Қарашаның 28-інде Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада барлық деңгейдегі әкімдердің, Үкімет мүшелерінің, құқық қорғау органдары өкілдерінің және бірқатар мемлекеттік органдар жетекшілерінің қатысуымен өңірлердің даму мәселесіне арналған кеңес өткізді, деп хабарлайды ҚР Президентінің ресми сайты.
Кеңесте Президент мемлекеттік қызметтің тиімділігін, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін, тұрғындарға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға қатысты бірқатар маңызды мәселелерді атап көрсетті.
Мемлекет басшысы әкімдер мен барлық деңгейдегі басшылардың қызметтерінің көрсеткішіне айрықша назар аударды, солардың ішінде бастысы – тұрғындардың нақтылы жұмыспен қамтылуы. Бұл көрсеткіш әкімдердің рейтингіне енгізілетін болады.
Елбасы кеңес барысында әлеуметтік даму, азаматтардың әл-ауқатын арттыру, жастарды қолдау және мемлекеттік басқару тиімділігінің артуы жөнінде нақтылы тапсырмалар берді, делінген Ақорданың сайтында.
Мемлекет басшысы алға қойған міндеттер шеңберінде Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Серік Біләлов облыстың мемлекеттік мекемелерінің басшыларымен және аудандардың әкімдерімен кеңес өткізді. Онда өңірдегі мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысының өзекті мәселелері қаралып, негізгі бағыттары бойынша рейтингтік бағалаудың қорытындысы шығарылды.
Қызметтік міндетін тиісінше орындамағаны үшін облыс әкімінің орынбасары А.Чженге сөгіс берілді. Қызылжар, Шал ақын, Айыртау және Жамбыл аудандарының әкімдері, сондай-ақ Мамлют ауданы әкімінің орынбасары М.Гаджиев атқарып жүрген қызметтерінен босатылды. Бірқатар аудандардың әкімдері мен мекемелердің басшылары тәртіптік жазаға тартылды.
Облыс әкімі өткізілген кеңестің қорытындысы бойынша өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштерін орындауға, мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыруға және бюджет қаржысын игеруге қатысты бірқатар нақтылы тапсырмалар берді.