«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮШ ТІЛГЕ ЖЕТІК ӘЙГЕРІМ – республикалық “Тіл дарын – 2012” конкурсының жүлдегері

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Әйгерім Қожахметова облыстық тілдер басқармасының ұйымдастыруымен өткізген “Тіл дарын – 2012” конкурсында 1-орын иеленіп, республикалық кезеңге жолдама алған болатын. Қызылорда қаласында өткен “Тіл дарын – 2012” конкурсының республикалық кезеңінде де Әйгерім Келешекқызының асығы алшысынан түсіп, 2-орынды жеңіп алды.

Әйгерім Келешекқызы Шал ақын ауданының Еңбек ауылында туып, сонда негізгі мектепте оқыған. Орта мектепті Сергеевка қаласында бітіріпті. Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетін қазақ тілі-әдебиеті, шет тілі мамандығы бойынша “қызыл дипломмен” тамамдаған. Бүгінгі таңда Петропавл қаласының Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінде ағылшын тілі пәнінен сабақ береді.

 

– Мен университетке түскен жылы онда қазақ тілі мен әдебиеті – шет тілі мамандығы жаңадан ашылды. Шет тілінен – ағылшын және түрік тілдері болды. Мен ағылшын тіліне жазылдым. Ағылшын тілін меңгеріп шығуыма университетте оқытқан мұғалімім Майра Кәкімованың еңбегі зор болды. Сол кісі бізді бірінші курсты бітіргенде ағылшынша сөйлетіп шығарды. Бес жыл ішінде ағылшын мен қазақ тілін тең біліп шықтық. Қазір қазақ, орыс, ағылшын тілдерін жетік білемін, – дейді жеңімпаз ұстаз.

Әйгерім Келешекқызының аталмыш конкурсқа екінші рет қатысуы. Облыстық тіл басқармасы өткізген “Тіл дарын” конкурсына 2008 жылы бірінші рет қатысып, төртінші орын алған. Биыл “Тіл дарын – 2012” конкурсының қалалық және облыстық кезеңдерінен сүрінбей өтіп, екеуінде де алдына жан салмаған. “Өзім бала күтімімен демалыста отырып шыққанмын. Бағымды сынайын деп қатысып едім, жолым болып бірінші орын алдым”, – деп еске алды ұстаз.

– Сайыстың республикалық кезеңінде тақырыптар әртүрлі болды. Қазақ киносына, мультфильмдеріне, әдебиетіне, мәдениетіне, тарихқа, ақын-жазушылар шығармашылықтарына, жастар саясатына, тағы басқа тақырыптарға байланысты сұрақтар бойынша сынға түстік. Сонымен қатар бір тілден екіншіге ілеспе аударма жасау, үш тілде эссе жазу сияқты тапсырмалар орындадық. Қатысушылардың көбі шетелдерде оқып келген жастар мен мұғалімдер болды. Қазылар алқасы мүшелерінің айтуынша, қазіргі жастарда грамматикалық қателер көп кездеседі екен. Мен сол эссе жазудың үш кезеңінде де грамматикадан ең жоғары балл жинап, екінші орынға шықтым, – дейді ол.

Өз ісіне берілген жас маманның алар асуы әлі алда. Ол осы жеңісінен кейін өзінің екінші санатын көтеруге талпыныс жасап жатыр.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp