Тоқтар ЗІКІРИН,
“Солтүстік Қазақстан”.
Қаладағы балалар мен жасөспірімдер олимпиадалық резерв спорт мектебінде 8-9 желтоқсан күндері облыс әкімінің жүлдесі сарапқа салынған дәстүрлі 7-ші футзал турнирі өтті. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күніне арналған осы шағын футбол турниріне 8 команда қатысты, соның ішінде Ресейдің көршілес Қорған және Омбы қалаларының командалары да бар.
Командалар алдымен екі топқа бөлініп, бір-бірімен кездесіп, жартылай финалға жолдама алу үшін күш сынасты. Бірден айтарымыз, қорғандықтар топтағы үш кездесуінде ірі есеппен ұтылып, жарысты жалғастыра алмады. Сол сияқты, омбылық футболшылардың да жолы болған жоқ. Олар алғашқы екі кездесуінде Петропавлдың “Авангард” және “Барс” командаларымен тең ойын өрнегін көрсеткенімен, жергілікті “Тамерланға” 0:1-мен есе жіберіп, жартылай финалдан тыс қалды.
Облыс әкімінің орынбасары Фархад Қуанғанов қатысып, құттықтау сөз сөйлеген турнирдің ашылу салтанатынан кейін қайта жалғасқан кездесулерде солтүстікқазақстандық “Авангард”, “Томирис”, “Тамерлан” және “Әділет” командаларының айқын басымдықтары аңғарылып, олар жартылай финалға шықты. Жартылай финалда “Томиристі” 2:1 есебімен тізе бүктірген “Тамерлан” және пенальти бойынша “Әділеттен” басым түскен “Авангард” финалға шықты. Үшінші орын үшін өткен кездесуде “Томирис” “Әділетті” 4:2 есебімен ұтты.
Турнир кубогын сарапқа салған финалдық кездесу өте тартысты өтті, негізгі уақытта командалар 1:1 есебімен тең түсті. Пенальтиде “Авангардтың” соққан екі бірдей добын қайтарған “Тамерланның” қақпашысы командасына жеңіс әперді десе болады. Сөйтіп, облыс әкімі жүлдесінің бас кубогына “Тамерлан” футболшылары қол жеткізіп, одан кейінгі жүлделі орындарға “Авангард” пен “Томиристің” ойыншылары көтерілді. Жеңімпаздардың барлығы медальдармен және дипломдармен марапатталды. “Томиристің” ойыншысы Роман Селивёрстов, авангардтық Стас Фоленвайдер және “Тамерланның” шабуылшысы Алексей Дунаев турнирдің үздік ойыншылары атанды.
СУРЕТТЕ: жеңімпаз командаға кубок тапсырылу сәті.
Суретті түсірген Амангелді БЕКМҰРАТОВ.