«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ЖАС ҒАЛЫМДАР” ҒЫЛЫМИ ҰЙЫМЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Тіл және әдебиет институты Қазақ филологиясы кафедрасының жанында студенттердің “Жас ғалымдар” атты ғылыми ұйымы жұмыс істейді. Бұл ұйымның негізгі мақсаты – университет, кафедра аясында өтетін ғылыми іс-шараларға студенттердің белсенді атсалысуына мүмкіндік жасау, ғылыми зерттеу жұмыстармен айналысуға деген қызығушылықтарын ояту.

Студенттердің ғылыми ұйымы (СҒҰ) қатысушыларына және мүшелеріне кәсіби, ғылыми деңгейлерін арттыруға, болашақта магистратураға түсуге, жас зерттеушілерге ғылыми мақалалар, курстық және дипломдық жобалар түрінде берілген өз зерттеулерін сынақтан өткізуге мүмкіндік береді. Диплом жұмысын жазып жүрген студенттер СҒҰ-ның отырысында алғашқы қорғаудан өтеді, дипломды өздері талқылау арқылы сараптамалық қабілетін дамытады.

“Жас ғалымдар” ұйымының арнайы бағдарламасы жасалып, ҚТӘ-10-тобының студенті Гүлдария Сабырова жетекші болып сайланды. Ұйым құрамында “Қазақ тілі мен әдебиеті”, “Журналистика” мамандықтарының белсенді 20 студенті бар. Биылғы оқу жылында СҒҰ бес ғылыми іс-шараны жоспарлап отыр. Оның алғашқысы: “Биікке бастар тапсырмалар. Елбасының “Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам” атты еңбегінің негізінде өткен студенттердің ғылыми-тәжірибелік конференциясы болды. Онда Нұрсұлтан Назарбаевтың ғылыми еңбектеріне арналған көрме ұйымдастырылып, студенттер Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық дамуының көкейкесті мәселелерін дағдарыс дендеген жаһандық проблемалармен сабақтастыра шешуге айрықша назар аудару қажет деген ұстанымға негіздеген баяндамаларын оқып, бір-бірімен сұрақжауап әдісі арқылы пікір алмасты.

Кафедрамызда “А.Байтұрсынов атындағы лингвистикалық бірлестік”, “М.Жұмабаев атындағы әдеби бірлестік”, “С.Садуақасов атындағы бірлестік” жұмыс істейді. Олардың қазіргі қазақ тілінің, қазақ әдебиетінің, журналистиканың өзекті мәселелерін қарастыратын жеке жоспарлары бар. Кафедра оқытушылары студенттермен жеке жұмыс жүргізеді, диплом, курстық жұмыстарға жетекшілік жасайды. Жыл сайын желтоқсан айында республикалық студенттердің ғылыми жоба байқауына кафедра, институт, университет мәжілістерінің талқылауынан өткен жұмыстар жіберіледі. Түрлі республикалық, аймақтық ғылыми-теориялық, ғылыми-практикалық конференцияларға, газет-журналдарға мақала жазуына, олардың баспадан шығуына дейін қадағалап, жетекшілік жасайды.

Шәкіртке терең білім беріп, оның жүрегіне адами асыл қасиеттерді, ғылымға, әдебиетке деген қызығушылығын үздіксіз ұялата білсек, ертеңгі азамат, жеке тұлғаның өзіндік көзқарасының қалыптасуына, ғылыми жаңалық ашуға деген құлшынысына, қоршаған ортамен санасуына ықпал етері сөзсіз.

Меңдіқыз ЕСМАТОВА,

филология ғылымының

кандидаты, доцент.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp