Гүлмира ЖАҚЫПОВА,
“Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ы өңірлік
филиалының бас менеджері.
Өткен аптада Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың баспасөз орталығында “Даму” кәсіпкерлікті дамыту қоры” АҚ-ның басқарма төрағасының орынбасары Қанат Сұлтанғазиевтің, екінші деңгейлі банктердің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қатысқан “дөңгелек үстел” өтті.
Аталмыш шараны ұйымдастырудағы мақсат “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасы бойынша өткелі отырған республикалық семинар-кеңестің алдында осы бағдарламаға енгізуді көздеген болжамды өзгертулер мен толықтыруларды талқылау болды.
“Дөңгелек үстел” басындағы ашық әңгіме барысында екінші деңгейлі банктердің және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері “Даму” қорының басшыларына субсидиялау сомасы бойынша шектеулерге, “Жаңа кредит” ұғымына, қор кепілдік берген кездегі қамтамасыз ету көлемінің есебіне, басымды салалардың тізімін кеңейтуге және басқаларына қатысты сұрақтар қойды.
“Дөңгелек үстелге” қатысушылар қойылған сұрақтарға қанағаттанарлық жауаптар, “Бизнестің жол картасы – 2020” бағдарламасына қатысуға екінші деңгейлі банктерде қаралып жатқан нақтылы жобалар бойынша және субсидиялау мен кепілдік беру түрінде мемлекеттік қолдау алатын жобалар бойынша нұсқамалар алды.
Сол сияқты осы басқосуда “Даму” қоры жүзеге асыратын “Шағын қалаларды дамыту бағдарламасы”, “Әйелдер кәсіпкерлігі субъектілерін кредиттеу бағдарламасы”, “Даму өңір ІІІ” бағдарламасы сияқты кәсіпкерлікті қолдау бағдарламаларына қатысу бағыттары бойынша мәселелер қозғалды.
Жиын қорытындысында қатысушылар басым салалар тізіміне дәнді дақылдар өндірісі мен жол құрылысын енгізу туралы ұсыныстар айтты, сол сияқты көпшілік пікірмен басым салаларға енгізілуі жоспарланған “Қиыршық тас және құм карьерлерін ашу” жобасы мақұлданды.