Сәрсенбі күні СҚО әкімдігі жанындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиынға облыс әкімі Серік Біләлов төрағалық етті.
Ләйла ЖАНЫСОВА,
“Солтүстік Қазақстан”.
Онда жасөспірімдердің бақылаусыздығы мен қараусыздығының алдын алу мақсатында мектептерге бармай жүрген жеткіншек балаларды анықтау бойынша жүргізілген жұмыстар туралы облыстық білім басқармасының бастығы Орал Қаппасов құлағдар етті. Оның айтуынша, жалпыға міндетті білім беруді жүзеге асыру мақсатында оқушылардың сабаққа қатысуының күн сайынғы есебі жүргізіліп тұрады. Олардың құқықтық сауаттылығы аясында оқушылар мен атааналарға құқық қорғау органдарының мамандары дәрістер оқып, әңгімелер мен кездесулер өткізеді. Оқуға бармай жүрген балаларды анықтауды көздеген рейдтік шараларды ай сайын ішкі істер департаменті мен білім беру саласының қызметкерлері бірлесіп жүргізеді.
– Оқу жылының басынан бері 10 күннен астам себепсіз мектепке келмеген 33 бала анықталды. Жүргізілген шаралардың нәтижесінде 20 оқушы қайтарылып, 13-і түрлі себептермен мектепке оралмады. Оның 3-еуі – тергеуде, 8-і оқудан бас тартқан, тағы екеуінің әке-шешесін ата-ана құқығынан айырып, өздерін балалар үйіне орналастыру мәселесі қаралып жатыр. Сонымен қатар екі мың жасөспірім коррекциялық-тренингтік оқуларға қатыстырылып, олардың ішінде 927-сі тәуекелді топқа жатқызылса, 38 оқушы медициналық кеңесті қажет етеді, – дейді Орал Қаппасов.
– Алдын алу шараларына қарамастан, жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыс саны облыс орталығында 96-дан 153-ке жеткен. “Қылмыс санының артуының себебі немен байланысты?” – деген Серік Біләловтің сұрағына білім басқармасының бастығы:
– Бір қылмыс жасаған жасөспірімдер бұл әрекетке бірнеше қайтара барады. Бұрын олар “Балаларды уақытша ұстау орталықтарына” орналастырылатын, қазір ондай орындар жоқ. Балалар үйлеріне жіберілген жасөспірімдер қашып кетеді де, басқа құқық бұзушылыққа барады. Бұл қылмыс санының артуына әкеледі. Сонымен қатар кәмелетке толмағандармен жұмыс жүргізу бағдарламасы жоқ, – деді.
Құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жандандыру үшін қалалық және барлық аудандардағы білім беру ұйымдарына 78 мектеп полициясы инспекторлары енгізілген. Алайда, бүгінгі күні оқушылар контингенті күрделі болып табылатын техникалық-кәсіптік білім беру ұйымдарында бұл мәселе ашық қалпында қалып отыр. 32 техникалық-кәсіптік білім беру мекемелерінің әзірге біреуінде (№8 КЛ) ғана инспектор бар, сонымен қоса тағы 13 мектепке осындай маман қажет екендігі алға тартылды.
Облыс әкімі бұл мәселені жаңа жылдың бюджетіне енгізіп, қаражат бөлу жағдайы қарастырылатынын айтты. Ведомствоаралық комиссия жұмысының жоспарына кәмелетке толмағандармен жұмыс бағдарламасы бөлімін енгізу мәселесі облыстық мәслихаттың кезекті отырысында қаралатын болды.
Петропавл қаласы мен Қызылжар ауданының жергілікті атқару органдарының құқық бұзушылық бойынша жүргізіп жатқан алдын алу шаралары және өңірлік комиссиялардың жұмысы жайлы Петропавл қаласының әкімі Болат Жұмабеков пен Қызылжар ауданы әкімінің міндетін атқарушы Рүстем Рамазанов хабардар етті.
Петропавл қаласының басшысы кәмелетке толмаған жасөспірімдердің құқықтарын қорғау және 21 жасқа толмағандарға алкогольдік өнімдер сату заңнамалары талаптарының бұзылу мәселелеріне тоқталды. Құқық бұзушылықтардың көпшілігі түнгі рейдтер барысында анықталған. Кәмелетке толмағандарға алкогольдік өнімдер сатқан 35 тұлғаға қатысты әкімшілік іс қозғалып, сот органдарына жолданған. Алкогольдік өнімдерді сатуды сәйкес лицензиясыз жүзеге асырған 60 факт анықталған. Бұл жағдай бойынша СҚО салық департаментіне шара қолдану үшін хат жолданған. Түрмелерден шыққандар және тұрақты мекенжайлары жоқ 24 адам Петропавл қаласындағы жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімдеу орталығына орналастырылған. Олармен біліктіліктерін арттыру және қайта даярлау шаралары жасалуда.
Жасөспірімдердің құқық бұзушылықтарының алдын алу үшін тиісті орган қызметкерлері бірлескен жұмыс жоспарларын әзірлеп, жастар арасынан бастамашыл және арнайы жедел топтар құрып, әр мектепке тоқсан сайын мониторинг, зерттеу жұмыстарын жүргізіп, талдау жасап отыру тапсырылды.