ӨМІР-ДЕРЕК:
Бауыржан Ниязұлы Құлжанов.
1953 жылы Аққайың ауданындағы Еркіндік ауылында туған.
Қазақ күресінен спорт шебері.
Облыстық күрес федерациясының президенті.
Комсомол ардагері.
Кеден қызметінің полковнигі.
Петропавл қаласының Құрметті азаматы.
Зейнолла ӘКІМЖАНОВ,
“Солтүстік Қазақстан”.
Оның өмірбаянындағы үш тағанның бірі – спортпен, оның ішінде қазақ күресімен шұғылдануы, екіншісі – комсомол қызметін атқарған жылдары облыс жастарын бұқаралық спортпен айналысуға жұмылдыруы, облыстық “Ақ бидай” және “Солтүстік мерекесі” спартакиадаларын алғашқы ұйымдастырушылардың бірі болуы, ал үшіншісі – Тәуелсіз Қазақстан Республикасының кеден қызметінің тұңғыш қазығын қаққандардың қатарынан табылып, тап бүгінге дейін осы қызметті атқаруы.
– “Орда бұзатын отыз жастан” асып, қырықтың қырқасына шығар сәтте егемендікке қолымыз жеткен қуаныш кеудемді керемет сезімге толтырған еді. Мен сүттей ұйыған отбасында өскен он баланың үлкенімін. Ата-анамның бізге дарытқан, тәрбие-тәліммен бойымызға сіңірген адалдық, жанашырлық, бауырмалдық, көпшілдік, елжандылық қасиеттерін жастайымнан құрметтеп өстім. Әкем: “Шырақтарым, жігерлі, намысқой болыңдар! Елімнен не аламын демей, еліме не беремін?” деп жүрсеңдер, жолдарыңнан жаңылмайсыңдар” деп құлағымызға құйып отыратын. Сондықтан қайбір істе де “Бұған ата-анам не дер еді?!” дейтін бір іштей есебім де болатын. Өзімнен-өзім сынақ алғандай күй кешуші едім. Ал Қазақстан егемен ел атанғанда қолымнан келген жас қайратымды аямауға ант бергендей болдым, – дейді Бауыржан Ниязұлы.
Мен оның елжандылығын, сертке беріктігін, жігерлілігін комсомолда жұмыс істеп, жастардың жетекшісі болған кезінен білуші едім. Оның елдің экономикалық қауіпсіздігінің қайнары – кеден қызметіне құмар болуы табиғи заңдылық. Сондықтан ер жігіт мұны өз жүрек қалауымен таңдады. Ол 1992 жылдың маусым айының алғашқы жұлдызында облыстық кеден департаментіне басшы болып тағайындалды.
Бұл орайда айтарым, бұрынғы Кеңес Одағы күйреп, бір кездегі қатаң тәртіптің кенеуі кеткендігі адамзатқа зиянды, қатерлі кәсіптермен шұғылданатын сыртқы күштерді есірткі тасымалының ордасы саналатын Оңтүстік Азиядан тоғыз жолдың торабындағы Қазақстан арқылы Ресейге, Шығыс, Батыс Еуропаға кедергісіз өтуге болатындығынан дәмелендірді.
Алайда, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанды мұндай тасымалдың “даңғылы” етудің тамырына балта шабуды әріден ойластырып, тәуелсіз елімізде кеден қызметін күшейтуді бірден қолға алды. Осы дер кезіндегі, әрі батыл қимыл-әрекеттің арқасында елдің ең шеткері аумағы біздің өңірде кеден басқармасы құрылды.
– Әуелгіде, істі қолға алсам да, қиындықтан құйқаң шымырлайтын күйге тап болғанымды көп ұзамай сездім, – дейді Бауыржан Ниязұлы. – Небары бес-ақ адамбыз. Кеден бекеттері тұрғызылмаған. Басқарма орналасатын ғимарат та жоқ. Сондықтан бүгінгі Достық үйінен бір бөлмені қалап алғандай болдым. Кейін қазіргі облыстық кеден басқармасы орналасқан ғимарат қолға тиді.
Бұл үй оған бұрыннан таныс. Себебі, мұнда “Автотрест” орналасқан жылдары Бауыржан әуелі оның спорт жөніндегі әдістемешісі, кейін комсомол ұйымының хатшысы болып істеген.
Сондықтан билік өз қолына тигенде, ол қоныстанған жердің аумағын барынша көркейтті. Ауласына көгілдір шыршалар отырғызуды, тазалық орнатуды, қоршауларын жаңартуды қолға алды. Оның іскерлігінің арқасында мұнда жақсы спорт залы пайдалануға берілді.
Өңірдегі кеден қызметін ұйымдастыруға жауапты адам болғандықтан, ол бұл саладағы жұмыста кәсіби білімсіз алысқа ұзай алмайтынын көп ұзамай өзі де сезді. Сол себепті 1996 жылы Мәскеудегі Ресей Кеден академиясына сырттай оқуға түсті. Өз білімін осылай жетілдірген кәсіби кеденші 2000 жылдың басында Жамбыл облыстық кеден департаментіне басшы болып тағайындалды.
Бұл сол жылдың ақпан айы болатын. Бауыржан Ниязұлы жаңа қызмет орнына жанына еш “нөкер” ертпестен, жалғыз аттанды. “Жамбыл өңірі” дегенде “Көкнәрдің көкесі” атанған Шу алқабының атағын естімей барған жоқты. Оның үстіне, Қордай асуынан өтсең болды, арғы жағы – Қырғыз елі. Таулардың қойнау-қойнауынан көш-керуен құмырысқаның ізіндей сүрлеулермен көз сүріндіріп кете беретінін ол барғаннан-ақ аңғарды. Ал Қырғызға қолсозым жерде – Тәжікстан. Есірткінің шырмауығы ғасырлар бойы өрілген тұс сол. Одан әріде – Ауғанстан, халықаралық есірткі тасымалының түпбастауы. Сондықтан мұнда қайткен күнде де, берік қамал іспетті бекет тұрғызу қамына кірісті. Жеңіл болған жоқ. Бірақ қиындықтан тайынбайтын қайсар мінезі тағы да бой бермеді. Сөйтіп, атақты “Қордай” бекетінің іргесі қаланды. Сол құрылыс тамамдала бере осында іссапармен келген Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жақсы істі көзімен көріп, оның орайын келтіргеніне ризашылық білдіргенін Бауыржан Ниязұлы бүгін де жадынан шығармайды.
Ол 2003 жылы Қызылжарға оралған соң да қол қусырып отырмады. Кеден қызметінің полковнигі атанып, 1995 жылы Қазақстанда тұңғыш рет Бүкілдүниежүзілік Кеден ұйымының Құрмет грамотасымен марапатталған Бауыржан Ниязұлына облыстық кеден департаменті басшылығы жаңа қызмет – кинология орталығын ашып, басқаруды ұсынды.
Баукең есірткі тасымалымен күресте иісшіл иттердің көмегі ұшантеңіз екенін білетін. Осы оймен қаланың теріскейіндегі “Металлист” стадионының маңындағы ашық алаңқайдан аумағы үш гектар алқапты сұрап алды.
Бұл айтуға ғана оңай іске тағы да қаймықпай кірісіп, ақыры дегеніне жетіп тынды. Соның нәтижесінде қажетті имараттар бой көтерді, қызметкерлер штаты жасақталып, лайықты білім алған кинологтар іске кірісіп кетті. Ресейдегі және одан тысқары жерлердегі ескі таныстары арқылы асылтұқымды жиырмадан аса иісшіл иттер әкелінді.
Бұған дейін облыстық кеден қызметінде болмаған бұл қызмет есірткі тасымалын кәсіп еткен кәнігі қылмыскерлердің жолын кесе бастады. Облыстың көрші Ресеймен шекарадағы тоғыз кеден бекеті кинология орталығында даярланған иттердің көмегіне сүйеніп жұмыс істеді. Олар темір жол вокзалында да қызмет көрсетті. Есірткіден олжа тауып дәніккен бір қылмыскердің тұзақталған кезде ызадан жарылардай болып: “Шіркін, сол ит қолыма түссе, тірідей шайнап тастар едім!” дегенін Бауыржан Ниязұлы әлі күнге дейін ұмытпай, езу тарта отырып еске алады.
Республикамызда мұндай қызмет біздің өңірде жақсы қанат жайғанының дәлелі – 2009 жылы бүкіл Қазақстанның кинологтары Қызылжарға жиналып, үшкүндік семинарда оқып, тәжірибе байытып қайтқаны.
Кеден қызметінің кішкентай көмекшілері өңіріміздің бекеттерінде күні-түні адал қызмет атқарды. Әр бекетте үш-төрт ит есірткілерді “тұзаққа түсіріп”, оны тасымалдаушылар мен нашақорларды нәпақадан қағып отырды. Сөйтіп, ашылғаннан бері жылына орта есеппен жүз килограмнан аса есірткі заттары тәркіленіп келді. Ғасыр індетіне қарсы күресте Бауыржан Ниязұлы ашқан жаңа құрылым осындай тиімділікпен жұмыс істеді. Оның басқаруындағы кинология орталығының қызметкерлері – иттерді үйретуге, бағып-күтуге әбден маманданған білікті адамдар. Мен бірде, ұмытпасам, осыдан үш жылдай бұрын Баукеңмен бір әңгіме үстінде мұндағы иттермен жұмыс істеудің біраз сырларына қанығып едім. Бақсам, жануарлар арнайы есепке алынады. Оларды азықтандырып, бағуға, емдеуге бөлінген қаржы мұқият есептеледі, тексеріледі. Иттер ауырып, яки “қызмет бабында” жарақаттанып қалған жағдайда оларға жедел жәрдем жасалады. Әр иттің қызмет ету мерзімі кемінде, сегіз жылға дейін. Осы мерзім жеткенде ит “зейнетке” шығады. Оны арнайы комиссия анықтайды.
Кеден одағының құрылуына байланысты бұл жүйеде қысқарту жүргізілуде. Облыста кеден қызметімен айналысатын үш жүз алпыс адамның жүз қырық екісі қалған. Қысқарту келесі жылы да қарастырылмақ көрінеді. Алайда, бұл Баукеңді аса толғандырмайтын сыңайлы. Өйткені, ол алпыстың ордасына енер шақта да сыр бермейтін күйде. Оған жақында болып өткен аттестаттау айғақ. Бауыржан Ниязұлы жүгіру, секіру, түрлі дене қимылдары мен күш-қуат әдіс-амалдарында, нысана көздеуде, жеке қаруды қолдануда өзінен жастарға үлгі көрсетіпті. Сөйтіп, ең жоғары ұпай иеленген.
Кеден департаментінің есірткілер тасымалымен күрес бөлімін басқаруы да орынды. Жұмыс өтілі жиырма жылға жетіп жығылатын мұндай маман саусақпен санарлық. Өңіріміз түгіл, елімізде некен-саяқ деуге болады. Сондықтан кеден қызметінің зейнеткерлері оны өздерінің ардагерлер ұйымына төраға етіп сайлады. Қазір Бауыржан Ниязұлы Петропавлда тұратын елу үш кеден қызметінің ардагерлерімен қоян-қолтық араласады.
Баукеңнің жалғыз есірткі тасымалымен күрес қана емес, декларацияда көрсетілмеген тауарларды заңсыз алып өту арқылы Қазақстан экономикасына зиян шектіретін әрекеттердің жолын кесіп, елімізге материалдық пайда келтіруге жиырма жылда сіңірген еңбегін есептеп шығу қиынның қиыны. Жасыратын несі бар, мұндай әрекеттерге әуестерді қолдап-қолпаштаушылар да табылады. Қолға түскен қылмыскерлерді құрықтан босатуға қолқа салатындар да болғанын ол жоққа шығармайды. Алайда, өз жүрегіне өзі әмір беру оған жат. Сондықтан қайсар азамат бір қалпынан таймады.
Тәуелсіздіктен тамыр тартқан кеден қызметінің көзі тірі шежіресі десе, артық емес оны. Егемен еліміздің өзімен түйдей құрдас құрылымның алғашқы қазығын қағушылардың бірі Бауыржан Ниязұлының “Петропавл қаласының Құрметті азаматы” атануы да кездейсоқтық емес.