«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ЖАСТАРДЫ ПАТРИОТТЫҚҚА ТӘРБИЕЛЕУ ҮШІН ҚАЖЕТ ШАРА

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Астана қаласында Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орайластырып ұйымдастырылған “Жаңа әлемдегі жаңа Қазақстан” атты Бірінші Назарбаев оқулары ашылды. Қазақстанның Тәуелсіздік жылдарындағы дамып, өркендеуіндегі Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі мен тарихи рөлін зерделеп тану үшін бұл форумның маңызы зор деп ойлаймын. Елбасымыздың өзі шетелдік спикерлермен кездесуінде атап айтқанындай, бұл жастарды патриоттыққа тәрбиелеу үшін қажет.

Біз, ұстаздар қауымы үшін өскелең ұрпақтың жүрегіне елжандылық сезім ұялатып, Қазақстанның сенімді болашағы үшін бар күш-жігерін жұмсап еңбек ете алатын азаматтар тәрбиелеу басты мақсат болып табылады. Елжандылық дегеніміз – ең алдымен туған халқың мен Отаныңның жетістіктері мен жеңістері үшін мақтана білу деген сөз. Бірінші Назарбаев оқуларына халықаралық деңгейдегі белгілі саясаткерлер мен ғалымдардың қызығушылық танытып, қатысуға арнайы келуінің өзі барлық мен қазақпын, мен қазақстандықпын деген азаматтарда мақтаныш сезімін тудырары анық. Бұл – әлемдік қауымдастықтың Қазақстанның жиырма жылдық тарихын, осы аз уақыт ішінде ел көрмеген ғажайып табыстарға жетуін ерекше бір феномендік құбылыс ретінде мойындауы деп білеміз.

Франция сенатының эксспикері, Бірінші Назарбаев оқуының шетелдік спикері Кристиан Понселе: “Қазақстандықтар – болашаққа ұмтылған қайсар халық. Сіздердің халықтың жолы болды – Сіздерде басқара білетін, идеяларды ойлап табатын және оларды іске асыра білетін көшбасшы бар. Ол өте дана адам”, – деп саясаткер ретінде өзінің пікірін білдірді.

М. Ломоносов атындағы ММУ-нің ректоры Виктор Садовничий: “Ол (Н.Назарбаев) әлемнің өзекті проблемалары мен жаhандық экономиканың алдағы даму барысын терең түсінеді. Нұрсұлтан Әбішұлы қазіргі ғылым мен оның даму логикасын өте дәл сезіне алады”, – деп баға берді. Бұл Қазақстанның тәуелсіз ел болып қалыптасуындағы және әлемдік қауымдастықтың сеніміне ие болудағы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көшбасшылық рөлін тану деп түсінеміз.

Сондықтан да Бірінші Назарбаев оқулары Қазақстанның саяси-экономикалық, әлеуметтік даму жолына жаhандық даму үрдістері тұрғысынан талдау жасап шығарған маңызды қорытындылары мен ұсыныстары еліміздің одан әрі гүлденуіне септігін тигізеді деп сенеміз.

Гүлдарай ҚАЙНЕТОВА,

қалалық классикалық гимназияның директоры.

Петропавл қаласы.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp