«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

САРАБДАЛ САЯСАТ пен БЕКЕМ БІРЛІКТІҢ БЕЛГІСІ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Бұрнағы күні Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баевтың төрағалығымен өңір­­лерді дамыту жөнінде кеңес өтті. Кеңеске барлық деңгейдегі әкімдер, Үкімет мү­шелері, құқық қорғау ор­ган­дарының өкілдері, бір­қатар мемлекеттік органдар­дың басшылары қатысты.

Мемлекет басшысы кеңес ба­рысында бүгінде Қазақстан ма­ңыз­ды мәселелерді шешу алдында тұрғанын атап өтті.

– Біздің алдымызда шешімін күтіп тұрған өте маңызды үлкен мә­селелер бар. Еліміздің, халқы­мыз­дың ендігі тағдыры біздің таң­даған жолға байланысты. Әлемде не болып жатқанын өздеріңіз де көріп, біліп отырсыздар. Көптеген мемлекеттерде экономикалық дағ­дарыстан зардап шегу салдарынан наразылық білдіріп жатқан ха­лықтарды көріп отырмыз, – деп бастады Президент сөзінің кіріспесін. – Ең мықты, бай деген мем­лекеттердің өзі дағдарыстың сал­да­рынан үлкен қиыншылыққа ұшы­рап, жұмыс орындарын жау­ып, зейнетақы мен жалақыны тө­мен­детіп жатыр. Ал біз сол қиын­дықтарға қарамастан, халықтың тұрмысын ұдайы көтеріп келеміз. Экономиканың жылдық өсімі соң­ғы үш жылда орташа алғанда 5 пайыздан асып түсті. Мына заманда бұл ең жоғары көрсеткіш бо­лып саналады. Жақында Парижге барғанда біздің осындай көрсет­кіш­терге жеткенімізді айтқаны­мыз­да, ондағылардың барлығы мұны өте жоғары көрсеткіш ретінде бағалады.

 

Бұдан әрі Елбасы соңғы жыл­дары 550-ден астам индустриялық нысанның іске қосылғанын, осы­ған орай 100 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнының ашылғанын, ха­лықтың жан басына шаққандағы орташа нақты кірісі 4,1 есеге өс­ке­нін жеткізді. Әлемде мұндай та­бысқа қол жеткізіп отырған елдер көп емес. Осы жерде Нұрсұлтан На­зарбаев: “Осының барлығы мем­лекеттің дұрыс саясатының, хал­қымыздың еңбекқорлығының, бекем бірлігінің, мемлекеттік қыз­меткерлердің жүйелі жұмысының нәтижесі деп білемін”, – деп ойын түйіндеді. Бұл жергілікті ауыл, аудан, қала әкімдіктерінен бастап, барлық деңгейдегі мемлекеттік қызмет жүйесінің бірлесе атқарған жанды жұмыстарының арқасында мүмкін болып отыр. Әрине, жұ­мыс болғаннан кейін сын айтылып жатады. Ол солай болуға тиіс те. Қазақта “Сын түзелмей, мін тү­зел­мейді” деген нақыл бар. Алайда, біздің осы уақытқа дейін қол жеткізген жеңістеріміз бен та­быс­та­ры­мыз ешқандай дау тудырмайды. Дегенмен, солай екен деп тоқ­мей­іл­суге тағы болмайды. Осы ойды жалғастырған Мемлекет басшысы келесі кезекте: “Біздің мойны­мыз­да елдің тағдыры мен халықтың әл-ауқаты үшін зор тарихи жауапкершілік бар екенін білесіздер”, – дегенді айтты.

Қазақстанның таяу арадағы әлем­дік деңгейдегі ірі табыс­та­ры­ның бірі 2017 жылы Астанада EXPO көрмесін өткі­зу­ге қол жеткізу болғанын атап өткен Президент оның маңы­зы­ның ерекше екеніне тоқталды.

– Менің байқауымша, әлі көп­теген қазақстандықтар бұл жеңіс­тің шын бағасы мен салмағын то­лық дәрежесінде түсіне қоймаған сияқты, – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. – Бұл халықаралық тұрғыда тәуелсіздік жылдарында Қазақ­стан­ның қол жеткізген ең жоғары жетістігі болып табылады. Жиын­ға әлемнің барлық дерлік түк­пі­рі­нен өкілдер қатысты. Ұйымға 161 мемлекет мүше болып табылады. Олардың барлығы басқосуда Қа­зақстанның жайын талқыға салды. Астананың мүмкіндігін жан-жақ­ты қарастырды. Ақырында басым бөлігі халықаралық көрмені өткізу үшін Астананы саналы түрде таңдады. Біріншіден, олардың осы мойындау фактісінің өзі өте-мөте маңызды. Екіншіден, 100-ден астам ел өздерінің павильондары құрылысын салу үшін елордаға арнайы келеді. Ал, үшіншіден, бұл жаңа технология, іс жүзінде үшін­ші индустриялық революция “жа­сыл экономиканы” дамытудан бас­­талады. “Жасыл экон­о­мика” мен экологиялық қағи­дат­тар орын алған жерде жаңа технологиялар қолданылады. Бұл біздің еліміз үшін экономикалық даму­дың белесіне бастайтын бет­бұрыс бекеті болмақ. Көрме еліміз үшін аса маңызды іс-шара ретінде қа­былданады. Біздің елордамызда ғылым мен техниканың ең үздік әлемдік жетістіктері көрсетіледі. Көптеген қазақстандықтар біз ұм­тылып отырған “болашақтың эко­но­микасын” өз көздерімен көреді. Ал көрме үшін салынған ғи­ма­рат­тардың барлығы да бізде қалады.

Мемлекет басшысы EXPO-ға арнап салынған бұл нысандардың кейін зертхана, ғылыми парк ре­тін­де халыққа қызмет ететінін жеткізді. Ол осы көрмеге бай­ла­нысты алдағы 5 жылда барша әлемнің Қазақстан жайында ұдайы сөз қозғап тұратынына назар ау­дарды. Осының өзі біздің еліміз үшін маңызды шара болмақ. Атал­мыш көрмеге жер бетіндегі өр­кен­деген елдер өздерінің ең озық тех­нологияларын әкеледі. Соның бәрі мыңдаған қазақстандықтың көз­айы­мына айналады. Оны көрген отандастарымыз үлкен өнеге ала­ды, болашақтың экономикасын өз көздерімен көреді. Мұның бәрі, айналып келгенде, біздің еліміздің дами түсуіне, азаматтарымыздың ғылыми әлеуеті артуына әсер етеді. Ең бастысы, жұртымыздың білімге, ғылымға ұмтылысын өсіре түседі. Біздің бәріміз үшін бұл көрме Қазақстанның әрбір өңіріне пайда келтіретін мегажоба болуға тиіс. Ол, сонымен бірге, мем­ле­кет­тің инновациялық дамуына қар­қынды серпін береді.

– Алайда, бұлардың бәрі біздің жеңістің буына мастануға себеп бола алмайды, – деді Нұрсұлтан Назарбаев. – Біз мемлекеттік аппа­рат­тың барлық ресурсын қара­пай­ым адамдардың игілігі жолындағы күреске жұмылдыра білуіміз керек.

Біз тап осыған байланысты ме­нің биылғы жылы халыққа жол­даған Жолдауымда айтылған ре­фор­маларды жүзеге асыруға кірісіп кеттік. Біріншіден, мемлекеттік қызметтің тиімділігі түбегейлі түр­де артатын болады. Бұл – тікелей сіздерге қатысты мәселе. Осы мақсатта кәсіби басқарушылар корпусы жасақталады. Саяси мемлекеттік қызметшілердің саны 8 есеге қысқарады. Мемлекеттік қыз­метте мемлекеттік органдар­дың бірінші басшылары мен олар­дың орынбасарлары ғана қалады. Министрдің, жауапты хатшының, әкімнің, аппарат жетекшісінің өкі­леті нақты шектеліп көрсетіледі. Министрлер мен әкімдер кадр мә­селесімен және өздері пайыздық үлес алуға мүдделі орталықтан берілген қаржыны бөлумен әуес­те­ніп кетпей, салалық және өңірді дамыту саясатымен түпкілікті ай­налысулары тиіс.

Бұдан кейін Нұрсұлтан Назарбаев “А” корпусына кадрлар резервін іріктеп алу үшін Президент жанынан ұлттық комиссия құ­ры­латынын айтты. Бірақ жаңа корпус қандай да бір ерекше элиталы топ болмайды. Онда халықтың мүд­десін жан-жақты қорғай алатын мемлекеттік қызметшілер қызмет етеді. Ал іріктеу барынша қатаң және ашық қалыпта, адамдардың кәсіби іскерлік сапасына қарай жүргізіледі. Осыны ескертіп өткен Мемлекет басшысы министрліктердегі жауапты хатшылардың аймақтардағы тұрмыстіршіліктен хабары бар, мемлекеттік тілді білетін тәжірибелі мамандар болуы керек екеніне назар аударды. Олар, сонымен қатар, өздері жұмыс ат­қарып отырған саланы өте жақсы білулері тиіс. Ал аудандар мен қалалардың әкімдерінің орталық және облыстық мемлекеттік ор­ган­дарда еңбек өтілі болуы тиіс. Бәрін ретке келтіру және дайын­дау үшін жарты жылдай уақыт бар. Әлбетте, олардың өздеріне сеніп тапсырылған учаскедегі жұ­мыстарының нақты нәтижелері бірінші кезекте ескеріледі.

– Мен мұны былай айтар едім. Қызметтің биік баспалдағымен тек сыннан өткен кәсіби кадр­лар­ды ғана өсіру керек, – деді Елбасы осы ойды жалғастыра отырып. – Ал бізде қалай? Жаңадан әкім келеді, жаңадан министр келеді. Тағы да сапырылыс басталады. Со­дан кейін жаңа адамдар келеді. Ертең сайлау болғанда басқа басшылар келеді. Содан соң олар тағы да өзгертеді. Дүниежүзінде мұндай тәртіп жоқ. Аппарат жұ­мыс істеуі керек. Сайлаумен, саясатпен шұғылданатындар өзгеріп отыруы керек. Сонда ғана тұ­рақ­ты­лық бо­лады. Әр жұ­мыс­тың та­ри­хын білу керек. Кеше не істелді, бүрсігүні не істеледі, одан кейін не істеледі? Егер шетелдердегі ми­нистрліктерде істейтіндерді қара­саңыздар, олар өмірбақи сонда жұ­мыс іс-тегендерден құра­лады. Бізде болса, жұмыс істеп отырған адам­дарды жұлып алады да, орнына өзінің жа­қын­дарын, жақ­тастарын қоя салады. Содан кейін жұмыс ақ­сайды. Мұның бә­ріне тыйым салу керек.

Бүгінде біздің кейбір аудандар мен қалаларда он жылдай әкім болып отырған кадрлар да бар. Рас, мұнда тұрған ешбір жаман­дық жоқ. Егер жұмысты дұрыс атқара білсе, тіршілігінде тоқырау орын алмаса, неге жемісті қыз­метін жалғастыра бермеске?! Дегенмен, өзі басқарып отырған ел мен жерге зәредей пайдасы тимесе де, орнынан тапжылмаған әкімдер де кездеседі. Мемлекет басшысы шешімді түрде ондайлардан құты­лу керектігін айтты. Өздерінің ша­масын олардың өзі де білгендері дұрыс. Сол себепті басқа жұмысқа ауысуға әрекет жасасын немесе қызметінен өз еркімен кететін бол­сын. Бүгінгі талап осындай. Президент осылар жайлы әңгі­ме­нің арқауын тарқата келіп, әкім­дердің жыл сайын өз орындарына лайықты екендіктерін дәлелдеп тұрулары керектігін тілге тиек етті. Ол, сонымен бірге, шынайы жұмыс орны әкімдердің, Үкі­мет­тің барлық бағдарламалық жұ­мыс­тарының нақты көрсеткіші болып табы­латынына ерекше екпін тү­сір­ді.

– “А” корпусына кіру ешкімге де артықшылықтар бермейді. Ба­ға­лау жүйесі арқылы өзіңнің құ­зыретіңді жыл сайын дәлелдеуің керек, ал әкімдерді бұған қоса рейтинг арқылы, менің Жарлы­ғым­мен бекітуді тапсырамын. Мем­лекеттік органдар арасында мемлекеттік қызметшілердің конкурстан тыс орын ауыстыруы мейлінше азайтылуы керек. Мемлекеттік қызметте нағыз лайықтылар ғана қалулары қажет, – деді Нұр­сұлтан Әбішұлы осы ойдың тұ­жырымында. – Бірақ бұл сіздердің барлығыңыз жаман жұмыс жасап жатырсыздар деген де сөз емес. Егер замана талабына ілесе ал­саңыздар, қазіргі бәсекелестікке төтеп бере алсаңыздар, сөз басқа. Бұл – бір. Екіншіден, жергілікті әкім­дер Үкіметпен бірге өзі бас­қаратын өңірде ұдайы жаңа жұ­мыс орындарын ашып отыратын болуы керек. Бұдан басқа, инвестиция тарту, тұрғындардың та­бы­сын арттыру, шағын және орта бизнестің дамуына жол ашу әкім­дер қызметінің өлшемі болып та­былады. Жұртшылықты еңбекпен қамту жергілікті басшылық жұ­мы­сының басты көрсеткіші болып қала береді. Біздің индус­трия­лан­дыру, жұмыспен қамту, орта және шағын бизнесті дамыту сынды бағдарламаларымыз кез келген мамандық иесінің жұмысқа орна­ла­суына мүмкіндік береді. Осы­мен пәрменді түрде шұғылдану керек. Қазір бізде жұмысшы кадрлары жетіспейді. Тек біліктілікті жетілдіру керек. Сондықтан мен Президент Әкімшілігіне бұл мәселені әкімдердің рейтингтерін анықтайтын жайттар тізіміне кіргізуді тапсырамын.

Нұрсұлтан Назарбаев бұл тұрғыда әлемдік тәжірибеден үй­ре­нуге кеңес берді. Тым болма­ғанда, Кеден одағы төңірегіне үңілейікші. Ресей Федерация­сы­ның Калуга облысы өткен бес жылдың ішінде 5 млрд. доллар инвестиция әкеліпті. Бірте-бірте ілгері жылжи отырып, олар өңірде бизнеске қолайлы ахуал туғызған. Бізде де әкімдері жаңа салаларды игеріп отырған облыстар жеткілікті. Мысалы, Павлодар облысында пестицидтер, пластмассалық бұй­ым­дар, хлор және каустикалық өт­кір сода шығаратын жаңа химия­лық өндірістер ашылған. Рас, бұл тындырымды іске облыс әкімінің де, орталықтың да қатыстары бар. Сол сияқты, Қарағанды облы­сын­да машина жасау ісі дамып келеді, Шығыс Қазақстан облысында автомобиль өндірісі жолға қойыла бастады. Ал Қарағанды облысы­ның инвестициялық форумы тағы 2 млрд. доллар көлемінде қаржы тартуға болатынын көрсетіп отыр. Басқалар неге осыны жасамайды? Өңірлердің өркендеуіне орталық та, министрліктер де көмектесуге тиіс.

– Міне, осы жұмыстарды дұрыс түсініп, алып кететін адамдар бо­луы керек. Жарайды, әкім тиісті учаскеге жалпы басшылық жа­сай­ды дейік, ал оның жанында осы­ның бәрін түсінетін, ұйымдас­ты­ратын мамандар болғаны жөн, олар шетелдерге шыға алатындай қабілетті болсын, – деді Елбасы сөзін жалғай келіп. – Қысқасы, орталықтан не келеді деп күтіп отыра бермей, аянбай ертелікеш жұмыс істеу керек. Ал бізде таза бюджетке отырып алған облыстар бар. Мәселен, Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарына 3 жылдың ішінде баржоғы 60 пайыздық трансферлік өсімімен 550 мың доллар шетел инвес­ти­циясы әкелінген. Қараңыздар, Қос­танай облысы да, Солтүстік Қазақстан облысы да тура Кеден одағының шекарасында тұр. Бұл одақта жұмыс жасап келе жат­қа­ны­мызға екі жыл болды, сонда әлі ештеңе істей алмаппыз. Нағыз шекарада отырып инвестиция тарта алмауды қалай түсінуге болады? Өңірлердің инвестиция тартуға қызығушылығын тудыру үшін не істеуге болатынын Үкімет ой­лас­тыруы керек. Мен осы орайда өзім орнатқан жер қойнауындағы бай­лықтарды пайдалануға қойылған мораторийді алып тастаймын. Әл­де­қандай бір байлық түрі бойын­ша облыстарға мүмкіндік берген дұрыс. Егер облыстар кен орын­да­рына инвестиция тартатын болса, олардың қызығушылығын арт­ты­ру үшін табыстың бір бөлігін соларда қалдыру керек. Үкіметке бұл мәселені зерттеуді және өңір­лермен келісе отырып ұсыныстар енгізуді тапсырамын.

Президент осы жерде мемлекеттік қызметшілер мен барлық бюджеттегілер қызметінің негізгі көрсеткіші халыққа сапалы қыз­мет көрсетуден танылатынын атап өтті.

– Мемлекеттік қызметшінің ла­уа­зымы “қызметші” деген сөзден туындайтынын әрдайым айтып жүрмін, – деді Нұрсұлтан Әбіш­ұлы. – Алайда, көп шенеуніктер, уни­верситет ректорлары, мектеп­тің, тіпті, балалар бақшаларының меңгерушілерінің өзі креслоға оты­рып алса, халық қызметшілері екендіктерін ұмытып, өздерін тәңір­дей сезінеді. “Президенттің бизнесті қорғауы” атты менің сайттағы бөліміме шенеуніктердің сөзбұйдалығы мен енжарлығы туралы мыңдаған шағым келіп түсуде. Адамдар Конституция кепілі ретінде жер дауын реттеу, құрылыстың қалған бөлігін бітіруге көмектесу және басқа да мәселелер бойынша қарапайым өтінішпен маған шығуға мәжбүр болуда. Бұдан адам, тіпті, жәй мәселені жергілікті деңгейде шеше алмайтыны белгілі болып отыр, – деді Мемлекет басшысы.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірлер­ге елеулі қаражат бөлінгенін, бюд­жеттегілердің еңбекақысы артқа­нын, мектептер, балабақшалар, ауруханалар салынып жатқанын, алайда, қызмет көрсету деңгейі бұ­рынғыдай төмен күйінде қал­ғанын атап көрсетті.

– Егер мұғалім уақытының үштен бір бөлігін есеп жазуға арнаса, онда білім беру саласының сапасы туралы не айтуға болады? Бұл жағдай дәрігерлерге де қа­тыс­ты. Маған баяндалғандай, Білім және ғылым министрлігінің бір департаменті үшін өңірлер 300-ден астам есеп түрін толтырады екен, – деді Президент. – Осын­дай­­ды толтыру үшін тек бір об­лыстағы мектептер мен балабақ­шалар 100 мыңнан аса есеп жазып ұсынуға мәжбүр болады! Бұған бір жарым-екі ай уақыт кетеді. Сонда олар қашан жұмыс істейді? Есеп тонналап келеді, ал істің нақты жағдайы еш өзгермейді. Дә­рігерлердің адам емдеуіне, мұға­лім­дердің бала оқытуына мүмкін­дік беру қажет. “Мемлекеттік қыз­мет көрсету туралы” заң жобасын Парламентке енгізу туралы менің тапсырмам әлі күнге орындалған жоқ. Соңғы мерзім – екі апта беремін. Президент Әкімшілігі Үкі­мет­пен бірлесіп, заң жобасын енгізуі қажет.

Мемлекет басшысы ауыл әкім­дерінің қызметіне қоғамдық бақы­лау құру қажеттігіне тоқталды.

– Бүгінде кейбіреулер тек мемлекет қана өмір сүруге қолайлы жағдай жасайды, жемқорлықпен кү­рес жүргізеді, мәдениетті арт­ты­рады деп санайды, – деді Нұр­сұлтан Әбішұлы. – Сонымен бірге, бұл мәселеге жергілікті органдар жауап беруі тиіс, халықты да қатыстыру қажет. Жергілікті жерлердегі өзекті мәселені шешу жө­нін­де шешім қабылдауға, жергілікті билік органдарының жұмы­сы­на бақылау жүргізуге азамат­тар­дың өздері атсалысатын кез келді. Қазіргі уақытта аудандар мен қалалардың әкімдері мәсли­хаттардың келісімімен тағайын­далады. Жергілікті өкілетті ор­ган­дардың рөлін одан әрі арттыру үшін біз мәслихат арқылы төмен деңгейдегі ауыл әкімдерінің сай­лауын енгіземіз. Бұрын жергілікті өзін-өзін басқару реформасы тежеліп келді. Облыс әкімдері бюджетті ауылдық деңгейге берген жоқ. Тиісті министрліктерге ауыл әкім­діктеріне қажетті қаражат пен штатты беруді қамтамасыз етуді тапсырамын.

Сөзінің орайында Президент жер­гілікті өзін-өзі басқару жүйе­сін дамытудың тұжырымдамасына қол қойғанын мәлімдеді. 2013 жылдың 1 ақпанына дейін оны жү­зеге асырудың нақты индика­тор­лары белгіленген шаралар жоспарын бекіту қажет. Осы­лай­ша, біз мемлекеттік аппараттың жұмысын түбірімен жақсартатын, түптеп келгенде, халықтың әл-ауқатын арттыратын маңызды реформаларға кірісеміз. Олардың жүзеге асырылуы Елбасының жеке бақылауында болады. Жүр­гі­зілетін жұмыстарды қарапайым азаматтарға ұғынықты етіп тү­сін­дірудің және жеткізудің маңызы өте зор. Онымен мемлекеттік ор­ган­дардың басшылары, әкімдер мен депутаттар, “Нұр Отан” пар­тиясы, Қазақстан халқы Ассам­блеясы, қоғамдық ұйымдар мен бұ­қаралық ақпарат құралдары ай­налысуы тиіс.

Бұдан кейін Мемлекет басшы­сы бірқатар облыстар әкімдеріне сөз берді. Бірінші болып мінбеге көтерілген Шығыс Қазақстан об­лысының әкімі Бердібек Сапарбаев өзінің сөзінде Елбасының тап­сыр­масы бойынша қабылданған мемлекеттік бағдарламалардың қа­­­зірдің өзінде нәтиже бере бас­та­ғанына тоқталды.

– Соңғы үш жыл ішінде облыс­тағы өндірістің өсімі 60 пайызды құрады және соның арқасында барлық әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштер алдыңғы жылғы деңгейден асып түсті, – деді ол. – Сонымен қатар, аталған кезеңде облыста шамамен 50 мыңдай жаңа жұмыс орны ашылды, тиісінше, жұмыссыздық деңгейі төмендеді. Тартылған инвестициялар көлемі облыста 70 пайызға артты. Атап айту керек, соңғы 10 жылда Ресей мен Шығыс Қазақстан арасын­дағы тауар айналымы 1,1 миллиард долларды құрады. Шағын жә­не орта бизнесті дамытуға жағдай жасалды, оған қазір халықтың 25 пайызы тартылған, бюджетке тү­сімнің 19 пайызы осы саланың үлесіне тиесілі.

Павлодар облысының әкімі Ер­лан Арын облыста өңірлік жал­пы өнімнің еселеп асқанын жә­не бүгінде 1,6 триллион теңгені құрап отырғанын баяндады. Ха­лық­тың жан басына шаққандағы өңірлік жалпы өнім деңгейі биыл 13,2 мың долларға жеткен, алдағы үш жылда бұл көрсеткішті 15 мың долларға дейін жеткізу жоспарлануда. Экономиканың бәсекеге қа­бі­леттілігі артуы инвестициялық тартымдылыққа да әсерін тигізді. Шетелдік инвестициялар осы жылдың соңғы 10 айында 20 миллиард теңгеден асып түсті. Өңірде жүз шақты бірлескен кәсіпорын белсене жұмыс жүргізіп жатыр. Биылғы 9 айда облыстың ішкі сауда айналымы 3,5 миллиард АҚШ долларынан асты, Ресеймен арада ол – 2 есе, Беларусьпен арада 3 есе артты. Ресейдің шекаралас өңір­ле­рімен ынтымақтастықтың ауқымы мен түрлері кеңейе түсуде. Бұған қоса, ынтымақтастық деңгейін Ресей мен Беларусьтің барлық өңір­леріне ұластыруға бағыт ұсталды. Бүгінде облыста өңіраралық ын­ты­мақтастықтың өзіндік “Жол кар­тасы” қалыптасып келеді, бұл міндетті орындауға жауапты мемлекеттік органдар анықталды.

Павлодар облысының әкімі, сонымен қатар, облыста индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дарламасы аясында 174 жоба іске асырылып жатқанын айтты. Бұл 10300 қосымша жұмыс орнын ашу­ға мүмкіндік береді. Тек Ресеймен арадағы биылғы экспорт-импорт қарқыны 2,1 миллиард долларды құрады. Осы орайда Мемлекет басшысы Кеден одағы аясында елімізге келетін импорт мөлшері артқан жағдайда облыс­тар­дың индустриясыздану ықти­малдығы бар екенін атап өтті.

– Бұл бәріңізге қатысты. Мұны бәріңіз қадағалауларыңыз керек. Бұл – біздің тауарларымыз бәсе­ке­ге қабілетсіз деген сөз, біз сат­пай­мыз, тек сатып аламыз. Біздің кәсіп­орындарымыз бірте-бірте тоқ­тап қалуы мүмкін. Бізге бүкіл әлеммен бәсекелес болуға тура келеді. Ең алдымен, Кеден одағы аясында жұмыс істеп үйрену қажет, – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Қазақстан Президенті ми­нистр­ліктер мен ведомстволардың жер­гілікті жерлердегі өкілдік­терінде 44 мың адам жұмыс істейтінін, барлық әкімдердің аппараты 36 мың адамды құрайтынын атап өтті. Мұндай теңгерімсіздік ат­қа­рылатын қызметтің қайталана­ты­нын және орталық атқарушы органдар жұмысының тиімсіздігін аңғартады. Нұрсұлтан Назарбаев министрліктер мен жергілікті ат­қарушы органдардың қызмет са­ла­сының ара-жігін ажырату қа­жеттігін атап көрсетті.

Батыс Қазақстан облысының әкімі Нұрлан Ноғаев екі қала мен 12 аудан орталығына газ тарту нәтижесінде облыс тұрғындары­ның 85 пайызы газды пайдаланып отырғанын атап өтті. Балаларды мектепке дейінгі біліммен қам­та­масыз ету 95 пайызды құрайды. Индустрияландыру бағдарламасы аясында 31 жоба іске асуда. Қазір олардың 24-і іске қосылды, қал­ға­ны бекітілген жоспарға сәйкес аяқталатын болады. Шағын және орта кәсіпкерлік саласында белсенді жұмыс жүргізіп жатқан 25 мың субъект бар, оған 92 мың адам тартылған. “Бизнестің жол картасы – 2020” аясында жалпы со­ма­сы 23 миллиард теңгені құрай­тын 161 жоба мақұлданды. Қазақ­стан Кеден одағына өткеннен кейін облыстың Ресеймен, Беларусьпен сауда айналымы 25 пайызға өсті. Украина, Беларусь, Ресей зауыттарының өкілдері шыға­ры­ла­тын ауыл шаруашылығы техни­касын саудалау үшін бүгінде Орал­дан сауда үйін ашты. Бо­ла­шақта оны жергілікті жерде құрастыру жоспарланып отыр. Батыс Қазақстан облысының әкімі, бұған қоса, Ресей мен Беларусьтің бизнес-қауымдастығымен бәсеке­ге қабілетті болу үшін мемлекеттік қолдау шаралары кәсіп­кер­лерге елеулі мүмкіндік беретінін жеткізді.

Оңтүстік Қазақстан облысы­ның әкімі Асқар Мырзахметов мемлекеттің қолдауымен облыста ауыл шаруашылығы өндірушілері азық-түлік қауіпсіздігін қамта­ма­сыз ету мәселесі бойынша белсенді жұмыс жүргізіп жатқанын мә­лім­деді. Облыста 2 миллион 300 мың тонна бақша және жеміс-жидек өнімдері жиналды. Мұның өзі өнімдерді Қазақстан өңірлері мен Кеден одағы елдеріне экспорт­тауға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қолдаумен жалпы өңірлік өнім көлемі 2 есе өсті және 1,27 триллион теңге болды. Об­лыс­тың әлеуметтік-экономикалық дамуына мемлекеттік жұмыспен қамту, бизнесті қолдау, индус­трия­лық-инновациялық даму бағ­дар­ламалары оң әсер етті, деді ол. Мысалы, 2010 жылы облыста 7 жоба іске асырылса, оның саны 2011 жылы – 24, 2012 жылы 29 жо­баға жетті. Іске асырылып жат­қан жобалардың жалпы саны – 114. Нәтижесінде 15 мың жұмыс ор­ны ашылды. Сондай-ақ өңірде жұмыспен қамту және “Бизнестің жол картасы” бағдарламаларын іске асырудың қорытындысы бой­ын­ша 3 жылда 90 мың жаңа жұ­мыс орны қатарға қосылды.

Осы орайда Мемлекет бас­шы­сы Үкіметке нысандарды Индус­трия­ландыру картасына қосу ба­рысындағы есеп беру саласына тәртіп орнатуды және сондай-ақ бюджет қаражатын игере алмау мәселесі бойынша бюджеттік бағдарлама әкімшілерін анықтап, қатаң шара қолдануды тапсырды. 2012 жылдың 1 қарашасына дейін игерілмеген бюджет қаражатының жалпы сомасы 143 миллиард теңгеге жеткен, бұл – облыстың жылдық бюджеті дерлік сома.

Нұрсұлтан Назарбаев жи­нақ­таушы өндірістен толыққанды өн­ді­ріс және біртұтас салалар цик­лы­на өту қажеттілігін атап көр­сет­ті. Мемлекет басшысы идео­ло­гия­лық тәрбиелеу және жастар сая­сатын дамыту мәселелеріне ерекше назар аударды.

Кеңес қорытындысында Мемлекет басшысы әлеуметтік даму, азаматтардың әл-ауқатын көтеру, жастар саясаты және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыру мәселелері бойынша нақты тап­сыр­малар берді.

(“Егемен Қазақстан” газеті,

2012 жылғы 29 қараша).

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp