Алла тағаланың жазуы шығар, менің тағдырыма кешегі және бүгінгі билік кезінде қызмет ету жазылыпты. Соның алғашқысы осыдан 38 жыл бұрын Семей мал дәрігерлік институтын бітіргеннен кейін Үкіметтің жолдамасымен осы аудандағы “Колос” кеңшарына қатардағы зоотехник болып келгеннен басталады. Содан аянбай қызмет атқарып, 16 жылдың ішінде қатардағы маманнан бастап, кеңшар директорына дейін көтеріліп , бар білгенімізді елге адал қызмет етуге арнадық.
Мағауия СМАТАЕВ,
Ақжар аудандық аумақтық инспекциясының бастығы.
1991 жылы кеңес өкіметі ыдырап, Тәуелсіздік таңы атқаннан кейін егемен елімізге қызмет ете бастадым. Алғашқы жылдары “жекешелендіру” деген реформаға атсалысып, не де болса халықтың қамын ойлап, қарамағымыздағы әр азамат еңбегіне қарай бағаланып, ортақ дүниеден өз үлесін алса екен деп, күні-түні еңбеккерлердің еңбегін есептеп, ақысын таразыға салып, жарғақ құлағымыз жастыққа тимей, Тәуелсіздік туының тұғыры берік болып, бекітілген аумақта халықтың наразылығы туып, бетімізге шіркеу түспесе екен деп еңбек еттік. Қажырлы жұмыс пен төгілген маңдай тер текке кеткен жоқ. Шүкір, қазір бәрі орнында. Ең бастысы – сол кезде әр мемлекетте орын алған келеңсіз жағдай бізде болмай, Тәуелсіздігіміздің іргетасы жылдан-жылға нығайып, беріктене түсті. Осының барлығы еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегендік саясаты мен орасан зор қажыр-қайрат жұмсауының арқасында мүмкін болғанын ешкім ешқашан теріске шығара алмаса керек.
Тәуелсіздіктің қалай орнап, оған қандай қызмет еткеніміз баршаға аян. Алайда, мен оның бәрін жіпке тізе бермей, өз тағдыр жолымда екі рет Тұңғыш Президентімізбен кездесіп, сондағы жүзбе-жүз кездесуде ел үшін, халық үшін және ауыл шаруашылығы жайында көтерілген әңгімелер жөнінде баяндамақпын.
2001 жылы, Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылдығында Астана қаласында салтанатты жиналыс болып, оған Елбасы өзі қатысып, барған делегаттармен бірге суретке түсіп, бәрімізге қол беріп амандасып, ел жағдайын сұрап, атқарған еңбектерімізге рахмет айтып: “Халық өзіне пайдалы іс істеп, сонымен айналысса, жақсы болар еді. Жекешелендіру аяқталды, енді әркім өзіне пайдасы тиетін іспен айналысуы керек, яғни шағын бизнеспен айналысу керек. Соны жергілікті жерде қатты қадағалап, басшылық жасаңдар!” – деп тапсырған еді сол жолы.
Президенттің алдынан сондай жақсы оймен жігеріміз тасып шыққаннан кейін елде бастамашы болып, біраз игілікті істерді атқарып тастадық, оны халық кезінде көріп, оң бағасын берді ғой деймін.
Елбасымен екінші кездесуім 2009 жылы тамыз айында Президентіміз Қызылжар өңіріне ат басын тірегенде болды. Тайынша ауданындағы Ясная Поляна ауылына бір топ ауыл шаруашылығы қызметкерлерімен бірге Мемлекет басшысын қарсы алып, кездесуге бардық. Салтанатты жиында мұғалімдер мен дәрігерлер, соғыс ардагерлері мен қоғамдық ұйымдар өкілдері өздерінің тұрмыс жағдайының Елбасы бастамаларының нәтижесінде жақсара түскенін айтып, Президентке барлық іске басшы, халық жанашыры болып жүргені үшін зор денсаулық пен табыс тілеп, алғыстарын жаудырып жатты. Нұрсұлтан Әбішұлы ауыл шаруашылығы жұмыстары жөнінде сұрастырып, егіннің өнімділігіне ризашылығын білдіре келе, егін орағы жағдайымен танысқысы келетінін білдіргеннен кейін, мен ол кісіге жағдайдың жалпы жаман емес екенін айтып, бұл салаға мол қаржы тартылып, ауыл шаруашылығына жоғары өнімді техникалар келіп жатқанына ауыл тұрғындары дән риза болып отырғанын жеткізіп, жоғары билік тарапынан біздің облыстың және жалпы ауыл еңбеккерлеріне көрсетіліп жатқан қамқорлығына рахмет айттым. Сонда Елбасы менің атымды сұрады. Мен “Мағауия” деп жауап бердім. Содан кейін Президент: “Мәке, кеңес өкіметі кезінде қандай комбайнмен жұмыс атқарып едіңіз?” – деп сұрады. Мен бүгінгі техниканы ол кезбен салыстыруға болмайтындығын айтып, қазіргі уақытта егінді шығынсыз жинап алуға толық мүмкіндік бар, ол кезде әр комбайнның жиынтерінінің шығыны 9-10 пайызға дейін баратын, қазір “нөл” деуге болады, дедім. Сол кезде Президент мені қолтығымнан демеп қойып: “Халыққа қарап айтшы салыстырмалы түрін”, – деді. Мен қайталадым. Сөйтіп, Елбасымен дидарласқан және емен-жарқын әңгіме болған бір кездесу басымнан өтіп еді. Сол жылы егін де мол шығып, Солтүстік Қазақстан облысы 6 миллион тоннадан астам егін жинап, ел байлығын арттырған болатын.
СУРЕТТЕ: облыс аграршыларының 2009 жылы Елбасымен кездесу сәті.