Махмұт ҚАСЫМБЕКОВ,
Қазақстан Республикасы
Президенті Кеңсесінің бастығы.
Бұл күн кездейсоқ таңдалмады. Сонау 1991 жылы осы күні қазіргі Қазақстанның тарихында алғаш рет тікелей бүкілхалықтық президенттік сайлау болып өтті.
Қазақстанда президенттік институт Қазақ КСР-нің Жоғарғы Кеңесі Нұрсұлтан Назарбаевты республика Президенті етіп сайлаған 1990 жылдың сәуірінде-ақ құрылғаны белгілі.
Алайда, Президенттің мәртебесі бірқатар шектеулермен тұсаулы болатын. Мәселен, 1990 жылы 25 қазанда қабылданған “Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Мемлекеттік егемендігі туралы” Декларация мемлекеттік биліктің заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлінетіндігі туралы маңызды қағидатты атап көрсеткенімен, Мемлекет басшысы деп жарияланған Президент қолына тек өкімдіатқарушы билікті ғана алды да, заң шығарушы биліктің басымдығы ретінде Жоғарғы Кеңес, Президентті қайта сайлау құқығын қоса алғанда, едәуір кеңірек өкілеттіктерге ие болды.
Оның үстіне, басты бөгесін Президентті халық емес, Жоғарғы Кеңестің (яғни, таңдаушылардың) сайлауы еді. Бұл жағдай Н.Ә.Назарбаев президенттігінің демократияға және заңға сай еместігі туралы көптеген кінә артушылықтарға себеп болды, ал ең бастысы – күйретуші бағыттарды ауыздықтап, реформаларды жігерлі жүргізуге қолбайлау жасады.
Жағдайды өткір сезіне білген Нұрсұлтан Әбішұлы өз өкілеттігінің аяқталуына үш жылдан астам уақыт қалғанына қарамастан, 1991 жылдың көктемінен бастап-ақ плебисцит идеясын табандылықпен көтере бастады.
1991 жылдың 28 маусымында (бұл күні баспасөзде Егеменді кеңестік республикалардың одағы туралы шарттың жобасы жарияланып, талқылана бастаған) Президент Н.Ә.Назарбаев Жоғарғы Кеңестің сессиясында депутаттарға тікелей президенттік сайлау өткізу туралы мәселені қарауды ұсынып, сол арқылы депутаттарды ашық әңгімеге шақырды. Депутаттар мәселені талқылады, бірақ Жоғарғы Кеңес мүшелері мен республика азаматтарының арасында Президентке деген сенімнің соншалықты жоғары болуына байланысты тікелей президенттік сайлау өткізудің қажеті жоқ деп, қолдау білдіруден сыпайы ғана бас тартты.
“Бақыт болмас па еді, бірақ бақытсыздық жол ашты” деген мәтел бар. Маңызы одан да кем емес драмалық оқиғалардың тізбегіне алып келген Төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитеттің 1991 жылғы тамыз бүлігі (жаңа Одақтық шартқа қол қоюды болдырмай қою, Коммунистік партияның қызметіне тыйым салу, КСРО-ның республиканың аумағында орналасқан стратегиялық объектілері мен ресурстарын Қазақстанның заңды иелігіне аудару, Қазақстан Компартиясының соңғы съезі, т.с.с.) мәселені төтесінен қойды.
1991 жылғы 16 қазанда Жоғарғы Кеңес президенттік сайлау туралы мәселеге қайтып оралды және бұл жолы ол жөнінде оң шешім қабылдады. Нәтижесінде, 1991 жылғы 16 қазандағы “Қазақ КСР Президентін сайлау туралы” Қазақ КСР-нің Заңы мен “Қазақ КСР Президентін сайлауды тағайындау туралы” Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің қаулысы қабылданып, 1991 жылдың 1 желтоқсанын сайлау күні етіп белгіледі.
Осылайша Қазақстанның тарихында Президентті баламалы негізде тікелей бүкілхалықтық сайлауға алғашқы қадам жасалды.
Естеріңізге сала кетейік, сол сайлауда Мемлекет басшысының орнына үш үміткер ғана болды: Нұрсұлтан Назарбаев, Олжас Сүлейменов және Хасен Қожа-Ахмет. Кейіннен О.О.Сүлейменов Н.Ә.Назарбаевты қолдап, өзінің кандидатурасын алып тастайтынын мәлімдеді, ал Х.Қожа-Ахмет сайлаушылардың қажетті мөлшердегі қолын жинай алмады да, осыған байланысты ОСК оны тіркемеді.
Осындай жағдайда Нұрсұлтан Назарбаев іс жүзінде баламасыз үміткер болып қалды. Сол себепті, Нұрсұлтан Әбішұлына жұртшылықпен әр кездесуін оның қажеттілігі туралы уәж айтумен бастауына тура келді.
Осы сайлауға бастамашылық жасай отырып, ол қиын-қыстау кезеңде халық құптай қоймайтын қадамдарды жүзеге асыруда батыл әрекет етуі үшін Президент бүкіл халықтың атынан өкілеттікке ие болуы тиіс деген сенімде болды. Ал бұл еркін бағаларды енгізу, жекешелендіру, жұмыссыздыққа алып келетін шығынды кәсіпорындарды жабу, нарыққа байланысты басқа да шаралар еді. Осы жағдайларда Президент бүкіл халықтың сенім мандатына ие болғанда ғана реформаларды батыл жүргізе алады.
Бүкіл халық болып сайлаған жағдайда Президент көпұлтты республиканың барлық этникалық топтарының жаппай қолдауына ие болып, тиісінше біреулерінің мүдделерін ескерусіз қалдырды деген айыптаудан қауіптенбеуіне болатындығы туралы деректің маңызы да одан еш кем емес еді.
Сондай-ақ Президентті бүкіл халық сайлаған жағдайда әлемдік қоғамдастық алдындағы республиканың демократиялық беделі елеулі түрде өсе түсер еді.
“… Және ең соңғысы. Бүкілхалықтық сайлау туралы мәселені көтеруде менің өзіндік жеке себептерім де болып еді, – дегенді оқимыз біз Елбасының сол күндердегі қолжазбаларының бірінен. – Адам ретінде Сіздер мені түсінесіздер деп ойлаймын. Бүгінде тәжірибе ала бастаған кейбір жаңа саяси қозғалыстардың өз күштерін Президентті өткір сынау арқылы байқап көретіндері ешкімге де жасырын емес. Өкінішке қарай, олардың энергиясы кейде арнасынан асып кетіп те жатады. Саяси қызуқандылық кезінде біреулердің өрескел айыптаулар ұсынатыны соншалық, оларды сандырақ демеске шараң жоқ. Оның үстіне, олар бір-бірін жиі жоққа шығарып та жатады. Мәселен, бір жағынан Назарбаев қазақ ұлтының мүдделерін сатып жатыр, ол “Мәскеудің қолы” және т.с.с. деген дауыстар шығып жатады. Екінші жағынан, Назарбаев – пантүркизм идеясының жақтаушысы, “Түркістан конфедерациясының сәулетшісі” деген сөздер естіліп қалады. Мұндай пікірлердің шынайы саяси астары жөнінде жақсы хабардар болғандықтан, әрине, ондай айыптауларды елемеуге де болушы еді. Бірақ толық сенімді болу үшін біздің таңдаған мақсаттарымыз бен оларға жетудің құралдары жөнінде бүкіл халықтың пікірін білу керек”.
Сайлаушылардың көптеген сұрақтарына нақты әрі түсінікті жауаптар көп ұзамай Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа жарияланған сайлау алдындағы бағдарламасында берілді. Тұтасымен алғанда, олар мыналар еді деуге болады:
1. Біздің өркениетті қоғамға ілгерілеуіміздің басты тетіктері – мемлекеттік егемендікті іске асыру, бәсекелестік пен меншіктің алуан түрлілігіне негізделген әлеуметтік нарықтық экономиканы қалыптастыру, сондай-ақ өмірдің басқа да жақтарын терең реформалау мен демократияландыру. Қазақстанның мемлекеттік егемендігін нақты мазмұнмен толтыру – прогресшіл өзгерістер мен республиканың бүкіл халқының әл-ауқатын арттырудың аса маңызды шарттары.
2. Қазақстанның егеменді тәуелсіз мемлекеттердің достастығында болуы оның көпұлтты халқының мүдделеріне жауап береді. Тап сондықтан да болашақ саяси одақтың қалыптасуына көп күш-жігер жұмсалуда.
3. Бұрынғы оқшаулықты жеңіп, әлемдік қауымдастыққа ену – республика дамуының тағы бір маңызды шарты. Қазақстанның сыртқы саяси бағытының басты бағыттары барлық көршілерімен және шет мемлекеттермен достық қатынастарды нығайту, бірыңғай еуразиялық экономикалық, интеллектуалдық және мәдени кеңістікті қалыптастыруға белсенді қатысу, мемлекеттік және аумақтық тұтастықты қамтамасыз ету, республиканың аумағы мен экономикасын демилитаризациялау.
4. Нарықтық қатынастарға көшу – біздің стратегиямыз бен экономикалық дамуымыздың шешуші бөлігі.
Адамдар әлеуметтік масылдық пиғылдан арылып, өзінің халахуалына жауапкершілікті сезініп, іскерлік пен іске деген шалымдылығын белсендірек танытулары үшін ауылдағы жер және өндірістік қатынастарды реформалаудың қарқынын арттыру, жеке кәсіпкерлікті қолдап, нарықтық тетіктерді тезірек жасау және іске қосу маңызды. Мемлекеттің тікелей қорғауында негізінен қоғамның еңбекке қабілетсіз және тұрмысы төмен мүшелері, ең алдымен соғыс және еңбек ардагерлері, жастар, балалар мен мүгедектер қалады.
Зейнетақымен қамтамасыз ету саласында нарыққа көшудің теріс зардаптарын азайтып, тұтыну нарығын тауарлармен және азық-түлікпен тұрақтандыру мен толтыру, денсаулық сақтауға, халыққа білім беру мен мәдениетке қолдау көрсету жөнінде іс-шаралар қабылдау қажет.
Экономиканы түбірінен құрылымдық қайта құру Қазақстанды шикізат шылауынан жоғары технологиялы және ғылымға арқа сүйейтін, ұтымды ауыл шаруашылығы мен қызмет саласы бар мемлекетке айналдыруы тиіс.
5. Қазақстанда айрықша алаңдатарлықтай экологиялық ахуал қалыптасқан. Президент Жарлығымен қазақ жерінде ядролық қаруды сынау тоқтатылды. Арал мен Семей өңірлерінің, өндіріс орталықтарының проблемаларын кешенді шешуге, табиғат байлықтарын, әуе және су бассейндерін күзетуге мемлекеттік органдардың, ғылыми және медициналық мекемелердің күш-жігері шоғырландырылатын болады. Экологиялық апаттарды жоюға халықаралық ұйымдарды, ғалымдар мен іскерлік топтарды тарту үшін мүмкін болғанның барлығы да жасалады.
6. Саяси жүйе мен мемлекеттік құрылымдар тиісінше реформаланбайынша, елеулі экономикалық өзгерістер мүмкін емес.
Осыны сезіне отырып және Парламентпен, тұрақтылықты, азаматтық және ұлтаралық келісімді жақтайтын барлық қоғамдық қозғалыстармен және партиялармен өзара бірлесе әрекет жасау арқылы мен Қазақстанда күшті және ұтымды атқарушы билік заң шығарушы және сот биліктерімен дұрыс үйлесім табатын, ал адам құқығына сенімді кепілдік берілетін шынайы демократиялық құқықтық мемлекет орнығуына қол жеткізетін боламын.
7. Мен үшін жақсы ұлтаралық қатынастарды, халықтар арасында сенім мен достықты сақтаудан өзге маңызды міндеттер болған емес және болмайды да. Онсыз біз ештеңеге қол жеткізе алмаймыз. Ұлттық мемлекеттікті нығайту, қазақ ұлтының тағдыры үшін өз жауапкершілігімді түсіне отырып, мен оның мәдениетін, тілі мен тарихын қайта өркендетуге ұдайы қамқорлық танытатын боламын. Қазақстанның мемлекеттік егемендігі туралы Декларацияға сәйкес, бір мезгілде республикада оның барлық азаматтары үшін және мәдениетінің, тілдері мен дәстүрлерінің дамуына тең жағдайлар жасалуы үшін барлық күш-жігерімді жұмсаймын.
8. Терең өзгерістердің іске асырылуы олардың қажеттілігін бүкіл қоғамның, оның әрбір адамының түсінуін, ыждағатты еңбекті, жоғары тәртіп пен ұйымшылдықты талап етеді. Өз қызметімде мен Қазақстанның көпұлтты халқына, олар сайлаған халық билігі органдарына, аға ұрпақтардың тәжірибесі мен жастардың қуатына, әдеттен тыс ойлауға қабілетті адамдарға арқа сүйеп, батыл да білікті шешімдер қабылдайтын боламын.
“Егер халық менің бағытымды мақұлдап, өз Президенті етіп сайласа, оның жоғары сенімі маған күш пен іс-әрекеттерде сенімділік береді” – сайлау алдындағы тұғырнамасын осындай сөздермен аяқтаған болатын.
* * *
1991 жылдың сол күзі Нұрсұлтан Әбішұлы мен онымен бірге жанында болғандарға өміріндегі ең қарбалас күз ретінде естерінде қалған шығар, сірә. Бүкіл қараша айы сайлаушылармен кездесулерге кетті.
8-29 қараша аралығы кезеңінде Президент жүйелі түрде Гурьевте, Теңізде, Құлсарыда, Қызылқоға ауданында, Оралда және Жымпиты ауданында, Ақтөбе қаласы мен Ақтөбе ауданында, Семейде, Курчатовта, Қарауылда, Өскеменде, Зайсанда, Павлодарда, Екібастұзда, Петропавлда, Қостанайда, Семиозер ауданында, Качар КӨК-інде, Қарағандыда, Теміртауда, Осакаров ауданында, “Жезқазғантүстімет” ҒӨБ мен қала маңындағы кеңшарға бару арқылы Жезқазғанда, Жамбыл мен Свердлов ауданында болды. Республиканың алып географиялық ауқымы мен әуе желілерінің маршруттарын ескере отырып, Алматыға екі рет қайтып оралуға тура келді, бірақ бұл “үзілістер” дамылдауға арналмаған еді: 14 қарашада Н.Ә.Назарбаев астанада архиепископ Алексиймен (Кутепов) және бас мүфти Р.Нысанбаевпен жеке кездесулер өткізді, ал кешке Қазақ теледидарында Президент сағатына қатысты; 15 қарашада Спорт сарайында Алматы қаласы мен Алматы облысының сайлаушыларымен кездесті; 16 қарашада Қазақстанның кәсіподақ қайраткерлерімен кездесті; 25 қарашада теледидардың “Тікелей эфирінде” сөз сөйледі.
Мұрағат материалдары Нұрсұлтан Назарбаевтың оған сайлауалды марафонның осы аса қызу кезеңінде көмектескен серіктерінің есімдерін сақтап қалды. Олар: О.Ә.Әбдікәрімов, Н.Ә.Әбіқаев, А.Ахметәлімов, В.И.Горячковский, Б.Қ.Дәмитов, М.Жолдасбеков, К.В.Жигалов, Ж.А.Ибрагимов, Қ.С.Ізбасқанов, Т.С.Қабдрахманов, В.П.Крупенев, С.Матаев, В.В.Ни, Д.Н.Нұрахметов, З.Қ.Нұрқаділов, С.Қ.Нұрмағамбетов, Г.И.Пирожников, И.М.Романов, Д.Х.Сембаев, Қ.Ш.Сүлейменов, Қ.С.Сұлтанов, И.Н.Тасмағамбетов, С.А.Терещенко, Ю.А.Хитрин, Ғ.М.Шалахметов және басқалар.
Мемлекет басшысының оның мүдделерін өңірлерде таныстырып отырған сенімді өкілдерін жеке атап өткен орынды. Олардың қатарында Қ.І.Әбілов (Торғай), І.Н.Аймағамбетов (Ақтөбе), А.И.Атмачиди (Семей), В.А.Баумейстер (Целиноград), Д.Я.Брусник (Қостанай), С.В.Дрожжин (Қарағанды), К.Ж.Жанатов (Талдықорған), Г.И.Зенченко (Солтүстік Қазақстан), К.И. Ишмаков (Орал), Ж.Ш.Кәкішев (Гурьев), Б.Ә.Қайыпов (Қызылорда), Л.К.Қиынов (Маңғыстау), Р.Манапов (Алматы), Т.М.Рамаданов (Алматы қаласы), А.Қ.Тшанов (Шымкент), А.Д.Фрезоргер (Павлодар), М.А.Чжен (Көкшетау), Г.Г.Штойк (Шығыс Қазақстан), Г.П.Юрченко (Жезқазған), Ә.Ә.Исақов (Жамбыл) бар.
Кәсіпорындар мен ұйымдарда, аудан орталықтары мен фермаларда, денсаулық сақтау, білім беру және мәдениет объектілеріндегі кездесулер ұзаққа созылғандығын атап өткен жөн. Адамдар Нұрсұлтан Әбішұлын “жібергісі” келмейтін: олар оның келгеніне риза болатын, ашық та емен-жарқын пікір алысатыны үшін қуанатын, бәрінен бұрын өздерін толғандыратын көкейкесті сұрақтармен көміп тастайтын. Президентке уақытын демалысы есебінен үнемдеуіне тура келетін: ол сапардың әр күнінде таңертең ерте және түн ортасы ауған шақтарда атқарылған істі қорытындылап, таяу жоспарларды айқындап алу үшін серіктерімен “лездеме” өткізетін. Алайда, түнде де ұйқыны ойлайтындай кез болмайтын: көмекшілер сайлаушылардың пікірлерін, талап-тілектері мен аманаттарын жинақтап жатқан кезде Президент жазу үстеліне отырып, өзінің алдағы сөйлейтін – бұған дейін иі әбден қанды-ау дейтін сөзін ойластырып, жетілдіретін…
Өзін салиқалы, салмақты әрі биязы ұстай отырып, Нұрсұлтан Назарбаев отандастарына бос уәде берген жоқ және одан да бұрын оларды алда күтіп тұрған ауыр сынақтарға психологиялық тұрғыдан дайындады. Олар ащы да болса ақиқатты осылайша ашып айтқаны үшін оған риза еді: адамдар өздерін шынайы қабылдағанды қатесіз сезініп, бағалайды. Сонымен бірге ол кейде жария күйде армандап, жұртшылықтың талқылауына жаңа идеялар мен жобаларды ұсынуға да жол беретін – тек ол көпшіліктің көкейкесті сұранысына жауап берсе болғаны. Мәселен, өз жерлестерімен – Алматы мен астаналық облыстың сайлаушыларымен кездесуде Президент 1995 жылғы мерзімге дейін нақты әрі шұғыл басымдықтар ретінде азық-түлікпен қамтамасыз етуді, халыққа, әсіресе, жастарға арналған тұрғын үй салуды, Қазақстан халқына сату мақсатында жеңіл автомобиль құрастыру өндірісін құруды, импорттық тоңазытқыштар мен бейнежүйелер шығаратын кәсіпорындар салуды, шетелдік серіктестермен және ішкіодақтық мүмкіндіктермен кооперациялау есебінен халықты әртүрлі жиһаздармен және аяқкиімдермен қамтамасыз етуді, қазақстандық шикізаттан тұрмыстық тігін машиналары мен медициналық препараттар шығару жөніндегі қуаттар құруды, республика сұранысының көлемінде балалар тағамын, қалбырға құйылатын сыра, банкаға құйылатын жеміс пен жидек шырынын өндіруді ұйымдастыруды ұсынды. Осы жерде нақты тапсырмалар беріліп, бұл бағыттар бойынша жауапты адамдар белгіленді: вицепрезидент Е.М.Асанбаев, премьер-министр С.А.Терещенко, премьер-министрдің бірінші орынбасары Е.Г.Ежиков-Бабаханов, премьер-министрдің орынбасарлары Қ.Қ.Байкенов, Қ.А.Абдуллаев, Д.Х.Сембаев, Б.М.Тұрсымбаев. Бүгінгі күннің биігінен алып қарағанда, Президенттің бұл бастамалары соншалықты ауқымды болып көрінбеуі де мүмкін. Бірақ бұлтартпас шындық мынада: нарықтық қатынастардың тетігі өлі нүктесінен қозғалтып жіберіліп еді, бұл проблемалардың бәрі де өз шешімін тапты. Нұрсұлтан Назарбаев жақтаған экономиканы ырықтандыру барысында республика халық тұтынатын тауарлармен толықтай қамтамасыз етілді. Ал инвестициялар мен технологиялар келе бастасымен – бәлкім, қалағанымыздай болмаса да, – Қазақстанда өндірістік тоқыма мен тігін өндірісі де, автомобиль құрастыру да, балалар тағамы да, жиһаз индустриясы да, сыраның барлық түрлері мен ыдыстағылары да пайда болды… Бүгінде отандық нарықтағы шикізаттың, азық-түліктің, тауарлардың молшылығы көзге көрініп-ақ тұр.
Жеңісті сөреге жеткенше табан астынан пайда бола қалатын әңгімелер мен пікірталастарға келетін болсақ, жиі-жиі Президенттің шуақты әзілімен нұрланып отырған олардың сенімді әрі тілектестік ауаны көп адамдардың есінде қалды. Бір ғана мысал келтірейін. 2 желтоқсанда астананың Достық үйінде ОСК шақырған баспасөз конференциясында залдан қойылған көп сұрақтардың арасында: “Сіздің айнала-төңірегіңізде неге әйелдер жоқ?” деген сауал да болды. Оған Нұрсұлтан Әбішұлы: “Мен де біздің өз Маргарет Тэтчеріміз болғанын қалаймын. Ұсыныстарыңызды беріңіздер…”, – деп жауап қайтарды.
Н.Ә.Назарбаевтың үгіт науқаны қаншалықты жемісті болғанын БАҚ-тың сол күндердегі материалдарынан да бағамдауға болады.
26 қарашада ҚазТАГ республикалық қоғамдық пікірді зерттеу орталығы жүргізген сайлаушылардың көңіл күйін социологиялық зерттеудің нәтижелерін жариялады. “Бүгін жарияланған мәліметтер көрсетіп отырғанындай, сұрау салынғандардың 89%-ы Қазақстанның бірінші лауазымды қызметінде Нұрсұлтан Назарбаевты көргісі келеді. Республиканың өзге де белгілі тұлғаларының арасынан ең көп қолдауға ақын Олжас Сүлейменов ие. Оны респонденттердің 2,5%-ы жақтайды. Ал сайлаушылардың 3,6%-ы Қазақстанда президент қызметіне лайықты көшбасшы мүлде жоқ деп мәлімдейді. Бұл сайлауға бір апта қалғанға дейінгі күштердің бөлінуін объективті көрсететін сияқты”.
Дегенмен, президенттікке басқа үміткерлердің мерзімінен бұрын шығып кетуінен болған электораттық эксцесс талайлардың басын қатырған сияқты. Осы тұрғыдан келгенде, болып жатқан оқиғаларға тарихшы және мемлекет пен құқық теоретигі, академик, халық депутаты Салық Зимановтың көзқарасы назар аударарлық.
Нағыз жүйелеуші-ғалым ретінде ол, әрине, теория мен практиканың арасындағы тепе-теңдіктің энтузиасты болды, ал нағыз заңгер ретінде рәсімдік-іс жүргізушілік толықтықтың, соның ішінде ұлттың тарихындағы теңдесі жоқ тікелей Президент сайлауы сияқты саяси-құқықтық жобада рәсімдік-іс жүргізушілік толықтықтың педанттық жақтаушысы болды. Сондықтан да, қоғам үшін кәсіби маманның 1991 жылғы 23 қарашада “Советы Казахстана” газетінің бетінде жарияланған “Президенттік басқару: үміттер мен проблемалар” деген түсіндірмесі құнды болды:
“…Баламалықтың жоқ болу себебі демократия мен оның институттарының пісіп-жетілмегендігі болып табылады. Мәселе республикада үлкен мемлекеттік істер үшін кадрлардың жоқтығында емес. Олар бар. Партиялық және қоғамдық қозғалыстар әлсіз әрі бастары бірікпеген…
Осының бәріне қарамастан, қалыптасқан шындықтан алысқа кете алмайсың. Республиканың қазіргі Президенті Н.Ә.Назарбаевтың беделі мен жеке басының қасиеттері қиын сынақтарға төтеп берді және жоғары екені соншалық, бүгінде саяси кеңістікте оған теңдес үміткер табу қиын. Ол көпұлтты Қазақстан сеніміне алдын ала ие болды, мұның өзі нарықтық қатынастарға енуге байланысты жағдайда айрықша маңызға ие. Президенттікке мүмкін үміткерлер мұнымен санаспай тұра алмайтын еді. Олар үшін тіпті, “бет-бейнесін” жоғалтпай сайлаудан шығып қалудың өзі проблема болып қалды.
…Болашақ Президент мемлекеттік қайраткердің кәсіби деңгейі мен зияткерлік пісіп-жетілуі жөнінен қазіргіден төмен болмауы тиіс.
Президенттің тағдыры жеңіл емес. Ол жұмыс істеп, жауап беруіне тура келетін бұдан қиын ахуалды ойлап таба алмайсың. Тек ақылдылардың арасындағы батылдары ғана мұндай қадамға бара алатын еді. Осындай ауыртпалықты көтеруге бар президенттікке үміткер сондықтан да даңққа лайықты.
Бүгінде мұндай тұлға Н.Ә.Назарбаев болып отыр”.
Ақырында, 30 қараша, сенбі де келіп жетті. Сайлау алдындағы соңғы тәулік. Осы күні “Егеменді Қазақстан” және “Казахстанская правда” газеттері О.О.Сүлейменовтің “…Ертең мен не үшін дауыс беремін?” деген мақаласын жариялады. Ақынымыздың жолдауынан жекелеген үзінділер келтіргіміз келеді. Ол соған лайық:
“Мен Нұрсұлтан Назарбаевты 20 жылдан астам уақыт бойы жақсы білемін. Өмірдің қатал мектебінен бірге өттік, көп нәрсені бірге үйрендік. Біздің кешегі кейбір жолдастарымыз ол мектептің сынына шыдай алмады.
Саясат дегеніміз – ең жоғары шығармашылық. Оны мамандық ретінде таңдауға болмайды, қайта оның өзі адамды таңдайды, адамнан жан-тәнімен беріле жұмыс істеуді және сан қырлы талантын танытуды талап етеді. Бұл ретте ең алдымен адамдардың мұң-мұқтажын жан-жүрегімен түсініп қабылдау қабілеті қажет етіледі. Ал Нұрсұлтан Назарбаевтың мұндай таланты әбден жетілген.
Маған оның көпұлтты Қазақстанды көркейтіп, дамыту жөніндегі бағдарламасы түсінікті әрі көкейіме қонымды. Егер ол бағдарлама жүйелі түрде жүзеге асатын болса, біздің республикамыз гүлденген елдердің қатарына көптеген өзге республикалардан бұрын қосылуға қабілетті. Ал мұның өзі Қазақстанда бейбіт өмір сақталған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Міне, біздің барлығымыз да осы үшін дауыс берейік! Нұрсұлтан Назарбаевқа дауыс берейік!”.
* * *
Жеке менің өзімде де сайлау күніне, 1 желтоқсанға байланысты өте қызықты естеліктер бар. Алайда, мейлінше объективті болу үшін, өз әсерлерімнің орнына сол кезеңнің репортерлік хроникаларында көрініс тапқан “уақыт тынысын” қайта келтіргенді жөн көріп отырмын. “Казахстанская правданың” тілшісі Татьяна Костина Алматыдағы дауыс берудің барысы туралы тарихқа өте құнды репортаж қалдырды.
“…Астанада Президент сайлауы жігерлі өтті. Қалың тұман сайлаушыларға өз учаскелерін табуға бөгесін бола алмады. Сағат 12-ге қарай Орталық сайлау комиссиясы астанада – 54%, сағат 16-да, қазірдің өзінде 78% дауыс берді деген мәліметті жария етті!
№383 сайлау учаскесі. Бұрын ол №56 мектепте орналасқан болатын. Президенттік сайлау күні оны Достық үйіне ауыстырыпты.
– Белсенділік өте жоғары, – деп әңгімеледі сағат 11-де сайлау комиссиясының төрағасы Асан Қожақов. – Көп бөлігі қазірдің өзінде азаматтық борыштарын орындады.
Республика Премьер-Министрі С.А.Терещенко осында дауыс берді. Д.А.Қонаев та осы жерге келді. Әрине, көп сайлаушылар республиканың бұрынғы басшысы “иә” немесе “жоқ” деп дауыс бере ме деген қызығушылық сұрағын қоймай тұра алмады. Ол толқымай-ақ: “Назарбаев үшін” деп жауап берді.
Содан кейін Президент жұбайымен келді. Алматылықтардың оған қызығушылығын көрсеңіз ғой! Дауыс бергеннен кейін олар Н.Ә.Назарбаевты қаумалап, қоршап алды. Содан кейін соңы ешқашан бітпейтіндей сансыз сұрақтар… Болашақ Президенттің оптимизміне тек қызғанышпен қарап, оның үлгісіне еруге болады. Барлық қиындықтарды жеңеміз деген сеніммен еруге болады. Адам сияқты тұра бастаймыз деген үмітпен еруге болады”.
Айтқандай, сол материалда бүгіндері де еске алуға қызықты дерек келтірілген. “Космос ауылының тұрғыны Жұмағали Нүсіпов бұрынғы дағдысы бойынша дауыс беруге таңғы алтыда келіпті, ал участок жетіде ашылды. Сонда ол ауылдастарымен бірге митинг ұйымдастырып, сонымен қатар, осы күні халықтың алдында есеп беріп, өзінің жоспарларын салыстыру үшін ол 1 желтоқсанды Республика Президенті күні етуді ұсынды”.
Ал “Егемен Қазақстанның” Жамбыл облысы бойынша меншікті тілшісі Мұрат Сыздық бұл жөнінде былай деп жазды: “…Н.Ә.Назарбаевтың кандидатурасын қолдау топтарымен бірге Мемлекет басшысы үшін түрлі партиялар мен қоғамдық бірлестіктердің өкілдері де үгіт жұмыстарын жүргізді. Мәселен, “Азат” республикалық партиясы Жамбыл облыстық комитетінің төрағасы Б.Абдоллаев сайлау күні бізге: “Біздің жерлестеріміз кім күндіз-түні ел туралы ойлап, қарапайым адамдарға қамқорлық жасаса және Отанына адал қызмет етсе, соған ерекше сенім артып, құрмет көрсетеді. Нұрсұлтан Әбішұлы – тап осындай адам. Сондықтан “Азат” партиясының облыстық бөлімшесінің екі мыңға тарта мүшесі өз дауыстарын Нұрсұлтан ағаға берді”, деп хабарлады.
2 желтоқсан күні таңертең Достық үйінде баспасөз қонференциясы болып, оған Н.Ә.Назарбаев пен Е.М.Асанбаев, сондай-ақ Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының міндетін атқарушы С.Ә.Әбділдин мен Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Төрағасының орынбасары З.Л.Федотова қатысты. Алғаш сөйлеген Қ.Б.Бөкенов болып өткен сайлаудың қорытындылары бойынша алдын ала жедел мәліметтерді жария етіп, дауыс беру үшін тізімдерге енгізілген 9960 мың азаматтың учаскелерге 88,24% сайлаушы келгенін хабарлады. “Қазіргі еркін білдірудегі толық бостандық пен жеңіл емес әлеуметтік-экономикалық жағдайда бұл қазақстандықтардың басым көпшілігінің толықтай дерлік қалыптасқан, берік саяси көзқарасынан хабар беретін өте жоғары көрсеткіш”, – деп атап көрсетті ол. Сайлау бюллетеньдерін алғандардың 98,76%-ы президенттіктен үміткерді жақтап, дауыс берді. Тек 1,24%-ы ғана қарсы дауыс берді, бұл 109 мыңнан сәл ғана астам адамды құрады. 186 бюллетень жарамсыз деп танылды. Дауыстардың ең жоғары пайызы – 99%-дан астам – Маңғыстау, Талдықорған, Жамбыл, Алматы, Ақтөбе және басқа да бірқатар облыстарда берілді, орташадан шамалы төмен, бірақ соған қарамастан, 95,6%-дан – 97,9%-ға дейінгі дауыстар Ленинск және Алматы қалаларында, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Орал облыстарында берілді. Округтік сайлау комиссияларының мәлімдеуінше, дауыс беру кезінде ешқандай оқиға болған жоқ, Орталық сайлау комиссиясына тәртіп бұзушылық жөнінде арыз-шағым түспеді. Дауыс берудің тыныш өткенін Қазақстанға жеті республикадан келген бақылаушылар да қуаттайды.
Осылайша, Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бүкіл халық болып алғаш сайлаған Қазақстан Президентінің мандатын алды. Қазақ КСР вице-президенті болып Н.Ә.Назарбаевпен бірге дауысқа түскен Е.М.Асанбаев сайланды, оның кандидатурасын Мемлекет басшысының өзі ұсынған болатын.
Залдың ду қол шапалақтауының аясында сөз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа берілді, ол қысқаша мәлімдеме жасап, сайлауалды науқанын қамтамасыз еткендердің бәріне алғысын айтты. Содан кейін Н.Ә.Назарбаев пен Е.М.Асанбаев баспасөз конференциясына қатысушылардың көптеген сұрақтарына жауап берді.
Осы күннен бастап Нұрсұлтан Әбішұлының атына Президент болып сайлануына байланысты азаматтардан, еңбек ұжымдарынан, шет мемлекеттердің басшыларынан құттықтаулар келіп түсе бастады. БАҚ Мемлекет басшысының атына құттықтаулар мен тілектер тасқынын жариялады.
5 желтоқсанда Орталық сайлау комиссиясы сайлаудың ақтық қорытындыларын ресми түрде жария етті. Республика аумағы бойынша құрылған 21 сайлау округі бойынша сайлаушылар тізімдеріне 9 961 242 азамат енгізілген болатын. Сайлауға солардың 8 788 726-сы немесе 88,23%-ы қатысты. Сайлау бюллетеніне Қазақ КСР президенттігінен үміткер Н.Ә.Назарбаев пен Қазақ КСР вице-президенттігінен үміткер Е.М.Асанбаев кіргізілген болатын. Сайлау қорытындысы бойынша Н.Ә.Назарбаевты жақтап 8681276 сайлаушы немесе дауыс беруге қатысушылардың 98,78%-ы дауыс берді.
* * *
Ең жағымды әбігершілік – 10 желтоқсан, сейсенбіге белгіленген Президенттің салтанатты ант беру рәсіміне және қызметіне кірісуіне әзірлік кезеңі басталды. Бұған дейін біздің сөздік қорымызға жат болып келген, бөгде жұрттың “инаугурация” сөзі әпсәтте еніп, ана тілімізде “ұлықтау” деп қолданыла бастады.
Ұлықтауды әзірлеу Премьер-Министрдің орынбасары М.Жолдасбековке тапсырылды.
Салтанат өткізілетін орын ретінде Республика сарайы таңдалды. Ұлықтау Жоғарғы Кеңестің кешкі салтанатты отырысының шеңберінде болуы керек еді. Байырғы дәстүрлерге құрмет көрсетіле отырып, Президент антты ақ киіздің үстінде тұрып қабылдайтын болып ұйғарылды. Содан кейін ақжолтай тілекпен құрметті ақсақалдар сөз сөйлеуі тиіс болатын.
Олардың қатарында егде жастағы халық ақыны Шәкір Әбенов, Қазақстанның халық жазушысы, Жоғарғы Кеңестің Ұлттық саясат, мәдениет пен тіл дамыту жөніндегі комитетінің төрағасы Әбіш Кекілбаев, Солтүстік Қазақстан облысындағы “Новоникольский” кеңшарының директоры Геннадий Зенченко болды.
Осы арада соңғы сәтке дейін Шәкір Әбеновтің алдағы сөзінің мазмұны мен ауаны жұмбақ болып қалғанын айта кеткен артық болмас. Оның әзілқойлығы, мысқылшыл сөз саптасы, ешкімнің алдында айылын жия қоймай, айтарын еркін айтатындығы жұртқа жақсы белгілі болатын. Кейбір тісқаққан жауапты қызметкерлердің өмір бойы айтыста жүрген, жасы тоқсаннан асқан ақсақалымыз тосын қылық танытып жүрмес пе екен деп іштей қауіптенгені де рас еді. Бірақ “құнды тапсырма беруге”, айтыскер ақыннан сөзінің мәтінін алдын ала сұрап алуға, әрине, оны цензурадан өткізуге ешкімнің батылы бара қоймады: ол уақыт келмеске кеткен еді.
Міне, көптен күткен күн де келіп жетті. Республика сарайына елдің барлық түкпірінен келген көпұлтты Қазақстанның өкілдері жиналды. Оқиғаның тарихи маңызын сезінген көптеген адамдар өз толқуларын әрең басып отырғандай. Адамдар бір-бірін тек Президенттің жеңісімен ғана емес, мемлекеттің жаңа атауымен де құттықтауда: Жоғарғы Кеңестің таңертеңгі отырысында Н.Ә.Назарбаевтың ұсынысы бойынша елдің атауы өзгерді, ол енді бұдан былай Қазақстан Республикасы деп аталатын болды.
Рәсімді Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесі Төралқасының Төрағасы С.Ә.Әбділдин ашты. “Қазақстанның көп ғасырлық тарихында алғаш рет халық Президенті сайланды. Президент болып қазақ халқының даңқты перзенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев сайланды, – деді ол. – Шынайы демократиялық негізде өткізілген сайлауда урнаға өткен сайлаушылардың 99% дерлігі оған өз дауыстарын берді. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлының республика халқының барлық топтарының арасындағы зор танымалдығы мен жоғары беделінің айқын да сенімді дәлелі. Көп ұлтты Қазақстан халқы Н.Ә.Назарбаевты Мемлекет басшысы етіп сайлап, егеменді Қазақстанның өркендеуі үшін оған барлық жауапкершілікті артып, өз тағдырын сеніп тапсырды. Қымбатты Нұрсұлтан Әбішұлы, Сізге Қазақстан Республикасы Президентін сайлау бойынша бүкілхалықтық дауыс берудің қорытындылары туралы құжатты табыс етуге рұқсат етіңіз…”.
Конституцияға сәйкес Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасы Президентінің антын берді.
Депутаттар “Қазақстан Республикасы Президентінің лауазымына кірісуі туралы” қаулы қабылдады.
Ә.Кекілбаев пен Г.И.Зенченко құттықтау сөздерін сөйледі.
Содан кейін төрағалық етуші мінберге Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты шақырды. Өзін ұлықтау рәсімінде ол “Мұндай ауқымды тарихи өзгерістердің куәсі мен қатысушысы болу кез келген ұрпаққа бұйыра бермейтінін” айта келе, жас мемлекеттің алдында тұрған бірінші кезектегі міндеттердің межесін белгіледі:
“…Саясатта – билікті айқын бөлумен байланысты қадамдар, көлбеу президенттік құрылымдар құру, ал ол атқару органдарын басқарудың үйлесімді жүйесін жасауға мүмкіндік береді. Бұл депутаттық корпус пен жергілікті Кеңестердің далиып кеткен аппаратын біршама қысқарту қажеттігіне байланысты республика Жоғарғы Кеңесін профессионал парламент етіп объективті түрде қалыптастыру.
Бұл саяси пікір алуандығына қолдау көрсете отырып, республиканың территориялық тұтастығына қарсы бағытталған экстремизм мен ұлттық дүрдараздықты, жікшілдікті уағыздаушы партиялар мен қозғалыстардың қызметіне сөзсіз тыйым салу.
Бұл право тәртібін нығайту мен заңдылықты сақтау жөніндегі батыл іс-әрекеттер.
Бұл барлық қазақстандықтар правосының теңдігі негізінде ұлтаралық келісімді сақтау, мемлекеттік саясаттың іргелі принципі ретінде саяси тұрақтылықтың басымдығы.
Осындай саяси іргетассыз – Қазақстанды қазіргі заманғы өркениеттің ар-насына қосу, бағаны бейтараптандыруды, қаржы жағынан сауықтыруды, жекешелендіруді, нарықтық инфра-құрылымды құруды, меншіктің барлық түрлерінің тең праволылығын көздейтін терең экономикалық өзгерістерді жүзеге асыру мүмкін емес. Коллективтік және жеке кәсіпкерлік жолындағы кез келген бюрократтық бөгетті жою маңызды, ал олар экономикалық гүлденудің басты қозғаушыларының бірі болуы керек.
Біздің әрқайсымыз өтпелі кезеңнің қиындықтары – бағаның өсуі, ақшаның құнсыздануы, тапшылық, тұрмыс деңгейінің төмендеуі сияқты қиындықтарды өз басымыздан өткеріп отырмыз. Біздің төңірегіміздегі өмірдің өзі онша жайлы емес. Сайлау қарсаңындағы кездесулерде айтқанымдағыдай, бұл жағдайдың өзі шапшаң түзеліп кетеді деп айтпаймын және уәде бере алмаймын. Егер мен осыны айтпасам, Сіздердің алдарыңызда ағынан жарылмаған болар едім. Біз тістеніп алып ертеңгі күнге деген сеніммен мұның бәрінен де өтуіміз керек”.
Осыдан кейін сахнаға ақын Шәкір Әбенов, жазушы Дмитрий Снегин, КСРО халық депутаты Ыбырайымжан Қожахметов, композитор Құддыс Қожамияров, Қазақстан спортының ардагері Эдуард Айрих шақырылды, олар қазақ дәстүрі бойынша Президентке ұлттық үлгіде тігілген шапан жапты.
Шәкір Әбенов арнау айтып, ақжарылқап батасын берді:
Сарыарқа – туған жерім, елім – қазақ,
Қазақ елі ежелден көкседі азат.
Көп естіп, көпті көріп, аз білсем де,
Мен бір ғасыр куәсі – экспонат.
Біз көрген зобалаңда, қуғын-сүргін,
Енді ешкім көрмес үшін қанды қырғын,
Бар ұлттың тілін тауып, табыстырған,
Нұрсұлтаным, жұлдызың жанды бүгін.
Зерек ақыл, зерделі ой, батыл жүрек,
Жаманат жапсыра алмас жатың тілеп.
Қарадан хан туған деп қадірлеген,
Қазағың ғұмырыңды отыр тілеп.
Абылайым бүгінгі Сен емес пе?
Қазағым өзге жұртпен тең емес пе?!
Халқыңа Тәуелсіздік нұрын шаштың,
Тар асу, тайғанақ жол, кер белесте.
Ақ киізге көтеріп, хан сайласқан,
Қарт атаң тоқсан бірде мен емес пе?!
Халқың сүйген перзенті екенсің, енді сол халқың айтар бата берейін. Қазақта бата деген екі түрлі болады: бірі – негізгі бата, екіншісі – лебізді бата.
Негізгі бата – халықтікі. Халық қастерлеген басшысына адал қызметі үшін батасын өзі береді. Лебізді бата дегеніміз – халықтың тапсырған аманат-тілегі, келешекке үміт-сенімі. Ол негізінен үш міндетке саяды:
1. Дүниенің бар игілігін өндіретін жұмысшы, диқан, мал өсіруші қауымның табан ақысын, маңдай терін зая кетірмей, ысырапқа ұшыратпай ұсатып, халықтың қажетіне, игілігіне жарату.
2. Осыған кедергі жасап, кесел келтіретін суыққол сұғанақтарға, қиянатшыл-зорлықшыл зұлымдарға тыйым салу.
3. Қошеметшіл жағымпазға бой алдырмай, өз ісіңе де, өзгеге де сын көзбен қарап, қате кетсе, өзің түзей білу. Осы үш талаптың үдесінен көрінген басшы ел сенімін ақтары шүбәсіз, анық.
Ендігі менің лебізді батам – тұжырым-түйінім мынау:
Халыққа береке, мынау қиын заманда бірлік беріп, ел тізгінін ұстап, еркіндікке жеткізген Нұрсұлтанның атақ-даңқы, абыройы зорайып, тарихтың бетіне басылатын болсын!..”.
Осымен салтанатты жиналыс жабық деп жарияланып, шамалы үзілістен кейін үлкен мерекелік концерт болды.
Ұйымдастырушылардың қуанышына орай, Тұңғыш Президентті ұлықтау алдын ала ойластырылғандай болып өтті. Бірақ баршаның көз алдында орын алған мына бір оқыс жағдай жөнінде үндемей қоя салсақ, бұл әңгімеміз толық бола қоймас еді. Ту сыртындағы Мемлекеттік ту қозғалып кеткенде, Президент сахнаның ортасында тұрған болатын… Барлық замандарда да, барлық халықтарда да ту жығылса жаман ырымға жорылады ғой. Залдағы жұрт шошып та үлгермеді: бірдеңенің бола қалғанын байқаған Нұрсұлтан Әбішұлы жалт бұрылып, республиканың туын ұстай алды. Мұндайда сол сәтте Президенттің қолымен жасаған Құдіреттің күшіне қалай таңғалмассың?..
* * *
Біздің тәуелсіздігіміздің таңы осылай басталды. Қазақстан халқы өзінің бүкіл халық болып сайлаған және оған лайықты абырой мен даңқ әкелген көшбасшысының жетекшілігімен ұланасыр өзгерістер жылнамасында алғашқы парақтар пайда болды. Ал жаңа Қазақстанды қалыптастыру жөніндегі қажырлы күрес пен қызу еңбек жылдары әлі алда еді.