«Soltüstık Qazaqstan»

PDF

“ӘЛЕМДЕ САҢЫРАУЛЫҚ БОЛМАЙДЫ!” шарасы өтті

Soltüstık Казахстан

 Kyzylzhar_akparat@mail.ru

Үстіміздегі жылғы 7 желтоқсанда “Қазақ саңыраулар қоғамы” қоғамдық бірлестігінің Солтүстік Қазақстан облысындағы филиалы облыстық саңырау балаларға арналған мектеп-интернат ұжымымен бірлесіп “Әлемде саңыраулық болмайды!” атты қайырымдылық шарасын өткізді. Ол елімізде тұңғыш рет аталып өтілген Президент күні мемлекеттік мерекесі аясында Петропавл қаласы әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылды.

Ләйла ЖАНЫСОВА,

“Солтүстік Қазақстан”.

 

Шараға қаламыздағы түрлі ұйымдардан демеушілер, меценаттар тартылды. Олардың назарына фотограф Д.Чусовитиннің жеке көрмесі ұсынылды. Сонымен қатар Петропавлдағы көркемсурет лицейінің жас қылқалам шеберлерінің салған картиналары мен саңырау балаларға арналған мектеп-интернат оқушылары жасаған қолданбалы өнер бұйымдарынан көрме-жәрмеңке ұйымдастырылды.

 

Жиналғандарға саңырау балалардың күшімен дайындалған концерт қойылды. Сырт көзге қарағанда бойларында бір мін жоқ, алтын асықтай балалар шынымен-ақ өнерлі екен. Олар өздерінің өмірге құштарлықтарын тілсіз-ақ ыммен жеткізе білді. Бұл балалардың өнерлері қала, облыс, республика аумағынан шығып, шетел асып кеткен.

– Үкіметтің мүгедек балаларға жасап отырған қамқорлығының арқасында олардың мемлекеттік стандарт деңгейінде білім алып, жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндіктері бар. Түлектеріміз М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде, колледждерде оқып жүр. Сонымен қатар балалар мектеп-интернатта оқып жүріп-ақ алғашқы кәсіби білім алып шығады. Білім ошағындағы халықтық “Пульс” (жетекшісі Марина Сухарева) және балдық “Sensetive” (жетекшісі Ольга Ростовщикова) би ансамбльдерінің бірі Мәскеу, екіншісі Сочи қалаларына халықаралық балалар мен жасөспірімдер фестивальдарына шақырту алды. Бүгінгі қайырымдылық шарасынан түскен қаражатты осы балалардың жол шығынына жұмсамақпыз, – дейді мектеп-интернат директоры Жангелді Тәжин.

Балалардың күшімен дайындалған концерт барысында олардың қолданбалы өнер үйірмелерінде жасаған кәде сыйлықтары аукционға шығарылып сатылды.

Аукционға шығарылған мектеп-интернат өмірінен сыр шертетін қолдан жасалған кітаптың бастапқы бағасы 2000 теңгеге қойылып, 5100-ге, мектеп-интернат оқушысы Әсемгүл Есенғазинаның салған жемістер натюрморты 1000 теңгеге қойылып, 3500-ге сатылды. Қосымша білім беру педагогі Марина Моложенконың жетекшілік етуімен оқушылардың газеттен жасаған топтық еңбектері де өте жоғары бағаланды. Өтіп бара жатқан Ұлу жылының мүсіні – 4000, 2013 жылдың кейіпкері – жылан 10000 теңгеге саудаланды. Былғарыдан жасалған “Лилия” панносы 8000 теңгеге өтті. Жалпы оқушылардың аукционға шығарған бұйымдарынан ғана 64000 теңге қаражат жиналды.

Білім саласынан 51 жылдан бері қол үзбей, бүгінде мектеп-интернаттың шаруашылық меңгерушісі болып жұмыс істейтін педагогикалық еңбек ардагері Александр Кузурманның айтуынша, қайырымдылық шарасына демеушілер көп үлес қосқан. Атап айтсақ, “Жұлдызай” қайырымдылық қоры, “Қазақтелеком” АҚ, “Ұлттық банк”, “Қамқор” ЖШС, “Феникс СК”, “Шатура”, “Квант” дүкендері, “Қазақ саңыраулар қоғамы” оқу-өндірістік кәсіпорындары қомақты қаржы бөлген.

Петропавл қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Күлбаршын Әубәкірова:

– Менің қызым осы мектеп-интернатта оқиды, “Пульс” би ансамблі құрамында билейді. Білім ошағында өткелі жатқан қайырымдылық шарасын естіген ұжымым, бөлім бастығы Мереке Мұхамедияровтың бастамасымен демеушілік жасап 30 мың теңге жинап берді. Мектеп-интернаттың педагогтеріне және қиналған сәтте қол ұшын берген ұжымыма алғысым шексіз, – дейді.

Суретті түсірген

Талғат ТӘНІБАЕВ.

Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз:

Share on facebook
Facebook
Share on telegram
Telegram
Share on whatsapp
WhatsApp