Кеше “Нұр Отан” ХДП облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Серік Біләлов азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Қабылдауға 9 азамат келді.
Арайлым СМАҒҰЛОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қызылжар ауданындағы Бәйтерек ауылында туындаған бірқатар мәселелерді айта келген тұрғындар осы күнге дейін электр жарығының жоқтығын, далаға аққан ауызсудың ақысын төлеуге қатысты түсініспеушіліктерді, мешіт құрылысын бастауға қаржылық көмек көрсету жөніндегі өтініштерін, көшелердің қардан тазаланбағанын жеткізді. Серік Біләлов өз орынбасары Александр Чженге, Қызылжар ауданының әкіміне қосалқы электр станциясының және жаңа электртарату желісінің құрылысы аяқталғаннан кейін, ендігі жылдың 1 ақпанына дейін жарық мәселесін шешуді міндеттеді. Екінші мәселеде де Александр Чженге, облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Антон Федяевке, Қызылжар ауданының әкіміне су шығынын азайтуда қажетті шараларды қолдануды тапсырды. Ал мешіттің құрылысына байланысты “Нұр Отан” ХДП-ның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Қайрат Пішенбаевқа ғимараттың жобалық-сметалық құжатын әзірлеуге көмектесуді тапсырды.
Облыс орталығында республикалық “Балапан” бағдарламасын жүзеге асыруда кедергілер туындап отырғандығын айта келген “Ашық аспан” жекеменшік балабақшасының құрылтайшысы Нина Мацкевич 140 орындық мектепке дейінгі білім беру мекемесін аша алмай отырғандығын жеткізді. Ол екінші деңгейлі банк арқылы жүзеге асырылып жатқан жобаның сатып алу-сату құжатын рәсімдей алмай отырған көрінеді. Ол үшін қалалық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау қызметінің рұқсаты қажет. Ал аталмыш орган балабақша ғимаратының ішіне аз-мұз жөндеу жұмысын жасағаны үшін ескі техникалық паспортты қабылдамайды және оның жанында автокөлік жуу станциясы орналасқандықтан, рұқсат бермей отыр екен. Осы орайда партияның облыстық филиалының төрағасы Серік Біләлов қала әкімі Болат Жұмабеков пен облыстық санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаментінің бастығы Қайырғали Исенеевке аталмыш мәселені шешуге байланысты дүйсенбі күні өз ұсыныстарын айтуды тапсырды.
Қоғамдық қабылдауда “Жеңіс” балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ата-аналар комитетінің төрайымы Айгүл Сыздықова да болды. Ол өңірімізде көркем гимнастиканы одан әрі дамытуға материалдық базаның ескіргендігі қолбайлау болып отырғандығын айтты. Бүгінде бұл спорт түрі бойынша қыруар жетістіктерге жетіп жүрген балалардың толыққанды дайындалуына мүмкіндік жасалмаған. Әсіресе, гимнастикалық кілем тапшы. Оның біреуінің құны 5 миллион теңге көрінеді. Осы орайда өңір басшысы облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Руслан Есенәлинге материалдық базаны нығайтуға қажетті қаржыны есептеуді тапсырып, оны облыстың 2013 жылғы бюджетінен қарастыру керектігін айтты.