Петропавлда қазақша КВН-нен республикалық “Қызылжар” аймақтық лигасының финалдық ойындары өтті. Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрында Астанадан, Павлодар мен Ақмола облыстарынан келген барлығы 5 құрама сахна көрігін қыздырды.
Фархат ТАСТАМБЕКОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Биыл Қазақстан КВН одағының ұйғаруымен алғаш рет “Аққайыңдар өлкесінде” республикалық аймақтық лига ашылған болатын. Бұл өз кезегінде өңіріміздегі қазақша КВН-нің дамуына үлкен бір серпіліс әкелді. Жергілікті әзілсүйер қауымның “ішін пыстырмас” үшін жиі-жиі ойындар өтіп тұрды. Нәтижесінде облыс әкімінің кубогын маусымның жаңалығы болған “Ағайлар” командасы иеленгенді, Арқалықтан келген “Ұландар” командасы ашық қалалық лиганың чемпиондары атанған. Енді, міне, күлкі мен думанға толы маусым да аяқталды. Аттай бір жыл артта қалып, күлкі патшасы анықталатын уақыт жетті.
Аймақтық лига ашылысымен, жергілікті жастар арасында шығармашылыққа бетбұрыс байқалды. Бір жыл бұрын сахнаға бірінші рет шыққан командалар басқа қалалардан келген әзілкештермен бәсекелестіктің арқасында ысылып алды. Мысалға, “Мағжан жастары” командасы финалдық ойында өздерінің жанкүйерлерін қуанта білді. Алайда, олар маусымның чемпионы атана алмай, екінші орынмен шектелді.
Павлодардың “Думан” құрамасы жергілікті көрерменнің еркесіне айналып, маусымның үздік командасы болып танылды. Тапқыр да күлегеш “думандықтар” лайықты түрде “Қызылжар” аймақтық лигасының чемпионы атанды. Сонымен қатар оларға алдымыздағы жылы Алматыда өтетін премьер лигаға жолдама берілді.
Бұл ойында екі бірдей атақ сарапқа салынған болатын, біріншісі чемпиондық кубок болса, екіншісі – қала әкімінің кубогы. Екіншісін сәлемдесу сайысының қорытындысы бойынша Ақмола облысының намысын жыртқан “Үш жүз” құрамасы иеленіп, жалпы маусымда үшінші орынды еншіледі.
Ал елордалық “Астанада жасалған” құрамасы Петропавлдан жүлдесіз қайтты. Ал “Ағайлар” маусымды әдемі бастағанымен, аяғында қарқынынан айрылып қалды.
“Қызылжар жастары” ЖҚБ-нің жетекшісі Ерлік Мұхамеджановтың арқасында қазақша КВН қаламыздағы қазақ тілінде өтетін іс-шаралардың ең қызықтысына айналды. Оны әр ойын сайын залға жиналатын көрермен санынан-ақ анық аңғаруға болады.
Маусымның жарқырап өтуіне Қазақстан КВН одағының редакторы Алмас Тоқабайдың, қалалық ішкі саясат бөлімі бастығының міндетін атқарушы Рүстем Байжановтың сіңірген еңбегі көп.
Сонымен маусым жабылды. Чемпион – “Думан” (Павлодар). Дегенмен, “күлкі терапиясы” әлі біте қойған жоқ. Қазақша КВН жанкүйерлерін жаңа маусым күтіп тұр.
Ерлік Мұхамеджанов, “Қызылжар жастары” ЖҚБ жетекшісі:
– Осы маусым жаңалыққа толы болды. Республикалық деңгейде өнер көрсететін жергілікті командалар шықты. Маусымда кімнің үздік болғанын финалдық ойында байқадық. Енді осы деңгеймен тоқтап қалмаймыз. Болашаққа деген жергілікті көрерменді қуантатын тың жоспарларымыз бар. Келер жылы соны қолға алатын боламыз.
Суретті түсірген Талғат ТӘНІБАЕВ.