«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

ДҮКЕН ТОНАП, пайда таппақ болған

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Есіл ауданының ішкі істер бөлімінің қызметкерлері жергілікті жердегі бірнеше дүкенді тонады деген күдікпен Қостанай облысының үш тұрғынын ұстады.

Қазан айының соңында Есіл аудандық ішкі істер бөлімінің кезекші бөліміне Покровка ауылындағы дүкендердің бірінің иесі хабарласып, белгісіз біреудің кассадан 12 мың теңгені ұрлап кеткендігін айтқан. Сатушының сөзіне қарағанда, сол күні дүкенге жас жігіт кіріп, “анамынаны көрсетші” деген. Тұтынушыға тауар көрсетпек болып бұрылған сатушы кассаның маңынан бір дыбыс естігендей болады.

 

– Мен оған бокал сервизін көрсеттім. Осы кезде жерге түскен күмістердің даусы естілді. Мен одан не болып жатқанын сұрап едім. Ол жерге күміс ақшаның түскенін айтты. Алайда, ол әмиянын қолында ұстап тұрған еді. Осы кезде күмәндана бастадым. Оған бокалды көрсетіп: “Жарай ма?” деп сұрағанымда, “Мен қазір әйелімнен сұрап келейін”, деп жүгіре жөнелді. Мен кассаны ашсам, ақша жоқ, – дейді сатушы.

Бұл оқиға бірден полицияға хабарланды. Ал дүкеннің тоналуы жайлы оқиға жекеменшік дүкен иелері арасында тез тарады. Сондай-ақ көрші ауылдардың да дүкеншілері бұл оқиға жайлы ақпараттандырылды. Алайда, су сатып алуға келген ер адам мен әйелден күдіктенбеген сатушы олардың құрбаны болды. Олар дүкеннен шығып кеткеннен кейін ғана сатушы қол сөмкесінің жоғалғанын аңғарған. Сатушы полицияның учаскелік пунктіне хабарласып, олармен бірге іздеуге шықты. Көп ұзамай тонаушылар трасса бойындағы дәмхананың бірінде ұсталды. Ал ұрланған қол сөмке дәмхананың сыртындағы қоқыс салғыштан табылды.

– Есіл ауданының Покровка ауылындағы дүкендердің бірінің иесі бейтаныс әйел мен ер адамның алдап, кассадан ақша ұрлап әкеткенін хабарлаған болатын. Алайда, жедел-іздестіру шаралары кезінде аталған кісілерді ұстау мүмкін болмады. Екі аптадан кейін түскен ақпараттар бойынша жоғарыда ұрлық жасады деген әйел мен ер адамның Есіл ауданында жүргендігінен хабардар болдық. Аудандық ішкі істер бөлімінің жедел тобы оларды ұстады, – дейді Есіл аудандық ішкі істер бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Данияр Қасымов.

Ұсталғандар – екі ер адам және бір әйел. Олардың ешқайсысында жеке басын куәландыратын құжат жоқ. Алайда, олар Қостанай қаласында тіркеуде тұрғандарын айтқанымен, мұндай кісілер аталмыш облыста жоқ екендігі анықталды. Сол себепті үшеуі қаңғыбастарға арналған қабылдаубөлу орнына орналастырылды. Оларды сатушылар танығанымен, ұсталғандар өз кінәларын мойындамай отыр. Қазіргі таңда полицейлер тексеру шараларымен қатар бұл кісілердің облыстың ғана емес, көршілес өңірлерде орын алған қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтауда.

СҚО ІІД-нің баспасөз қызметі.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp