Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Бесінші шақырылымдағы Солтүстік Қазақстан облыстық мәслихаттың кезекті 10-шы сессиясы өтті. Сессияның қарауына барлығы 11 мәселе қойылған болса, оның ең бастысы – облыстың 2013-2015 жылдарға арналған бюджеті туралы облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы бастығының міндетін атқарушы Зиядден Молдағанапов баяндама жасады.
Баяндамашы облыстық мәслихат депутаттарының бекітуіне ұсынылып отырған бюджет жобасының өңір басшысы Серік Біләловтің төрағалығымен өткен облыстық бюджеттік комиссияда қаралып, мақұлданғанын айтты. Облыстың алдағы жылғы болжамды жалпы бюджет көлемі 104 млрд. 861 млн. теңге көлемінде белгіленген, соның ішінде облыстық бюджеттен бөлінетіні 56 млрд. 106 млн. теңге. Ол 2012 жылдың бюджетімен салыстырғанда 11 млрд. 159 млн. теңгеге немесе 11,9 пайызға көп. Бюджеттік жоспарлау бойынша нақтылы болжамды жұмсалу бағыттары, қаржыны игеру салаларының әлеуметтік-экономикалық маңызы зор нысандары аталды. Баяндамадан кейін талқылауға түскен бюджет жобасы бірауыздан мақұлданды.
Сессияға қатысқан облыс әкімі Серік Біләлов бөлінген бюджет қаржысы міндетті түрде игерілуі тиістігін қадап айтты. Биылғы жылы алдын ала есептеулер бойынша әзірге 1,7 млрд. теңгенің бюджет қаржысы игерілмей отыр. Бұл орайда, әсіресе, құрылыс саласында жіберілген кемшілік көп. Негізінен, құрылыс нысандарының жобалық-сметалық құжаттарының уақтылы да сапалы дайындалмауы салдарынан ондағы жұмыстардың кешеуілдеуіне жол берілуде. Өңір басшысы бөлінген қаржыны толық игермеген құрылыс компанияларымен келісімшарттарды сот арқылы бұзуға дейін бармасқа болмайтынын айтты.
Сессияда келер жылға арналған қоршаған ортаға эмиссия мен жерүсті су көздері су қорларын және 2013-2015 жылдарға арналған облыстың мемлекеттік орман қорында, соның ішінде ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда орманды пайдаланғаны үшін төлем мөлшерлемелері бекітілді.
Сол сияқты 2013 жылға арналған облыстық мәслихат аппаратының құрылымы мен штаты, алдағы жылдың сессияларында қаралатын негізгі мәселелер тізімі және басқа мәселелер қаралып, оң шешімдерін тапты.