«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

АРМАНҒА ЖОЛ АШАР ШАҺАР

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Айсәуле ЖАҚЫПОВА,

қазақ мектеп-гимназиясының

10-сынып оқушысы.

Биыл жазғы демалыста Астанаға жолым түсті. Шынымен де, ертегі қала, зәулім шаһардың көрікті жерлерін аралап жүріп, кеудемді мақтаныш кернеді. Есілдің сол жағалауында бой көтерген әсем ғимараттар алыстан мен мұңдалап тұр. Жастарды осында келіп, білім алуға шақырып тұрғандай.

 

Осы жолы әкем міндетті түрде Елбасының мұражайына барып, ондағы құнды жәдігерлерді өз көзіммен көруімді тапсырды. Әкемнің аманатын орындадым. Мектепті тамамдағаннан кейін міндетті түрде Астанадағы белді оқу орындарының бірі – Еуразия Ұлттық университетіне құжаттарымды тапсырамын деген шешімге келдім. Астанадағы “Нұр Астана” мешіті, “Бәйтерек” монументі, Президент резиденциясы менің ертеңгі күнге сенімімді арттыра түсті. Елбасы, біздің, яғни жастардың болашағы үшін бар мүмкіндікті жасап жатыр. Елбасының көреген саясаты, нақты шешімдері ел жастарының алаңсыз білім алуына, өмір сүруіне бағытталған. Сондықтан да өскелең ұрпақ Астанаға қарап бой түзейді, Елбасыны құрметтейді. Еуразияның қақ ортасында тұрған Астананы адам танымастай өзгерткен біздің еліміздің Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа мың алғыс! Елбасы жас қаланы жастардың арманына жол ашар шаһарға айналдырды. Менімен бірге қазақ мектеп-гимназиясында білім алып жатқан сыныптастарымның біразы Астанада білім алғысы келеді.

Мемлекет басшысы биылғы жылы еліміздің студенттері мен оқушыларына Назарбаев Университетінде оқыған дәрісінде өзінің өскелең ұрпаққа зор сенім білдіретінін айтты. Неге сол сенімнің үдесінен шықпасқа?! Елбасы оқимын, білім аламын, елімнің ертеңі үшін жұмыс істеймін деген жастарды бетінен қақпайды. Ата-анам ылғи да бүгінгі жастардың өміріне қызыға қарайды. Елбасының өскелең ұрпаққа жасап жатқан қамқорлықтарын айтып, ризашылықтарын білдіріп отырады. Олар кешегі Кеңес Одағы тұсында білім алыпты. Ол кезде қазақ жастарының көптеген қиындықтарды бастан өткергенін талай мәрте әңгімелеп берді. Сондықтан олар Тәуелсіздіктің қадір-қасиетін түсінеді. Облыс орталығының 19-шы ықшамауданында қазақ балалары үшін төрт қабатты білім беру мекемесі бой көтергенде, олардың қуанышында шек болмады. Қызыл кірпіштен салынған мектеп қаншама балалардың ұлттық тілде білім алуына мүмкіндік жасап отыр. “Егер Тәуелсіз мемлекет болмасақ, осындай жақсылықтардың куәсі болар ма едік?!” – деп әжем де ара-тұра қуаныштың көз жасын бір сүртіп қояды. Ол кісінің де күні-түні айтатыны – Нұрсұлтан Әбішұлының елімізге жасап отырған жақсылықтары. “Нұрсұлтан балам елінің бағына туған ғой. Қазақтың абыройын асырды, мәртебесін көтерді. Бізбен бірге Тәуелсіздік алған елдер біздің шаңымызға да ілесе алмай қалды ғой”, – деп отырады. Қарт әжемнің сөзінен еліміздің аға буын өкілдерінің де Тұңғыш Президентке ыстық ықыласын аңғаруға болады.

Бүгінгі күні қазақ мектеп-гимназиясында білім алып жатқан балалардың бұл жерде сабақ оқуларына да, орыс, ағылшын тілдерін меңгерулеріне де, саламатты өмір салтын ұстану үшін спортпен айналысуларына да жағдай жасалған. Таза әрі жарық, сонымен қатар кең білім ордасының табалдырығын аттаған сайын бойымды бір қуаныш кернейді.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp