«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ҮЛГІЛІ КАБИНЕТТЕРДЕ үйренерлік тәжірибе бар

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Облыс мектептері арасында алғаш рет “Психологтің үлгілі кабинеті” және “Әлеуметтік педагогтің үлгілі кабинеті” байқауы ұйымдастырылды. Осы байқауда Петропавлдағы №26 мектептің мұғалімдері алдарына жан салмай, екі бірдей бірінші орынды жеңіп алды. Жеңімпаз атанған кабинеттерді көрмек болып, осы мектепке біз де бет алдық.

Бала мектепке келген бірінші күннен бастап оларды диагностикалау жүргізіледі. Балаларды психолог мамандар өз тараптарына қатысты қадағалап, тұжырымын жасаса, әлеуметтік-педагог оқушының әлеуметтік жағын зерттейді. Бұл үшін мектепте әлеуметтік-педагогтің бір және психологтің екі кабинеті жабдықталған. Кабинет іші бірнеше аймаққа бөлінген. Мәселен, психологтің кабинеті 8 оқушымен топтық жұмыс істеуге лайықталған. Онда оқушымен жеке коррекциялық жұмыс істейтін орын, ойын арқылы түсіндірілетін материалдар, релаксиялық аймақ жабдықталған. Бұл кабинеттерде психолог мамандар логопедтермен, басқа да пән мұғалімдерімен бірлесе отырып жұмыс істейді. Бірнеше жылдан бері еңбек етіп жүрген Татьяна Сахарова, Елена Мансурова, Дариға Әбішева, тағы басқа да тәжірибелі мұғалімдер бірінің білмегенін екіншісіне үйретіп, қоян-қолтық жұмыс атқаруда. Олар “Үздік кабинет” байқауларына да портфольелерін, электрондық түрдегі кабинеттердің слайдтық тұсаукесерлерін бірлесіп дайындап, ұсынған. Осы материалдар арқылы кабинеттердің жұмысына баға берілген. Әр кабинет мамандары талаптар бойынша өз жұмыстарын таныстырған.

 

– Психологтің кабинетінде оқушылардың жас ерекшеліктеріне қарай ата-ана – мұғалім – оқушыны қатыстыра отырып ғылыми деңгейін көтеру бойынша жұмыс жүргізіледі. Оқушыларды диагностикалаудың да маңызы зор. Одан өткеннен кейін оқушымен қандай бағытта жұмыс істеу қажеттігі айқындалып, сол бойынша түзету шаралары белгіленеді. Диагностикалау кезінде оқушының өзін-өзі бағалау деңгейі белгілі болады. Егер оның өзіндік бағасы төмендеп кетсе, жоғарылату, жоғарыласа, керісінше төмендету бағытында жұмыстар жүргіземіз. Осылайша бала өз-өзіне баға береді. Оны арнайы әдістемелер, тесттер арқылы анықтаймыз, – дейді психолог Дариға Әбішева.

1-ші, 5-ші, 10-шы сыныптарға келгенде балаларды бейімдеу жұмыстарының маңызы зор. Өйткені, бұл кезеңдер балалардың қалыптасу кезіндегі қауіпті уақыт. Соңғы кезде балалардың тіл кемістігі көптеп кездесетін жайтқа айналған. Бұл жерде психолог пен логопед мамандардың бір кабинетте отыруының маңызы зор. Психолог тіл кемістігін айқындаса, логопед оны түзету бағытында жұмыс істейді.

Мектептегі психологиялық-әлеуметтік-педагогтердің ұжымдық қызметі сынып жетекшілері мен пән мұғалімдеріне үлкен көмек. Онда ұжымдық жұмыс қана емес, сонымен қатар ата-ана – бала – ұстаз арасында да жақсы қарым-қатынас пен тығыз байланыс орнаған. Әлеуметтік педагог ең алдымен балалардың құқықтарының бұзылмауын қадағалайды. Аз қамтылған және жайсыз отбасылардан шыққан, тәртібі нашар, заңды бұзуға жақын тұратын балаларға баса назар аударады. Оларды қоғамдық өмірге дайындап, мектеп бітірген кезде өз жолдарын таба білуге үйретеді. Ол үшін мектепте түрлі үйірмелер жұмыс істейді.

– Бұл балалар мектептегі “Премьера” сахналық қойылымы, “Айна” жас журналистер үйірмелері мен “Еріктілер”, “Үгіт-насихатшылар” топтарына белсенді араласады. Оқушылардың күшімен дайындалған концерттер мен қолдарынан жасалған сыйлықтарды алып қарт ұстаздарды құттықтауға, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалар үйлеріне барып тұрамыз. Соңғы кезде оқушылар арасында жиілеп кеткен өз-өздеріне қол жұмсау, олардың құрбыларынан бөлініп қалуынан, өмірдің мәнін түсінбеуден болады. Біз осыған жол бермеу үшін, балалармен үзбей, жан-жақты, жұмыла жұмыс жүргіземіз, – дейді әлеуметтік педагог, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Лариса Гальчукова.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp