«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ОМБЫҒА САПАР ОЛЖАЛЫ БОЛДЫ

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Шекаралық әріптестікті нығайту мақсатымен облыс әкімі Серік Біләлов бастаған солтүстікқазақстандықтар делегациясы Омбы облысына жұмыс сапарымен барды.

Жеңіс ЕРМҰҚАНОВ,

журналист.

Есілкөл ауданының Мәдениет сарайы өңір делегаттары бас сұққан бірінші нысан болды. Өнер ошағында 25 клуб пен 15 шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Ал шекараға ең жақын орналасқан ауданның 600 адамға шақталған Мұз сарайының қызығын біздің жерлестеріміз де көріп жүр. Облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасының бастығы Руслан Есеналиннің айтуынша, біздің хоккейшілер қысқы ауылдық ойындарға осында дайындалады.

 

Ал Марьяновский ауданында солтүстікқазақстандық меймандарға “Знамя” мал фермасының жұмысы көрсетілді. Шаруашылық 4000 сүтті қызыл ала ірі қараны бағып күтеді. Сауын сиырларының біреуінен жылына орта есеппен 7000 литр сүт алынады екен. Серік Біләлов аталмыш кешеннен өңіріміздің ауыл еңбеккерлері жоғары өнімді Зеңгі баба төлдерін алуға ниетті екендіктерін жеткізді.  

Ал Омбы облысының құс шаруашылықтарымен әріптестіктің мығым орнағанына 10 жылдан асып кетіпті. Мәселен, “Фирма-Алекри” ЖШС директоры Александр Прядконың айтуынша, олар 2000 жылдары “Иртышское” жабық акционерлік қоғамынан тауықтар сатып алыпты. “Бүгінде негізінен ісімізге тың технологиялар мен заманауи қондырғылар енгізу төңірегінде келіссөздер жүргізіп, тәжірибе алмасып тұрамыз”, – дейді ол.

Өңіріміздің агроқұрылым жетекшілеріне Сібір ғылыми-зерттеу институтының жанындағы Омбы тәжірибелік зауыты көрсетілді. Өндіріс ошағы 30-дан артық ауыл шаруашылығы техникасын құрастырады екен.Олар біздің облысқа да жіберіледі. Кәсіпорынның құрастыру бюросының бастығы Дмитрий Горловановтың айтуынша, бұған дейін жөнелткен дәнсепкіштеріне еш сын айтылмапты. СҚО ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының міндетін атқарушы Димаш Таласбаевтың айтуынша, биыл ғана бұл зауыттан жоғары өнімді 150 дәнсепкіш сатылып алыныпты. “Шетелдіктен еш кем түспейді, бағасы да біршама төмен. Есесіне омбылық диқандар біздің өңірімізден химиялық өңдеуде аса қажет кең қанатты, дәрі шашатын кешендерді сатып алады. Омбыдан жеткізілетін жабдықтарды енді өзімізде жинайтын боламыз. Ол үшін облысымызда бірлескен зауыт ашуды көздеп отырмыз”, – деді Димаш Таласбаев. 

 

Серік Біләлов Омбы облысындағы қазақ диаспорасының өкілдерімен жүздесіп, хал-жағдайларын сұрап білді. Бүгінде мұнда 78 мыңнан астам қандасымыз өмір сүріп жатыр.

Кеден одағы құрылуының арқасында біздің өңіріміз бен РФ арасындағы сауда-саттық 20 пайызға, ал экспорт 5 есеге өскен. Бірлескен 150 жоба табысты іске асырылуда. Осы және өзге де жетістіктер іссапарды қорытындылаған отырыста жария етілді.

“Кеден одағы үлкен мүмкіндіктерге жол ашып отыр. Биылғы жылдың басынан ғана СҚО-мен тауар айналымы 542 млн. АҚШ долларына жеткен. Денсаулық, білім, мәдениет, спорт, құрылыс салалары мен инфрақұрылым бойынша байланыс жылдан-жылға жанданып келеді”, – деді Серік Біләлов.

Облысымыз әлемнің 46 еліне өз өнімдерін экспорттайды. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Айдарбек Сапаров омбылықтарды өңірімізбен тиімді жұмыс жасауға болатын тұстармен таныстырды. Мал шаруашылығы әлеуетін жақсы жолға қойған солтүстікқазақстандық шаруашылықтар Омбыға ет жөнелтуге дайын. Есесіне өңір кәсіпкерлері ресейлік асылтұқымды жылқы алуға ниетті. Сондай-ақ құрылысқа қажетті қиыршық тасты шекаралас өңірлерге тасымалдау жолын дамыту жоспарланып отыр.

Омбылық делегацияның біздің өңірімізге жасаған биылғы сапарында 100-ге тарта мәселе қаралған. Әсіресе, шекарада құрылыс материалдарын және ауыл шаруашылығы техникаларын сатуға арналған көліклогистикалық орталық ашуға басымдық берілген. Мұндай орталық таяу уақытта бой көтеруге тиіс. Осы жолы да шағын және орта бизнеске жол ашатын мүмкіндіктер қарастырылды. Біздің облыс әкімі Серік Біләлов те, Омбы облысының губернаторы Виктор Назаров та өзара ынтымақтастықтың пайдасы көп боларына тоқталды.

Солтүстік Қазақстан және Омбы облыстарының басшылары 2013-2015 жылдарға арналған ынтымақтастық туралы келісімді жүзеге асыру шараларының жоспарына қол қойды. Отырыс барысында әртүрлі салалардағы өзара іс-қимыл жөніндегі бірқатар құжаттар қабылданды.

 

 

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp