Қашанда мемлекеттік қазына есебінен баю мүмкіндігі алаяқтардың барлығын магниттей тартатындығы белгілі. Бірақ бұл арманды жүзеге асыру үшін оларға қылмыстық ойларының орындалуын тосуға тура келеді. Міне, осындай оңай олжаға кенелмек сәтін Алматы қаласы және Шығыс Қазақстан облысының экс-әкімі де ұзақ уақыт жасырып келді.
Храпуновтың көптеген қылмыстары туралы тергеу мәліметтеріне қарағанда, оның мемлекеттік меншікке қол жеткізетін уақытты тағатсыз күткендігі анық байқалады. Көп ұзамай оған мұндай мүмкіндік туды да. 1997 жылы ол еліміздің ең ірі қаласы – Алматының басшысы болып тағайындалды. Бұл уақытта Қазақстанның беткеұстар саяси зиялы қауымы Астанаға қоныс аударып жатқан. Осы сәтті пайдаланған Храпунов мегаполистің ең құнды жерлерін иеленіп, өзінің қара жоспарын жүзеге асыруға көшті.
Мәселен, ол өзінің тікелей әкімдік міндетін орындаудың орнына Алматының бағалы жер телімдері мен пәтерлерін жаппай сатып, қитұрқы әрекетін жүзеге асырды. Өзінің алаяқ істерін жасыру арқылы ол көп ұзамай елдің ең бай, қуатты адамының біріне айналды. Сыбайлас сенімді адамдары мен оффшорлық компаниялар арқылы оған қаланың инфрақұрылымына қатысты барлық коммерциялық шарттардан пара түрінде қаржы құйыла бастады. Барлық алынған жер телімдері мен қымбат ғимараттарды Храпуновтың өзі мемлекеттік қызметші болғандықтан әйелі Ләйла Бекетованың атына тіркеді. Осындай оның алаяқтық істері ақыры Храпуновтың 7 жыл басқарған Алматы әкімі лауазымынан түсуіне әсер етті.
Алматы әуежайы құрылысын салу Храпунов үшін баюдың тағы бір амалы болып табылды. Өртеніп кеткен әуежайдың орнына жаңа ғимарат тұрғызу керек еді. Ол құрылыс қаланың қазынасына 13,4 миллион долларға түсті. Әуежайдың қызметінен пайда алу үшін компания қажет болған кезде Храпунов өзінің компаниясын ұсынған. Осы Храпунов басқаратын шағын фирмаға 10 миллион доллар аударылған екен. Сөйтіп, Храпунов мемлекеттік меншікті талантаражға салуда алдына жан түсірмеді. Алматыдағы пәтерлер мен саяжайларды, паркингтерді, сауда және демалыс орындарын, басқа да ғимараттарды қосып алғанда 37 бағалы нысанды иеленді.
Жалпы, Храпуновтың жаңа қулықтарына құрық бойламайтыны рас. Өйткені, оған қазақстандық құқық қорғау органдарынан құтылу, сөйтіп алаяқтық жолмен жинаған миллиондарын сақтап қалу ең басты амал болып табылады. Храпуновтар отбасының Қазақстанда жасаған заңсыз әрекеттері шектен шығып кеткен. Оны қазір жұрттың бәрі біледі. Сондықтан экс-әкімнің жалған ақталу сөзі ешкімді де сендірмейді.
Швейцариялық Tagen-Aizenger басылымы оның шексіз баю көздерін сұраған болатын. Сонда Храпунов өзінің байлығы туралы айтылып жүргендердің бәрі асыра сілтегендік, деді. Журналистің оның нақты қанша дәулеті барлығын атап айтып беруі туралы сұрағына: “Біз жақсы қамтамасыз етілгенбіз, бірақ асқан бай емеспіз”, – деп жалтара жауап қайтарды. Алайда, оған мына төменгі байлықтар аспаннан өзі салбырап түсе қалған жоқ қой. Мәселен, кейбіреулерінің атын атап, түсін түстеп көрелікші.
Иә, Храпуновтың шетелден жылжымайтын мүлік сатып алғаны жөніндегі деректер бұрын да айтылатын. Осыларға қосымша 2007 жылы ол Женева көлінің сол жағалауынан сән-салтанаты келіскен 32 миллион франк тұратын вилла сатып алды. Бағасының өзі вилланың қандай керемет екенін дәлелдей түседі. Ол ғимараттың барлық құжаттары сол кезде есімі ешкімге белгісіз Эльвира Храпунова-Бильдиманидің атына тіркелген. Ал үстіміздегі жылы Храпунов құрамында 24 салтанатты резиденциясы бар HotelduParc қонақүй кешенін ашты. Оның салынуы мен ашылуы қашқынның бұқаралық ақпарат құралдары арқылы Қазақстанға қарсы әрекеттерді күшейте түскен кезімен тұс келді. 2009 жылдың желтоқсан айында француздық “Билан” журналы оны Швейцариядағы ең дәулетті 300 адамның санатына қосты. Баспасөздегі мәліметтерге сенсек, 2009 жылы оның жеке дәулеті 300-400 миллион швейцар франкіне, яғни 360-480 миллиондай АҚШ долларына жеткен. Храпуновтар отбасы иелігіне 48 ең әдемі жер телімдері алынған, оның қатарында “Шымбұлақ” тау шаңғысы курорты да бар. Сонымен қатар бұған Швейцариядағы виллалардан, пәтерлерден, қонақүйлерден, ірі кеңселер мен мейрамханалардан тұратын 14 аса бағалы ғимараттар мен мүліктерді қосыңыз.
Қай елде болсын қылмыскердің қадамы қысқа дегендей, ақыры Храпунов пен оның зайыбы Л.Храпуноваға қатысты ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оның қылмыстық әрекеттеріне басшылық еткен, бұл қылмыстық топ жылжымайтын мүлік нысандарын заңсыз жолмен мемлекет иелігінен шығарып, кейін оны заңдастырумен, сатумен және осыдан түскен қаржыны заңсыз жолмен шетелге шығарумен айналысқан деп, оған елдегі құқық қорғау органдары қылмыстық іс қозғады. Ол туралы Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі хабар да бергені белгілі. Онда Храпуновтың “Заңсыз жолмен мемлекет иелігінен шығарғандары қатарында мемлекеттік қорғау аймағы мен белдеуінде жатқан, табиғатты қорғау аймақтары мен қорықтарға тиесілі, сондай-ақ тарихи-мәдени мұра болып табылатын нысандар мен жер телімдері бар” деп көрсетілген. Сөйтіп, ұзын сөздің қысқасы, Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған кезде Виктор Храпунов әйелі Ләйламен бірге ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оны басқарғандығы анықталды.
Бұл қылмыстық топ, жоғарыда айтқанымыздай, табиғат қорғау аймақтарында орналасқан, сондай-ақ тарихи-мәдени мұраға жататын нысандар мен жерлерді заңсыз алып отырған. Осыған байланысты қаржы полициясы Виктор Храпуновтың үстінен 20-дан астам қылмыстық іс қозғады. Сөйтіп, көп асқанға бір тосқан дегендей, сонау бір кездері Алматы қаласы мен Шығыс Қазақстан облысының тізгінін ұстаған, кейін төтенше жағдайлар министрі болған оған “Бюджет қаражатын ұрлау, лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдалану, пара алу, заңсыз жолмен алынған қаражатты, мүлікті заңдастырды” деген айып тағылып, сот шешімімен тұтқындауға санкция берілді. Храпунов тек 2003-2007 жылдар аралығында, яғни 4 жылдың ішінде 48 миллион доллар мен 8 миллионға жуық еуроны жымқырып, шетел асырып жіберген. Нақты айтсақ, Швейцариядағы және оффшорлық аймақтардағы шоттарға аударған. 2009 жылы оның жеке дәулеті 480 млн. АҚШ долларына жеткен.
Қазіргі уақытта, 1997 жыл мен 2007 жылдар аралығында Храпунов Алматы қаласының және Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған кезде өзінің зайыбы Храпуновамен бірге жылжымайтын мүлік нысандарын мемлекеттік меншік есебінен заңсыз алып, оны заңдастыру, сату және алынған ақшалай қаражатты Қазақстаннан тысқа шығарумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оның қызметін басқарған деп толықтай айта аламыз. Өйткені, 2001 жылы сол кездегі Алматы қаласының әкімі болған оның шешімімен №186 балабақшаның ғимараты да жекешелендірілді. Кейін анықталғандай, ғимарат Храпуновтың әйелі Ләйланың меншігіне тиіп, соңында 288 миллион теңгеге сатылған. Бұдан кейін Ләйла Храпунованың атына Алматыдағы 32 жылжымайтын мүлік тіркелген. Бұдан әрі олар мемлекеттік табиғат қорғау аймақтары мен қорықтарда орналасқан, оған қоса тарихи-мәдени мұра болып табылатын нысандар мен бағалы телімдерге жаппай қол салған. Оларды оңды-солды сатқан, ал қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатудан алынған ақшалай қаражат Храпуновтар отбасына сенімді адамдардың есепшоттары арқылы шетелдерге шығарылған.
Храпуновтың зайыбы Ләйла Қалибекқызына да қаржы полициясының тарапынан ақша жымқырды, қылмыстық топ құрды деген айып тағылды. Олар, тіпті, ұйымдасқан қылмыстық топтарды қаржыландыруға ықпал жасаған. Мәселен, 1997-2007 жылдар аралығында Храпунов Алматы қаласының және Шығыс Қазақстан облысының әкімі болған кезде өзінің зайыбы Ләйла Храпуновамен бірге қозғалмайтын мүлік нысандарын мемлекеттік меншіктен заңсыз алып, оны заңдастыру, сату және алынған ақшалай қаражатты Қазақстан Республикасынан тысқары шығарумен айналысқан ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, оның қызметін басқарғандығы анықталды.
Шығыс Қазақстан облысының тумасы Ләйла Бекетова, яғни кейін күйеуінің тегіне ауысып Храпунова атанған Ләйла Қалибекқызы да Швейцарияда тұрады. Көпшілік көзіне көп түсе бермей, отбасының ғана ұйытқысы сияқты боп көрінген ол күйеуінің көлеңкелі бизнестерін жүргізіп, мемлекеттік қызмет атқарған шенеуніктің, яғни Храпуновтың “жолын ашыпты”. Турасын айтқанда, ұры күйеуінің тірлігін “ұқсатып”, одан сайын асқындыра түскен. Осылайша, қылмыстық жолмен табылған мүлікті сатудан алынған ақшалай қаражат Швейцарияға шығарылып отырған. Ұрлық үстіне ұрлық қосыла берді. Соның салдарынан Храпуновқа басар жер, шығар тау қалмады, құзға келіп тірелді. Міне, енді кезінде өз елінде жұрт қатарлы болып, бостандық пен азаттықтың ауасын емін-еркін тыныстап жүрген адам қолындағы билігін теріс пайдалану арқылы сыбайлас жемқорлыққа салынамын деп қашқын кезбеге айналды. Сөйтіп, оған қазақстандық құқық қорғау органдары 20 қылмыстық іс қозғады, сот оны қамауға алуға санкция берді. Тіпті, оған халықаралық іздеу жарияланды. Енді не болды? Байтал түгіл бас қайғы деген осы.
(“Егемен Қазақстан”,
2012 жылғы 28 қараша).