ­стан Компартиясының соңғы съезі, т.с.с.) мәселені төтесінен қой­ды.

1991 жылғы 16 қазанда Жо­ғар­ғы Кеңес президенттік сайлау туралы мәселеге қайтып оралды жә­не бұл жолы ол жөнінде оң шешім қабылдады. Нәтижесінде, 1991 жыл­ғы 16 қазандағы “Қазақ КСР Президентін сайлау туралы” Қа­зақ КСР-нің Заңы мен “Қазақ КСР Президентін сайлауды тағай­ын­дау туралы” Қазақ КСР Жо­ғар­ғы Кеңесінің қаулысы қабыл­да­нып, 1991 жылдың 1 желтоқсанын сайлау күні етіп белгіледі.

Осылайша Қазақстанның тарихында Президентті баламалы не­гізде тікелей бүкілхалықтық сай­лауға алғашқы қадам жасалды.

Естеріңізге сала кетейік, сол сай­лауда Мемлекет басшысының ор­нына үш үміткер ғана болды: Нұрсұлтан Назарбаев, Олжас Сү­лейменов және Хасен Қожа-Ах­мет. Кейіннен О.О.Сүлейменов Н.Ә.На­зар­баевты қолдап, өзінің кан­дид­а­турасын алып тастайтынын мәлім­деді, ал Х.Қожа-Ахмет сайлаушы­лардың қажетті мөл­шер­дегі қолын жинай алмады да, осыған байла­ныс­ты ОСК оны тіркемеді.

Осындай жағдайда Нұрсұлтан На­зарбаев іс жүзінде баламасыз үміткер болып қалды. Сол себепті, Нұрсұлтан Әбішұлына жұртшылықпен әр кезде­суін оның қажеттілігі туралы уәж айту­мен бастауына тура келді.

Осы сайлауға бастамашылық жасай отырып, ол қиын-қыстау кезеңде халық құптай қоймайтын қадамдарды жүзеге асыруда батыл әрекет етуі үшін Пре­зи­дент бүкіл халықтың атынан өкілет­тік­ке ие болуы тиіс деген сенімде болды. Ал бұл еркін бағаларды енгізу, жеке­шелендіру, жұмыссыздыққа алып ке­летін шығынды кәсіпорындарды жабу, нарыққа байланысты басқа да шаралар еді. Осы жағдайларда Президент бүкіл халықтың сенім мандатына ие болғанда ғана реформаларды батыл жүргізе алады.

Бүкіл халық болып сайлаған жағ­дай­да Президент көпұлтты республи­ка­ның барлық этникалық топтарының жаппай қолдауына ие болып, тиісінше біреулерінің мүдделерін ескерусіз қал­дырды деген айыптаудан қауіптен­беуі­не болатындығы туралы деректің маңызы да одан еш кем емес еді.

Сондай-ақ Президентті бүкіл халық сайлаған жағдайда әлемдік қоғам­дас­тық алдындағы республиканың демо­кра­тиялық беделі елеулі түрде өсе тү­сер еді.

“… Және ең соңғысы. Бүкіл­ха­лық­тық сайлау туралы мәселені көтеруде менің өзіндік жеке себептерім де болып еді, – дегенді оқимыз біз Елбасының сол күндердегі қолжазбаларының бірі­нен. – Адам ретінде Сіздер мені түсі­не­сіздер деп ойлаймын. Бүгінде тәжірибе ала бастаған кейбір жаңа саяси қоз­ға­лыс­тардың өз күштерін Президентті өткір сынау арқылы байқап көретіндері еш­кімге де жасырын емес. Өкінішке қа­рай, олардың энергиясы кейде арна­сы­нан асып кетіп те жатады. Саяси қызу­қан­дылық кезінде біреулердің өрескел айыптаулар ұсынатыны соншалық, оларды сандырақ демеске шараң жоқ. Оның үстіне, олар бір-бірін жиі жоққа шығарып та жатады. Мәселен, бір жа­ғынан Назарбаев қазақ ұлтының мүдде­лерін сатып жатыр, ол “Мәскеудің қолы” және т.с.с. деген дауыстар шы­ғып жатады. Екінші жағынан, Назар­баев – пантүркизм идеясының жақтау­шысы, “Түркістан конфедерациясының сәулетшісі” деген сөздер естіліп қа­ла­ды. Мұндай пікірлердің шынайы саяси астары жөнінде жақсы хабардар бол­ған­дықтан, әрине, ондай айыптауларды елемеуге де болушы еді. Бірақ толық сенімді болу үшін біздің таңдаған мақ­саттарымыз бен оларға жетудің құрал­дары жөнінде бүкіл халықтың пікірін білу керек”.

Сайлаушылардың көптеген сұрақ­та­ры­на нақты әрі түсінікті жауаптар көп ұзамай Нұрсұлтан Назарбаевтың ха­лыққа жарияланған сайлау алдындағы бағдарламасында берілді. Тұтасымен алғанда, олар мыналар еді деуге болады:

1. Біздің өркениетті қоғамға ілге­рі­леуіміздің басты тетіктері – мем­ле­кеттік егемендікті іске асыру, бәсеке­лес­тік пен меншіктің алуан түрлілігіне негізделген әлеуметтік нарықтық эко­но­миканы қалыптастыру, сондай-ақ өмір­дің басқа да жақтарын терең ре­фор­малау мен демократияландыру. Қа­зақстанның мемлекеттік егемендігін нақты мазмұнмен толтыру – прогрес­шіл өзгерістер мен республиканың бүкіл халқының әл-ауқатын арттыру­дың аса маңызды шарттары.

2. Қазақстанның егеменді тәуелсіз мемлекеттердің достастығында болуы оның көпұлтты халқының мүдделеріне жауап береді. Тап сондықтан да бола­шақ саяси одақтың қалыптасуына көп күш-жігер жұмсалуда.

3. Бұрынғы оқшаулықты жеңіп, әлемдік қауымдастыққа ену – рес­пуб­лика дамуының тағы бір маңызды шар­ты. Қазақстанның сыртқы саяси бағы­тының басты бағыттары барлық көр­шілерімен және шет мемлекеттермен достық қатынастарды нығайту, бір­ың­ғай еуразиялық экономикалық, интел­лек­туал­дық және мәдени кеңістікті қа­лып­тастыруға белсенді қатысу, мем­ле­кеттік және аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету, республиканың аумағы мен экономикасын демилитаризациялау.

4. Нарықтық қатынастарға көшу – біздің стратегиямыз бен экономикалық дамуымыздың шешуші бөлігі.

Адамдар әлеуметтік масылдық пи­ғылдан арылып, өзінің халахуалына жауапкершілікті сезініп, іскерлік пен іске деген шалымдылығын белсендірек танытулары үшін ауылдағы жер және өндірістік қатынастарды реформалау­дың қарқынын арттыру, жеке кәсіп­кер­лікті қолдап, нарықтық тетіктерді тезі­рек жасау және іске қосу маңызды. Мем­лекеттің тікелей қорғауында негізі­нен қоғамның еңбекке қабілетсіз және тұрмысы төмен мүшелері, ең алдымен соғыс және еңбек ардагерлері, жастар, балалар мен мүгедектер қалады.

Зейнетақымен қамтамасыз ету сала­сында нарыққа көшудің теріс зардап­тарын азайтып, тұтыну нарығын тауар­лар­мен және азық-түлікпен тұрақтан­ды­ру мен толтыру, денсаулық сақтауға, халыққа білім беру мен мәдениетке қол­дау көрсету жөнінде іс-шаралар қабылдау қажет.

Экономиканы түбірінен құрылым­дық қайта құру Қазақстанды шикізат шылауынан жоғары техноло­гиялы және ғылымға арқа сүйейтін, ұтымды ауыл шаруашылығы мен қызмет саласы бар мемлекетке айналдыруы тиіс.

5. Қазақстанда айрықша алаңдатар­лық­тай экологиялық ахуал қалыптас­қан. Президент Жарлығымен қазақ же­рінде ядролық қаруды сынау тоқтатыл­ды. Арал мен Семей өңірлерінің, өн­діріс орталықтарының проблемаларын кешенді шешуге, табиғат байлықтарын, әуе және су бассейндерін күзетуге мем­лекеттік органдардың, ғылыми және медициналық мекемелердің күш-жігері шоғырландырылатын болады. Эколо­гия­лық апаттарды жоюға халықаралық ұйымдарды, ғалымдар мен іскерлік топ­тарды тарту үшін мүмкін болғанның барлығы да жасалады.

6. Саяси жүйе мен мемлекеттік құрылымдар тиісінше реформалан­­байын­ша, елеулі экономикалық өз­ге­ріс­тер мүмкін емес.

Осыны сезіне отырып және Пар­ламентпен, тұрақтылықты, азаматтық және ұлтаралық келісімді жақтайтын барлық қоғамдық қозғалыстармен және партиялармен өзара бірлесе әре­кет жасау арқылы мен Қазақ­станда күшті және ұтымды атқарушы билік заң шы­ғарушы және сот биліктерімен дұрыс үйлесім табатын, ал адам құқығына сенімді кепілдік берілетін шынайы демократиялық құқықтық мемлекет орнығуына қол жеткізетін боламын.

7. Мен үшін жақсы ұлтаралық қа­тынастарды, халықтар арасында сенім мен достықты сақтаудан өзге маңызды міндеттер болған емес және болмайды да. Онсыз біз ештеңеге қол жеткізе ал­маймыз. Ұлттық мемлекеттікті нығай­ту, қазақ ұлтының тағдыры үшін өз жауапкершілігімді түсіне отырып, мен оның мәдениетін, тілі мен тарихын қайта өркендетуге ұдайы қамқорлық танытатын боламын. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Дек­ла­рацияға сәйкес, бір мезгілде респуб­ликада оның барлық азаматтары үшін және мәдениетінің, тілдері мен дәстүр­лерінің дамуына тең жағдайлар жа­салуы үшін барлық күш-жігерімді жұмсаймын.

8. Терең өзгерістердің іске асы­ры­луы олардың қажеттілігін бүкіл қоғам­ның, оның әрбір адамының түсінуін, ыждағатты еңбекті, жоғары тәртіп пен ұйымшылдықты талап етеді. Өз қыз­метімде мен Қазақстанның көпұлтты халқына, олар сайлаған халық билігі ор­гандарына, аға ұрпақтардың тәжіри­бесі мен жастардың қуатына, әдеттен тыс ойлауға қабілетті адамдарға арқа сүйеп, батыл да білікті шешімдер қабылдайтын боламын.

“Егер халық менің бағытымды мақұлдап, өз Президенті етіп сайласа, оның жоғары сенімі маған күш пен іс-әрекеттерде сенімділік береді” – сайлау алдындағы тұғырнамасын осындай сөздермен аяқтаған болатын.

* * *

1991 жылдың сол күзі Нұрсұлтан Әбішұлы мен онымен бірге жанында болғандарға өміріндегі ең қарбалас күз ретінде естерінде қалған шығар, сірә. Бүкіл қараша айы сайлаушылармен кездесулерге кетті.

8-29 қараша аралығы кезеңінде Президент жүйелі түрде Гурьевте, Теңізде, Құлсарыда, Қызылқоға ауданында, Оралда және Жымпиты ауданында, Ақ­төбе қаласы мен Ақтөбе ауданында, Семейде, Курчатовта, Қарауылда, Өске­менде, Зайсанда, Павлодарда, Екібас­тұз­да, Петропавлда, Қостанайда, Семиозер ауданында, Качар КӨК-інде, Қара­ғандыда, Теміртауда, Осакаров ауданында, “Жезқазғантүстімет” ҒӨБ мен қала маңындағы кеңшарға бару арқылы Жезқазғанда, Жамбыл мен Свердлов ауданында болды. Республиканың алып географиялық ауқымы мен әуе желі­лері­нің маршруттарын ескере отырып, Алматыға екі рет қайтып оралуға тура келді, бірақ бұл “үзілістер” дамылдауға арналмаған еді: 14 қарашада Н.­Ә.На­зарбаев астанада архиепископ Алексиймен (Кутепов) және бас мүфти Р.Нысанбаевпен жеке кездесулер өткізді, ал кешке Қазақ теледидарында Президент сағатына қатысты; 15 қарашада Спорт сарайында Алматы қаласы мен Алматы облысының сайлаушыларымен кездес­ті; 16 қарашада Қазақстанның кәсіп­одақ қайраткерлерімен кездесті; 25 қа­рашада теледидардың “Тікелей эфи­рінде” сөз сөйледі.

Мұрағат материалдары Нұрсұлтан Назарбаевтың оған сайлауалды мара­фонның осы аса қызу кезеңінде көмек­тес­кен серіктерінің есімдерін сақтап қалды. Олар: О.Ә.Әбдікәрімов, Н.Ә.Әбі­қаев, А.Ахметәлімов, В.­И.Горяч­ков­ский, Б.Қ.Дәмитов, М.Жолдасбеков, К.В.Жи­галов, Ж.А.Ибрагимов, Қ.С.Із­бас­қанов, Т.С.Қабдрахманов, В.П.Кру­пенев, С.Матаев, В.В.Ни, Д.­Н.Нұр­ах­ме­тов, З.Қ.Нұрқаділов, С.­Қ.Нұр­ма­ғам­бетов, Г.И.Пирожников, И.М.Романов, Д.Х.Сембаев, Қ.Ш.Сүлейменов, Қ.С.Сұл­­танов, И.Н.Тасмағамбетов, С.­А.Те­ре­щенко, Ю.А.Хитрин, Ғ.М.Шалахметов және басқалар.

Мемлекет басшысының оның мүд­делерін өңірлерде таныстырып отырған сенімді өкілдерін жеке атап өткен орынды. Олардың қатарында Қ.­І.Әбі­лов (Торғай), І.Н.Аймағамбетов (Ақ­төбе), А.И.Атмачиди (Семей), В.А.Бау­мейстер (Целиноград), Д.Я.Брусник (Қостанай), С.В.Дрожжин (Қарағанды), К.Ж.Жанатов (Талдықорған), Г.­И.Зен­ченко (Солтүстік Қазақстан), К.И. Ишмаков (Орал), Ж.Ш.Кәкішев (Гурьев), Б.Ә.Қайыпов (Қызылорда), Л.­К.Қиы­нов (Маңғыстау), Р.Манапов (Алматы), Т.М.Рамаданов (Алматы қаласы), А.Қ.Тша­нов (Шымкент), А.­Д.Фре­зор­гер (Павлодар), М.А.Чжен (Көкшетау), Г.Г.Штойк (Шығыс Қазақстан), Г.П.Юрченко (Жезқазған), Ә.Ә.Исақов (Жамбыл) бар.

Кәсіпорындар мен ұйымдарда, аудан орталықтары мен фермаларда, денсаулық сақтау, білім беру және мә­дениет объектілеріндегі кездесулер ұзаққа созылғандығын атап өткен жөн. Адамдар Нұрсұлтан Әбішұлын “жібер­гісі” келмейтін: олар оның келгеніне риза болатын, ашық та емен-жарқын пікір алысатыны үшін қуанатын, бәрі­нен бұрын өздерін толғандыратын көкей­кесті сұрақтармен көміп тастайтын. Президентке уақытын демалысы есебінен үнемдеуіне тура келетін: ол сапардың әр күнінде таңертең ерте және түн ортасы ауған шақтарда ат­қарылған істі қорытындылап, таяу жос­парларды айқындап алу үшін серік­терімен “лездеме” өткізетін. Алайда, түнде де ұйқыны ойлайтындай кез болмайтын: көмекшілер сайлаушылардың пікірлерін, талап-тілектері мен аманаттарын жинақтап жатқан кезде Президент жазу үстеліне отырып, өзінің алда­ғы сөйлейтін – бұған дейін иі әбден қанды-ау дейтін сөзін ойластырып, жетілдіретін…

Өзін салиқалы, салмақты әрі биязы ұстай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев отандастарына бос уәде берген жоқ және одан да бұрын оларды алда күтіп тұрған ауыр сынақтарға психологиялық тұрғыдан дайындады. Олар ащы да болса ақиқатты осылайша ашып айт­қаны үшін оған риза еді: адамдар өздерін шынайы қабылдағанды қатесіз сезініп, бағалайды. Сонымен бірге ол кейде жария күйде армандап, жұрт­шылықтың талқылауына жаңа идеялар мен жобаларды ұсынуға да жол беретін – тек ол көпшіліктің көкейкесті сұра­нысына жауап берсе болғаны. Мәселен, өз жерлестерімен – Алматы мен аста­налық облыстың сайлаушыларымен кездесуде Президент 1995 жылғы мер­зімге дейін нақты әрі шұғыл басым­дықтар ретінде азық-түлікпен қамта­масыз етуді, халыққа, әсіресе, жастарға арналған тұрғын үй салуды, Қазақстан халқына сату мақсатында жеңіл автомобиль құрастыру өндірісін құруды, им­порттық тоңазытқыштар мен бейне­жүйелер шығаратын кәсіпорындар салуды, шетелдік серіктестермен және іш­кіодақтық мүмкіндіктермен кооперациялау есебінен халықты әртүрлі жи­һаз­дармен және аяқкиімдермен қамта­ма­сыз етуді, қазақстандық шикізаттан тұрмыстық тігін машиналары мен ме­ди­циналық препараттар шығару жө­ніндегі қуаттар құруды, республика сұранысының көлемінде балалар та­ғамын, қалбырға құйылатын сыра, банкаға құйылатын жеміс пен жидек шырынын өндіруді ұйымдастыруды ұсынды. Осы жерде нақты тапсырмалар беріліп, бұл бағыттар бойынша жауапты адамдар белгіленді: вицепрезидент Е.М.Асанбаев, премьер-министр С.А.Те­ре­щенко, премьер-министрдің бірінші орынбасары Е.­Г.Ежи­ков-Ба­ба­ханов, премьер-министрдің орынбасарлары Қ.Қ.Байкенов, Қ.А.Абдуллаев, Д.Х.Сембаев, Б.М.Тұрсымбаев. Бүгінгі күннің биігінен алып қарағанда, Пре­зиденттің бұл бастамалары сонша­лықты ауқымды болып көрінбеуі де мүмкін. Бірақ бұлтартпас шындық мынада: нарықтық қатынастардың тетігі өлі нүктесінен қозғалтып жіберіліп еді, бұл проблемалардың бәрі де өз шешімін тапты. Нұрсұлтан Назарбаев жақтаған экономиканы ырықтандыру барысында республика халық тұты­на­тын тауарлармен толықтай қамтамасыз етілді. Ал инвестициялар мен технологиялар келе бастасымен – бәлкім, қа­ла­ғанымыздай болмаса да, – Қазақстанда өндірістік тоқыма мен тігін өндірісі де, автомобиль құрастыру да, балалар тағамы да, жиһаз индустриясы да, сы­ра­ның барлық түрлері мен ыдыста­ғы­лары да пайда болды… Бүгінде отандық нарықтағы шикізаттың, азық-түліктің, тауарлардың молшылығы көзге көрі­ніп-ақ тұр.

Жеңісті сөреге жеткенше табан астынан пайда бола қалатын әңгімелер мен пікірталастарға келетін болсақ, жиі-жиі Президенттің шуақты әзілімен нұрланып отырған олардың сенімді әрі тілектестік ауаны көп адамдардың есін­де қалды. Бір ғана мысал келтірейін. 2 желтоқсанда астананың Достық үйінде ОСК шақырған баспасөз конференциясында залдан қойылған көп сұрақтар­дың арасында: “Сіздің айнала-төңіре­гіңізде неге әйелдер жоқ?” деген сауал да болды. Оған Нұрсұлтан Әбішұлы: “Мен де біздің өз Маргарет Тэтчеріміз болғанын қалаймын. Ұсыныстары­ңыз­ды беріңіздер…”, – деп жауап қайтарды.

Н.Ә.Назарбаевтың үгіт науқаны қаншалықты жемісті болғанын БАҚ-тың сол күндердегі материалдарынан да бағамдауға болады.

26 қарашада ҚазТАГ республика­лық қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізген сайлаушылардың көңіл күйін социологиялық зерттеудің нәтижелерін жариялады. “Бүгін жарияланған мәлі­меттер көрсетіп отырғанындай, сұрау салынғандардың 89%-ы Қазақстанның бірінші лауазымды қызметінде Нұр­сұл­тан Назарбаевты көргісі келеді. Респуб­ликаның өзге де белгілі тұлғаларының арасынан ең көп қолдауға ақын Олжас Сүлейменов ие. Оны респонденттердің 2,5%-ы жақтайды. Ал сайлаушылардың 3,6%-ы Қазақстанда президент қызме­тіне лайықты көшбасшы мүлде жоқ деп мәлімдейді. Бұл сайлауға бір апта қалғанға дейінгі күштердің бөлінуін объективті көрсететін сияқты”.

Дегенмен, президенттікке басқа үміт­керлердің мерзімінен бұрын шы­ғып кетуінен болған электораттық эксцесс талайлардың басын қатырған сияқты. Осы тұрғыдан келгенде, болып жатқан оқиғаларға тарихшы және мемлекет пен құқық теоретигі, академик, халық депутаты Салық Зимановтың көз­қарасы назар аударарлық.

Нағыз жүйелеуші-ғалым ретінде ол, әрине, тео­рия мен практиканың арасындағы тепе-теңдіктің энтузиасты болды, ал нағыз заңгер ретінде рәсімдік-іс жүр­гізушілік толықтықтың, соның ішінде ұлттың тарихындағы теңдесі жоқ тікелей Президент сайлауы сияқты сая­си-құқықтық жобада рәсімдік-іс жүр­гізушілік толықтықтың педанттық жақ­таушысы болды. Сондықтан да, қоғам үшін кәсіби маманның 1991 жылғы 23 қарашада “Советы Казахстана” газе­ті­нің бетінде жарияланған “Президенттік басқару: үміттер мен проблемалар” деген түсіндірмесі құнды болды:

“…Баламалықтың жоқ болу себебі демократия мен оның институттары­ның пісіп-жетілмегендігі болып табылады. Мәселе республикада үлкен мем­ле­кеттік істер үшін кадрлардың жоқты­ғында емес. Олар бар. Партиялық және қоғамдық қозғалыстар әлсіз әрі бастары бірікпеген…

Осының бәріне қарамастан, қалып­тасқан шындықтан алысқа кете алмай­сың. Республиканың қазіргі Президенті Н.Ә.Назарбаевтың беделі мен жеке басының қасиеттері қиын сынақтарға төтеп берді және жоғары екені сонша­лық, бүгінде саяси кеңістікте оған тең­дес үміткер табу қиын. Ол көпұлтты Қазақстан сеніміне алдын ала ие болды, мұның өзі нарықтық қатынастарға енуге байланысты жағдайда айрықша маңызға ие. Президенттікке мүмкін үміткерлер мұнымен санаспай тұра алмайтын еді. Олар үшін тіпті, “бет-бейнесін” жоғалтпай сайлаудан шығып қалудың өзі проблема болып қалды.

…Болашақ Президент мемлекеттік қайраткердің кәсіби деңгейі мен зият­керлік пісіп-жетілуі жөнінен қазіргіден төмен болмауы тиіс.

Президенттің тағдыры жеңіл емес. Ол жұмыс істеп, жауап беруіне тура келетін бұдан қиын ахуалды ойлап таба алмайсың. Тек ақылдылардың арасын­дағы батылдары ғана мұндай қадамға бара алатын еді. Осындай ауыртпа­лықты көтеруге бар президенттікке үміткер сондықтан да даңққа лайықты.

Бүгінде мұндай тұлға Н.­Ә.Назар­баев болып отыр”.

Ақырында, 30 қараша, сенбі де келіп жетті. Сайлау алдындағы соңғы тәулік. Осы күні “Егеменді Қазақстан” және “Казахстанская правда” газет­тері О.О.Сүлейменовтің “…Ертең мен не үшін дауыс беремін?” деген мақаласын жариялады. Ақынымыздың жолдауынан жекелеген үзінділер кел­тір­гіміз келеді. Ол соған лайық:

“Мен Нұрсұлтан Назарбаевты 20 жылдан астам уақыт бойы жақсы білемін. Өмірдің қатал мектебінен бірге өттік, көп нәрсені бірге үйрендік. Біздің кешегі кейбір жолдастарымыз ол мек­тептің сынына шыдай алмады.

Саясат дегеніміз – ең жоғары шығар­машылық. Оны мамандық ретінде таң­дауға болмайды, қайта оның өзі адамды таңдайды, адамнан жан-тәнімен беріле жұмыс істеуді және сан қырлы талантын танытуды талап етеді. Бұл ретте ең алдымен адамдардың мұң-мұқтажын жан-жүрегімен түсініп қабылдау қа­білеті қажет етіледі. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың мұндай таланты әбден жетілген.

Маған оның көпұлтты Қазақстанды көркейтіп, дамыту жөніндегі бағдарла­масы түсінікті әрі көкейіме қонымды. Егер ол бағдарлама жүйелі түрде жүзеге асатын болса, біздің республикамыз гүлденген елдердің қатарына көптеген өзге республикалардан бұрын қосылуға қабілетті. Ал мұның өзі Қазақстанда бейбіт өмір сақталған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Міне, біздің барлығымыз да осы үшін дауыс берейік! Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берейік!”.

* * *

Жеке менің өзімде де сайлау күніне, 1 желтоқсанға байланысты өте қы­зықты естеліктер бар. Алайда, мейлін­ше объективті болу үшін, өз әсерлерім­нің орнына сол кезеңнің репортерлік хроникаларында көрініс тапқан “уақыт тынысын” қайта келтіргенді жөн көріп отырмын. “Казахстанская правданың” тілшісі Татьяна Костина Алматыдағы дауыс берудің барысы туралы тарихқа өте құнды репортаж қалдырды.

“…Астанада Президент сайлауы жігерлі өтті. Қалың тұман сайлаушы­ларға өз учаскелерін табуға бөгесін бола алмады. Сағат 12-ге қарай Орталық сайлау комиссиясы астанада – 54%, сағат 16-да, қазірдің өзінде 78% дауыс берді деген мәліметті жария етті!

№383 сайлау учаскесі. Бұрын ол №56 мектепте орналасқан болатын. Президенттік сайлау күні оны Достық үйіне ауыстырыпты.

– Белсенділік өте жоғары, – деп әңгімеледі сағат 11-де сайлау комиссия­сының төрағасы Асан Қожақов. – Көп бөлігі қазірдің өзінде азаматтық борыштарын орындады.

Республика Премьер-Министрі С.А.Терещенко осында дауыс берді. Д.А.Қонаев та осы жерге келді. Әрине, көп сайлаушылар республиканың бұ­рынғы басшысы “иә” немесе “жоқ” деп дауыс бере ме деген қызығушылық сұ­рағын қоймай тұра алмады. Ол тол­қы­май-ақ: “Назарбаев үшін” деп жауап берді.

Содан кейін Президент жұбайымен келді. Алматылықтардың оған қызы­ғушылығын көрсеңіз ғой! Дауыс бергеннен кейін олар Н.Ә.Назарбаевты қаумалап, қоршап алды. Содан кейін соңы ешқашан бітпейтіндей сансыз сұрақтар… Болашақ Президенттің оп­ти­­мизміне тек қызғанышпен қарап, оның үлгісіне еруге болады. Барлық қиын­­дықтарды жеңеміз деген сенім­мен еруге болады. Адам сияқты тұра бастаймыз деген үмітпен еруге болады”.

Айтқандай, сол материалда бүгін­дері де еске алуға қызықты дерек кел­тірілген. “Космос ауылының тұрғыны Жұмағали Нүсіпов бұрынғы дағдысы бойынша дауыс беруге таңғы алтыда келіпті, ал участок жетіде ашылды. Сонда ол ауылдастарымен бірге митинг ұйымдастырып, сонымен қатар, осы күні халықтың алдында есеп беріп, өзінің жоспарларын салыстыру үшін ол 1 желтоқсанды Республика Президенті күні етуді ұсынды”.

Ал “Егемен Қазақстанның” Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Мұрат Сыздық бұл жөнінде былай деп жазды: “…Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау топтарымен бірге Мемлекет басшысы үшін түрлі партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де үгіт жұмыстарын жүргізді. Мәселен, “Азат” республикалық партиясы Жамбыл облыстық комитетінің төрағасы Б.Абдоллаев сайлау күні бізге: “Біздің жерлестеріміз кім күндіз-түні ел туралы ойлап, қарапайым адамдарға қам­қорлық жасаса және Отанына адал қызмет етсе, соған ерекше сенім артып, құрмет көрсетеді. Нұрсұлтан Әбіш­ұлы – тап осындай адам. Сон­дықтан “Азат” партиясының облыстық бөлімшесінің екі мыңға тарта мүшесі өз дауыстарын Нұрсұлтан ағаға берді”, деп хабарлады.

2 желтоқсан күні таңертең Достық үйінде баспасөз қонференциясы болып, оған Н.Ә.Назарбаев пен Е.М.Асанбаев, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының міндетін атқарушы С.Ә.Әбділ­дин мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары З.Л.Федотова қатысты. Алғаш сөйлеген Қ.Б.Бөкенов болып өткен сайлаудың қорытындылары бойынша алдын ала жедел мәліметтерді жария етіп, дауыс беру үшін тізімдерге енгізілген 9960 мың азаматтың учаскелерге 88,24% сайлаушы келгенін хабарлады. “Қазіргі еркін білдірудегі толық бостандық пен жеңіл емес әлеуметтік-экономикалық жағдайда бұл қазақстандықтардың басым көпшілігінің толықтай дерлік қалыптасқан, берік саяси көзқарасынан хабар беретін өте жоғары көрсеткіш”, – деп атап көрсетті ол. Сайлау бюл­летень­дерін алғандардың 98,76%-ы президенттіктен үміткерді жақтап, дауыс берді. Тек 1,24%-ы ғана қарсы дауыс берді, бұл 109 мыңнан сәл ғана астам адамды құрады. 186 бюллетень жарамсыз деп танылды. Дауыстардың ең жоғары пайызы – 99%-дан астам – Маңғыстау, Талдықорған, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе және басқа да бірқатар облыстарда берілді, орташадан шамалы төмен, бірақ соған қарамастан, 95,6%-дан – 97,9%-ға дейінгі дауыстар Ленинск және Алматы қалаларында, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Орал облыстарында берілді. Округ­тік сай­лау комиссияларының мә­лім­деуін­ше, дауыс беру кезінде ешқан­дай оқиға болған жоқ, Орталық сайлау комиссиясына тәртіп бұзушылық жө­нін­де арыз-шағым түспеді. Дауыс бе­рудің тыныш өткенін Қазақстанға жеті республикадан келген бақылаушылар да қуаттайды.

Осылайша, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл халық болып алғаш сайлаған Қазақстан Президентінің мандатын алды. Қазақ КСР вице-прези­денті болып Н.Ә.Назарбаевпен бірге дауысқа түскен Е.М.Асанбаев сайланды, оның кандидатурасын Мемлекет басшысының өзі ұсынған болатын.

Залдың ду қол шапалақтауының аясында сөз Нұрсұлтан Әбішұлы Назар­баевқа берілді, ол қысқаша мәлімдеме жасап, сайлауалды науқанын қамта­масыз еткендердің бәріне алғысын айтты. Содан кейін Н.Ә.Назарбаев пен Е.М.Асанбаев баспасөз конференциясына қатысушылардың көптеген сұ­рақтарына жауап берді.

Осы күннен бастап Нұрсұлтан Әбішұлының атына Президент болып сайлануына байланысты азаматтардан, еңбек ұжымдарынан, шет мемлекет­тер­дің басшыларынан құттықтаулар келіп түсе бастады. БАҚ Мемлекет басшы­сының атына құттықтаулар мен тілектер тасқынын жариялады.

5 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың ақтық қорытын­дыларын ресми түрде жария етті. Рес­пуб­лика аумағы бойынша құрылған 21 сайлау округі бойынша сайлаушылар тізімдеріне 9 961 242 азамат енгізілген болатын. Сайлауға солардың 8 788 726-сы немесе 88,23%-ы қатысты. Сайлау бюллетеніне Қазақ КСР президенттігі­нен үміткер Н.Ә.Назарбаев пен Қазақ КСР вице-президенттігінен үміткер Е.М.Асанбаев кіргізілген болатын. Сайлау қорытындысы бойынша Н.­Ә.Назар­баев­ты жақтап 8681276 сайлаушы немесе дауыс беруге қаты­сушылардың 98,78%-ы дауыс берді.

* * *

Ең жағымды әбігершілік – 10 желтоқсан, сейсенбіге белгіленген Пре­зи­денттің салтанатты ант беру рәсіміне және қызметіне кірісуіне әзірлік кезеңі басталды. Бұған дейін біздің сөздік қорымызға жат болып келген, бөгде жұрттың “инаугурация” сөзі әпсәтте еніп, ана тілімізде “ұлықтау” деп қол­даныла бастады.

Ұлықтауды әзірлеу Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары М.Жолдасбековке тапсырылды.

Салтанат өткізілетін орын ретінде Республика сарайы таңдалды. Ұлықтау Жоғарғы Кеңестің кешкі салтанатты отырысының шеңберінде болуы керек еді. Байырғы дәстүрлерге құрмет көрсетіле отырып, Президент антты ақ киіздің үстінде тұрып қабылдайтын болып ұйғарылды. Содан кейін ақжолтай тілекпен құрметті ақсақалдар сөз сөйлеуі тиіс болатын.

Олардың қатарында егде жастағы халық ақыны Шәкір Әбенов, Қазақ­стан­ның халық жазушысы, Жоғарғы Кеңестің Ұлттық саясат, мәдениет пен тіл дамыту жөніндегі комитетінің төр­аға­сы Әбіш Кекілбаев, Солтүстік Қазақстан облысындағы “Новоникольский” кеңшарының директоры Геннадий Зенченко болды.

Осы арада соңғы сәтке дейін Шәкір Әбеновтің алдағы сөзінің мазмұны мен ауаны жұмбақ болып қалғанын айта кеткен артық болмас. Оның әзілқой­лығы, мысқылшыл сөз саптасы, ешкім­нің алдында айылын жия қоймай, айтарын еркін айтатындығы жұртқа жақсы белгілі болатын. Кейбір тісқаққан жауапты қызметкерлердің өмір бойы айтыс­та жүрген, жасы тоқсаннан асқан ақсақалымыз тосын қылық танытып жүрмес пе екен деп іштей қауіптенгені де рас еді. Бірақ “құнды тапсырма беруге”, айтыскер ақыннан сөзінің мәтінін алдын ала сұрап алуға, әрине, оны цензурадан өткізуге ешкімнің батылы бара қоймады: ол уақыт келмеске кеткен еді.

Міне, көптен күткен күн де келіп жетті. Республика сарайына елдің бар­лық түкпірінен келген көпұлтты Қа­зақстанның өкілдері жиналды. Оқиға­ның тарихи маңызын сезінген көптеген адамдар өз толқуларын әрең басып отыр­ғандай. Адамдар бір-бірін тек Пре­зиденттің жеңісімен ғана емес, мем­лекет­тің жаңа атауымен де құттық­тауда: Жоғарғы Кеңестің таңертеңгі отырысында Н.Ә.Назарбаевтың ұсы­нысы бойынша елдің атауы өзгерді, ол енді бұдан былай Қазақстан Республикасы деп аталатын болды.

Рәсімді Қазақстан Республикасы Жо­ғарғы Кеңесі Төралқасының Төр­ағасы С.Ә.Әбділдин ашты. “Қазақстан­ның көп ғасырлық тарихында алғаш рет халық Президенті сайланды. Президент болып қазақ халқының даңқты перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды, – деді ол. – Шынайы демократиялық негізде өткізілген сайлауда урнаға өткен сайлаушылардың 99% дерлігі оған өз дауыстарын берді. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының республика халқының барлық топтарының ара­сындағы зор танымалдығы мен жоғары беделінің айқын да сенімді дәлелі. Көп ұлтты Қазақстан халқы Н.­Ә.Назар­баевты Мемлекет басшысы етіп сайлап, егеменді Қазақстанның өркендеуі үшін оған барлық жауапкершілікті артып, өз тағдырын сеніп тапсырды. Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге Қазақстан Республикасы Президентін сайлау бойынша бүкілхалықтық дауыс берудің қорытындылары туралы құжатты табыс етуге рұқсат етіңіз…”.

Конституцияға сәйкес Н.­Ә.Назар­баев Қазақстан Республикасы Прези­дентінің антын берді.

Депутаттар “Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына кірісуі туралы” қаулы қабылдады.

Ә.Кекілбаев пен Г.И.Зенченко құттықтау сөздерін сөйледі.

Содан кейін төрағалық етуші мін­берге Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты шақырды. Өзін ұлықтау рәсімінде ол “Мұндай ауқымды тарихи өзгерістердің куәсі мен қатысушысы болу кез келген ұрпаққа бұйыра бермейтінін” айта келе, жас мемлекеттің алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттердің межесін белгіледі:

“…Саясатта – билікті айқын бөлу­мен байланысты қадамдар, көлбеу президенттік құрылымдар құру, ал ол атқару органдарын басқарудың үйле­сімді жүйесін жасауға мүмкіндік береді. Бұл депутаттық корпус пен жергілікті Кеңестердің далиып кеткен аппаратын біршама қысқарту қажетті­гіне байланысты республика Жоғарғы Кеңесін профессионал парламент етіп объективті түрде қалыптастыру.

Бұл саяси пікір алуандығына қолдау көрсете отырып, республиканың терри­то­риялық тұтастығына қарсы бағыт­талған экстремизм мен ұлттық дүрда­раздықты, жікшілдікті уағыздаушы пар­тиялар мен қозғалыстардың қыз­метіне сөзсіз тыйым салу.

Бұл право тәртібін нығайту мен заңдылықты сақтау жөніндегі батыл іс-әрекеттер.

Бұл барлық қазақстандықтар право­сының теңдігі негізінде ұлтаралық келісімді сақтау, мемлекеттік саясаттың іргелі принципі ретінде саяси тұрақ­тылықтың басымдығы.

Осындай саяси іргетассыз – Қазақ­станды қазіргі заманғы өркениеттің ар-насына қосу, бағаны бейтараптандыруды, қаржы жағынан сауықтыруды, же­кешелендіруді, нарықтық инфра-құры­лымды құруды, меншіктің барлық түр­лерінің тең праволылығын көздейтін терең экономикалық өзгерістерді жүзе­ге асыру мүмкін емес. Коллектив­тік және жеке кәсіпкерлік жолындағы кез келген бюрократтық бөгетті жою ма­ңызды, ал олар экономикалық гүлдену­дің басты қозғаушыларының бірі болуы керек.

Біздің әрқайсымыз өтпелі кезеңнің қиындықтары – бағаның өсуі, ақшаның құнсыздануы, тапшылық, тұрмыс дең­гейінің төмендеуі сияқты қиындық­тарды өз басымыздан өткеріп отырмыз. Біздің төңірегіміздегі өмірдің өзі онша жайлы емес. Сайлау қарсаңындағы кездесулерде айтқанымдағыдай, бұл жағдайдың өзі шапшаң түзеліп кетеді деп айтпаймын және уәде бере алмаймын. Егер мен осыны айтпасам, Сіз­дердің алдарыңызда ағынан жарылма­ған болар едім. Біз тістеніп алып ертеңгі күнге деген сеніммен мұның бәрінен де өтуіміз керек”.

Осыдан кейін сахнаға ақын Шәкір Әбенов, жазушы Дмитрий Снегин, КСРО халық депутаты Ыбырайымжан Қожахметов, композитор Құддыс Қо­жамия­ров, Қазақстан спортының ар­дагері Эдуард Айрих шақырылды, олар қазақ дәстүрі бойынша Президентке ұлттық үлгіде тігілген шапан жапты.

Шәкір Әбенов арнау айтып, ақжарылқап батасын берді:

Сарыарқа – туған жерім, елім – қазақ,

Қазақ елі ежелден көкседі азат.

Көп естіп, көпті көріп, аз білсем де,

Мен бір ғасыр куәсі – экспонат.

Біз көрген зобалаңда, қуғын-сүргін,

Енді ешкім көрмес үшін қанды қырғын,

Бар ұлттың тілін тауып, табыстырған,

Нұрсұлтаным, жұлдызың жанды бүгін.

Зерек ақыл, зерделі ой, батыл жүрек,

Жаманат жапсыра алмас жатың тілеп.

Қарадан хан туған деп қадірлеген,

Қазағың ғұмырыңды отыр тілеп.

Абылайым бүгінгі Сен емес пе?

Қазағым өзге жұртпен тең емес пе?!

Халқыңа Тәуелсіздік нұрын шаштың,

Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте.

Ақ киізге көтеріп, хан сайласқан,

Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?!

Халқың сүйген перзенті екенсің, енді сол халқың айтар бата берейін. Қазақта бата деген екі түрлі болады: бірі – негізгі бата, екіншісі – лебізді бата.

Негізгі бата – халықтікі. Халық қастерлеген басшысына адал қызметі үшін батасын өзі береді. Лебізді бата дегеніміз – халықтың тапсырған аманат-тілегі, келешекке үміт-сенімі. Ол негізінен үш міндетке саяды:

1. Дүниенің бар игілігін өндіретін жұмысшы, диқан, мал өсіруші қауым­ның табан ақысын, маңдай терін зая кетірмей, ысырапқа ұшыратпай ұсатып, халықтың қажетіне, игілігіне жарату.

2. Осыған кедергі жасап, кесел келтіретін суыққол сұғанақтарға, қия­нат­шыл-зорлықшыл зұлымдарға тыйым салу.

3. Қошеметшіл жағымпазға бой алдырмай, өз ісіңе де, өзгеге де сын көз­бен қарап, қате кетсе, өзің түзей білу. Осы үш талаптың үдесінен көрінген басшы ел сенімін ақтары шүбәсіз, анық.

Ендігі менің лебізді батам – тұ­жырым-түйінім мынау:

Халыққа береке, мынау қиын заманда бірлік беріп, ел тізгінін ұстап, еркіндікке жеткізген Нұрсұлтанның атақ-даңқы, абыройы зорайып, тарих­тың бетіне басылатын болсын!..”.

Осымен салтанатты жиналыс жабық деп жарияланып, шамалы үзілістен кейін үлкен мерекелік концерт болды.

Ұйымдастырушылардың қуанышы­на орай, Тұңғыш Президентті ұлықтау алдын ала ойластырылғандай болып өтті. Бірақ баршаның көз алдында орын алған мына бір оқыс жағдай жөнінде үндемей қоя салсақ, бұл әңгімеміз толық бола қоймас еді. Ту сыртындағы Мемлекеттік ту қозғалып кеткенде, Пре­зидент сахнаның ортасында тұрған болатын… Барлық замандарда да, бар­лық халықтарда да ту жығылса жаман ырымға жорылады ғой. Залдағы жұрт шошып та үлгермеді: бірдеңенің бола қалғанын байқаған Нұрсұлтан Әбішұлы жалт бұрылып, республи­каның туын ұстай алды. Мұндайда сол сәтте Пре­зиденттің қолымен жасаған Құдіреттің күшіне қалай таңғал­массың?..

* * *

Біздің тәуелсіздігіміздің таңы осылай басталды. Қазақстан халқы өзінің бүкіл халық болып сайлаған және оған лайықты абырой мен даңқ әкелген көшбасшысының жетекшілігімен ұланасыр өзгерістер жылнамасында алғаш­қы парақтар пайда болды. Ал жаңа Қазақстанды қалыптастыру жөніндегі қажырлы күрес пен қызу еңбек жылдары әлі алда еді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp